Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w12 15.4. 8—12 бет.
  • Опасыздық — соңғы күндердің бір белгісі

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Опасыздық — соңғы күндердің бір белгісі
  • 2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ӨТКЕННЕН АЛАТЫН САБАҚ
  • АДАЛДЫҒЫН САҚТАҒАНДАРДАН ҮЛГІ АЛ
  • ӨМІРЛІК ЖАРЫҢА АДАЛ БОЛ
  • ЕХОБАҒА АДАЛ БОЛЫП ҚАЛ
  • “Жалғыз сен ғана шексіз берілгенсің”
    Ехобаға жақында
  • Опасыздық жасау — арсыз қылық!
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2022)
  • Ехобаға адал болайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2016
  • Ең күшті адам
    Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым
2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w12 15.4. 8—12 бет.

Опасыздық — соңғы күндердің бір белгісі

“Біз адал да әділ, мінсіз болып жүрміз” (САЛ. 1-Х. 2:10).

КЕЛЕСІ БАСТЫ ОЙЛАРДЫ ТАУЫП КӨР:

Далида, Абессалом және Яһуда Исқариоттың жасаған опасыздығынан қандай сабақ аламыз?

Жонатан мен Петірдің танытқан адалдықтарын қалай үлгі ете аламыз?

Өмірлік жарымыз бен Ехобаға деген адалдығымызды қалай сақтап қала аламыз?

1-3. а) Соңғы күндерде өмір сүріп жатқанымыздың бір белгісі қандай және ол нені білдіреді? ә) Қандай үш сұрақтың жауабын аламыз?

ДАЛИДА, Абессалом және Яһуда Исқариоттың арасында қандай ортақ нәрсе бар? Олар үшеуі де опасыздық жасады: Далида өзін сүйген Самсон биді, Абессалом өз әкесі Дәуіт патшаны, ал Яһуда Исқариот Ұстазы Иса Мәсіхті сатып кетті. Осы үш жағдайда да кінәратсыз адамдар зардап шекті. Ертеде орын алған бұл оқиғалардың бізге қандай қатысы бар?

2 Бір жазушы опасыздықты бүгіндегі адамдар ең көп жасайтын күнәлардың қатарына жатқызады. Бірақ бұл бізді таңғалдырмайды. Соңғы күндердің белгісі туралы айтқанда, Иса: “көп адам... бір-біріне опасыздық жасайды”,— деген (Мат. 24:3, 10). “Опасыздық” дегеніміз сатқындық, екі жүзділік, оңбағандық және жауыздықты білдіреді. Бұл елші Пауыл алдын ала айтқандай, адамдар “опасыз,.. сатқын” болып кететін “соңғы күндерде” өмір сүріп жатқанымызды дәлелдейді (Тім. 2-х. 3:1, 2, 4). Әдетте кітаптар мен фильмдерде опасыздық көңіл тебірентерліктей етіп әрі романтикалық бояу қосып көрсетіледі. Алайда өмірде опасыздық пен сатқындық адамдарға зардабын тигізіп, жанын жаралайды. Расында да, біз зұлым дүниенің соңғы күндері өмір сүріп жатырмыз.

3 Опасыздық жасаған Киелі кітап кейіпкерлерінің мысалынан қандай сабақ алуға болады? Ал адалдық танытқан қандай адамдарды үлгі тұта аламыз? Кімге адал болып қалуға бел буғанымыз жөн? Қазір осы сұрақтардың жауабын қарастырайық.

ӨТКЕННЕН АЛАТЫН САБАҚ

4. Далида Самсонды қалай сатып кетті және неге бұл әрекеті сұмдық еді?

4 Алдымен, Самсон би ғашық болған сұрқия Далиданың мысалын көрейік. Самсон Құдай халқын бастап алып, жаулары філістірлерге тойтарыс бергісі келді. Самсонның көзін құртқысы келген бес філістір көсемі Далиданың Самсонды шын сүймейтінін білген көрінеді. Сондықтан олар Далидаға көп ақша ұсынып, батырдың зор күшінің сырын біліп беруді сұрайды. Ашкөз Далида бұған келісіп, іске кіріседі. Алайда үш рет тырысқанымен, Самсонның сырын біле алмай қояды. Дегенмен Далида оны “күн сайын қыспақтап сұрай бергендіктен”, ақыр аяғында “Самсонның жаны түңіліп, өмірден қатты налиды”. Сөйтіп, ол басына ешқашан ұстара тимегенін, ал шашы алынып тасталса, бойындағы зор күштен айырылатынын айтып бердіa. Осыны біліп алған соң, Далида тізесінде ұйықтап жатқан Самсонның шашын алдыртып, жауларының қолына береді (Би. 16:4, 5, 15—21). Неткен сұмдық! Тұла бойын ашкөздік жаулағандықтан, ол өзін сүйген адамды сатып кетті.

5. а) Абессалом әкесіне қалай опасыздық жасады және бұдан оның қандай болғаны көрінеді? ә) Ұлының сатқындығы Дәуітке қалай әсер етті?

5 Енді Абессаломның мысалына назар аударайық. Атақ-даңқты көксеген ол әкесі Дәуіттің тағын тартып алғысы келді. Абессалом халыққа жалған уәделер беретін, екіжүзділікпен бауырына тартып, құшақтап сүйетін. Осылайша халықтың қамын ойлағансып, ол “исраилдіктердің жүректерін жаулап” алды (Пат. 2-ж. 15:2—6). Абессалом тіпті әкесінің оң қолы болған Ахитопелді де өзінің жағына шығарып, Дәуітке қарсы қойды (Пат. 2-ж. 15:31). Забур жырларында Дәуіт осы сатқындықтың өзіне қаншалықты ауыр тигенін жазған (Заб. 3:1—9; Забур 54:13—15 оқы). Абессалом майланған патшаға қарсы қастандық жасауымен Ехобаның билігін құрметтемейтінін көрсетті (Шеж. 1-ж. 28:5). Ақырында оның жоспары жүзеге аспай қалды, ал Дәуіт Ехобаның тағайындаған патшасы ретінде билік етуін жалғастыра берді.

6. Яһуда Исаны қалай сатып кетті және оның есімі кімдерге қатысты қолданылады?

6 Біз қарастыратын үшінші мысал — Мәсіхті сатып кеткен Яһуда Исқариот. Иса 12 елшісімен бірге Құтқарылу мейрамын соңғы рет атап өткенде былай деді: “Сендерге шындығын айтамын, араларыңдағы біреу маған опасыздық жасайды” (Мат. 26:21). Сол түні Иса Петір, Жақып және Жоханды ертіп Гетсимани бағына барғанда былай деді: “Міне, маған опасыздық жасайтын адам таяп қалды”. Сол мезетте бақтың арасынан сыбайластарымен бірге Яһуда шықты. Ол “тіке Исаға келіп: “Амансың ба, Ұстаз!”— деді де, ақырын ғана бетінен сүйді” (Мат. 26:46—50; Лұқа 22:47, 52). Яһуда “әділ адамға опасыздық жасап”, оны жауларына ұстап берді. Ашкөз Яһуда бұдан қандай пайда көрді? Небәрі 30 күміс теңге! (Мат. 27:3—5). Содан бері кейбір халықтарда Яһуданың есімі доссымақ сатқындарға қатысты қолданылады.

7. Абессалом мен Яһуданың және Далиданың мысалынан қандай сабақ алуға болады?

7 Осы мысалдардан қандай сабақ аламыз? Абессалом мен Яһуда Ехобаның майланғандарына опасыздық жасап, масқара өліммен өлді (Пат. 2-ж. 18:9, 14—17; Ел. іс. 1:18—20). Ал Далида болса сатқын әрі махаббаты жалған әйел ретінде есте қалды (Заб. 118:158). Олай болса, Ехобаның ықыласынан айырылып қалмау үшін, ашкөздік пен атаққұмарлықтан аулақ болғанымыз қаншалықты маңызды десеңші! Бұл мысалдардан өзімізге сабақ алып, адалдықтың ақ жолынан тайып кетпеуге күш салайық.

АДАЛДЫҒЫН САҚТАҒАНДАРДАН ҮЛГІ АЛ

8, 9. а) Неліктен Жонатан Дәуітке адал болып қалатынын ант етті? ә) Біз Жонатанға қалай еліктей аламыз?

8 Киелі кітапта адалдықтарынан таймаған көптеген адамдар туралы да айтылған. Қазір екі адамның мысалын және олардан не үйрене алатынымызды қарастырайық. Алдымен, Дәуітке адал болған Жонатанның үлгісіне назар аударайық. Саулдың тұңғыш ұлы Жонатан патша тағын мұра етпек еді. Алайда Ехоба Исраилдің келесі патшасы етіп Дәуітті таңдады. Құдайдың шешімін құрметтеген Жонатан Дәуітті бақталасы санамады. Қайта “оны қатты ұнатып, жанындай жақсы көріп қалды” әрі онымен серттесіп дос болды. Ол үстіндегі шапанын, семсерін, садағы мен белдігін де шешіп Дәуітке сыйлады, осылайша оған патшаға тиесілі сый-құрмет көрсетті (Пат. 1-ж. 18:1—4). Жонатан Дәуітті қолдау үшін қолынан келгеннің бәрін істеді, тіпті өмірін қатерге тігіп, Саулдың алдында Дәуітті қорғап сөйледі. Кейін ол Дәуітке: “Сен Исраилдің патшасы, ал мен сенен кейінгі екінші адам боламын”,— деп, оған адал болатынын ант етті (Пат. 1-ж. 20:30—34; 23:16, 17). Сондықтан Жонатан қаза тапқанда, Дәуіттің оны жоқтап жырлағаны таңғалдырмайды (Пат. 2-ж. 1:17, 26).

9 Жонатан кімге адал болу керектігін жақсы түсінді. Ол Әлемнің Иесі Ехоба Құдайға толықтай мойынсұнды әрі оның майланғанына қолдау көрсетті. Бүгінде біз де солай ете аламыз. Мысалы, қауымда жауапкершіліктеріміз болмаса да, жетекшілік етуге тағайындалған ер бауырластарды шын жүректен қолдағанымыз дұрыс (Сал. 1-х. 5:12, 13; Евр. 13:17, 24).

10, 11. а) Неге Петір Исаға адал болып қалды? ә) Біз Петірге қалай еліктей аламыз?

10 Үлгі боларлық тағы бір мысал — Исаға адал болатынын уәде еткен елші Петір. Бірде Мәсіх өзінің құрбан етпек болған тәні мен қанына сенім білдірудің маңыздылығын бейнелі тілмен түсіндіреді. Алайда шәкірттерінің көбісі бұл сөздерді тура мағынада түсініп, оны тастап кетеді (Жох. 6:53—60, 66). Сонда Иса 12 елшісінен: “Сендер де кеткілерің келе ме?”— деп сұрады. Бұған Петір: “Ием, біз кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер сенде ғой. Біз сенің Құдайдың Киелісі екендігіңе сенеміз әрі мұны білеміз”,— деп жауап берді (Жох. 6:67—69). Сонда Петір Исаның жақында әкелетін құрбандығы жайлы сөздерін толықтай түсінген бе? Жоқ, ол мұны түсінбесе керек. Десе де Петір Құдайдың майланған Ұлына адал болуға деген шешімінен таймады.

11 Петір “Иса қателесіп тұрған болар, уақыт өте келе сөздерін қайтып алады” деп ойлаған жоқ. Қайта, кішіпейілділікпен “мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер” Исада екенін мойындады. Ал біз “адал басқарушыдан” келіп жатқан әдебиеттерден түсіну қиын не біздің көзқарасымызға сәйкес келмейтін ойды байқағанда не істейміз? Көңілімізден шығатын түсіндірмені күтудің орнына, ойды түсінуге барынша тырысқанымыз жөн емес пе? (Лұқа 12:42 оқы).

ӨМІРЛІК ЖАРЫҢА АДАЛ БОЛ

12, 13. Адамның неке адалдығын бұзуына не түрткі болуы мүмкін және неге мұны еш ақтауға болмайды?

12 Біз отбасында да, қауымда да бірлікті сақтағымыз келеді, сондықтан опасыздықтың кез келген түрінен аулақ болғанымыз жөн. Осыны есте ұстай отырып, өмірлік жарымызға және Құдайымызға қалай адал болып қала алатынымызды қарастырайық.

13 Неке адалдығын бұзу опасыздықтың ең ауыр тиетін түрі. Мұны істейтін адам жарына деген адалдығынан аттап өтіп, көңілін басқа біреуге аударады. Жұбайы көзіне шөп салғанда, адам өзін кенет жападан-жалғыз сезініп, абдырап қалады. Кезінде бір-бірін жанындай сүйген адамдардың арасында мұндай жағдай қалайша болуы мүмкін? Бұл жиі ерлі-зайыптылардың бір-бірінен эмоциялық жағынан алыстауынан басталады. Әлеуметтану профессоры Габриелла Турнатуридің айтуынша, жұбайлар шаңырақтары берік болу үшін барынша күш салуды доғарғанда араларына сызат түседі, ал бұл өз кезегінде, опасыздыққа апаратын алғашқы қадам болып табылады. Мұндай жағдай тіпті ұзақ жылдар бойы некелі болған адамдардың арасында болуы мүмкін. Мысалы, 50 жастағы бір ер кісі 25 жыл бойы адал серік болып келген әйелін тастап, басқа әйелмен көңіл қосты. Кейбіреулер мұндайды орта жастағы адамдарға тән нәрсе деп айтады. Алайда адам қандай жаста болмасын, опасыздықтың аты опасыздық. Оны еш ақтауға болмайдыb.

14. а) Ехоба неке адалдығын бұзатындарға қалай қарайды? ә) Иса бұл туралы не деді?

14 Жазбаларға негізделмеген себеппен өмірлік жарын тастап кететіндерге Ехоба қалай қарайды? Біздің Құдайымыз “ерлі-зайыптының ажырасқанын жек көреді” әрі некелік серігіне деген адалдығын сақтамайтындарға қатаң ескерту айтады (Малахи 2:13—16 оқы). Иса опасыздыққа Әкесі сияқты қарайды. Ол адамның себепсізден-себепсіз жұбайын тастап кетуіне болмайды деп үйреткен (Матай 19:3—6, 9 оқы).

15. Ерлі-зайыптылар бір-біріне деген адалдығын қалай бекемдей түсе алады?

15 Қалайша ерлі-зайыптылар бір-біріне адал бола алады? Құдай Сөзінде “Қанағат ет жастай алған қосағыңды”, “Құдай саған осы дүниеде берген қысқа ғұмырыңның барлық күндерінің қызығын сүйген жарыңмен бірге көр!” делінген (Нақ. с. 5:18; Екк. 9:9). Жастары ұлғайған сайын жұбайлар қарым-қатынастарын тәндік және эмоциялық жағынан барынша нығайтып отырулары керек. Бұған не жатады? Ерлі-зайыптылар бір-біріне мұқият болуы, бір-бірінің қамын ойлауы және бірге уақыт өткізуі керек. Оларға некелерін және Ехобамен қарым-қатынастарын жан сала қорғау қажет. Бұл үшін ерлі-зайыптыларға бірге Киелі кітапты оқу, жүйелі түрде бірге уағыздау және Ехобаның батасын сұрап бірге дұға ету маңызды.

ЕХОБАҒА АДАЛ БОЛЫП ҚАЛ

16, 17. а) Құдайға деген адалдығымыз отбасында және қауымда қалай сыналуы мүмкін? ә) Қауымнан шығарылған туысқандармен араласпауға қатысты Құдайдың талабын орындау жақсы нәтиже беретініне мысал келтір.

16 Ауыр күнә жасаған бауырластар қатаң ескерту алып жатады. Бұл олардың “сенімдері берік болу үшін” жасалады (Тит. 1:13). Ал кейбіреулерді қауымнан шығаруға тура келеді. Алайда “сол арқылы тәрбиеленгендер” үшін бұл шара рухани күйін қайта қалпына келтіруге көмектеседі (Евр. 12:11). Ал егер қауымнан шығарылған адам біздің туысқанымыз немесе жақын досымыз болса ше? Осындай кезде біздің оған емес, Құдайға деген адалдығымыз сыналады. Қауымнан шығарылған кез келген адаммен араласпауға қатысты талабын орындап жүрген-жүрмегенімізді Ехоба көріп тұр (Қорынттықтарға 1-хат 5:11—13 оқы).

17 Отбасы мүшелерінің қауымнан шығарылған туысқандарымен араласпауға қатысты Ехобаның талабын орындағандары жақсы нәтиже береді. Соның бір мысалын қарастырайық. Бір жас жігіт қауымнан шығарылып, он жыл бойы қайта оралмады. Осы уақыт бойы әкесі, анасы және төрт бауыры онымен еш араласпады. Кейде жігіт отбасымен бірге уақыт өткізуге тырысатын, бірақ олардың ешқайсысы адалдығынан таймады. Кейін қауымға қайта қабылданған ол өткенді еске алып, отбасын әсіресе түнде жалғыз қалғанда қатты сағынғанын айтты. Оның айтуынша, егер олар сәл де болса онымен араласқанда, бұл оған жеткілікті болар еді. Отбасымен бірге болуды аңсағандықтан, ол Ехобамен қарым-қатынасын қайта қалпына келтіруге қадам жасады. Қауымнан шығарылған туыстарыңмен араласуға азғырылғанда, осы ойларды есіңе ал.

18. Адалдық пен опасыздықтың мысалдарын қарастырып болған соң сен не нәрсеге бел будың?

18 Біз адалдықтан жұрдай дүниеде өмір сүріп жатырмыз. Алайда мәсіхшілер қауымында адалдықты серік еткен әрі бізге үлгі боларлық көптеген бауырластар бар. Олардың “адал да әділ, мінсіз болып жүргеніне [біз] де, Құдай да куә” (Сал. 1-х. 2:10). Ендеше, баршамыз Құдайға және бір-бірімізге адал болып қалуға бар күшімізді салайық!

[Сілтемелер]

a Самсонның ерен күшінің сыры назир ретінде Ехобамен ерекше қарым-қатынасында еді. Ал шашы сол қарым-қатынастың белгісі ғана болған.

b Жұбайы опасыздық жасаған адамдарға көмек болатын мәліметті 2010 жылғы 15 маусымдағы “Күзет мұнарасының” 29—32 беттеріндегі “Жарың опасыздық жасағанда” деген мақаладан табуға болады.

[10-беттегі сурет]

Өзгелер Исадан бас тартса да, Петір Құдайдың майланған Ұлына адал болып қалды

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу