Кешігуді әдетке айналдырып алма
1. Ехоба кешікпеуге қатысты бізге қандай үлгі көрсетеді?
1 Ехоба әрқашан уақтылы әрекет етеді. Мысалы, ол “көмекке мұқтаж” қызметшілеріне дер кезінде қол ұшын береді (Евр. 4:16). Сондай-ақ ол бізді рухани “ас-сумен уақтылы” қамтамасыз етеді (Мат. 24:45). Сондықтан біз Ехобаның күні “еш кешікпей” келетініне сенімді бола аламыз (Абб. 2:3). Ехобаның уақтылы әрекет ететіні біз үшін қандай керемет үлгі! (Заб. 69:6). Күнделікті күйбең тірлігі көп кемелсіз адам болғандықтан, бізге уақтылы жүріп-тұру қиынға соғуы мүмкін. Бірақ неліктен біз кешігуді әдетке айналдырып алмауымыз керек?
2. Кешікпей жүру қалайша Ехобаға мадақ әкеледі?
2 Осы соңғы күндері адамдар тек қара басын ойлайтын және ұстамсыз болып кеткендіктен, кешікпей жүру сирек кездесетін жайтқа айналды (Тім. 2-х. 3:1—3). Сондықтан мәсіхшілер жұмыстарына, кездесетін жеріне не қауым кездесулеріне уақтылы барса, басқалар мұны байқайды және бұл өз кезегінде Ехобаға мадақ әкеледі (Пет. 1-х. 2:12). Әдетте жұмысыңа уақтылы барып, ал теократиялық жиындарға жиі кешігіп қалатын кездерің бола ма? Қауым кездесулеріне, әсіресе алғашқы ән мен дұғаға кешікпей баруыңмен тәртіпті ұнататын көктегі Әкемізге еліктегің келетінін көрсетесің (Қор. 1-х. 14:33, 40).
3. Кешікпей жүруімізбен өзгелерді құрметтейтінімізді қалай көрсетеміз?
3 Сондай-ақ кешікпей жүруімізбен біз басқаларды құрметтейтінімізді көрсетеміз (Філіп. 2:3, 4). Мысалы, кездесулерге, оның ішінде уағыздауға арналған кездесулерге де кешікпей барсақ, бауырластарды орынсыз алаңдатудан аулақ боламыз. Ал егер кешігуді әдетке айналдырып алсақ, бұл бізді өз уақытымызды өзгелердікінен бағалырақ санайтын адам ретінде көрсетуі мүмкін. Кешікпей жүруімізбен біз өзіміздің сенімді және жауапкершілігі бар адам екенімізді көрсетеміз. Әрине, айналамыздағы адамдар мұндай қасиеттерді бағалайды.
4. Егер жиі кешігетін болсақ, жақсаруға не көмектеседі?
4 Егер сен үнемі кешігетін болсаң, мұның себебі неде екенін ойланып көр. Жұмыстарыңды өз уақытында істей алу үшін ақылға қонымды жоспар құрып, соны ұстан (Уағ. 3:1; Філіп. 1:10). Ехобадан көмек сұра (Жох. 1-х. 5:14). Кешікпей жүруімізбен біз Құдайды және жақыныңды сүй деген екі ұлы өсиетті орындайтынымызды көрсетеміз (Мат. 22:37—39).