Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w12 15.6. 7—11 бет.
  • Ехоба — құпия атаулыны ашатын Құдай

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехоба — құпия атаулыны ашатын Құдай
  • 2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ЖЫЛАННЫҢ ҰРПАҒЫ ЖӘНЕ ЖЫРТҚЫШ АҢ
  • МЫСЫР МЕН АССУР ПАТШАЛЫҒЫ — АЛҒАШҚЫ ЕКІ БАС
  • БАБЫЛ — ҮШІНШІ БАС
  • МИДИЯ МЕН ПАРСЫ ПАТШАЛЫҒЫ — ТӨРТІНШІ БАС
  • ГРЕКИЯ — БЕСІНШІ БАС
  • РИМ — “ӨТЕ ҚОРҚЫНЫШТЫ, ҮРЕЙ ТУҒЫЗАТЫН” АЛТЫНШЫ БАС
  • Ехоба “жуырда болатын жайттарды” ашады
    2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Аян кітабы Құдайдың жауларына қатысты не ашады?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
  • Сегіз патша айқындалды
    2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Бүгінгі күнге айтылған Құдайдың пайғамбарлық сөзіне құлақ салыңдар
    2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w12 15.6. 7—11 бет.

Ехоба — құпия атаулыны ашатын Құдай

“Сен осы құпияны аша алғандықтан, сиынатын Құдайыңның шынымен барлық тәңір атаулының үстіндегі Құдай әрі патшалардың Иесі екеніне көзім жетіп отыр!” (ДАН. 2:47).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢ?

Ехоба бізге болашақ туралы қандай жайттарды ашты?

Жабайы аңның алты басы нені бейнелейді?

Жабайы аң мен Набуходоносор көрген мүсіннің арасында қандай байланыс бар?

1, 2. Ехоба бізге нені ашты және не үшін?

ЕХОБА адамдардың үкіметтерін жойып, өз Патшалығын орнатуға келгенде, әлемді қандай патшалықтар билеп тұрады? Құпия атаулыны ашатын Ехоба Құдай бізге мұны аян етті. Бұл қай үкіметтер болатынын Даниял пайғамбардың кітабынан және елші Жоханның жазбаларынан біле аламыз.

2 Ехоба бұл пайғамбарларға бірнеше аян беріп, бірінен соң бірі билік ететін патшалықтарды бейнелейтін аңдарды көрсетті. Сондай-ақ Құдай Даниялға дәу мүсін туралы түстің мағынасын ашты. Ехоба бұл жайттардың біздің игілігіміз үшін Киелі кітапта жазылып, сақталуына қам жасады (Рим. 15:4). Осылайша Құдай оның Патшалығы көп ұзамай адамдардың барлық үкіметтерін талқандайтынына деген сенімімізді нығайтады (Дан. 2:44).

3. Киелі кітап пайғамбарлықтарын дұрыс түсіну үшін алдымен нені ұғып алуымыз керек және неге?

3 Даниял мен Жоханның жазбалары әлемді билейтін сегіз патшалықты анықтап қана қоймай, олардың билікке қандай кезекпен келетінін де білуге көмектеседі. Алайда бұл пайғамбарлықты дұрыс түсіну үшін алдымен Киелі кітаптағы ең алғашқы пайғамбарлықтың мәнін түсініп алғанымыз жөн. Не себепті? Өйткені Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың барлығы осы пайғамбарлықпен байланысты.

ЖЫЛАННЫҢ ҰРПАҒЫ ЖӘНЕ ЖЫРТҚЫШ АҢ

4. Әйелдің ұрпағын кімдер құрайды және бұл ұрпақ не істемек?

4 Ехоба Едем бағындағы бүліктен соң көп ұзамай “әйелдің” дүниеге “ұрпақ” әкелетінін уәде еттіa (Жаратылыс 3:15 оқы). Бұл ұрпақ ақыр соңында жыланның, яғни Шайтанның басын мыжу керек еді. Кейінірек Ехоба оның Ыбырайымның тұқымынан, Исраил халқынан, яһуда руынан, Дәуіт патшаның әулетінен шығатынын білдірді (Жар. 22:15—18; 49:10; Заб. 88:4, 5; Лұқа 1:30—33). Осы ұрпақ Иса Мәсіх болып шықты (Ғал. 3:16). Киелі рухпен майланған мәсіхшілер де сол ұрпаққа жатады (Ғал. 3:26—29). Иса мен майланғандар Құдай Патшалығын құрайды әрі бұл Ехобаның Шайтанды құрту үшін қолданатын құралы болмақ (Лұқа 12:32; Рим. 16:20).

5, 6. а) Даниял мен Жохан көрген аяндарда зор билігі бар қанша мемлекет сипатталған? ә) Аяндағы жыртқыш аңның бастары нені білдіреді?

5 Едем бағында айтылған алғашқы пайғамбарлықта Шайтанның да “ұрпағы” болатыны айтылған. Оның ұрпағы әйелдің ұрпағымен өштесетін болады. Бұл ұрпаққа кімдер жатады? Шайтанға ұқсап Құдай мен оның халқымен жауласатындардың бәрі. Тарихтан көретініміздей, Шайтан өзінің ұрпақтарынан тұратын сан алуан үкіметтерді, яғни патшалықтарды құрды (Лұқа 4:5, 6). Алайда солардың ішіндегі бірнеше патшалық қана Құдай халқына — ежелгі Исраилге не майланғандардың қауымына — айтарлықтай ықпал еткен. Бұны білгеніміз Даниял мен Жоханның көрген аяндарында не себепті тек сегіз патшалық жайлы айтылатынын түсінуге көмектеседі.

6 I ғасырдың соңына қарай қайта тірілген Иса елші Жоханға бірқатар айрықша аяндар берді (Аян 1:1). Сол аяндардың біреуінде елші Жохан үлкен теңіздің жағасында тұрған айдаһарды көрді. Бұл айдаһар Ібілісті бейнелейді (Аян 13:1, 2 оқы). Сонымен қатар Жохан сол теңізден шығып келе жатқан жеті басы бар ерекше бір аңды әрі Ібілістің оған зор билік бергенін көрді. Кейін Жохан ал қызыл аңды көрді. Ол Аян 13:1-дегі аңның мүсіні болатын. Бір періште бұл ал қызыл аңның жеті басы “жеті патшаны”, яғни жеті үкіметті білдіретінін ашты (Аян 13:14, 15; 17:3, 9, 10). Жоханның кітабы жазылған уақытта олардың бесеуі құлаған, біреуі билік етіп жатты, ал енді біреуі әлі келмеген болатын. Бұл қандай патшалықтар еді? Келіңдер, Аян кітабында суреттелген жыртқыш аңның әр басы қай патшалықты білдіретінін қарастырайық. Сондай-ақ Даниялдың жазбаларында осы патшалықтардың көбісі туралы күні бұрын қандай жайттар айтылғанын көрейік.

МЫСЫР МЕН АССУР ПАТШАЛЫҒЫ — АЛҒАШҚЫ ЕКІ БАС

7. Жыртқыш аңның бірінші басы қай патшалықты бейнелейді және неге?

7 Жыртқыш аңның бірінші басы Мысырды бейнелейді. Неге? Өйткені Мысыр Құдайдың халқымен жауласқан алғашқы ірі мемлекет болды. Ыбырайымның ұрпақтары Мысыр елінде көбейгенде, мысырлықтар исраилдіктерге қысым жасай бастады. Шайтан Ыбырайымның әулетінен уәде етілген ұрпақ пайда болмай тұрып, Құдай халқын жойып жібермекші болды. Қалайша? Мысыр патшасын исраилдіктердің ер балаларын өлтіруге талпындыру арқылы. Бірақ Ехоба Шайтанның бұл жоспарын бұзып, өз халқын Мысыр құлдығынан азат етті (Мыс. ш. 1:15—20; 14:13). Кейін ол исраилдіктерді Уәде етілген жерге қоныстандырды.

8. Екінші бас қай патшалықты бейнеледі және ол не істеуге тырысты?

8 Аңның екінші басы Ассур патшалығын бейнелейді. Олар да Құдай халқын жойып жібермек болған. Ехоба Ассурды қолданып, он рулы Исраил патшалығын жалған ғибадат пен бүлікшілігі үшін жазалағаны рас. Алайда кейін Ассур Иерусалимді күйреткісі келді. Осылайша Шайтан Исаға алып баратын патшалар әулетін құртып жіберуді көздеген болса керек. Алайда бұл Ехобаның ниетіне сай болмады, сондықтан ол Ассур әскерін талқандап, халқын ғажайып түрде құтқарып қалды (Пат. 4-ж. 19:32—35; Ишая 10:5, 6, 12—15).

БАБЫЛ — ҮШІНШІ БАС

9, 10. а) Ехоба бабылдықтарға не істеуге жол берді? ә) Пайғамбарлық орындалу үшін қандай жайттар орын алу қажет еді?

9 Жохан көрген аяндағы аңның үшінші басы Бабыл патшалығын бейнелейді. Ехоба бабылдықтардың Иерусалимді күйретіп, халқын құлдыққа әкетуіне жол берді. Ехоба бүлікшіл исраилдіктерге осындай қайғылы жағдайға ұшырайтындарын алдын ала ескерткен болатын (Пат. 4-ж. 20:16—18). Сондай-ақ Құдай олардың патшалары бұдан былай Иерусалимдегі “Ехобаның тағында” отырмайтынын айтты (Шеж. 1-ж. 29:23 ЖД). Дегенмен Ехоба күндердің күнінде Дәуіттің “билік жүргізуге лайықты” ұрпағы келіп, қайтадан патша тағына отыратынын уәде етті (Езек. 21:25—27).

10 Тағы бір пайғамбарлықтан көрінетіндей, уәде етілген Мәсіх келгенде, яһудилер Иерусалимдегі киелі үйде ғибадат етіп жүреді (Дан. 9:24—27). Ал бабылдықтар исраилдіктерді құлдыққа әкетпес бұрын, Мәсіхтің Бетлехемде туылатыны туралы пайғамбарлық айтылды (Миха 5:2). Аталмыш пайғамбарлықтар орындалу үшін яһудилер азаттық алып, отандарына оралуы және ғибадатхананы қайта қалпына келтіруі керек еді. Алайда бабылдықтар тұтқындарына еркіндік сыйлайтын халық емес-тін. Олай болса, Құдай халқы атамекендеріне қалай оралмақ? Ехоба мұның жауабын өз пайғамбарларына ашты (Амос 3:7).

11. Бабыл империясы Киелі кітапта қалай суреттелген? (Сілтемені қара).

11 Бабылға айдалған тұтқындардың арасында Даниял пайғамбар да болды (Дан. 1:1—6). Ехоба оған Бабылдан соң әлемді қандай патшалықтар билейтінін білдірді. Бұл үшін Ехоба түрлі бейнелерді қолданды. Мәселен, ол Бабыл патшасы Набуходоносорға түсінде түрлі металдан тұратын дәу мүсінді көрсетті (Даниял 2:1, 19, 31—38 оқы). Даниял арқылы Ехоба мүсіннің алтын басы Бабыл империясын білдіретінін аштыb. Ал одан кейін билікке келетін патшалық мүсіннің күміс кеудесі мен қолдары ретінде суреттелген. Бұл қандай патшалық болды және ол Құдай халқына қалай қарады?

МИДИЯ МЕН ПАРСЫ ПАТШАЛЫҒЫ — ТӨРТІНШІ БАС

12, 13. а) Ехоба Бабылдың күйреуі туралы нені алдын ала білдірді? ә) Неліктен жабайы аңның төртінші басы Мидия мен Парсы империясын бейнелейді деп айта аламыз?

12 Даниялдың заманынан жүзден аса жыл бұрын Ехоба Ишая пайғамбар арқылы Бабылды жаулап алатын патшалықты бүге-шігесіне дейін сипаттады. Ехоба Бабылдың қалай жаулап алынатынын ғана емес, оны жаулап алатын патшаның атын да айтты. Бұл Парсы патшасы Кир болатын (Ишая 44:28—45:2). Даниял болса Мидия мен Парсы патшалығы туралы екі аян алды. Олардың бірінде бұл патшалық бір жағымен көтерілген аю ретінде көрінді. Оған “етті молынан жалмау” бұйырылды (Дан. 7:5). Ал басқа аянда Мидия мен Парсының қос патшалығы Даниялға қос мүйізді қошқар түрінде көрсетілді (Дан. 8:3, 20).

13 Мидия мен Парсы империясын пайдалана отырып, Ехоба Бабылдың күйреуі мен исраилдіктердің отандарына қайта оралуы туралы пайғамбарлықты орындады (Шеж. 2-ж. 36:22, 23). Алайда бірде бұл мемлекет Құдай халқын жоя жаздады. Естер кітабынан оқитынымыздай, Парсының Хаман (Аман) есімді бас уәзірі зұлым жоспар құрды. Ол ұлан-ғайыр Парсы империясында тұрып жатқан яһудилерді қырып салмақ болып, тіпті мұны жүзеге асыратын күнді де белгілеп қойды. Ехоба араша түспегенде, оның халқы Шайтан ұрпағының қаһарынан аман қалмас еді (Ест. 1:1—3; 3:8, 9; 8:3, 9—14). Ендеше Аян кітабындағы аңның төртінші басы Мидия мен Парсы патшалығын білдіреді деп айта аламыз.

ГРЕКИЯ — БЕСІНШІ БАС

14, 15. Ежелдегі Грекия империясы туралы Ехоба қандай жайттарды алдын ала білдірді?

14 Аяндағы бесінші бас Грекияны бейнелейді. Даниял түсіндіріп берген Набуходоносордың түсінде бұл мемлекет мүсіннің қола іші мен екі саны ретінде суреттелген. Сондай-ақ Даниял тағы екі аян алып, бұл империяның қандай болатынын және оның ең ұлы патшасы туралы қызықты жайттарды білді.

15 Аяндардың бірінде Даниял Грекияны төрт қанаты бар қабылан ретінде көрді. Бұл оның аз уақыттың ішінде дүниені тізе бүктіретініне нұсқайды (Дан. 7:6). Ал тағы бір аянда Даниял дәу мүйізі бар сабалақ жүнді текенің қос мүйізді қошқарды әп-сәтте өлтіргенін суреттейді. Ехоба Даниялға қос мүйізді қошқардың — Мидия мен Парсыны, текенің — Грекияны, ал дәу мүйізі Грекияның бір патшасын бейнелейтінін айтты. Сондай-ақ Даниял дәу мүйіз сынып, орнына төрт кішірек мүйіз шығатынын жазды. Грекияның дүркіреп тұрған кезеңінен екі ғасырдай уақыт бұрын жазылса да, бұл пайғамбарлық бүге-шігесіне дейін орындалды. Грекияның ең әйгілі патшасы Ескендір Зұлқарнайын Мидия мен Парсы империясына қарсы көтерілді. Алайда көп ұзамай бұл мүйіз сынып қалды: Ескендір аты жер жарып тұрған кезде небәрі 32 жасында көз жұмды. Ал оның патшалығын төрт қолбасшысы бөлісіп алды (Даниял 8:20—22 оқы).

16. IV Антиох не істеді?

16 Парсыны бағындырған соң, Грекия Құдай халқына да билік ететін болды. Бұл кезде яһудилер Уәде етілген жерге оралып, Иерусалимдегі ғибадатхананы қайта қалпына келтіріп қойған болатын. Олар әлі де Құдайдың таңдаулы халқы, ал ғибадатханалары шынайы ғибадаттың орталығы болды. Алайда б. з. б. II ғасырда жабайы аңның бесінші басы — Грекия Құдай халқына қастандық жасады. Ескендірдің патшалығын бөліскен қолбасшылардың бірі IV Антиох Иерусалим ғибадатханасының ауласында жалған құдайларға арналған құрбандық ошағын орнатты, ал яһуди дінін ұстанушыларды өліммен жазалауды бұйырды. Шайтанның ұрпағы Құдай халқына неткен қас еді! Алайда көп ұзамай Грекия дүниежүзілік империя болудан қалды. Жабайы аңның алтыншы басы қай патшалықты бейнеледі екен?

РИМ — “ӨТЕ ҚОРҚЫНЫШТЫ, ҮРЕЙ ТУҒЫЗАТЫН” АЛТЫНШЫ БАС

17. Алтыншы бас Жаратылыс 3:15-тің орындалуында қандай рөл атқарды?

17 Жохан жыртқыш аң туралы аян көргенде әлемді Рим империясы билеп тұрған болатын (Аян 17:10). Бұл мемлекет Жаратылыс 3:15-тегі пайғамбарлықтың орындалуында үлкен рөл атқарды. Шайтан Рим әкімдері арқылы ұрпақтың табанын шағып, оны уақытша жарақаттады. Қалайша? Олар Исаға жұртты бүлдіріп жүр деген жалған айып тағып, оны өлім жазасына кесті (Мат. 27:26). Алайда көп ұзамай Ехоба Исаны қайта тірілтіп, жарасын жазды.

18. а) Ехоба қандай жаңа халықты таңдады және неге? ә) Жыланның ұрпағы әйелдің ұрпағымен өштесуді қалай жалғастырды?

18 Исраилдің дін басылары Рим әкімдерімен бірге Исаға қарсы жоспар құрды. Халықтың басым көпшілігі де одан теріс айналды. Сондықтан Ехоба Исраил халқынан бас тартты (Мат. 23:38; Ел. іс. 2:22, 23). Осы кезде ол жаңа халықты, “Құдайдың рухани Исраил халқын” таңдап алды (Ғал. 3:26—29; 6:16). Бұл халық — яһудилер мен басқа халықтардан тұратын майланған мәсіхшілер қауымы (Ефес. 2:11—18). Жыланның ұрпағы Исаның өлімі мен қайта тірілуінен кейін де әйелдің ұрпағына деген өшпенділігін таныта берді. Рим патшалығы бірнеше рет әйелдің ұрпағына жататын майланған мәсіхшілер қауымын жоюға әрекеттендіc.

19. а) Даниял алтыншы патшалықты қалай сипаттады? ә) 14-беттегі мақалада не талқыланады?

19 Даниял Набуходоносорға жорып берген түсте Рим темір аяқтар ретінде бейнеленген (Дан. 2:33). Сондай-ақ Даниял Рим империясын және оның ішінен бой көтеретін патшалықты сипаттайтын тағы бір аян көрді (Даниял 7:7, 8 оқы). Ғасырлар бойы Рим империясы “өте қорқынышты” әрі жауларының “үрейін туғызатын” мемлекет болып келді. Алайда пайғамбарлықта бұл империядан “он мүйіз” шығатыны айтылған. Сосын олардың арасынан өзгелерінен үстем болатын “тағы бір кішкентай мүйіз” шықты. Бұл он мүйіз және солардың арасынан шыққан кішкентай мүйіз нені бейнелейді? Бұл кішкентай мүйіз Набуходоносордың түсіндегі мүсіннің қай бөлігіне сәйкес келеді? Бұл сұрақтардың жауабы 14-беттегі мақалада талқыланады.

[Сілтемелер]

a Киелі кітапта Ехобаның көктегі рухани жаратылыстарынан тұратын ұйымы әйелге теңелген (Ишая 54:1; Ғал. 4:26; Аян 12:1, 2).

b Бабыл империясы Даниял кітабындағы мүсіннің алтын басы және Аян кітабындағы жабайы аңның үшінші басы ретінде суреттелген. 12, 13–беттердегі кестені қара.

c Б. з. 70 жылы римдіктердің Иерусалимді күйреткенінің Жаратылыс 3:15-тегі пайғамбарлыққа еш қатысы жоқ. Ол кезде Исраил халқы Құдайдың таңдаулы халқы болудан қалған еді.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу