Балаларыңа тәлім беру үшін сайтымызды қолданыңдар
1. Сайтымыздағы “Балалар” деп аталатын айдардың мақсаты қандай?
1 Біздің jw.org сайтымыз әртүрлі жастағы адамдарға арналған. Сайттағы “Балалар” деп аталатын айдарa (“Киелі кітап ілімдері” бөлімінің ішінде орналасқан) кішкентай балалар мен ата-аналардың қарым-қатынасын нығайтуға әрі оларға Ехобаға жақындауға көмектеседі (Заң. қ. 6:6, 7). Балаларға тәлім беру үшін бұл айдарды қалай қолдануға болады?
2. Балалармен зерттеу жүргізу үшін жасына сай мәліметті қалай таңдауға болады?
2 Бейімделе біліңдер. Әр баланың қажеттілігі әртүрлі (Қор. 1-х. 13:11). Олай болса, балалармен зерттеу жүргізу үшін жасына сай мәліметті қалай таңдауға болады? Бұл орайда мына сұрақтар сендерге көмек бола алады: балаларыңды не қызықтырады? Олар қаншалықты түсіне алады? Қанша уақыт зейін қойып отыра алады? Үш жастағы не одан да кішкентай балалары бар отбасылар, бәлкім, “Киелі кітаптан үйренемін” айдарында орналасқан әңгімелерді талқыласа болады. Ал басқа отбасылар “Балаларыңызға тәлім беріңіз” айдарындағы Киелі кітаптан алынған оқиғаларды қарастыра алады. Сондай-ақ төмендегі ұсыныстарды да қолданса болады.
3. “Отбасылық ғибадатқа арналған тапсырмалар” айдарындағы әңгімелер мен жаттығуларды ата-аналар қалай тиімді қолдана алады?
3 “Отбасылық ғибадатқа арналған тапсырмалар” айдары. Бұл айдар ата-аналарға балалармен зерттеу жүргізуге арналған құрал болып табылады. Сол жердегі әңгімелер мен тапсырмалардың әрқайсысын қалай қолдануға болатынын түсіну үшін “Жүктеу” деген жерді басып, “Ата-аналарға басшылық” деген жерді оқыңдар. Кішкентай бүлдіршіндерге тәлім беру үшін суреттерді түрлі түске бояу тапсырмаларын пайдаланыңдар. Ал үлкенірек балаларға қалған жаттығуларды орындауға көмектесіңдер. Осы айдарда түрлі тақырыптар бар. Әр тақырыптың ішіндегі жас ерекшеліктеріне сай бөлінген жаттығулар Киелі кітаптың бір оқиғасына негізделгендіктен, отбасылық ғибадатқа әртүрлі жастағы балалар қатысып, бір тақырыпты талқылай алады.
4. “Ехобаның досы бол” айдарының қандай ерекшеліктері бар?
4 “Ехобаның досы бол”. Осы айдардағы бейнероликтер, әндер және тапсырмалар ата-аналарға Құдай Сөзін балалардың жүрегіне ұялатуға көмектеседі (Заң. қ. 31:12). Әр анимациялық бейнеролик маңызды бір нәрсеге үйретеді. Іздеп табуға арналған ойын түріндегі тапсырмалар сол сабақтардың маңыздылығын күшейте түседі. Балалар әдетте ән айтуды жақсы көреді әрі әндер үйренгендерін естерінде сақтап қалуға көмектеседі. Сондықтан Патшалық әндері және арнайы балалар үшін жазылған басқа да әндер жүйелі түрде сайтқа шығып тұрады.
5. Балаларына шындықты ұялату үшін ата-аналар неге Ехобадан көмек сұраулары керек?
5 Қымбатты ата-аналар, Ехоба сендердің бала тәрбиесінде жемісті болғандарыңды қалайды. Сондықтан балаларыңа шындықты ұялату үшін Құдайдан көмек сұраңдар (Би. 13:8). Ехобаның қолдауымен балаларыңа “Мәсіх Исаға деген сенім арқылы құтқарылуға жеткізетін” даналықты үйрете алатындарың сөзсіз (Тім. 2-х. 3:15; Нақ. с. 4:1—4).
[Сілтеме]
a Қазақ тілінде бұл айдар жоқ, сондықтан сайттың тілін орысшаға ауыстырып, сол жерден қарауға болады.