“Сергек болыңдар!” Неге бұл соншалықты маңызды?
“СЕНІҢ осында болуың мен осы заманның аяқталып қалғанын қандай белгі білдірмек?” (Мат. 24:3). Шәкірттерінің осы сұрағына жауап ретінде Иса белгі жайлы айтты. Матай 24-тарауда, Марқа 13-тарауда және Лұқа 21-тарауда осы белгі анық әрі бүге-шігесіне дейін сипатталған. Сондықтан шәкірттер белгіні оңай байқай алар еді. Сөзінің соңында Иса: “Сергек болыңдар!”— деген шақыру айтты (Мат. 24:42).
Осы белгі айдан анық көрінсе, не себепті сергек болуымыз қажет? Екі себебін қарастырайық. Біріншісі, мәсіхші жан-жаққа алаңдай беруі мүмкін, нәтижесінде белгіге немкетті қарап, қырағылық танытпайды әрі рухани әлсірейді. Екіншісі, мәсіхші белгіге жататын кейбір оқиғаларды байқауы мүмкін, бірақ олар жергілікті жерде толықтай орындалмағандықтан, Иса айтқан пайғамбарлықтың шарықтау шегі — “зор алапат” әлі алыста, “сергек болудың” қажеті жоқ деп пайымдауы ықтимал (Мат. 24:21).
“Олар еш ойланбады”
Иса ізбасарларына Нұхтың замандастарын еске салды: Нұхтың уағызы, үлкен кеменің құрылысы және сол замандағы зорлық-зомбылықтың кең етек алуы ап-айқын еді. Бірақ адамдардың көбісі осы жайттарды көрсе де, “еш ойланбады” (Мат. 24:37—39). Бүгінде де адамдардың ескертуге деген көзқарастары дәл сол кездегідей. Мысалға көлік жүретін жолды алайықшы. Жүргізушілер жылдамдықты асырмау үшін жолдың жиегінде арнайы белгілер қойылған, алайда көбісі оларды көре тұра елеп-ескермейді. Осы келеңсіздікті шешу үшін билік басындағылар жол үстіне жылдамдықты тежейтін көлденең тосқауылдар қоюға мәжбүр. Сол сияқты мәсіхші соңғы күндердің белгісін көре тұра, сәйкесінше әрекеттер жасамауы мүмкін. Батыс Африкада тұратын Ариел осы жайтты өз басынан кешірді.
Ариел теледидардан әйелдер гандболын көруді ұнататын. Бірде ол мектебінде осы спорт түрінен құрама команда жиналып жатқанын естиді. Сөйтіп, рухани күйіне кері әсер етуі мүмкін екенін аңғармай, Ариел командаға жазылады. Ол қақпашы болып тағайындалады. Әрі қарай не болғаны туралы ол былай деді: “Бірге ойнайтын қыздар темекі шегетін және есірткі қабылдайтын жігіттермен жүретін. Елден ерекше болғаным үшін олар мені күлкі-мазақ ететін. Десе де маған бұл еш әсер етпейді деп ойлайтынмын. Алайда спорт рухани күйімді білдіртпей әлсірете бастады. Бар есіл-дертім гандболда еді. Қауым кездесулерінде отырсам да, спорт алаңын ойлай беретінмін. Мәсіхшіге тән қасиеттерімді жоғалта бастадым. Мысалы, жеңісқұмар болып кеттім. Бақталастық рух көп жаттығуға итермеледі. Бұдан стресс те көбейді. Спорт үшін тіпті достарымды құрбан еттім”.
“Бір ойын барысында бізге айып соққысын белгілегенде, осы күйім шарықтау шегіне жетті. Соққыға төтеп беруге дайындалып тұрғанымда, ойланбастан Ехобаға дұға етіп, допты қағып алуға көмектесуін сұрадым. Осы жағдай менің рухани күйім қаншалықты күйрегенін түсінуге түрткі болды. Маған қайта қалпыма келуге не көмектесті дейсіңдер ғой?”
“Жастардың сауалдары. Өмірімді неге арнауыма болады?”a (ор.) атты бейнефильмінің көмегі тиді. Мен оны бұрын көргенмін. Десе де қайтадан зейін қойып көруді ұйғардым. Өйткені тура фильмдегі Андре сияқты жағдайға тап болғанымды түсіндім. Мен ақсақалдың Андреге Філіпіліктерге 3:8-ді оқып, үстінен ой жүгіртуге қатысты берген кеңесіне көңіл аудардым. Содан кідірместен шешім қабылдап, командадан кетіп қалдым”.
“Содан өмірімде үлкен өзгерістер жасадым. Бақталастық пен одан шығатын стресс ғайып болды. Өзімді әлдеқайда бақытты сезініп, мәсіхші достарыма қайта қосылдым. Мен үшін рухани істердің маңыздылығы арта түсті. Қауым кездесулерінде алаңдамай, ден қойып отыратын әрі содан баяғы кездердегідей қуаныш табатын болдым. Қызметім де жақсарды. Қазір мен жүйелі түрде қосалқы ізашар болып қызмет етіп жүрмін”.
Сенің де көңілің басқа нәрселерге алаңдап, Иса айтқан белгіні елемей жүрсең, Ариел сияқты нақты әрекеттер жаса. Келесідей қадамдарды істеп көр: Көмілген қазынаның картасы болып табылатын “Күзет мұнарасы басылымдарының көрсеткішін” қолдан. Ол жерден пайдалы кеңестерді және қиындықтармен күрескен бауырластардың өмірбаяндарын таба аласың. Қауым кездесулердің толықтай пайдасын көру үшін оларға дайындалып бар және қызықты ойларды түртіп отыр. Кейбіреулер алдыңғы қатарда отырғанды пайдалы деп тапқан. Тыңдаушылармен талқылау болып жатқанда, түсініктемені басында беруге тырыс. Бұған қоса соңғы жаңалықтарды белгіге жататын жайттармен және “соңғы күндердің” ерекшеліктерімен салыстыр. Бұл рухани сергектікті сақтауға көмектеседі (Тім. 2-х. 3:1—5; Пет. 2-х. 3:3, 4; Аян 6:1—8).
“Дайын болыңдар!”
Соңғы күндердің белгісі бүкіл жержүзін қамтуда (Мат. 24:7, 14). Миллиондаған адам індет жайлаған, азық-түлік тапшы, жерсілкінісі болып жатқан елдерде тұрады. Ал басқа біреулер салыстырмалы түрде бейбіт те тыныш өмір кешуде. Егер сен өз аумағыңда белгіге жататын жайттарды көрмеген болсаң, зор алапат әлі алыста деп ойлауыңа негіз бар ма? Осылай ойлау бұрыс болар еді.
Исаның “індеттер мен ашаршылық” туралы алдын ала айтқан сөздерінің үстінен ой жүгіртіп көрейікші (Лұқа 21:11). Біріншіден, Иса осы екі жайттың бүкіл жерде бір уақытта болатынын айтқан жоқ. Қайта, олар “түрлі жерлерде” бірінен кейін бірі болады деді. Сондықтан бір оқиғаның күллі жерде бір уақытта орын алатынын күтпеуіміз керек. Екіншіден, ашаршылық туралы айтып болған соң, Иса кейбір ізбасарларын мешкей болып кетуден сақтануды ескертіп: “Өздеріңе сақ болыңдар! Тым көп тамақ жеу жүректеріңді жаулап алып, сол күн сендерге қапылыста келмесін”,— деді (Лұқа 21:34). Демек, мәсіхшілер белгіге жататын жайттың әрқайсысын бастан кешіреміз деп күтпеу керек. Қайта, Иса айтқандай: “Осылардың болып жатқанын көргенде, Құдай патшалығының таяп қалғанын білу” керек (Лұқа 21:31). Жергілікті жерде осылардың бәрін басымыздан кешіріп жатпасақ та, заманауи ақпарат құралдары осы оқиғалардың орындалып жатқанын естіп-көруге мүмкіндік береді.
Есіңде болсын, Ехоба зор алапаттың басталатын “күні мен сағатын” белгілеп қойған (Мат. 24:36). Бұл оқиғалар жер бетінде қалай өрбіп жатса да, белгіленген күн еш өзгермейді.
Иса барлық жердегі мәсіхшілерге: “Сендер дайын болыңдар”,— деп ескертті (Мат. 24:44). Біз әрдайым дайын болып жүруіміз керек. Әрине, теократиялық істермен күн сайын таңның атысынан күннің батысына дейін айналыспаймыз. Сондай-ақ зор алапат басталған сәтте әрқайсысымыз не істеп жататынымыздан да бейхабармыз. Кейбіреулеріміз сол кезде жұмыста немесе үй шаруасымен айналысып жүретін шығармыз (Мат. 24:40, 41). Олай болса, қалайша дайын бола аламыз?
Алты қызы бар Эммануил мен Викторина белгіні құрайтын жайттардың кейбірі орындалмай жатқан Африканың бір елінде тұрады. Зор алапатқа дайын болу үшін, олар рухани тақырыптарды күнделікті талқылауға бел буды. Бұл туралы отағасы былай деді: “Төрт көзіміз түгел жиналатын уақытты табу қиын болатын. Ақырында таңсәрідегі алтыдан алты жарымға дейінгі уақытты таңдадық. Күнделікті тармақты қарастырып болған соң, сол аптада талқылайтын әдебиеттің бірнеше абзацына дайындалатын болдық”. Осы шара оларға сергек болуға көмектесті ме? Әлбетте! Эммануил қауымда ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі болып қызмет етсе, жұбайы Викторина қосалқы ізашар ретінде қызмет етіп, көп адамға шындықты тануға көмектесуде. Ал қыздарының бәрі рухани өсіп жатыр.
Иса бізді: “Сақ болыңдар! Сергек болыңдар!”— деп ескертті (Мар. 13:33). Алаңдататын нәрселердің рухани сергектігімізді тұншықтырып жіберуіне жол бермейік. Ариелге ұқсап әдебиеттердегі және қауымдағы жақсы кеңестерге құлақ асуға ынтық болайық. Дайын әрі “сергек болу” үшін Эммануилдің отбасы сияқты қолдан келгенді күнделікті істеуге тырмысайық.
[Сілтеме]
a Ехобаның көзінде дұрыс нәрсе істеуге тырысқан жас жігіт жайлы заманауи драма.
[4-беттегі сурет]
Эммануилдің отбасы “дайын болу үшін” рухани тақырыптарды күнделікті талқылайды