Патшалықтың жарияланып жатқанына 100 жыл!
1. Осыдан бір ғасыр бұрын Ехобаның халқына қандай үндеу айтылды?
1 “Қараңдар, Патшамыз билік етуде! Ал сендер оның өкілдерісіңдер. Сол себепті Патша мен оның патшалығын жариялаңдар, жариялаңдар, жариялаңдар!” Рутерфорд бауырластың осыдан бір ғасыр бұрын айтқан бұл жалынды үндеуі Ехобаның халқын Патшалық туралы хабарды әлемнің шартарабына жариялауға талпындырған болатын. Бүгінде мұның ауқымды көлемде жүзеге асып жатқанына өзіміз куәміз! Ертедегі мәсіхшілер сияқты біз де Патшалық туралы ізгі хабарды “барлық жерде уағыздаудамыз” (Қол. 1:23). Өткен ғасырға көз тастар болсақ, Құдай Патшалығын уағыздау үшін нендей іс-шаралар жасадық? Патшалықтың билік етуінің 100 жылдығына орай, ол туралы әрі қарай да жариялау үшін не істеуімізге болады?
2. Қалайша әдебиеттеріміз Құдай Патшалығын жариялауда өлшеусіз үлес қосып келеді?
2 Артқа көз тастасақ. Ондаған жылдар бойы біздің әдебиеттеріміз Құдай Патшалығын жариялауда өлшеусіз үлес қосып келеді. 1939 жылдан бері негізгі журналымыз “Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды” деген атаумен шығып жүр. Бұл журналда көбінесе Патшалық туралы және оның нені жүзеге асыратыны жайлы сөз етіледі. “Ояныңдар!” журналы да Құдай Патшалығы адамзат үшін бірден-бір үміт екеніне ерекше назар аударады. Ендеше, осы екі журналдың дүниежүзі бойынша ең көп тілге аударылатын және ең көп таратылатын журнал екеніне таңғалмаймыз! (Аян 14:6).
3. Патшалықты жариялау үшін қолданылып келген әдіс-тәсілдердің кейбірі қандай?
3 Ехобаның халқы Патшалықты жариялау үшін түрлі әдіс-тәсілдер қолданған. Бұрынырақта дауысзорайтқыш орнатылған көліктер, радиобағдарламалар және портативті фонографтар пайдаланылды. Осылардың арқасында Патшалық жариялаушыларының саны аз болған уақытта ізгі хабарды дүйім жұртқа жеткізу мүмкін болды (Заб. 18:5). Соңғы жылдары біз әдебиеттерімізді jw.org сайтына орналастырудамыз. Осылайша миллиондаған адамға Патшалық жайлы хабар жариялануда, олардың арасында ісімізге шектеу қойылған елдерде тұратындары да бар.
4. Біз қандай арнайы шараларға қатысудамыз?
4 Ехобаның халқы Патшалық хабарын жариялауда арнайы шаралар ұйымдастырды. Мысалы, 1990 жылдардың ортасында үйме-үй қызметімізді жақсарту мақсатында саябақтарда, көлік тұрақтарында, іскерлер аумақтарында куәлік еттік. Таяуда дүниежүзі бойынша ірі қалалардағы көпшілік орындарда уағыздаудың арнайы түрін ұйымдастырдық. Сондай-ақ көптеген қауымдар адамдар ең көп жүретін жерлерге әдебиеттер мен стендтер қойылған үстелдер мен арбалар орнатып, куәлік беруде. Әлбетте, үйден үйге уағыздау қызметіміздің түп қазығы болып қала бермек (Ел. іс. 20:20).
5. Жаңа қызмет жылында бізде қандай мүмкіндік туады?
5 Алға көз тігейік. Қыркүйекте басталатын жаңа қызмет жылында көп бауырлас жалпы ізашар болып қызмет етуді бастайды. Солардың арасында сен де барсың ба? Я болмаса арагідік қосалқы ізашар бола аласың ба? Ізашар болуға мүмкіндігің болмаса, көңілің түспесін. Патшалықты жариялау ісіне толықтай атсалысуға талпынып жатқаныңды Ехоба көріп, сөзсіз батасын береді (Малх. 3:10).
6. Осы жылдың қазан айы неліктен ерекше болмақ?
6 Биыл қазан айында Патшалықтың билік етіп жатқанына 100 жыл толады. Сондықтан сол айда “Күзет мұнарасының” көпшілікке арналған саны Құдай Патшалығына баса назар аударатын болады. Журналдағы ойларды неліктен мүмкіндігінше көп адамға айтпасқа? Алға көз тіге отырып, әрбіреуіміз “Құдай патшалығы... жайлы ізгі хабарды” тыңдаймын деушілерге жариялауды тоқтатпайық (Ел. іс. 8:12).