Отбасылық ғибадат пен жеке зерттеуге арналған ұсыныстар
ДҮНИЕНІҢ төрт бұрышындағы Ехоба куәгерлерінің қауым кездесулерінің кестесі 2009 жылдан бастап өзгертілді. Аптаның ортасында өтетін екі кездесу бірге өтетін болды. Осыған орай бәріміз босаған кешті отбасылық ғибадатқа не жеке зерттеуге арнауға шақырылдық. Осы жаңа шараның толық пайдасын көріп жүрсіңдер ме?
Кейбір бауырластар апта сайынғы отбасылық ғибадат кешін қалай өткізуге болатынын білмей жатады. Басқарушы кеңес бұған қатысты барлығына ортақ бір ереже орнатқысы келмейді. Әркімнің жағдайы әртүрлі болғандықтан, отағасы не салтбасты болсын, әр бауырлас бұл кешті мейлінше пайдалы өткізудің жолдарын өзі қарастыру керек.
Кейбіреулер қауым кездесулеріне бірге дайындалады, бірақ отбасылық ғибадат мұнымен шектелмеуі қажет. Ал басқалары болса Жазбаларды бірге оқиды, талқылайды, сондағы кейбір оқиғаларды қойылым ретінде көрсетеді. Бұл әсіресе кішкентай балаларға пайдалы. Ғибадат кешін қауым кездесулері сияқты сұрақ-жауап ретінде өткізу әрқашан тиімді бола бермейді. Отбасы мүшелері өздерін емін-еркін сезінсе, талқылауға белсенді қатысып, өзара еркін пікір алыса алады. Ал мұндай жағдай үй ішіндегілердің жасампаз болып, бұл кештің бәрі үшін есте қаларлықтай және қызықты болуына септігін тигізеді.
Үш баласы бар бір отағасы былай деп жазды: “Отбасылық ғибадатымыз, негізінен, Киелі кітаптан оқыған үзінділерге негізделеді. Біз қай тарауларды оқитынымызды алдын ала келісіп, оларды әрқайсымыз жеке оқып шығамыз. Балалар кейбір жайттарға қатысты зерттеу жүргізеді де, тапқан мәліметтерімен бөліседі. Жеті жасар баламыз Майкл сурет салып немесе тапқанын қағазға жазып әкеледі. Ал 13 жасар Дэйвид пен 15 жасар Кэтлин кейде біз оқыған оқиғаның басында өздері болғандай етіп әңгіме жазады. Мысалы, Жүсіп перғауынның наубайшысы мен шарапшысының түсін жорығаны туралы оқығанымызда, Кэтлин сол жерде тұтқында отырған адамның тұрғысынан шығарма жазған болатын” (Жар. 40-тар.).
Әрине, әрқайсымыздың жағдайымыз әртүрлі. Біріміз үшін тиімді болған ұсыныс, екіншімізге тиімді болмауы мүмкін. Келесі беттегі қоршауда бірнеше ұсыныс берілді. Бәлкім, отбасылық ғибадат не жеке зерттеуді тиімді өткізу үшін соларды қолдануды шешерсіңдер не басқа жолдарын табарсыңдар.
[6, 7-беттегі қоршау/сурет]
Жасөспірім балалары бар отбасыларына арналған ұсыныстар:
• “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” (ор.) кітабын оқып, талқылаңдар.
• Сол кітаптағы “Егер...?” деген сияқты сөзбен басталатын тарауларды қарастырыңдар (1996 жылғы 15 маусым айындағы “Күзет мұнарасының” (ор.) 14-бетіндегі 17, 18-абзацтарды қараңдар.).
• Кішігірім мақсаттар мен ұзақ уақытты талап ететін мақсаттар жөнінде сөйлесіңдер.
• Арагідік Киелі кітапқа негізделген бейнефильмдер көріп, талқылаңдар.
• “Күзет мұнарасы” журналындағы “Жастарымызға арналған” деп аталатын айдарды қарастырыңдар.
Балалары жоқ ерлі-зайыптыларға арналған ұсыныстар:
• “Отбасы бақытының сыры” кітабының 1, 3, 11—16 тарауларын талқылаңдар.
• Киелі кітаптан оқығандарыңа қатысты жүргізген ізденістеріңмен бөлісіңдер.
• Қауымның Киелі кітап зерттеу кездесуі мен “Күзет мұнарасын” зерттеу кездесуіне бірге дайындалыңдар.
• Қызмет аясын кеңейтудің жолдарын қарастырыңдар.
Салтбасты бауырластарға және бір дінді ұстанбайтын отбасыларына арналған ұсыныстар:
• Облыстық конгрестерде алған жаңа әдебиеттерді зерттеңдер.
• Осы және өткен жылдардың “Жылнамасын” оқыңдар.
• Қызметте жиі қойылатын сұрақтарға қалай жауап беруге болатынын қарастырыңдар.
• Уағыздау қызметінде қолданатын ұсыныстар дайындаңдар.
Кішкентай балалары бар отбасыларына арналған ұсыныстар:
• Киелі кітаптың қандай да бір оқиғасын қойылым ретінде көрсетіңдер.
• Еске түсіруге көмектесетін ойындар ойнаңдар. Мысалы, мұндай ойындарды “Ояныңдар!” (ор.) журналының 30, 31-беттерінен табуға болады.
• Жасампаз болып, балаларға қызықты болатын нәрселер ойлап табыңдар (1996 жылғы 8 наурыз айындағы “Ояныңдар!” (ор.) журналының 16—19 беттеріндегі мақаланы қараңдар.).
• “Күзет мұнарасы” журналындағы “Балаларыңа тәлім беріңдер” деген айдарды қарастырыңдар.