Құдайға жақында
“Үйге оралуға рұқсат ете көр”
Бір кездері Ехоба Құдайға қызмет еткен бе едіңіз? Бәлкім, оған қайта бет бұруды қалағанмен, оның өзіңізді қабыл алатынына күмәнданып жүрген шығарсыз. Ендеше осы және 12—15 беттердегі мақаланы мұқият оқып шығуыңызды өтінеміз. Олар сізге арнап жазылған.
“МЕН Ехобаға дұға айтып, жүрегін ауыртқаным үшін кешіруін әрі “үйге оралуға” рұқсат етуін сұрадым”. Бұл — мәсіхшілердің отбасында өсіп, кейіннен Құдай ұйымынан алыстап кеткен бір әйелдің сөздері. Сіздің бұл әйелге жаныңыз ашитын болар. Бәлкім, сіз былай деп ойланатын шығарсыз: “Бір кездері өзіне қызмет еткен адамдарға Құдай қалай қарайды? Олар әлі де оның есінде ме? Құдай олардың “үйге оралғанын” қалай ма?” Осы сұрақтарға жауап алу үшін Еремия пайғамбардың жазбасын мұқият қарастырайық. Ондағы сөздердің жаныңызға жай берері сөзсіз (Еремия 31:18—20 оқыңыз).
Алдымен, аталмыш сөздердің қай уақытта әрі қандай жағдайда жазылғанына назар аударайық. Еремияның заманынан ондаған жыл бұрын, б. з. б. 740 жылы, Ехоба ассириялықтарға он рулы Исраил халқын тұтқындыққа алып кетуге жол берген едіa. Пайғамбарлары арқылы қайта-қайта айтқан ескертулеріне құлақ аспай, ауыр күнә жасағандары үшін Құдай оларды осылай жөнге салды (Патшалықтар 4-жазба 17:5—18). Құдайлары Ехобадан және үйлерінен алыстап кеткен исраилдіктер көп қиыншылық көргендерінің нәтижесінде сабаларына түсті ме? Ехоба оларды мүлдем ұмытып кетті ме? Ол халықты күндердің күнінде қайта қабыл ала ма?
“Өкініп, саған бет бұрдым”
Тұтқында жүрген халық тәубеге келіп, күнәларына шын жүректен өкінді. Ал бұл Ехобаның назарынан тыс қалмады. Оның исраилдіктерді Ефрем деп атап, олардың қайғырған кездегі күйлерін қалай сипаттағанына назар аударыңызшы.
“Мен Ефремнің қайғырып былай дегенін естідім”,— дейді Ехоба (18-тармақ). Ол күнәкар қылықтарының зардабын көрген исраилдіктердің зар илеген дауысын естіген еді. Бір зерттеуші ғалымның айтуынша, “қайғырды” деген сөз шайқау, сілкілеу дегенді де білдіреді. Көрген азабы жанына батып, үйде жүрген кезін аңсаған тілазар баланың басын шайқап, ісіне өкінгені сияқты, исраилдіктер де дәл сондай күй кешкен еді (Лұқа 15:11—17). Сонда олар не деді екен?
“Сен мені... тәрбиеледің, себебі мен мойынтұрыққа үйренбеген тайыншадай қыңыр едім” (18-тармақ). Исраил халқы өздерінің жөнге салуды қажет ететіндерін түсінген. Иә, олар қыңыр тайыншадай еді. Осы теңеудің бір еңбекте берілген түсіндірмесіне сай, олар мойынтұрықтан өзі бас тартып, бақташының үшкір таяғына тап болған қыңыр тайыншадай болды.
“Мені тағы Өзіңе қайтарып ала гөр! Өйткені Сен менің Құдайым Жаратқан Иемсің” (18-тармақ). Исраилдіктер Құдай алдында кішірейіп, оны көмекке шақырды. Шалыс қадам жасаған халық қайтадан Құдайдың ықыласына ие болғысы келді. Бір Киелі кітап аудармасында бұл сөздер: “Сен біздің Құдайымызсың. Үйге қайтуға рұқсат ете көр”,— деп берілген (“Contemporary English Version”).
“Өкініп Саған бет бұрдым... Істеген істеріме ұялып жайсыздандым” (19-тармақ). Исраилдіктер жасаған күнәларына өкінді. Иә, олар өздеріне тағылған кінәні мойындаған еді. Сондай-ақ олар ұят сезініп, өздерін қоярға жер таппады (Лұқа 15:18, 19, 21).
Қайғы-мұңға батқан исраилдіктер Құдай алдында күнәларын мойындап, жаман жолдарынан қайтты. Бұған Құдай қалай қарады екен? Оларға үйлеріне оралуға рұқсат берді ме?
“Мен оған рақымымды түсіремін”
Ехоба үшін исраилдіктер ерекше халық еді. Ол былай дейді: “Мен Исраилдің рухани Әкесімін, ал Ефрем — Менің тұңғышым” (Еремия 31:9). Сүюші әке шын жүректен өкінген ұлын қалайша қабыл алмайды? Ехобаның өз халқына әкелік сүйіспеншілігін қалай білдіргенін байқап көріңізші.
“Ефрем Менің қымбатты ұлым, сүйікті балам іспетті емес пе? Оған айыптау сөздерін көп айтсам да, оны әлі де есіме алып отырамын” (20-тармақ). Жүрекке жылы тиетін қандай керемет сөздер! Қойған талаптарына берік, сөйтсе де сүйіспеншілігі мол әке іспетті, Құдай өз халқына теріс жолдарынан қайтуды қайта-қайта ескертіп, “айыптау” сөздерін айтуға міндетті еді. Олар қыңырлық танытып, сөздеріне құлақ асудан бас тартқанда, Құдай олардың тұтқынға әкетілуіне жол берді, басқаша айтқанда, үйден шығарып жіберді. Құдай оларды осылай жазалағанмен, мүлдем ұмытып кеткен жоқ, ұмыта алмас та еді. Иә, сүюші әкенің балаларын ұмыта алмайтыны анық. Ендеше балалары шынайы өкініш білдіргенде, Ехоба не сезінді екен?
“Жүрегім оны аңсайды, әрине, Мен оған рақымымды түсіремін!” (20-тармақ). Ехобаның өз балаларына қатты жаны ашыды. Олардың шынайы өкініш білдіргені Ехобаның жүрегін елжіретіп, оларды қайта қабыл алуға талпындырды. Иса пайғамбардың адасқан ұл туралы астарлы әңгімесіндегі әке іспетті, Ехоба балаларын “аяп кетіп”, оларды құшақ жая қарсы алды (Лұқа 15:20).
“Ехоба мені үйіне қайта қабыл алды!”
Еремия 31:18—20 тармақтардағы сөздерден Ехобаның жанашырлығы мен рақымы жайлы көп нәрсе білдік. Өзіне бір кездері қызмет еткендерді оның еш ұмытпайтыны шүбәсіз. Ал мұндай адамдар Ехобаға қайта оралғысы келсе ше? Ехоба оларды кешіруге дайын (Забур 85:5). Ол шын жүректен өкінген жандардан ешқашан теріс айналмайды (Забур 50:19). Қайта, оларды зор қуанышпен қарсы алады (Лұқа 15:22—24).
Жоғарыда пікірін білдірген әйел Құдайға қайта оралу үшін бірінші болып қадам жасап, Ехоба куәгерлерінің қауым кездесуіне барды. Басында оған өзінің жағымсыз сезімдерімен күресуге тура келді. “Мен өзімді түкке тұрғысыз сезіндім”,— дейді ол. Алайда қауым ақсақалдары оны жігерлендіріп, рухани нығаюына көмектесті. Жүрегі ризашылыққа толған ол: “Ехобаның мені үйіне қайта қабыл алғаны қандай жақсы!”— деп қуанышымен бөлісті.
Ехобаның ұйымынан қол үзіп қалып, қазір қызметіңізді қайта жандандырғыңыз келсе, біз сізді Ехоба куәгерлерінің қауым кездесулеріне шын жүректен шақырамыз. “Үйге оралуға рұқсат ете көр”,— деп, өзіне бет бұрғандарға Ехоба жанашырлық пен рақымын танытатынын ұмытпаңыз.
[Сілтеме]
a Бұдан ертеректе, б. з. б. 997 жылы, Исраил халқы екі патшалыққа бөлінген еді. Бірі — оңтүстіктегі екі рулы Яһуда патшалығы, ал екіншісі — солтүстіктегі он рулы Исраил патшалығы. Бұл патшалық іштеріндегі басты рудың атымен Ефрем деп те аталатын.