НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | СІЗ ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАЙ АЛАСЫЗ
Сіз Құдайдың қалауын орындайсыз ба?
“Айтсаң болды! Нені қаласаң да, қуана-қуана орындаймын!” Бәлкім, мұндай сөздерді онша танымайтын не мүлдем бейтаныс адамға айтудан тартынарсыз. Алайда жақын досыңызға мұндай сөздерді айтуға қуанышты боларсыз. Әдетте, жақын достар бір-бірінің қалауын орындауға дайын болады.
Киелі кітапта Ехоба өзінің қызметшілеріне не нәрсе қуаныш әкелетінін білетіні әрі оларды үнемі жасайтыны айтылған. Мысалы, Құдаймен жақын қарым-қатынаста болған Дәуіт патша былай деген: “Уа, Құдай Ием, көп керемет жасадың, Біздің игілігімізді Сен ойлап тұрсың... Көптігі сонша, санауға жетпейді сан!” (Забур 39:6) Ехоба тіпті өзін әлі танып-білмегендерге де “көл-көсір ас-су сыйлап, жүректерін қуанышқа толтырып келеді” (Елшілердің істері 14:17).
Біз жақсы көретін әрі құрметтейтін адамдарымызға қуана-қуана жақсылық жасаймыз
Ехоба өзгелерге қуаныш әкелетін нәрселерді істеуді ұнатады. Демек, Құдайдың досы болғысы келетіндер де оның жүрегін қуантатын нәрселер жасайды деп күту орынды емес пе?! (Нақыл сөздер 27:11) Алайда сіз Құдайдың жүрегін қуанту үшін нақты не істей аласыз? Бұл сұрақтың жауабын Киелі кітап береді: “Жақсылық істеуді және өзгелермен қолда барларыңмен бөлісуді ұмытпаңдар. Өйткені мұндай құрбандықтар Құдайға ұнамды” (Еврейлерге 13:16). Бұл сөздер Ехобаға ұнамды болу үшін өзгелерге жақсылық жасап, әрі қолда барымызбен бөліссек жеткілікті дегенді білдіреді ме?
“Сенім болмаса, Құдайға ұнау мүмкін емес”,— дейді Киелі кітап (Еврейлерге 11:6). Мұндағы бір маңызды жайт, “Ыбырайым Ехобаға сенді”, содан кейін ғана “ол “Ехобаның досы” деп аталған” (Жақып 2:23). Иса пайғамбар да Құдайдың баталарына кенелгісі келетіндер оған сену керектігін айтқан (Жохан 14:1). Олай болса, Құдай өзіне жақындатып тартатындардың бойынан көргісі келетін зор сенімді қалайша дамыта аласыз? Бұны Құдай Сөзі Киелі кітапты жүйелі түрде зерттеуден бастасаңыз болады. Осылайша “оның еркі жайлы тура білім” алып, “оған барлық жағынан ұнамды” болуды үйрене аласыз. Ехоба жайлы тура біліміңізді тереңдетіп, оның әділ талаптарын орындаған сайын, Құдайға деген сеніміңіз нығайып, ол сізге жақындай түседі (Қолостықтарға 1:9, 10).