Көзі көрмейтін адамдарға Ехоба жайлы білім алуға көмектес
1. Иса зағип адамдарға қалай жанашырлық танытты?
1 Исаның өліміне бірнеше күн қалған еді. Иерихон қаласынан шығып бара жатқанда, оған екі зағип кісі: “Ием, бізге рақым ете көріңіз!”— деп айқайлады. Иса алдағы сынақтарды ойлап келе жатса да, әлгі екеуіне көңіл бөліп, көздерін ашты (Мат. 20:29—34). Біз Исаның зағип адамдарға танытқан жанашырлығына қалай еліктей аламыз?
2. а) Көпшілік жерде кездестірген зағип адамға қалай көмектесе аламыз? ә) Зағип адамға көмектескенде нені есте ұстауымыз керек?
2 Көмектесуге дайын бол. Егер көпшілік жерде зағип адамды кездестірсең, өзіңді таныстырып, көмегіңді ұсынып көр. Кейіреулер зағиптарды алдап, әлсіздіктерін пайдаланып кететіндіктен, олар бізге де алғашында күмәнмен қарауы мүмкін. Оларға достық пейіл танытып, шынымен қамын ойлайтынымызды көрсетсек, олар өзін әлдеқайда еркін сезінетін болады. Сонымен қатар соқырлықтың әр түрлі деңгейі болғандықтан, көмекті де соған сәйкес көрсетуіміз керек. Зағип адамға көмектескеннен кейін, біз Киелі кітап туралы білім беру ісіне қатысатынымызды айтсақ болады. Зәбүр 146:8 немесе Ишая 35:5, 6-да жазылған сөздерді оқып беруді ұсынып көр. Егер адам Брайль қарпін оқи алса, Киелі кітап туралы көбірек білуге көмектесетін Брайль қарпіндегі әдебиетті жергілікті Патшалық сарайынан алуға болатынын айт. Сондай-ақ біздің сайтымыздан аудио жазбаларды жүктеп берсең болады. Егер оның компьютерінде жазбаша мәтінді дауыстап оқитын бағдарлама болса, ол jw.org сайтындағы жазбаша мақалаларға және RTF пішіміндегі (Rich Text Format) басқа да әдебиеттерді жүктей алады. “Зағип адамға көмектескенде ескеретін жайттар” атты қоршауды қара.
3. Аумағымыздағы зағип адамдарды қалай іздестіре аламыз?
3 Зағип адамдарды іздестіру. Үйме-үй уағыздаған кезде, біз зағип адамдарды жиі кездестірмейміз. Себебі олар бейтаныс адамдармен сөйлесуге ыңғайсызданады. Сондықтан оларды “іздеп табу” үшін көп күш салу керек болады (Мат. 10:11). Жұмыста әріптестеріңнің бірі немесе мектепте сыныптастарыңның бірі зағип болса, олармен сөйлесуге бірінші болып қадам жаса. Таныстарыңның отбасында зағип адам бар ма? Аумағыңда зағиптарға көмектесетін ұйымдар, зағип адамдар көптеп тұратын үй кешендері немесе жатақханалар бар ма? Отбасы мүшесіне, қабылдау бөлімінде істейтін кісіге немесе ұйымның директорына Ехоба куәгерлері зағип адамдарға көмектескісі келетінін, әрі Брайль қарпіндегі әдебиеттер мен аудио жазбаларды Патшалық сарайынан ала алатынын түсіндір. Оларға зағип адамдарды сауықтыратыны жайлы Құдайдың уәделерін Киелі кітаптан оқып бер. Сондай-ақ сайтымыздан Брайль қарпіндегі Киелі кітаптың пайдасын көріп жүрген зағип адамның оқиғасы баяндалған бейнероликті көрсетуге болады (“Не знаю, что бы я делал без нее!” ор.). Не үшін келгенімізді түсіндірсек, зағип адаммен танысуға және оған қайта келуге жол ашылады.
4. Жанеттің оқиғасынан не нәрсеге үйрене аламыз?
4 Жанет есімді зағип бауырлас көзі көрмейтін адамдар тұратын үй кешендеріне барғанда, бір жас әйелмен әңгімелесе бастайды. Жанет оған Исаның зағиптарды сауықтырғанын және болашақта да сауықтыратынын айтып береді. Сосын онымен Аян 21:3, 4-тегі сөздерді қарастырып, осы уәденің Құдай Патшалығы арқылы қалай жүзеге асатынын түсіндіреді. Әлгі әйел сәл ойланған соң: “Мен бұған қатысты соқыр адамның көзқарасын ешқашан естіген емеспін. Көретін адамдардың көбісі соқырлық адамның немесе оның ата-бабаларының жасаған күнәларының салдарынан болады деп есептейді”, — дейді. Жанет әлгі әйелге “Киелі кітап үйретеді” кітабын жүктеуге болатын сілтемені электронды поштамен жібереді. Қазір олар аптасына екі рет Киелі кітап зерттеу сабағын өтіп жүр.
5. Иса сияқты зағиптарды сауықтыра алмасақ та, оларға көңіл бөлгеніміздің нәтижесі қандай болуы мүмкін?
5 Әрине, біз Иса сияқты соқыр адамдарды сауықтыра алмаймыз. Десе де, осы дүниенің құдайы саналарын соқыр қылып қойған адамдарға (оларға тура мағынадағы соқырлар да жатады) Құдай Сөзіндегі шындықты түсінуге көмектесе аламыз (Қор. 2-х. 4:4). Иса Иерихонның маңында кездестірген екі адамды аяп, оларды сауықтырған болатын (Мат. 20:34). Егер зағип адамдарға осындай сезіммен қарайтын болсақ, оларға соқырлық атаулыны жоятын Ехоба Құдай туралы білім алуға көмектесетін боламыз.