Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • wp16 № 1 11—14 бет.
  • Ішкі үрей мен сенімсіздік меңдегенде...

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ішкі үрей мен сенімсіздік меңдегенде...
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (көпшілікке арналған). 2016
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ҚИЫН БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ ӘСЕРІ
  • ҚҰДАЙ ҚАМЫМЫЗДЫ ОЙЛАЙДЫ
  • ІШКІ ҮРЕЙ МЕН СЕНІМСІЗДІКПЕН КҮРЕСУДІҢ ЖОЛДАРЫ
  • БӘРІМІЗДІҢ ЖАНЫМЫЗ ТЫНЫШ БОЛАТЫН ЗАМАН
  • Сіз жалғыз емессіз!
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2021
  • Сіз Ехоба үшін аса бағалы жансыз!
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2021
  • Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Өз істеріңізге қуаныңыз!
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2021
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (көпшілікке арналған). 2016
wp16 № 1 11—14 бет.
Кішкентай қызын құшақтап тұрған әке

Ішкі үрей мен сенімсіздік меңдегенде...

ДҮНИЕ есігін жаңа ашқан сәбиден дәрменсіз жан жоқ шығар, сірә. Расында да, сәби ата-анасына толықтай тәуелді. Тәй-тәй басып жүре бастағанда, бөтен адамдар оның көзіне дәу алыптардай көрінеді. Сонда қорыққан балақай ата-анасына жармасады. Әкесінің я анасының қолынан ұстағанда ғана ол өзін қауіпсіз сезінеді.

Балалық шағында ол ата-анасының сүйіспеншілігі мен қолдауын ауадай қажет етеді. Олардың сүйіспеншіліктерін сезінгенде, көңілі тоқ жүреді. Ата-анасы мақтап, арқасынан қаққанда, ол өз-өзіне сенімді бола түсіп, жетістіктерге қол жеткізеді.

Ес жинай келе бала өзіне достар тауып, олардың арқасында бойына қосымша сенімділік ұялай бастайды. Досының қасында жайбарақат сезініп, мектеп қабырғасында өзін сенімді ұстайды.

Әрине, бұл — мінсіз балалық шақтың сипаттамасы. Өкінішке орай, кейбір балалар өздеріне нағыз дос таба алмайды. Ата-анасының жылулығына жарымай өсетіндер де аз емес. “Ынтымағы жарасып, бірігіп бір нәрсемен айналысып жатқан отбасылардың суреттерін көргенде, ішімнен “кішкентайымда осының рақатын көргенімде ғой...” деп қынжыламын”,— дейді Мөлдірa. Бәлкім, сіз де өзіңізді осылай сезінген боларсыз.

ҚИЫН БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ ӘСЕРІ

Бәлкім, жеткіншек шағыңызда сізге өзіңізге деген сенімділік жетіспеген шығар. Я болмаса қажетті сүйіспеншілік пен қолдау сезінбеген боларсыз. Мүмкін ата-анаңыздың ұрыс-керісінен көз ашпай, ақырында ажырасқанын көріп, жаңсақ оймен өзіңізді кінәлі санаған боларсыз. Сірә, ата-анаңыз сізді сөзімен не ісімен қорлаған да болар.

Осындай ортада өсіп жатқаны балаға қалай әсер етеді? Біреулері есірткіге ұрынады немесе жасөспірім кезінен ішімдікке салына бастайды. Өзгелері өздерін керекті сезіну үшін бұзақы топтарға қосылады. Басқалары сүйіспеншілік пен жылулықты аңсап, ерте жастан романтикалық қарым-қатынас бастайды. Бірақ мұндай қарым-қатынас көбінесе ұзаққа бармайды. Сөйтіп, жастардың жүрегі жараланып, ішкі үрейі одан бетер үдей түседі.

Мұндай қақпандарға түспесе де, кейбір сезімтал келетін жасөспірімдерге өзін құрметтеу сезімі жетіспейді. Анна былай дейді: “Мен өзімді түкке тұрғысыз санайтынмын, себебі анам менен түк пайда жоқ екенін қайта-қайта айта беретін. Оның мені мақтап, жақсы көретінін көрсеткені есімде емес”.

Іштегі үрей мен сенімсіздік қиын балалық шақтың кесірінен ғана болмайды. Бұған ажырасудың азабы, кәріліктің салдары немесе тіпті түр-келбетімізге риза болмау да себеп болуы мүмкін. Неден пайда болса да, мұндай жағымсыз сезімдер бізді қуаныштан айыруы және басқалармен қарым-қатынасымызды бұзуы мүмкін. Олай болса, жағымсыз сезімдермен күресу қолымыздан келе ме?

ҚҰДАЙ ҚАМЫМЫЗДЫ ОЙЛАЙДЫ

Жағымсыз сезімдермен күресте жалғыз емес екенімізді білу маңызды. Әрқайсысымызға көмектескісі келетін қамқоршымыз бар, ол — Ехоба Құдай.

Өзінің пайғамбары арқылы ол былай дейді: “Еш қорықпа, мен саған жар боламын. Еш абыржыма, мен сенің Құдайыңмын. Мен сені нығайтамын, саған көмектесемін, Әділдігіме сай, оң қолыммен сүйемелдеймін” (Ишая 41:10, 13). Ойлап көріңізші, Құдай бізді, былайша айтқанда, қолымыздан ұстап, демегісі келеді! Бізге қорқудың еш қажеті жоқ!

Киелі кітапта Құдайға ғибадат еткен кейбір адамдардың жантыныштығын жоғалтып, бірақ кейіннен Құдайға арқа сүйеуді үйренгені туралы айтылған. Мысалы, ежелдегі Самуил пайғамбардың анасы Ханнаны алайық. Бойына бала бітпегендіктен, ол өзін ең сорлы әйелдей сезінген. Бедеулігі үшін ол келеке-мазаққа қалатын. Ақыры, оның тамаққа да тәбеті болмай, көз жасы құрғамайтын болды (Самуилдің 1-жазбасы 1:6, 8). Дегенмен Құдай алдына барып, бар шерін тарқатқан соң, ол өзін бұдан былай соры қайнаған жандай сезінбейтін болды (Самуилдің 1-жазбасы 1:18).

Дәуіт пайғамбардың да мазасы қашқан кездері болды. Бірнеше жыл бойы Саул патша оның жанын алғысы келіп, ізіне түскен. Бір емес, бірнеше рет өлім аузынан қалған Дәуіт өзін қиыншылыққа белшесінен батқандай сезінетін (Зәбүр 55:3—5; 69:1). Сонда да ол: “Тыныш жатып, тыныш ұйықтаймын: Өзің ғана, уа, Ехоба, маған қауіпсіз өмір сыйлайсың!”— деп жырлаған (Зәбүр 4:8).

Ханна мен Дәуіт еңселерін басқан ауыртпалықтарын Ехобаға артқан әрі Құдайдың оларды қалай қолдап, демегенін көрген (Зәбүр 55:22). Ал бүгінде қалай біз Құдайдың көмегіне жүгіне аламыз?

ІШКІ ҮРЕЙ МЕН СЕНІМСІЗДІКПЕН КҮРЕСУДІҢ ЖОЛДАРЫ

1. Ехоба Құдайды қамқор Әкеңіздей көріп, сенім артуды үйреніңіз.

Киелі кітапты оқып отырып ойға батқан кісі

Иса пайғамбар өзінің рухани Әкесі, “жалғыз шынайы Құдайды танып-білуге” шақырған (Жохан 17:3). Ал Пауыл деген Құдай қызметшісі “ол әрқайсысымыздан алыс емес” екенін жазған (Елшілердің істері 17:27). Тағы бір Киелі кітап жазушысы: “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды”,— деп жазып кеткен (Жақып 4:8).

Бізді сүйетін және қамымызды ойлайтын Әкеміздің бар екенін білу — уайыммен күресудің ең маңызды жолы. Құдайға сенім арта бастау үшін біраз уақыт қажет екені рас, алайда мұның шынымен де көмек болатынына көбісінің көзі жеткен. Мысалы, Қарлығаш былай дейді: “Ехоба мен үшін Әкемдей болғанда, оған жүрек түкпіріндегі сезімдерімді ақтара алатын болдым. Сонда иығымдағы ауыр жүктен құтылғанымды сездім!”

Ал Рано былай дейді: “Ата-анам кетіп қалып, бір өзім қалғанда жалғыз арқа сүйерім Ехоба болды. Мен оған уайымымды айтып, қиындықтарымды көтеруге көмектесуін сұрайтынмын. Ол маған шынымен көмектесетін”b.

2. Құдай халқының арасынан рухани бауырлар таба аласыз.

Патшалық сарайында әңгімелесіп жатқан бауырластар

Иса пайғамбар ізбасарларын бір-біріне бауырлардай қарауға үйреткен. “Сендер өзара бауырлассыңдар”,— деді ол (Матай 23:8). Ол өзінің шынайы ізбасарларының бір-бірін жақсы көріп, үлкен бір отбасындай қарым-қатынаста болғанын қалаған (Матай 12:48—50; Жохан 13:35).

Ехоба куәгерлерінің қауымдарында барлығы шын жүректен мейірімділік пен жанашырлық танытуға күш салады (Еврейлерге 10:24, 25). Көп адам олардың жан жарасына қауым кездесулерінің шипа боларлық әсері бар екенін байқаған.

Мысалы, Лаура былай деп есіне алады: “Ехоба куәгерлерінің жергілікті қауымында менің жан қайғымды түсінетін сырлас досым болды. Құрбым мені тыңдайтын, кітап оқып беретін, бірге дұға ететін. Мені ешқашан жалғыз қалдырмайтын. Ол мені ішімдегіні ақтарып айтуға талпындыратын. Оның арқасында менің жаным жай тапты”. Ал Рано былай дейді: “Мен қауымда “ата-ана” таптым. Олардың жанында өзімді қауіпсіз әрі керек сезіндім”.

3. Өзгелерге сүйіспеншілік пен мейірімділік танытыңыз.

Өзгелерге сүйіспеншілік пен мейірімділік танытсақ, жақсы достар таба аламыз. Иса пайғамбар айтпақшы, “алғаннан гөрі берген бақытты” (Елшілердің істері 20:35). Неғұрлым көп сүйіспеншілік танытсақ, соғұрлым көп сүйіспеншілікке бөленеміз. “Беріңдер, сонда жұрт сендерге де береді”,— деді Иса шәкірттеріне (Лұқа 6:38).

Пейілін кең жаятын адам өзгелердің сүйіспеншілігіне бөленіп, жантыныштығын сезінеді. Киелі жазбаларда айтылғандай, “сүйіспеншілік еш сарқылмайды” (Қорынттықтарға 1-хат 13:8). “Өзім туралы жаман ойларымның жалған екенін түсінемін,— деп мойындайды Мәриям.— Өзім туралы ойлай бермей, басқаларға қол ұшын берген кезде бұл жаман ойлар бойымды билемейді. Басқаларға жақсылық жасағаным әрқашан қанағат сыйлайды”.

Арнайы сүйенішпен жүріп келе жатқан қарт кісінің қолтығынан сүйеп келе жатқан жігіт

БӘРІМІЗДІҢ ЖАНЫМЫЗ ТЫНЫШ БОЛАТЫН ЗАМАН

Аталмыш жайттар әп-сәтте уайым-қайғыдан біржолата арылтпайтын шығар. Бірақ олардың зор көмегі тиетіні сөзсіз. Қарлығаш былай дейді: “Әлі де өз-өзіме сенімсіз болатын кездерім болады, бірақ қазір мен өзімді көбірек бағалауды үйрендім. Құдайдың қамымды ойлайтынын білемін және қол ұшын беруге дайын жақын достарым бар”. Рано да өзін осылай сезінеді. “Анда-санда көңілімді мұң басып кетеді. Ондай кезде жағдайға оң көзбен қарауға көмектесетін бір сенімдегі бауырластарым бар. Олар маған ақыл-кеңестерін береді. Ең бастысы, күн сайын жүрегімді ақтарып сөйлесе алатын көктегі Әкем бар. Осының арқасында әжептәуір жеңілдеп қаламын”.

Киелі кітапта айтылғандай, болашақта орнайтын жаңа дүниеде әрбіріміздің көңіліміз тоқ болады

Болашақта жағымсыз сезімдерден біржолата арылатын уақыт келеді. Киелі кітапта айтылғандай, болашақта орнайтын жаңа дүниеде әрбіріміздің көңіліміз тоқ болады. Онда Құдайдың мынадай уәдесі орындалады: “Әркім өз жүзім бұтасы мен інжір ағашының түбінде отырады, Ешкім де оларды қорқытпайды” (Миха 4:4). Сол заманда ешкім де өзін қорғансыз сезінбейді, ешкім ешкімге зәбір көрсетпейді. Тіпті кезінде жазылмастай көрінген жан жарасы да “еске алынбайды” (Ишая 65:17, 25). Құдай мен оның рухани ұлы Иса Мәсіх орнатқан “шынайы туралықтың жемісі мәңгі жайбарақаттық пен қауіпсіздік” болады (Ишая 32:17).

a Барлық есімдер өзгертілген.

b Ехоба куәгерлері Құдайды жақыннан танып-білгісі келетіндерге тегін Киелі кітап сабақтарын өтуді ұсынады.

Үрейдің азабы

“Мас әкем ашуланып, үйді басына көтергенде, түрі өзгеріп кететін. Ол азуын ақситып, жемтігін аяусыз жалмауға әзір тұрған қасқырдай көрінетін. Мен болсам, өзімді үріккен қозыдай сезініп, оның көзіне көрінбеуге тырысатынмын. Күнде көретінім осы еді” (Қарлығаш, балалық шағы туралы).

“Енді ешкімге сенім арта алмаймын деп ойладым. Мен таудың басында жалғыз қалып, көмекке шақырып жатқан адамдай болдым. Бірақ мені ешкім естімеді, көмектесе де алмады” (Лаура, жақында ғана ажырасқан).

“Әкем маған “Оңбаған, ешкімге керегің жоқ!” деп айғайлайтын. Мен өмір бойы өзімді жақсы адам екеніме және өзгелер мені жақсы көретініне сендірумен болдым. Басымнан біреудің бір сипағанына зәру едім. Өзімді әркімге бір жалтақтап-жарымсақтаған жетім күшіктей сезінетінмін” (Бағлан, бала кезінде әкесі оның қадірін түсіретін).

“Сұлу әйелді көргенде, оны әдемілеп вазаға салып қоятын гүлге ұқсатамын. Адамдар оған күнде сүйсініп қарайды. Ал мен болсам, ешкімге керек емес арамшөп сияқтымын” (Мәриям, өзін кем санау сезімімен күресіп жүрген жас әйел).

“Он екі жасымда әке-шешем жұмыс іздеп басқа елге көшті. Ал мені екі сіңліме бас-көз болуға тастап кетті. Сонда мен жападан жалғыз қалғандай болдым. Қаршадай болған мен біреудің қамқорлығы мен мақтау сөздеріне мұқтаж едім. Мен өзімді қараңғы орманда адасып кеткендей сезінетінмін. Тап болған өмір соқпағымен күн сайын жүрсем де, бір күні арқамдағы жүкті тастауды армандайтынмын. Мен бақытты болғым келетін” (Рано, ата-анасы жұмыс іздеп басқа елге көшіп кеткен).

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу