Аудиожазбаларды қолдану тәсілдері
1. Жазба әдебиетімен қоса, бізде тағы қандай құрал бар?
1 Көбіміз jw.org сайтынан тура әрі құлаққа жағымды шындық сөздерін оқуды ұнатамыз (Уағ. 12:10). Ал аудиожазбалар туралы не деуге болады? Сен оларды қолданып көргенсің бе? Аудиожазбалардың арқасында веб-сайтымыздағы көп мәліметті тыңдай аламыз. Ендеше, оларды қалай қолдануға болатынын көрейік.
2. Аудиожазбаларды жеке не отбасылық зерттеуде қалай қолдана аламыз?
2 Жеке не отбасылық зерттеуде қолдану. Жол жүргенде не басқа істермен айналысқанда, Киелі жазбалар, журналдар мен басқа да әдебиеттердің аудиожазбасын тыңдау арқылы уақытты тиімді қолдана аламыз (Ефес. 5:15, 16). Отбасылық ғибадатты түрлендіру үшін кейде әдебиеттің аудиожазбасын қосып қойып, әдебиетке көз жүгіртіп отырсақ болады. Әсіресе оқу қабілетін жақсартқысы келетіндер мен тіл үйреніп жүргендер үшін жеке зерттеу кезінде аудиожазбаларды тыңдаудың пайдасы зор.
3. Аудиожазбалар аумағымыздағы қандай адамдарға пайдасын тигізуі мүмкін?
3 Уағызда қолдану. Қызметте кездесетін кейбір адамдар оқуға қолдары тимегенмен, аудиожазбаларды тыңдаудан бас тартпайтын шығар. Өзге тілде сөйлейтін адамдар болса Патшалық туралы хабарды өздерінің “ана тілдерінде” тыңдаса, қызығушылықтары оянуы әбден мүмкін (Ел. іс. 2:6—8). Кейбір халықтардың мәдениетіне мәліметті ауыздан ауызға жеткізу тән. Мысалы, хмонг мәдениетінің адамдары естіген нәрселерін жадында жақсы сақтап, тарихи оқиғаларды ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткізіп отырады. Сондай-ақ көп африкалық тайпалар тәрбиелік мәні бар әңгімелерді тыңдағанды жақсы көреді.
4. Аумағымыздағы адамдарға көмектесу үшін не жайлы ойлансақ болады?
4 Аумақтарыңда тұратын адамдарға солардың ана тіліндегі аудиожазбалардың үзіндісін тыңдатқан тиімді болар ма еді? Бәлкім, қызығушылық білдірген адам Патшалық сарайынан бір әдебиет алғанда, әдебиеттің аудиожазбасын да жүктеп алуды ұсынармыз. Адамға кітап, кітапша, журнал не буклеттің толық аудио нұсқасын берсек, мұны есепке жазуға болады. Сонымен аудиожазбалардың жеке зерттеуге де, шындықтың тұқымын себуге де пайдасы зор (Қор. 1-х. 3:6).