Ғибадат ету орнымызды жақсы күйде ұсталық
1. Патшалық Сарайы не үшін қажет?
1 Дүние жүзі бойынша Ехоба Куәгерлерінің 94 000-нан аса қауымы бар. Көптеген қауымдар Киелі кітапты зерттеу үшін және бір-бірімен араласу үшін таза ғибадаттың жергілікті орталығы болып қызмет ететін Патшалық Сарайында жиналады.
2. Неліктен Патшалық Сарайын таза да ұқыпты ұстау маңызды?
2 Патшалық сарайын тазалау. Патшалық Сарайын күтіп-тазалау қасиетті қызметіміздің маңызды бөлігі болып табылады. “Біздің қызметіміз” оқулығының 62-бетінде (ор.) былай делінген: “Бауырластар Патшалық Сарайын қаражат жағынан қолдауды ғана емес, оны таза да ұқыпты әрі жақсы күйде ұстау үшін ұсынған ерікті қызметтерін де үлкен мәртебе деп қарастырулары керек. Патшалық Сарайының іші де, сырты да Ехобаның ұйымының лайықты көрінісі болу керек”. Патшалық Сарайы апта ішінде бірнеше рет қолданылатындықтан, оны үнемі тазалап, сондай-ақ өзге де жұмыстарды атқару қажет. Әдетте мұны сол Сарайда кездесулері өтетін қауым мүшелері өз еріктерімен қолға алады. Киелі кітап жазылған уақыттағыдай, бүгінгі күні де Ехобаның қызметшілері ғибадат ету орнын ‘жөндеп, жаңартуда’ ынталы болулары керек (2 Шеж. 34:10).
3. Патшалық Сарайын тазалау қалай ұйымдастырылады және оған кімдер қатыса алады?
3 Патшалық Сарайын тазалаудың апталық кестесін хабарландырулар тақтасына ілу керек. Әрбір кітап оқу тобы кездесуден соң, әр аптада кезегімен не істеу керектігі көрсетілген тізімді басшылыққа ала отырып, Сарайды тазалайды. Шамасы келетіндердің бәрі де апта сайынғы Патшалық Сарайын таза әрі ұқыпты етіп ұстау шараларына үлес қосқандары абзал. Ата-аналарының қадағалауымен балалар да қатыса алады, осылайша олар басқаларға қызмет етуді бағалауды үйренеді. Әсіресе Патшалық Сарайын бірнеше қауым пайдаланатын болса, олардың істес болғаны өте маңызды. Осылайша бұл міндет бір ғана қауымның мойнына жүктелмейді.
4. Патшалық Сарайын қалай тазалау керектігін қауым мүшелері білу үшін не істеу керек?
4 Атқарылу керек істердің тізімін тазалауға арналған құрал-саймандар сақталатын жерге ілуге болады. Бұл тізімде апта сайын қандай істер атқарылатыны көрсетіледі. Оған шаң сору, терезе сүрту, қоқысты шығару, еден жуу және айналарды тазалау кіреді. Кейбір істерді, мысалы, қандай да бір ағаш жиһаздарды жылтыратып өңдеу, орындықтарды, перделер мен жарық жабдықтарын мұқият тазалауды, жиі атқармаса да болады. Тазалауға қолданылатын барлық химиялық заттарды балалардың қолы жетпейтін жерге қою керек, әрі олардың сыртында қандай зат екенін және қалай қолдану керектігін қысқаша жазып қою керек.
5. Қауіпсіздік қаншалықты маңызды және нені оқтын-оқтын тексеріп отыру қажет? (4-беттегі қоршауды қара).
5 Патшалық Сарайындағы қауіпсіздікке бірінші кезекте көңіл бөлген жөн (Заң. қ. 22:8). Осыған байланысты талаптар 4-беттегі қоршауда келтірілген. Олардың орындалуын оқтын-оқтын тексеріп тұру қажет. Бұл бақытсыз жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.
6. Патшалық Сарайын күтіп ұстау шаралары қалай жүргізіледі?
6 Патшалық Сарайын күтіп ұстау. Патшалық Сарайын күтіп ұстауды бақылап отыруға ақсақалдар кеңесі жауапты. Әдетте, жұмыс барысын қадағалап отыру үшін бір ақсақал немесе қызмет көмекшісі тағайындалады. Ол Патшалық Сарайында күнделікті атқарылатын істерді ұйымдастырып, оның таза болуын және жабдықтардың дұрыс жұмыс істеп тұруын, сондай-ақ қажетті заттардың жеткілікті болғанын қадағалайды. Патшалық Сарайының ішінде не оған тиесілі аумақта ешқандай қауіп көздері болмау қажет. Бір Патшалық Сарайын бірнеше қауым қолданатын болса, ақсақалдар кеңесі ғимарат пен оның аумағына қамқорлық жасау шараларын қолға алатын пайдаланушылар комитетін тағайындайды. Бұл комитет ақсақалдар кеңесінің басшылығымен жұмыс атқарады.
7. а) Патшалық Сарайын жақсы күйде ұстау үшін жыл сайын не істеледі? ә) Қандай істерді оқтын-оқтын атқарып тұру керек болады? (5-беттегі қоршауды қара).
7 Жыл сайын Патшалық Сарайына жан-жақты тексеру жүргізіледі. Ақсақалдар Сарайдың ішінде не аумағында қандай да бір істеліну керек нәрсені байқаса, қажетті шараларды қолданады. Жөндеу немесе басқа да жұмыстарды атқаруға жариялаушыларды шақыруға болады. Кішкене ақау болса да, барлығы да шұғыл әрекет етуге дайын болулары керек.
8. Егер әлдекімді жалдау қажет болса, қандай тәртіпті ұстану керек?
8 Қауымның ақша қорын ақылдылықпен қолдану. Патшалық Сарайы мен оның аумағындағы көптеген жұмысты ерікті қызметшілер атқарады. Олардың жанқиярлық еңбектері зор сүйіспеншіліктерін көрсетеді, әрі ол шығынды айтарлықтай азайтады. Егер қандай да бір жұмыстарды, мысалы, бұқырлау (дезинсекция) немесе қоқысты шығару сияқты істерді, атқаруда әлдекімді жалдау қажет болса, ақсақалдар үнемді болатын жағын іздестіреді. Ол үшін олар алдымен атқарылу керек істер мен оған қажетті материалдар егжей-тегжейлі сипатталған жазбаша тізімді дайындайды. Сапасы мен істеліну керек мерзімге қойылатын талаптарды бірдей осындай тізімнің көшірмесін қызметін ұсынушылардың бірнешеуіне береді. Ақсақалдар осы қызмет ұсынушылардың жазған қағаздарын алған соң, ішіндегі ең қолайлысын таңдайды. Егер қандай да жұмысты атқаруға немесе келісілген бағамен қажетті материалдармен қамтамасыз етуге бауырласымыз ұсыныс жасайтын болса да, осы тәртіпті ұстану керек.
9. Қауымның ақша қоры дұрыс қолданылу үшін не істеу керек?
9 Ақсақалдар мүмкін болған жерде салыққа қатысты немесе басқа да діни ұйымдар үшін қарастырылған, мысалы, коммуналдық қызметке қатысты жеңілдіктерді қолдануға тырысады. Патшалық Сарайын бірнеше қауым пайдаланатын жағдайда, пайдаланушылар комитеті өз алдына жеке қаржы қорын жасап, ай сайын әрбір қауымдағы ақсақалдар кеңесіне жазбаша түрде қаржы шығыны жөнінде есеп береді. Осылай ақсақалдар қаржының қалай жұмсалып жатқанынан хабардар болып отырады. Ақсақалдар қауымдағы қаржының дұрыс пайдаланылуына жауапты.
10. Егер күрделі жөндеу не қалпына келтіру жұмысын атқару қажет болса, не істеу керек?
10 Күрделі жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстары. Пайдаланушылар комитеті Патшалық Сарайында үлкен жөндеу жұмысын істеу қажет деп есептесе, шешім қабылдау үшін бұл жөнінде ақсақалдарға ұсыныстарын айтады. Егер шынында да күрделі жөндеу не қалпына келтіру жұмысын атқару, не Патшалық Сарайда кездесу өткізетін қауымға(дарға) сырттан көмек қажет деп шешілсе, ақсақалдар филиалмен байланысады. Ондағы қабілетті де тәжірибелі бауырластар пайдалы кеңес пен қажетті басшылық береді. Егер жоспарды жүзеге асыру үшін әжептеуір шығын кететін болса, онда кіріс-шығысы есептеліп, қауыммен қарастыру үшін қарар қабылдау қағазын дайындау қажет болады (1994 жылдың “Біздің Патшалық қызметіміздің” ақпандағы нөмірінің “Сауалдар жәшігін” қара).
11. Патшалық Сарайындағы кездесулерге қатысу мүмкіндігі үшін риза екенімізді қалай білдіре аламыз?
11 Патшалық Сарайында бірге жиналу мүмкіндігін біз өте жоғары бағалаймыз. Біз кездесулерімізге атүсті қараудан немесе болуы тиіс нәрсе деп қарастырудан аулақ болғымыз келеді. Бәріміз де Патшалық Сарайына қамқорлық жасауға толығымен атсалысу арқылы осы кездесулер үшін риза екенімізді білдіре аламыз. Бұл Патшалықтың ісінің алға жылжуына септігін тигізіп, Ехобаның есіміне даңқ әкеледі. Ғибадат ету орнымызды жақсы күйде ұстауға белімізді бекем буалық.
[4-беттегі қоршау]
Ғимарат пен аумақты тексеру
◻ Сыртқы жағы: Шатыр, сыртқы қабырғалары, бояу, терезелер мен жазуы бар тақтайша жақсы күйде ме?
◻ Аула: Патшалық сарайының ауласы күтіп-бапталған ба? Ауладағы жаяу жол, қақпа және көлік тұратын орындар жақсы күйде ме?
◻ Ішкі жағы: төсеніштер, перделер мен орындықтар, жарық және сантехникалық жабдықтар, қабырғалар, әдебиеттер тұратын сөрелер мен киім шешетін орындар ұқыпты күйде ме?
◻ Жабдықтар: Жарық, дыбыс, жылу, желдеткіш пен ауа салқындатқыш жүйелері дұрыс жұмыс істеп тұр ма?
◻ Әжетхана: Таза әрі лайықты түрде жұмыс істеп тұр ма?
◻ Қауымның құжаттары: Талап етілетін барлық заңға қатысты, салық және басқа да құжаттар: ғимарат пен жерді иемдену құқығы, салық есептілігі, салық пен коммуналдық қызмет жеңілдіктері және басқа да құжаттар уақтылы толтырылып тұра ма?
[5-беттегі қоршау]
Қауіпсіздік шаралары
◻ От сөндіргіш пен өрт гидранты оңай қол жететін жерде болу керек, жергілікті заңға сай келетіндей үнемі тексеріп тұру керек.
◻ Шығатын жолдар мен баспалдақтарды көрсететін белгілер анық жазылып, жақсылап жарықтандырылған және жол кедергісіз болу керек, сондай-ақ баспалдақтардың таяныштары мықты болу керек.
◻ Қойма, әжетхана мен киім шешетін бөлмелер таза әрі әр зат өз орнында тұрып, ішінде тез жанғыш заттар не жеке заттар, сондай-ақ қоқыс болмау керек.
◻ Шатыр мен суағарларды үнемі қарап, тазалап тұру керек.
◻ Жаяу жолдар мен көлік тұратын орындар жақсылап жарықтандырылып, адам тайып не құлап қалмайтындай күйде ұстау керек.
◻ Электр, жылу және егер бар болса желдеткіш жүйелері тексеріліп, тұтынуға дайын болу керек.
◻ Сызданып, ылғалданып кетуден сақтану үшін су ағып тұрған жерлер болса, тез арада жөндеу керек.
◻ Егер Патшалық Сарайда ешбір жан болмаса, есікті құлыптап жабу керек.