Жер құрып жоқ бола ма?
“АҚЫР заман болады дегенді ылғи естіп жатамыз, тіпті сол жайлы фильмдер де түсірілуде”,— деген болатын бір журналист. Неге көрермендердің назарына ақыр заманды бейнелейтін фильмдер жиі ұсынылады? “Өйткені бұл фильмдерде біз қорқатын жайттар көрсетіледі”,— дейді әлгі журналист. Сіз мұнымен келісесіз бе? Жер шарымыз — ондағы тіршілік атаулы — құрып жоқ болады деп қорқуға негіз бар ма? Егер жеріміз жойылатын болса, қашан және қалай жойылмақ?
Дүниежүзінде болып жатқан табиғи апаттар жайлы күнде естиміз деуге болады. Осындай сұрапыл апаттардың салдары жайлы теледидар, Интернетте қайта-қайта көрсетіліп жатады. Адамдардың қырылып, дүниенің астан-кестені шығып жатқанын көргенде, ақыр заман жай ғана фильмдерде емес, шынымен болатын жайт сияқты көрінеді.
Бұл аздай, ғалымдар жердің қалай жойылатыны жайлы теориялар ұсынып, ал кейбіреулері тіпті жердің жойылатын күнін жорамалдап жатады. Мысалы, бір Астрономиялық қоғамның мәлімдеуінше, екі астроном шамамен 7 590 000 000 жылдың ішінде Күн жерді жұтып, буға айналдырып жібереді деп болжайды (“Monthly Notices of the Royal Astronomical Society” 2008 наурыз).
Ендеше, жер шарымыз шын мәнінде жойыла ма?
Жердің жойылатын күні белгіленіп қойылған ба?
Киелі кітапта жердің мәңгі тұратыны айтылған (Екклесиаст 1:4). Ехоба Құдай ‘жерді қатты іргетасқа қойып, мәңгі бақи қозғалмайтындай’ етіп жаратқан (Забур 103:5). Құдайдың осы сөздері орындалмас арман ба? Кейбір ғалымдар басқаша жорамалдаса да, жердің жойылмайтынына неге сенімді бола аламыз?
Мына жайтты ойлап көріңізші: әдетте дүкендегі тағам өнімдерінде жарамдылық мерзімі көрсетіліп қойылады. Оны белгілейтін кім? Ол жай ғана сатушының топшылауы бойынша белгілене ме? Әрине, жоқ! Жарамдылық мерзімін өндірушілер белгілейді. Біз осы көрсетілген мерзімнің дұрыстығына сенеміз, өйткені өнімін өндірушіден артық ешкім білмейді ғой! Ендеше, жеріміздің “жарамдылық мерзімін” жақсы білетін Жаратушыға мейлінше сенім артуымыз керек емес пе?! Оның Сөзінде Құдайдың жерді мәңгілікке ‘орнатқаны’ анық айтылған. Демек, жер ешқашан жойылмайды! (Забур 118:90).
Ал жауапкершілікті сезінбейтін адамдар жерді қалпына келместей етіп бүлдіріп тастауы мүмкін бе? Жоқ! Тағам өндірушілерден айырмашылығы — Ехоба Құдай ‘бәрін істей алады’ (Әйүп 42:2). Сондықтан да ол: ‘Менің аузымнан шыққан сөзім жүзеге асады’,— деп кепілдік бере алады (Ишая 55:11). Біз Жаратушымыздың өзінің жерге қатысты ниетін жүзеге асыруына ештеңе кедергі бола алмайтынына сенімді болсақ болады (Забур 94:6). Ендеше, Құдайдың ниеті қандай және оны қалай жүзеге асырады?
Құдайдың ниеті қалай жүзеге асады?
Құдай Сөзі жердің ешқашан жойылмайтынына кепілдік беруімен қоса, оның адамдар ‘мекендеу үшін жаратылғанын’ айтады (Ишая 45:18). Жер шарын мыңдаған жылдар бойы адамзат мекендеп жатқанымен, Құдайдың ниеті әлі орындалған жоқ.
Ехоба сүйіспеншілікке толы, әрі әділдікті жақсы көреді (Жоханның 1-хаты 4:8; Ишая 45:21). Сондықтан ол барлық адамның бақытты болып, әділетсіздік көрмегенін қалайды. Өзінің ниетін жүзеге асыру үшін, Құдай көкте бүкіл жер бетіне билік ететін үкімет орнататынын алдын ала айтқан. Бұл үкімет Киелі кітапта Құдайдың Патшалығы деп аталады (Даниял 2:44). Жерде болған кезінде Иса пайғамбар осы үкімет туралы жиі айтқан. Ол шәкірттерін осы Патшалық туралы дұға етуге шақырған, өйткені оның жерге қандай баталар әкелетінін білген (Матай 6:9, 10; 24:14). Сол баталардың кейбірі мыналар:
▪ Жер бетінде тыныштық пен қауіпсіздік орнайды, өйткені Құдай соғыс атаулыны тоқтатуды уәде етеді (Забур 46:9).
▪ Ас-ауқат мол болады (Забур 72:16).
▪ Денсаулығымыз еш мазаламайды: “бірде-бір тұрғын “мен науқас едім” деп айтушы болмайды” (Ишая 33:24).
▪ ‘Енді қайтып өлім болмайтындықтан’, ешкім қайғырмайды (Аян 21:4).
▪ Құдай әркімнің өз үйі болып, өздерін қауіпсіз сезініп, ‘мәңгі-бақи шаттанатынын’ уәде етеді (Ишая 65:17—24).
Осы айтылғандардың орындалғанын қалайтыныңыз сөзсіз. Ехобаның уәде еткендерінің бәрін орындауға деген ықыласы зор (Ишая 9:6, 7). Алайда сізде мынадай сұрақ туындар: “Құдайдың бұл уәделері Киелі кітапта мыңдаған жылдар бұрын айтылған ғой. Олар неге әлі орындалмай жатыр?”
Құдайдың шыдамдылығы және біздің құтқарылуымыз
Құдай өз уәдесін орындауды кешіктірмейтініне сенімді болуымызға болады. Киелі кітапта айтылғандай, ол бізді сүйгендіктен шыдамдылық танытып отыр. Сондықтан Құдайдың төзімділігін құтқарылуымыздың мүмкіндігі ретінде қарастыруымыз қажет (Петірдің 2-хаты 3:9, 15). Бірақ біздің құтқарылуымыз үшін Құдай неге төзімділік таныту керек?
Ең алдымен, Құдай әділ адамдарға қауіпсіз де әдемі үй сыйламас бұрын, ‘жерді құртқандардың өздерін құрту’ керек екенін біледі (Аян 11:18). Алайда адамзатты өте жақсы көргендіктен, ол ешкімнің де жойылғанын қаламайды. Сол себепті көктегі Әкеміз шыдамдылық танытып, ‘заңды бұзушыны заңсыз жолынан сақтандыруға’ тырысуда. Бұл үшін Ехоба Құдай дүниежүзі бойынша Патшалық туралы хабардың жариялануына қам жасаудаa (Езекиел 3:17, 18). Құдайдың ескертуіне құлақ асып, өмірін оның әділ принциптеріне сай өзгертетіндер құтқарылады және жұмақ орнаған жерде мәңгі өмір сүретін болады.
Құдайға бет бұрып, құтқарылыңыз
Киелі кітапта, шын мәнінде, біз үшін “ізгі хабар” бар: Құдай жердің ешқашан жойылмайтынын уәде етеді (Матай 24:14). Бұған қоса, Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарға сай, ‘көп ұзамай зұлым адамдар ғайып болады’. Жуырда Құдайдың көз алдында әділ болған адамдар ғана ‘елді [“жерді” Тт] иеленеді, бейбіт өмірдің рақатын мол көреді’ (Забур 36:9—11, 29; Матай 5:5; Аян 21:3, 4). Сол уақыт келгенге дейін, Құдай адамдарды шыдамдылықпен мынаған шақырады: “Ей, жердің түкпір-түкпіріндегілер, Маған бет бұрып, құтқарылыңдар!” (Ишая 45:22). Сіз бұған қалай қарайсыз?
Неге Құдайға бет бұрмасқа? Забур 36:34-те бізге арналған мынадай шақыру бар: “Жаратқанға сүйеніп, Оның жолымен жүр, Ол сені көтеріп елді [“жерді” Тт] иелентер, Зұлымдардың құрығанын саған көрсетер”. Егер Құдайдың жерге қатысты ниеті және оның жүзеге асқанын көру үшін не істеу керектігі жөнінде көбірек білгіңіз келсе, Ехоба куәгерлері сізге көмектесуге дайын.
[Сілтеме]
a Бүгінде 236 ел мен аумақта жеті миллионнан астам Ехоба куәгерлері адамдарға Құдайдың жерге қатысты ғажайып ниеті жайлы айту үшін жыл сайын 1,5 миллиард сағат жұмсауда.
[28-беттегі түпдерек]
NASA photo