Уағыздаудың мүмкіндігін ізде
1 Мәсіхшілер қауымындағы адамдардың жағдайы әр түрлі. Бірақ жалпымызға ортақ бір нәрсе бар. Ол — бәріміздің де Ехобаны даңқтағымыз келетіндігі (Заб. 78:13). Денсаулығымызға немесе басқа да қиындықтарға байланысты ізгі хабарды жариялауға толық атсалыса алмайтын болсақ, уағыздауға қалай мүмкіндік табуымызға болады?
2 Күнделікті жағдайларда. Иса күнделікті жағдайларда куәлік етудің мүмкіндігін жібермеген. Ол салық кеңесінің қасынан өтіп бара жатып Матаймен, жол жүріп бара жатып Зақаймен және демалып отырып самариялық әйелмен сөйлескен (Мат. 9:9; Лұқ. 19:1—5; Жох. 4:6—10). Біз де адамдармен күнделікті әңгімелескенде, мүмкіндікті пайдаланып куәлік етуімізге болады. Киелі кітап пен трактаттар немесе кітапшалар алып жүретін болсақ, үмітіміз туралы айтуға әрдайым дайын боламыз (Пет. 1-х. 3:15).
3 Мүмкін, қозғалуың қиын болғандықтан, үйме-үй жүріп уағыздай алмайтын шығарсың? Олай болса, үйіңе келген медицина қызметкерлері мен басқа да адамдарға куәлік етуге тырыс (Ел. іс. 28:30, 31). Жағдайыңа байланысты көбінесе үйде отыратын болсаң, телефон немесе хат арқылы куәлік етуге тырысасың ба? Бір әйел бауырлас үйіндегі куәгер емес адамдарға үнемі хат жазып тұрады екен. Хаттарында ол Киелі кітаптағы жігерлендірерлік ойларды және куәлік еткенде болған қызықты оқиғаларды жазады.
4 Жұмыста және мектепте. Ехобаны даңқтауға деген ықыласымыз жұмыста және мектепте шындықтың тұқымын себудің мүмкіндігін іздеуге талпындырады. Сегіз жасар жариялаушы “Ояныңдар!” журналынан оқыған Ай туралы мақаланы сыныптастарына айтып береді. Оның мұны қайдан оқығанын білген соң, мұғалімі біздің журналдарды үнемі алып тұратын болды. Жұмыста “Білім” кітабын ашық жерге қойып қойсақ, оны көріп, сұрақ қойған адамдарға куәлік бере алуымыз мүмкін.
5 Күнделікті жағдайда уағыздаудың тағы қандай мүмкіндіктері бар? Әрбір мүмкіндікті пайдаланып, Құдайды күн сайын мадақтауға тырысайық (Ев. 13:15).