Дәрменсіздік сезімі қызметіңе кедергі болмасын
1. Неге кейбіреулер Киелі кітап зерттеу сабағын ұсынудан тартынады?
1 Киелі кітап зерттеу сабағын нәтижелі өткізуге қабілетім жетпейді деп, оны ұсынудан тартынасың ба? Мұса және Еремия сияқты Құдайдың кейбір адал қызметшілері де берілген тапсырманы орындауға өздерін қабілетсіз сезінген (Мыс. ш. 3:10, 11; 4:10; Ерм. 1:4—6). Иә, мұндай сезімдер көп адамға таныс. Алайда онымен қалай күресуге болады?
2. Неге зерттеу сабағын өткізуді басқаларға қалдырып, үйме-үй жүрумен ғана шектелмеу керек?
2 Ехоба бізден шамамыз жетпейтін нәрселерді істеуді ешқашан талап етпейтінін ұмытпайық (Заб. 102:14). Демек, “шәкірт дайындап”, оларды “үйрету” — қолымыздан келетін іс (Мат. 28:19, 20). Ехоба бұл мәртебені арамыздағы ең тәжірибелі не ең қабілеттілерге ғана тапсырған жоқ (Қор. 1-х. 1:26, 27). Олай болса, тек үйме-үй жүрумен шектеліп, зерттеу сабағын өткізуді басқалардың еншісіне қалдырып жүрмейік.
3. Ехоба бізді Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізуге қалай жарамды етеді?
3 Ехобаның өзі бізді жарамды етеді. Бізге шәкірт дайындауға қажетті қабілетті Ехоба береді (Қор. 2-х. 3:5). Ол өз ұйымы арқылы осы дүниедегі көптеген жоғары білімді адамдардың өзі білмейтін шындықтарды үйретеді (Қор. 1-х. 2:7, 8). Ол Ұлы Ұстаз болған Исаға еліктей алуымыз үшін, оның тәлім беру әдістерінің жазылып, сақталуына қам жасады. Сондай-ақ ол қауым кездесулері арқылы да бізге үздіксіз тәлім беруде. Бұған қоса, Ехоба бізге зерттеу сабағын өткізу үшін қажетті құралдардың бәрін беріп отыр. Ол бізге шындықты қисынды әрі түсінуге оңай жолмен жазылған “Киелі кітап үйретеді” басылымы сияқты құралдармен қамтамасыз етті. Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізу біз ойлағаннан оңай болуы мүмкін.
4. Ехобаның бізге көмектесетініне неліктен сенімді бола аламыз?
4 Мұса мен Еремия Ехобаның көмегімен өздеріне берілген тапсырманы атқара алған (Мыс. ш. 4:11, 12; Ерм. 1:7, 8). Біз де Ехобадан көмек сұрай аламыз. Оның үстіне, Киелі кітап зерттеу сабағын өткізіп, адамға Ехоба туралы шындықты үйреткеніміз оған ұнайды (Жох. 1-х. 3:22). Олай болса, қызметтің зор қанағат пен қуаныш әкелетін осы бір түріне атсалысып, Киелі кітап зерттеу сабағын ұсынуды мақсат етіп қой.