Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w15 15.3. 19—24 бет.
  • Талант туралы астарлы әңгімеден сабақ алайық

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Талант туралы астарлы әңгімеден сабақ алайық
  • 2015 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ҚОЖАЙЫННЫҢ ҚҰЛДАРЫНА КӨП АҚША АМАНАТТАУЫ
  • СОҢҒЫ КҮНДЕРІ ТАЛАНТТЫ АЙНАЛЫМҒА ЖІБЕРУ
  • ҚОЖАЙЫН ЕСЕП БЕРУДІ ТАЛАП ЕТУ ҮШІН ҚАШАН КЕЛЕДІ?
  • ЗҰЛЫМ ДА ЖАЛҚАУ ҚҰЛ
  • Ынта-ықыластың маңыздылығы
    Иса пайғамбар — жол, шындық, өмір
  • Исаның ескертулеріне ден қойып жүрсіз бе?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • ‘Адал құл’ сынақтан өтуде!
    2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Соңғы күндердің белгісі
    Тарихтағы ең ұлы адам
Көбірек мәлімет
2015 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w15 15.3. 19—24 бет.
Бірінші құл алған бес талантын, екінші құл екі талантын айналымға жіберді, ал үшінші құл алған бір таланттын көміп тастап, ұйықтады

Талант туралы астарлы әңгімеден сабақ алайық

“Ол біреуіне бес, екіншісіне екі, үшіншісіне бір талант күміс тиын берді” (МАТ. 25:15).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢ?

  • Иса талант туралы астарлы әңгімесін қандай мақсатпен айтқан?

  • Қожайын есеп беруді талап етуге қашан келеді?

  • Талант туралы астарлы әңгімеден қандай сабақ алуымызға болады?

1, 2. Исаның талант туралы астарлы әңгімесін айтуының себебі неде?

ИСА талант туралы астарлы әңгімесінде майланған ізбасарларына қандай міндет жүктелетінін анық көрсетті. Біз оның мәнін түсініп алуымыз керек. Өйткені, мейлі көкте не жерде өмір сүруге үміттенейік, бұл әңгіменің бәрімізге қатысы бар.

2 Шәкірттерінің “Осында болуыңыз бен осы заманның аяқталып қалғанын қандай белгі білдірмек?” деген сұрағына жауап бергенде, ол осы әңгімені де айтқан (Мат. 24:3). Демек, бұл астарлы әңгіме — Исаның осында болуын білдіретін белгілердің бірі, әрі біздің заманымызға қатысты айтылған.

3. Матай 24 және 25-тарауларда жазылған астарлы әңгімелерден қандай сабақ алуға болады?

3 Талант туралы астарлы әңгіме — Матай кітабының 24:45—25:46-шы тармағына дейінгі үзіндіде айтылған өзара байланысты төрт астарлы әңгіменің бірі. Қалған үш әңгімені де Иса өзінің осында болуына қатысты қойылған сұрақтың жауабы ретінде айтқан. Бұл әңгімелер адал да ақылды құл, он қыз және қойлар мен серкелер туралы болатын. Төрт әңгімесінде де Иса соңғы күндері өмір сүретін шынайы ізбасарларын ерекшелендіретін қасиеттерге назар аударған. Ол ақылды құл, он қыз және талант туралы әңгімелерін майланған шәкірттеріне қатысты айтты. Мысалы, бірінші әңгімесі адал құл, яғни соңғы күндері үйдегі басқа құлдарға ас-су беріп тұру тапсырылған шағын топтан тұратын майланғандар туралы. Иса олардың адал әрі ақылды болулары тиіс екеніне ерекше назар аударды. Ал он қыз туралы әңгімесінде ол барлық майланған шәкірттерінің алдын ала қамдануы және қырағы болуы тиіс екеніне көңіл бөлді. Өйткені олар Исаның қай күні не қай сағатта келетінін білмейді. Талант туралы астарлы әңгімесінде болса Иса майланғандардың өз міндеттерін бар ынта-ықыласымен атқару керек екендерін көрсетті. Ал қойлар мен серкелер туралы әңгімесін ол жерде өмір сүруге үміттенетіндерге қатысты айтты. Иса олардың адал болулары әрі өзінің жердегі бауырларын барынша қолдаулары керек екеніне баса назар аудардыa. Енді осы әңгімені талқылайық.

ҚОЖАЙЫННЫҢ ҚҰЛДАРЫНА КӨП АҚША АМАНАТТАУЫ

4, 5. Астарлы әңгімедегі қожайын кімді білдіреді және ол кезде бір таланттың құны қандай болған?

4 Матай 25:14—30 оқы. Біздің басылымдарымызда біраз уақыттан бері астарлы әңгімедегі қожайын Исаны, ал оның басқа елге кетуі Исаның б. з. 33 жылы көкке көтерілуін білдіреді деп түсіндірілуде. Иса осы әңгімеге ұқсас тағы бір астарлы әңгімесінде де “патша болып оралу үшін” басқа елге аттанған бір кісі туралы айтқан болатын (Лұқа 19:12). Бірақ Иса көкке оралған соң, бірден Патша болған жоқb. Ол “Құдайдың оң жағына отырды. Содан бері ол жауларының аяғының астына салынып берілуін күтуде” (Евр. 10:12, 13).

5 Астарлы әңгімедегі қожайынның сегіз таланты болған. Ол кезде бұл үлкен ақша едіc. Басқа елге кетерде ол айналымға жіберсін деп, ақшасын құлдарына үлестіріп береді. Сол сияқты көкке көтерілмес бұрын Исаның да өте құнды меншігі болған. Қандай меншік? Бұл — оның жерде өмір сүргенде атқарған ісі.

6, 7. Астарлы әңгімедегі талант нені білдіреді?

6 Иса үшін уағыздау мен тәлім беру ісі өте маңызды болған (Лұқа 4:43 оқы). Ол өзі еңбек еткен танаптың мол өнім беретінін білген. Сондықтан шәкірттеріне: “Бастарыңды көтеріп, егіндікке көз салыңдар, ол пісіп, жинауға дайын тұр”,— деді (Жох. 4:35—38). Мұнымен ол көптеген ақжүректі адамның ізгі хабарды естіп, өзінің шәкірті болатынын ойда тұтқан еді. Жақсы диқан орақ кезінде танабын қараусыз қалдырмайды. Иса да жақсы диқан сияқты болған. Сондықтан қайта тірілгеннен кейін, көкке көтерілерде шәкірттеріне: “Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындаңдар”,— деп тапсырды (Мат. 28:18—20). Осылайша ол шәкірттеріне құнды қазына, уағыздау ісін аманаттады (Қор. 2-х. 4:7).

7 Бұдан қандай қорытынды жасауға болады? Иса ізбасарларына шәкірт дайындау ісін тапсырғанда, былайша айтқанда, оларға “өз мүлкін”, сегіз талант, аманаттап тапсырды (Мат. 25:14). Осылайша астарлы әңгімедегі талант уағыздау мен шәкірт дайындау ісін білдіреді.

8. Қожайын құлдарына ақшаны әртүрлі мөлшерде бергенмен, олардан не күтті?

8 Астарлы әңгімесінде Иса құлдардың біріне бес, екіншісіне екі, ал үшіншісіне бір талант берілгенін айтқан (Мат. 25:15). Қожайын құлдарына ақшаны әртүрлі мөлшерде берді, бірақ олардың бәрі алған ақшаларын бар ынта-ықыласымен айналымға жібереді деп үміттенді. Иса да майланған шәкірттері уағыз ісіне бар ынта-ықыласымен кіріседі деп күтті (Мат. 22:37; Қол. 3:23). Б. з. 33 жылының Елуінші күн мейрамынан бастап Исаның шәкірттері алған таланттарын айналымға жібере бастады. Олардың уағыздау мен шәкірт дайындау ісіндегі ынта-жігері жайлы Елшілердің істері кітабынан оқуға боладыd (Ел. іс. 6:7; 12:24; 19:20).

СОҢҒЫ КҮНДЕРІ ТАЛАНТТЫ АЙНАЛЫМҒА ЖІБЕРУ

9. а) Екі адал құл өздеріне берілген таланттарды не істеді және бұл нені білдіреді? ә) Талант туралы әңгіменің жерде өмір сүруге үміттенетіндерге қатысы бар ма?

9 Соңғы күндері, атап айтқанда 1919 жылдан бастап, адал майланған құлдар Қожайындарының талантын айналымға жіберуде. Астарлы әңгімедегі екі құл іспетті, майланған ер және әйел бауырластар уағыз ісіне барын салуда. Әңгімедегі екі құлдың біреуіне бес, екіншісіне екі талант берілген. Бірақ бұл олардың бірі екіншісінен артық болған дегенді білдірмейді. Олардың екеуі де тер төгіп еңбектеніп, екі еседен пайда түсірген. Талант туралы әңгіменің жерде өмір сүруге үміттенетіндерге қатысы бар ма? Бар болғанда қандай! Қойлар мен серкелер туралы әңгімеден білетініміздей, жерде өмір сүруге үміттенетіндер уағыз ісінде Исаның майланған бауырларына қолдау көрсетулері әрі оларға адал болулары керек. Олар мұны мәртебе санайды. “Бір отарды” құрайтын осы екі топ қазіргі қиын қыстау күндері шәкірт дайындау ісіне құлшына атсалысуда (Жох. 10:16).

10. Исаның осында болуының айқын белгілерінің бірі қандай?

10 Иса барлық ізбасарлары шәкірт дайындау ісінде жан сала қызмет етеді деп күтеді. Жоғарыда айтылғандай, оның бірінші ғасырдағы адал шәкірттері солай еткен. Ал талант туралы астарлы әңгіме орындалып жатқан бүгінгі күн жөнінде не деуге болады? Бүгінде Исаның бел жазбай еңбек етіп жүрген адал қызметшілері бұрын-соңды болмаған уағыздау мен шәкірт дайындау ісін атқаруда. Осының арқасында жыл сайын жариялаушылардың қатарына мыңдаған адам қосылуда. Бұл — Исаның Патша ретінде осында болуының айқын белгілерінің бірі. Атқарылып жатқан іске Исаның риза екені сөзсіз!

Ехобаның қызметшілері шәкірт дайындау үшін түрлі жолдармен уағыздайды

Иса қызметшілеріне уағыз ісін сеніп тапсырды (10-абзацты қара)

ҚОЖАЙЫН ЕСЕП БЕРУДІ ТАЛАП ЕТУ ҮШІН ҚАШАН КЕЛЕДІ?

11. Неге Иса есеп беруді талап етуге зор алапатта келеді деген тұжырым жасауға болады?

11 Иса құлдарынан есеп беруді талап ету үшін зор алапаттың соңына таман келеді. Неге бұлай дейміз? Матай кітабының 24, 25-тарауларында жазылған пайғамбарлығында Иса өзінің келетіні жайлы бірнеше рет айтқан. Мысалы, ол зор алапатта сот жүргізуге келетін кезіне нұсқап, адамдардың “бұлттарда келе жатқан” Адам Ұлын көретінін айтқан. Сонымен қатар ол соңғы күндері өмір сүретін шәкірттерін сергек болуға шақырып: “Иелерің қай күні келетінін білмейсіңдер... Адам Ұлы өздерің ойламаған сағатта келеді”,— деген (Мат. 24:30, 42, 44). Демек, Иса “қожайыны келіп, құлдарынан есеп беруді талап етеді” дегенде, заманның ақырында өзінің сот жүргізуге келетін кезі жайлы айтқанe (Мат. 25:19).

12, 13. а) Қожайын алғашқы екі құлға не деді және неге? ә) Майланғандарға қашан шешуші белгі салынады? (“Өлгенде берілетін есеп” деген қоршауды қара.) б) Қойлардың қатарында болатындарға қандай сый беріледі?

12 Астарлы әңгімеде айтылғандай, қайта оралған қожайын бес және екі талант алған құлдарының адал болып, екі еседен пайда түсіргенін көреді. Сонда ол екі құлына да: “Жарайсың, жақсы да адал құл! Аз істе сенімді болғаның үшін, сені көп істің басына тағайындаймын”,— деген мақтау сөз айтады (Мат. 25:21, 23). Олай болса, Қожайын, ұлылыққа бөленген Иса, сот жүргізуге келгенде не істейді?

13 Алғашқы екі құлға, яғни Исаның бел жазбай еңбектеніп жүрген майланған шәкірттеріне, зор алапат басталмай тұрып, шешуші белгі салынып қойылады (Аян 7:1—3). Армагеддонның алдында Иса оларға уәде етілген көктегі сыйларын береді. Ал Исаның бауырларына уағыз ісінде қолғабыс еткен, әрі жерде өмір сүруге үміттенетіндер қойлардың қатарында болады. Олар да өз сыйларын алып, Патшалықтың билігінің астында жер бетінде өмір сүреді (Мат. 25:34).

ЗҰЛЫМ ДА ЖАЛҚАУ ҚҰЛ

14, 15. Иса майланған бауырларының көбісі зұлым әрі жалқау болып кететінін айтқан ба? Түсіндір.

14 Астарлы әңгімедегі соңғы құл өзіне берілген талантты айналымға жібермей не өсім көру үшін банкке де салмай, көміп тастайды. Қожайынының мүддесіне әдейілеп қарсы жасаған осы әрекетінен оның ниеті көрінеді. Сондықтан қожайыны оны “зұлым да жалқау құл” деп атады. Ол жалқау құлынан берген талантын алып қойып, он талант алған құлына береді. Ал өзін “сырттағы қара түнекке” лақтыртып тастатады. Сол жерде “ол зар еңіреп, қинала тістенбек” еді (Мат. 25:24—30; Лұқа 19:22, 23).

15 Иса астарлы әңгімесінде үш құлдың біреуі алған талантын жасырып қойғанын айтқан. Мұнымен ол майланған шәкірттерінің үштен бір бөлігі зұлым әрі жалқау болады дегісі келді ме? Жоқ. Мәнмәтінге көңіл бөліп көрейікші. Адал да ақылды құл туралы астарлы әңгімесінде Иса зұлым құлдың басқа құлдарды ұрып-соққанын айтқан. Бұлай деуімен ол болашақта зұлым құл табы пайда болатынын пайғамбарлық етпеген. Қайта, адал құл зұлым болып кетпесін деп, ескерту ретінде айтқан. Сол сияқты он қыз туралы астарлы әңгімесінде Иса майланған ізбасарларының жартысы ақылсыз қыздар сияқты болып кететініне меңзеген жоқ. Бұл жолы да ол рухани бауырлары алдын ала қамданбай, қырағы болудан қалса, мұның арты не болатынын ескерткенf. Осыны ескерсек, талант туралы астарлы әңгімеге қатысты мынадай тұжырым жасаған қисынды: Иса майланған бауырларының көбісі зұлым әрі жалқау болып кететінін айтпаған. Қайта, зұлым құлға ұқсап кетпеу үшін, оларға таланттарын “айналымға жіберу”, яғни әрқашан уағыз ісіне бар ынта-ықыласымен қатысу керек екендерін ескерткен (Мат. 25:16).

16. а) Талант туралы астарлы әңгімеден біз не білдік? ә) Қалай осы мақала талант туралы әңгімені анығырақ түсінуге көмектесті? (“Талант туралы астарлы әңгімені қалай түсінуіміз керек?” деген қоршауды қара.)

16 Сонымен, талант туралы астарлы әңгімеден не білдік? Біріншіден, Қожайын, яғни Мәсіх, майланған құлына өзі аса жоғары бағалайтын қазынаны — уағыздау мен шәкірт дайындау ісін — сеніп тапсырды. Екіншіден, Иса Мәсіх бәрімізден уағыз ісіне бар ынта-ықыласымызбен атсалысады деп күтеді. Егер сенімімізден таймай, сергек әрі адал болып, осы істі атқара берсек, Қожайын беретін сыйдан құр алақан қалмаймыз (Мат. 25:21, 23, 34).

a Адал да ақылды құлдың кім екені “Күзет мұнарасының” келесі санында талқыланды: 2013 жыл, 15 шілде 21, 22-беттер, 8—10 абзацтар. Он қыз туралы әңгіме осы журналдың алдыңғы мақаласында, ал қойлар мен серкелер туралы әңгіме “Күзет мұнарасының” (ор.) 1995 жыл, 15 қазан 23—28 беттерінде талқыланды, осы журналдың келесі мақаласында да қарастырылады.

b “Талант және мина туралы астарлы әңгімелердің ұқсастықтары” деген қоршауды қара.

c Исаның заманында бір талант шамамен 6000 динарға тең болған. Күніне бір динар ақша табатын қарапайым жұмысшы бір талант табу үшін 20 жылдай жұмыс істеу керек еді.

d Елшілер өмірден өткен соң, Шайтанның ықпалымен жолдантаюшылық кең етек алды. Сол себепті ғасырлар бойы уағыз ісі кең көлемде атқарылмады. Бірақ “орақ кезі”, яғни соңғы күндері, жағдай түбегейлі өзгермек еді (Мат. 13:24—30, 36—43). “Күзет мұнарасының” 2013 жыл, 15 шілдедегі санының 9—12 беттерін қара.

e “Күзет мұнарасының” 2013 жылғы 15 шілдедегі санының 7, 8-беттеріндегі 14—18 абзацтарды қара.

f Осы сандағы “Сен “сергек боласың ба?” деген мақаланың 13-абзацын қара.

Талант және мина туралы астарлы әңгімелердің ұқсастықтары

Қожайын құлдарынан есеп беруді талап етуде

Талант және мина туралы астарлы әңгімелердің біраз ұқсастықтары бар. Екі оқиға да сапарға аттанарда құлдарын жинап алып, айналымға жіберсін деп өз ақшасын табыстаған қожайын жайында. Қожайын қайтып келгенде, алған ақшаларын не істегені жайлы құлдарынан есеп беруді талап етеді (Мат. 25:14—30; Лұқа 19:12—27). Екі әңгімеде де (1) қожайын Исаны, (2) құлдар оның майланған шәкірттерін, ал құлдарға берілген ақша (3) шәкірт дайындау мәртебесін бейнелейді. Бұған қоса, екі әңгімеде де мынадай ескерту бар: Исаның шәкірттері зұлым құл сияқты болып кетсе, соның кебін киеді.

Өлгенде берілетін есеп

Бірінші ғасырдан бастап майланған шәкірттерге талант берілді, яғни уағыздау ісі тапсырылды. Олар бұл істі қалай атқарғаны жөнінде есеп беру керек. Адалдығынан таймаған майланған бауырлас зор алапаттан бұрын қайтыс болса, оған сол кезде шешуші белгі салынады. Ал Исаның талант туралы астарлы әңгімесі зор алапат кезінде әлі тірі жүрген майланғандардың түбегейлі есеп беретіні жөнінде.

Талант туралы астарлы әңгімені қалай түсінуіміз керек?

Қожайын құлдарына қарымтасын қашан береді?

Қожайын екі адал құлын мақтап жатыр

Бұрынғы түсіндірілуі: Иса анағұрлым жауапкершілікті іс тапсыруымен шәкірттерінің қарымталарын 1919 жылы берді.

Қазіргі түсіндірілуі: Болашақта Иса қайтып келгенде, адалдығынан таймаған майланған құлдар көкке көтеріледі. Осылай қарымталарын алады.

Зұлым да жалқау құл кім?

Қожайын зұлым құлын далаға лақтыртты

Бұрынғы түсіндірілуі: 1914 жылдары уағыз ісіне қатысудан бас тартқан майланған мәсіхшілер зұлым да жалқау құлды бейнелейді.

Қазіргі түсіндірілуі: Иса майланған мәсіхшілерден зұлым құлды құрайтын топ пайда болатынын пайғамбарлық еткен жоқ. Қайта, шәкірттері зұлым әрі жалқау болып кетсе, мұның салдары қандай болатынын ескертті.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу