Оның баршаға айтқан хабары
“Мен адамдар шынайы өмірге ие болсын және өмірі рухани игілікке толы ағыл-тегіл мол болсын деп келдім” (ЖОХАН 10:10).
ИСА МӘСІХ жер бетіне алу үшін емес, беру үшін келген. Қызметі кезінде ол адамдарға өмірлік маңызы бар хабарды жариялады. Бұл хабар Құдай және оның еркі туралы шындық еді. Осы шындыққа құлақ асқандар қазірдің өзінде өмірлерін бақытты ете алады, бұған миллиондаған шынайы мәсіхшілердің өмірі дәлел болып табыладыa. Бірақ Иса Мәсіх уағыздаған хабардың негізгі түйіні адамдарға өте құнды сый берілгені, яғни олар үшін өзінің кемелді өмірін қиғаны, болып табылады. Біздің мәңгілік игілігіміз Иса уағыздаған осы хабарды түсінгенімізге байланысты.
Құдай мен Иса Мәсіх адамдарға қандай сый берді? Иса Мәсіх жаулары өзін азаптап өлтіретінін білген (Матай 20:17—19). Бірақ ол: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады”,— деген (Жохан 3:16). Бұған қоса Иса ‘адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін жанын қиюға’ келгенін айтқан (Матай 20:28). Олай болса, ол неге өмірін біреу алады деген жоқ, қайта, өзім беремін деген?
Құдай адамзатты қатты сүйгендіктен, күнәдан және оның салдары — кемелсіздік пен өлімнен азат ету үшін қам жасады. Ол жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Иса болса кемелді өмірін өз еркімен қиып берді. Осылайша Құдай адамзатқа өте құнды, мәңгілік өмірге жеткізетін сый ұсынды. Бұл сый Киелі кітапта төлем деп аталадыb.
Сізге не істеу керек? Берілген төлемнің игілігін көру-көрмеуі әр адамның өзіне байланысты. Қалайша? Мысалы, біреу сізге жылтырақ қағазға оралған қорапты ұсынды делік. Қол созып алмайынша, бұл сыйлық сіздікі емес. Ехоба берген төлем жайлы да солай деуге болады: өз тарапыңыздан әрекет етпегеніңізше, оның игілігін көре алмайсыз. Сонда сізге не істеу керек?
Иса Мәсіх өзіне “сенуші әркімнің” мәңгілік өмірге ие болатынын айтқан. Сенім адамның өмір жолына айналу керек (Жақып 2:26). Олай болса, Иса Мәсіхке сену деген оның тәлімі мен үлгісіне сай өмір сүруді білдіреді. Бұл үшін сіз Құдайды және Иса Мәсіхті жақыннан тануыңыз қажет. Өйткені Иса: “Мәңгілік өмір, бұл — жалғыз шынайы Құдайды және Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану”,— деген (Жохан 17:3).
Иса Мәсіхтің шамамен 2 000 жыл бұрын айтқан хабары миллиондаған адамның өмірін жақсы жаққа өзгертті. Бұл хабар жайлы көбірек білуді және оның уақытша емес, мәңгілік игілігін өзіңіздің де, жақындарыңыздың да көргенін қалайсыз ба? Қаласаңыз, Ехоба куәгерлері сізге қуана көмектеседі.
Келесі мақалалардан өміріңізді жақсы жаққа өзгертетін хабарды жариялаған Иса Мәсіх жайлы көбірек біле аласыз.
[Сілтемелер]
a Өздерін мәсіхшіміз дейтіндердің бәрі бірдей Мәсіхтің шынайы ізбасарлары емес. Құдай және оның еркі туралы Иса Мәсіх үйреткен шындыққа сай өмір сүретіндер ғана оның шынайы ізбасарлары болып табылады (Матай 7:21—23).
b Киелі кітаптың төлем жайлы ілімін көбірек білу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының “Төлем — Құдайдың ең керемет сыйы” деп аталатын 5-тарауды қараңыз.