Сен Шайтанға қарсы тұрып, жеңе аласың!
“Сенімде берік болып, оған [Шайтанға] қарсы тұрыңдар” (ПЕТ. 1-Х. 5:9).
1. а) Неге бүгінде Шайтанға қарсы тұру аса маңызды? ә) Неге біз жеңіске жете алатынымызға сенімдіміз?
ШАЙТАННЫҢ бүгінгі таңдағы шайқасының нысанасы — майланған тамтық пен “басқа қойлар” (Жох. 10:16). Өз уақытының аз қалғанын білетін Ібілістің мақсаты — сол аз уақыт аралығында мүмкіндігінше Ехобаның көбірек қызметшілерін жалмау (Аян 12:9, 12 оқы). Бұл шайқаста біз жеңіске жете аламыз ба? Әрине! Киелі кітапта: “Ібіліске қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден қашып кетеді”,— делінген (Жақ. 4:7).
2, 3. а) Неге көп адам Шайтанның бар екеніне сенбейді? ә) Неге сен Шайтанның бар екеніне сенімдісің?
2 Көп адам Шайтан бар деген ойдың өзін күлкіге айналдырады. Олар үшін Шайтан мен жын-перілер бар болғаны кітаптардың, қорқынышты фильмдер мен бейнеойындардың кейіпкерлері. Мұндай адамдар көзі ашық, көкірегі ояу адам зұлым рухтарға сенбейді деп біледі. Бұндай көзқарас Шайтан мен оның қолшоқпарларының шымбайына батады деп ойлайсың ба? Әрине, жоқ! Шайтанға оның бар екеніне күмәнданатындардың санасын соқыр ету оп-оңай (Қор. 2-х. 4:4). Зұлым рухтардың жоқ екеніне сендіру — Шайтанның алдап-арбайтын көп жолдарының бірі.
3 Ехобаның қызметшісі болғандықтан біз бұған алданбаймыз. Қайта, оның бар екеніне сенімдіміз. Өйткені жылан арқылы Хауа анамен сөйлескен — сол Шайтан (Мұс. 1-ж. 3:1—5). Әйүпті қаралап, Ехобаға наразы болған да — сол (Әйүп 1:9—12). Исаны сынаған да — дәл сол Шайтан (Мат. 4:1—10). 1914 жылы Құдай Патшалығы орнағаннан кейін, майланғандардың тамтығына қарсы “соғысуға шыққан” да — тап сол Шайтанның өзі (Аян 12:17). Оның көксегені 144 000-нан қалған тамтық пен басқа қойларды сенімнен айыру болғандықтан, бұл соғыс әлі де жалғасуда. Осы шайқаста жеңімпаз болу үшін, біз Шайтанға қарсы тұрып, сенімнен таймауымыз керек. Осы мақалада мұны қалай істеуге болатынының үш жолы қарастырылады.
МАҚТАНШАҚТЫҚТАН АУЛАҚ БОЛ
4. Шайтан мақтаншақ әрі өркөкірек екенін қалай көрсетті?
4 Шайтан кішіпейілдік дегеннен жұрдай. Ехобаның бүкіләлемдік билігіне қатысты дау көтеріп, онымен бәсекелесуге дәті барған бұл рух — мақтаншақтық пен өркөкіректіктің бейнесі. Сондықтан Шайтанға қарсы тұрудың бір жолы — осы қасиеттерден аулақ болып, кішіпейілділік дамыту (Петірдің 1-хаты 5:5 оқы). Бірақ мақтану деген не? Біреуді не жетістіктеріңді мақтан тұту әрқашан жаман ба?
5, 6. а) Біреуді, бірдеңені не өз жетістіктерін мақтан тұту әрқашан жаман ба? Түсіндір. ә) Мақтаныш қай кезде қауіпті бола бастайды және бұған қатысты қандай мысалдар бар?
5 Біреуді, бірдеңені не өз жетістіктерін мақтан тұту адамға сенімділік береді, қадір-қасиетін арттырады. Ал жақын адамдарыңның жасаған жақсылығын не жетістіктерін мақтан тұту қанағатқа бөлейді. Мұндай мақтанышта тұрған еш оғаштық жоқ. Елші Пауыл салоникалықтарға: “Бастарыңа түскен қудалау мен қиыншылықтарда көрсеткен табандылықтарың мен сенімдерің жайлы Құдайдың өзге қауымдарында айтып, мақтан етіп жүрміз”,— деген (Сал. 2-х. 1:4). Иә, өзгенің немесе тіпті өзіміздің ісімізді қандай да бір дәрежеде мақтан тұту — жағымды сезім. Мысалы, біз отбасымыздан, мәдениетіміз бен өскен жерімізден қымсынып, ұялмаймыз (Ел. іс. 21:39).
6 Бірақ мақтанышымыз мақтаншақтық пен өркөкіректікке айналып кетсе, өзгелермен, әсіресе Ехобамен қарым-қатынасымыз бұзылады. Мұндай қасиеттер қажетті ақыл-кеңесті қабылдауға кедергі болады (Зәб. 141:5). Мақтаншақ адам — өзін-өзі асыра бағалайтын, өзін өзгелерден, көп жағдайда орынсыз, артық санайтын көкірек адам. Ехоба мұндай қасиетті жек көреді (Езек. 33:28; Амос 6:8). Шайтан болса, керісінше, көкірек көтеріп, бөсетін адамдарды көрсе, төбесі көкке жетеді. Себебі бұл қасиеттер оның өзіне тән. Нымрод, Мысыр перғауыны, Абессалом сияқты лепірме адамдарың мақтанғаны Шайтанның айызын қандырса керек! (Мұс. 1-ж. 10:8, 9; Мұс. 2-ж. 5:1, 2; Сам. 2-ж. 15:4—6). Қабылдың күнә жасауына да мақтаншақтығы мен өркөкіректігі себеп болған. Оған Ехобаның өзі кеңес берген, бірақ ол қабылдамады. Қабыл қыңырлыққа салынып, ескертуге мойын бұрмай, ақырында сорлап қалды (Мұс. 1-ж. 4:6—8).
7, 8. а) Ұлтшылдық деген не және оның мақтанумен қандай байланысы бар? ә) Қалай мақтаншақтық қауымдағы татулықты бұзады?
7 Бүгінде мақтаншақтық түрлі жолдармен көрініс табады. Мақтаншақ, көкірек адам ұлтшыл болып кетуі мүмкін. Бір сөздікте ұлтшылдыққа “өз ұлтын тәкаппарлықпен басқа ұлттан артық көру, өзге ұлтты кемсіту” деген анықтама берілген. Ұлтшылдықтың кесірінен кей жерлерде көтерілістер мен соғыстар, тіпті жаппай қырғын орын алып жатады.
8 Мұндай нәрселерге мәсіхшілер қауымында орын жоқ, әрине. Сөйтсе де бауырластар арасында мақтанудан бастау алған түсініспеушілік жүгендеуге келмей қалуы мүмкін. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер арасында осындай жағдай орын алғанға ұқсайды. Себебі Жақып оларға: “Араларыңда қақтығыс пен дау-жанжал қайдан шығады?”— деп жазған (Жақ. 4:1). Иә, қанға сіңген қастастық пен үстемдік сөзіміз бен ісімізден көрініс тауып, өзгелердің жанын жаралауы мүмкін (Нақ. с. 12:18). Мақтаншақтықтың қауымдағы татулықты бұзатыны анық.
9. Киелі кітап ұлтшылдық пен орынсыз мақтанудан аулақ болуға қалай көмектеседі? (Мақаланың басындағы суретті қара.)
9 Егер өзімізді өзгелерден үстем санауға бейім болсақ, Ехобаның көкірек көтерген адамнан жеркенетінін ұмытпалық (Нақ. с. 16:5). Нәсілі, ұлты не мәдениеті басқа адамдарға қалай қарайтынымыз туралы да ойланғанымыз жөн. Өз нәсіліміз бен ұлтымыз үшін әсіре мақтанатын болсақ, Құдайдың “бір адамнан күллі халықтарды шығарғанын” елеусіз қалдырғанымыз (Ел. іс. 17:26). Түптеп келгенде, бәріміз де бір атадан, Адам атадан тарағанбыз. Сондықтан бір ұлтты өзге бірінен артық деу — ақылға қонымсыз. Бұлай ойлайтын адам Шайтанның мәсіхшілер арасындағы сүйіспеншілік пен бірлікті бұзу үшін құрған торына түседі (Жох. 13:35). Оған қарсы тұрып, жеңіп шығу үшін орынсыз мақтанудың кез келген түрінен аулақ болуымыз керек (Нақ. с. 16:18).
ДҮНИЕҚОҢЫЗДЫҚТАН ЖӘНЕ ОСЫ ДҮНИЕНІ ЖАҚСЫ КӨРУДЕН АУЛАҚ БОЛ
10, 11. а) Осы дүниені жақсы көріп кету неге оңай болуы ықтимал? ә) Димас осы дүниедегі нені жақсы көрген болуы мүмкін?
10 Шайтан — “осы дүниенің билеушісі”, бүкіл дүние соның билігінде (Жох. 12:31; Жох. 1-х. 5:19). Сондықтан қазіргі дүниеде жасалып жатқан істің көпшілігі Киелі кітапта жазылған талаптарға қайшы келеді. Әрине, осы дүние ұсынатынның бәрі тек жамандық деуге болмайды. Десе де Шайтанның бізді күнәға еліктіруге, Ехобаға қызмет етуден гөрі осы дүниедегі игіліктерге ұмтылуға деген ықыласымызды арттыруға тырысып бағатыны шүбәсіз (Жоханның 1-хаты 2:15, 16 оқы).
11 Бірінші ғасырда кейбір мәсіхшілер осы дүниені жақсы көргенге ұқсайды. Мысалы, Пауыл: “Димас осы дүниені жақсы көріп, мені тастап кетті”,— деген (Тім. 2-х. 4:10). Киелі кітапта Димастың осы дүниедегі нені жақсы көргені нақты айтылмаған. Ол рухани байлықтан гөрі осы дүниедегі байлықты көбірек жақсы көре бастаған шығар. Шынымен солай болған болса, ол зор қазынадан бас тартқан. Ал мұнысы соған тұрды ма? Осы дүние оған Ехоба ұсынған мәртебеден артық бірдеңе ұсына алар ма еді?! (Нақ. с. 10:22).
12. Шайтан “алдамшы байлықтың” күшін қалай қолданады?
12 Кез келгеніміз осы дүниені көбірек жақсы көре бастауымыз ықтимал. Мәсіхші болғандықтан өзіміздің және отбасымыздың қамын жасағымыз келеді (Тім. 1-х. 5:8). Ехоба біздің жақсы өмір сүргенімізді қалайды. Біз мұны оның Адам мен Хауаны жұмақ бағына қоныстандырғанынан білеміз (Мұс. 1-ж. 2:9). Ал Шайтан “алдамшы байлықтың” күшімен бізді дүниеқоңыздыққа итермелейді (Мат. 13:22). Көп адам бақыттың кілті — ақша, жетістіктің кілті — байлық деп біледі. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Осындай көзқарастың кесірінен біз өміріміздегі ең қымбат нәрседен, Ехобамен қарым-қатынасымыздан, айырылып қалуымыз мүмкін. Иса шәкірттеріне мынаны ескерткен: “Ешкім екі қожайынға бірдей құл бола алмайды. Олай еткен күнде біреуін жек көріп, екіншісін жақсы көреді, немесе біріне адал болып, екіншісіне немкетті қарайды. Сендер Құдайға және байлыққа бірдей қызмет ете алмайсыңдар” (Мат. 6:24). Егер біз байлықтың құлына айналсақ, Ехобаға қызмет етуді доғарамыз. Шайтанның қалайтыны да дәл осы! Ендеше, ақша немесе сатып алуға болатын заттар ешқашан Ехобамен достығымыздан артық болып кетпегей. Қайта, Шайтанға қарсы тұрып, “алтынды көрсек, жолдан таймайық” (Тімөтеге 1-хат 6:6—10 оқы).
АЗҒЫНДЫҚТАН АУЛАҚ БОЛ
13. Осы дүниедегілер неке мен жар төсегіне қатысты көзқарасты қалай бұрмалайды?
13 Шайтанның тағы бір тұзағы — азғындық. Бүгінде көп адам жар төсегінің тазалығын, тіпті некелесуді, басқа салынған құрық әрі сәннен шыққан деп есептейді. Мысалы, бір атақты актриса: “Еркек үшін де, әйел үшін де бір ғана адаммен өмір сүру мүмкін емес. Мен жұбайына адал не адал болғысы келетін адамды кезіктірмеппін”,— деді. Ал бір актёр болса: “Өмір бойы бір адаммен тұру біздің болмысымызға жат па деп қалдым”,— деп ағынан жарылды. Үнемі ел алдында жүретін осындай адамдардың некенің қадірін кетіргені Шайтанды қуантатыны сөзсіз. Құдай берген осы сыйдың жоғары бағаланып, құрылған некенің берік болуына Ібілістің жаны қарсы екені айдан анық. Сондықтан оған қарсы тұрып, жеңіп шығу үшін, Құдайдың осы құрылымын қадірлеуге тиіспіз.
14, 15. Қалай біз азғындықтан аулақ бола аламыз?
14 Неке құрғанымызға не бойдақ болғанымызға қарамай, азғындықтың барлық түрінен аулақ болуымыз керек. Бұлай ету оңай ма? Жоқ! Сен жас жігіт не бойжеткен болсаң сыныптастарыңның мақтанып, ойламаған жерден төсек қатынасында болғаны не секстингa туралы әңгімелерін еститін шығарсың. Киелі кітапта: “Азғындық жасайтын адам өз денесіне қарсы күнә істейді”,— делінген (Қор. 1-х. 6:18). Жыныстық қатынас арқылы берілетін аурулар қасіретке душар етеді, тіпті өлімге ұшыратады. Некеге тұрмай тұрып, пәктігінен айырылған жастардың көбісі мұнысына өкінетіндерін мойындайды. Көңіл көтеру әлемі Құдай заңдарын бұзып, азғындыққа барудың еш салдары жоқтай көрсетеді. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды, әрі бұлай ойлайтындар “күнәға азғырылады” (Евр. 3:13).
15 Азғындық жасап қою қаупі бар екенін сезіп жүрсең, не істеуің керек? “Тәніңде күнә заңының” бар екенін мойында (Рим. 7:22, 23). Құдайдан күш сұрап дұға ет (Філіп. 4:6, 7, 13). Азғырылып қалуың мүмкін жағдайлардан аулақ бол (Нақ. с. 22:3). Ал сондай жағдайға тап болып қалсаң, бірден бас тарт (Мұс. 1-ж. 39:12).
16. Шайтан сынағанда, Иса не істеді және біз бұдан қандай сабақ аламыз?
16 Сынаққа төтеп беруде Иса керемет үлгі қалдырған. Ол Шайтанның уәделеріне иланған жоқ, тіпті ойланып та жатпады. Қайта, бірден Жазбалардан үзінді келтірді (Матай 4:4—10 оқы). Ол Құдай Сөзін жақсы білгенінің арқасында осылай етіп, Шайтанға тойтарыс берді. Шайтанға қарсы тұрып, жеңіп шығу үшін азғындық жасауға азғырылудан аулақ болуға тиіспіз (Қор. 1-х. 6:9, 10).
ТАБАНДЫ БОЛЫП, ЖЕҢІП ШЫҚ
17, 18. а) Шайтанның тағы қандай қарулары бар және бұл бізді неге таңғалдырмайды? ә) Шайтанды не күтіп тұр және неге бұл сені табанды болуға талпындырады?
17 Мақтаншақтық, дүниеқоңыздық пен азғындық — Шайтан қолданатын қарулардың үшеуі ғана. Ал оның мұндай қарулары аз емес. Мысалы, кейбір мәсіхшілер отбасының тарапынан қуғын-сүргінге ұшырайды, сыныптастарының келеке-мазағына айналады немесе үкімет тарапынан уағыз ісіне шектеулер қойылуы мүмкін. Мұндай қиындықтарға біз таңғалмаймыз, себебі Иса шәкірттеріне: “Менің атыма бола жұрттың бәрі сендерді жек көретін болады. Бірақ соңына дейін табандылық танытқан адам құтқарылады”,— деп ескерткен (Мат. 10:22).
Шайтан түбегейлі жойылады (18-абзацты қара)
18 Шайтанмен шайқасқанда, қалай жеңімпаз бола аламыз? Иса шәкірттеріне: “Табанды болуларыңмен жандарыңды сақтап қаласыңдар”,— деген (Лұқа 21:19). Адам баласының ешқайсысы бізге орны толмайтын залал келтіре алмайды. Өзіміз жол бермесек, Құдаймен достығымызды да ешкім бұза алмайды (Рим. 8:38, 39). Тіпті Ехобаның қызметшілерінің өлімі де Шайтанның жеңісі болып есептелмейді. Өйткені Ехоба оны қайта тірілтіп алады! (Жох. 5:28, 29). Ал Шайтанның болашағы бұлыңғыр. Мына дүние жойылғаннан кейін, ол 1000 жылға түпсіз тұңғиыққа тасталады (Аян 20:1—3). Ал Исаның мыңжылдық билігі біткенде, кемелді адамдарды аз уақыт сынау үшін “түрмеден босатылады”. Содан соң Ібіліс түбегейлі жойылады (Аян 20:7—10). Шайтанның тағдыры шешіліп қойылған, ал сенікі шешілмеген. Сондықтан сенімде берік болып, оған берілме. Сен Шайтанға қарсы тұрып, жеңімпаз бола аласың!
a Секстинг деген — ұялы телефон арқылы әдепсіз суреттер не хаттар жіберу. Бұл кей жерлерде балалар порнографиясын тарату болып есептеледі.