Киелі кітапты зерттеу дұғаларыңның мазмұнын байытады
‘Жалынамын, Жаратқан Ие! Құлдарыңның дұғасына мұқият құлақ түр’ (НЕХ. 1:11).
1, 2. Киелі кітапта жазылған кейбір дұғаларды қарастыру неліктен пайдалы?
ДҰҒА ету мен Киелі кітапты зерттеу шынайы ғибадатта маңызды орын алады (Сал. 1-х. 5:17; Тім. 2-х. 3:16, 17). Әрине, Киелі кітап — дұғалар кітабы емес. Десе де оның ішінде, әсіресе Забур кітабында, көп адамның дұғалары жазылған.
2 Киелі кітапты оқып, зерттеу барысында өз жағдайыңа сай келетін дұғаларды табуың мүмкін. Ондағы ойларды қолдану арқылы дұғаларыңның мазмұнын байыта аласың. Өтініштеріне жауап алған адамдардан және олардың дұғаларының мазмұнынан не үйренуге болады?
Құдайдан басшылық сұра және соған сай әрекет ет
3, 4. Ыбырайымның қызметшісі қандай тапсырма алды және дұғасына алған жауабынан біз не үйренеміз?
3 Киелі кітапты зерттеудің нәтижесінде әрдайым Құдайдан басшылық сұрап дұға ету керектігін білдің. Мысал ретінде келесі оқиғаны қарастырайық. Рубасы Ыбырайым ең қарт қызметшісін — Елиезер болса керек — Ысқаққа Құдайды қастерлейтін әйел алып келу үшін Месопотамияға жібереді. Бір құдықтың басында ол су тартып жатқан қыздарды көреді. Сонда былай деп дұға етеді: “Уа, Жаратқан Ие... Мен олардың біріне: құмыраңды еңкейтші, су ішіп алайын деп айтқанда, ол маған: ішіңіз, мен түйелеріңізді де суарып берейін десе, сонда құлың Ысқаққа Өзің таңдаған қалыңдық сол қыз болып шықса екен деп Сенен тілеймін. Қожайыныма жасаған рақымыңды осыдан білетін боламын” (Жар. 24:12—14).
4 Рабиға есімді бір қыз түйелерді суарып бергенде, Ыбырайымның қызметшісі дұғасына жауап алғанын түсінеді. Көп ұзамай Рабиға онымен бірге Қанахан жеріне кетеді де, Ысқаққа тұрмысқа шығады. Әрине, қазіргі кезде Құдай бізге ерекше белгі береді деп күтпейміз. Дегенмен дұға етіп, киелі рухтың басшылығына мойынсұнуға дайын болсақ, ол өмірімізге дұрыс бағыт береді (Ғал. 5:18).
Дұға қобалжуды басуға көмектеседі
5, 6. Жақыптың Есаумен кездесерде айтқан дұғасындағы қандай жайттар көңіл бөлуге тұрарлық?
5 Дұға қобалжуды басады. Бауыры Есаудан қорқып қатты қобалжыған Жақып былай дұға еткен: “Уа, Жаратқан Ие... Өзіңнің мендей пендеңе жасаған барлық аяушылығыңа [“сүйіспеншілікке толы мейірімділігіңе” ЖД], адалдығыңа еш тұрмаймын... Мені ағам Есаудың қолынан сақтай көр. Ол келіп, өзімді, әйелдерім мен балаларымды өлтіріп кете ме деп қорқамын. Ал Сен маған: саған көп жақсылық істеп, ұрпағыңды сансыз көбейтемін, олар санаса сан жетпейтін теңіз жағалауындағы құм түйіршіктеріндей көп болады деп сөз бергенсің” (Жар. 32:9—12).
6 Жақып өз тарапынан шара қолданғанымен, Есаумен татуласуы — дұғасына берілген жауап еді (Жар. 33:1—4). Жақыптың дұғасына мұқият көңіл бөлсек, оның тек көмек сұрап қана қоймағанын байқаймыз. Ол уәде етілген Ұрпаққа деген сенімін және Құдайдың сүйіспеншілікке толы мейірімділігіне ризашылығын білдірді. Сенің де ‘ішіңде үрей-қорқыныш’ бар ма? (Қор. 2-х. 7:5). Онда Жақыптың оқиғасы дұғаның қобалжуды баса алатынын есіңе салсын. Алайда дұғада өтініш қана емес, сенім де білдіруің қажет.
Даналық сұрап дұға ет
7. Неге Мұса Ехобаның жолдары жайлы білім сұрап дұға етті?
7 Ехобаға ұнамды болуды қалау сені дұғада даналық сұрауға талпындыру керек. Мұса Құдайдың жолдарын білгісі келіп, былай дұға етті: “Я, Тәңірім, Сен маған: — Халықты Мысырдан бастап алып жүр,— деп келесің... Егерде маған риза болсаң, бізді жүргізетін өз жолдарыңды білдіре гөр. Сонда... келешекте де Сенің рақымың маған түсетін болады” (Мыс. ш. 33:12, 13). Ехоба жауап ретінде оған өз жолдарын білдірді, яғни халқын ертіп жүруге қажетті білім берді.
8. Патшалықтар 3-жазба 3:10—13 тармақтарда жазылған дұғаның үстінен ой жүгіртудің қандай пайдасы бар?
8 Дәуіт те дұғасында: “Уа, Ием, ақ жолыңды көрсете гөр”,— деген (Заб. 24:4). Оның ұлы Сүлеймен де Исраилдің патшасы ретінде міндетін атқаруға қажетті даналық сұрады. Ехоба оның дұғасына риза болып, сұраған даналығына қоса дәулет пен даңқ сыйлады (Патшалықтар 3-жазба 3:10—13 оқыa). Егер саған да қауымдағы жауапкершіліктеріңді атқару қиын болып көрінсе, даналық сұрап дұға ет және кішіпейіл бол. Сонда Құдай саған жауапкершіліктеріңді дұрыс әрі сүйіспеншілікпен атқаруға қажетті білімге ие болуыңа және даналықпен әрекет етуіңе көмектеседі.
Шын жүректен дұға ет
9, 10. Ғибадатхананың ашылу салтанатында Сүлейменнің дұғасындағы жүрекке қатысты сөздердің маңыздылығы неде?
9 Дұғаларымызды Құдай естісін десек, шын жүректен айтуымыз қажет. Патшалықтар туралы 3-жазбаның 8-тарауында Сүлейменнің шын жүректен айтқан дұғасы жазылған. Ол бұл дұғаны б. з. б. 1026 жылы Иерусалимде Ехобаның ғибадатханасының ашылу салтанатына жиналған халықтың алдында айтқан еді. Келісім сандығы ең қасиетті бөлмеге кіргізілген соң, бүкіл ғибадатхананың іші Ехобаның бұлтына толып кетті. Сонда Сүлеймен Құдайды мадақтады.
10 Сол дұғаны мұқият оқып, жүрекке қатысты айтылған сөздерге назар аударшы. Сүлейменнің адам жүрегін Ехоба ғана көре алатынын мойындағанын байқаймыз (Пат. 3-ж. 8:38, 39). Сондай-ақ күнә жасап қойғаннан кейін Құдайға “бүкіл жүрегімен” бет бұрған адам үшін үміт бар екенін көреміз. Құдайдың халқы оған шын жүректен берілген болса, жауларының қолына түскен күнде де, Ехоба олардың зарына құлақ асады (Пат. 3-ж. 8:48, 58, 61). Олай болса, сенің де дұғаларың шын жүректен айтылуы тиіс.
Забур жырлары дұғаларыңның мазмұнын байытады
11, 12. Киелі үйге біраз уақыт бара алмай қалған бір леуіліктің дұғасынан не үйренеміз?
11 Забур жырларын зерттегенің дұғаларыңның мазмұнын байытып, Құдайдың жауап беретінінен үміт үзбеуге көмектеседі. Қуғында жүрген бір леуіліктің қалай шыдамдылық танытқанын қарастырайық. Ехобаның киелі үйіне бара алмай қалса да, ол: “Жан дүнием, неге сен мұңаясың, бойымда алаңдап, неге мазасызсың? Жалғыз Құдайдан үмітіңді үзбе! Өйткені Құтқарушымды өзімнің — Құдайымды мадақтаймын әлі де”,— деп жырлады (Заб. 41:6, 12; 42:5).
12 Осы леуіліктен не үйренеміз? Әділдік үшін қамауға алынып, бауырластармен бірге ғибадат ететін орынға біраз уақыт бара алмай қалсаң, Құдай сенің қамың үшін әрекет ететін уақытты шыдамдылықпен күт (Заб. 36:5). Құдайға қызметтегі бұрынғы қуанышты сәттерді еске ал және бауырластармен бұрынғыдай емін-еркін араласатыныңа ‘үмітіңді үзбей’, Құдайдан шыдамдылық сұрап дұға ет.
Сеніммен дұға ет
13. Жақып 1:5—8 сай неге сеніммен дұға ету керек?
13 Қандай жағдайға кезіксең де сеніммен дұға ет. Егер мінсіздігің сыналып жатса, шәкірт Жақыптың кеңесіне құлақ ас. Ехобаға жалбарынғанда, оның сынақпен күресуге қажетті даналық бере алатынына еш күмәнданба (Жақып 1:5—8 оқы). Құдай сенің кез келген уайымыңды біледі, әрі киелі рухы арқылы басшылық пен жұбаныш беруге дайын. Еш “шүбәланбай”, толық сеніммен жүрегіңдегіні ашып айт. Құдайдың киелі рухының басшылығын және Сөзіндегі кеңесін қабыл ал.
14, 15. Неліктен Ханна сеніммен дұға айтты және сеніммен әрекет етті дей аламыз?
14 Леуілік Елқананың екі әйелінің бірі Ханна сеніммен дұға айтқан әрі сеніммен әрекет еткен. Ол құрсақ көтермегендіктен бірнеше бала туған күндесі Пәнанадан жәбір сөз еститін. Киелі шатырға барғанда Ханна іштей дұға айтып, ұл туса, оны Ехобаға беруді уәде етеді. Еріндерінің жыбырлағанын көрген бас діни қызметкер Ели оны мас деп қалады. Кейін олай емес екенін біліп, оған: “Исраилдің сиынатын Құдайы тілеуіңді қабыл алсын!”— дейді. Ханна Құдайдың қалай жауап беретінін нақты білмесе де, дұғасының бәрібір жауапсыз қалмайтынына кәміл сенді. ‘Енді оның жүзінен қайғының нышаны байқалмайтын болды’ (Пат. 1-ж. 1:9—18).
15 Ханна ұл туып, есімін Самуил деп қойды. Оны емшектен шығарған соң, Ехобаға қасиетті қызмет етуге киелі шатырға апарды (Пат. 1-ж. 1:19—28). Ханнаның осы жағдайда айтқан дұғасының үстінен ой жүгірткеніміз дұғаларымыздың мазмұнын байыта түседі, сондай-ақ Ехобаның жауап беретініне сеніп дұға етудің уайымнан арылуға көмектесетінін көрсетеді (Пат. 1-ж. 2:1—10).
16, 17. Нехемияның сеніммен дұға айтуының әрі әрекет етуінің нәтижесі қандай болды?
16 Б. з. б. V ғасырда өмір сүрген әділ адам Нехемия да сеніммен дұға айтқан әрі әрекет еткен. Ол былай деп жалбарынды: “Саған дұға етіп жалынамын, Жаратқан Ие! Саған қызмет етуге құштар құлың мен құлдарыңның дұғасына мұқият құлақ түр. Сөйтіп, Өз құлыңа шапағатыңды тигізуге асық, сөйтіп, оны осы адамның мейіріне бөле”. “Осы адам” деген кім? Бұл парсы патшасы Артаксеркс еді. Нехемия оның шарапшысы болып қызмет еткен (Нех. 1:11; 2:1).
17 Нехемия Бабыл тұтқынынан аман оралған яһудиліктердің ‘қатты жоқшылықта, қорлықта жүргенін, Иерусалимнің қабырғалары қаусатылғанын’ естігенде, бірнеше күн бойы сеніммен дұға етеді (Нех. 1:3, 4). Артаксеркс патша оған Иерусалимге барып қабырғасын тұрғызуға рұқсат берді. Осылайша Нехемия дұғасына күткеннен де зор жауап алды (Нех. 2:1—8). Көп ұзамай қабырға қайта тұрғызылды. Нехемия шынайы ғибадаттың қамын ойлап және сеніммен дұға айтқандықтан, Құдай оған жауап берді. Сен де осылай дұға етесің бе?
Мадақтау мен шүкіршілік етуді ұмытпа
18, 19. Ехобаға мадақ пен шүкіршілік білдіруге қызметшілерінде қандай себептер бар?
18 Дұғада Ехобаға мадақ пен шүкіршілік білдіруді ұмытпа. Бұлай етуге себеп көп. Мысалы, Дәуіт Ехобаның патшалығын жан-тәнімен мадақтаған (Забур 144:10—13 оқы). Сенің дұғаларыңнан Ехобаның Патшалығын жариялау мәртебесін бағалайтының көріне ме? Забур жыршысының сөздері де мәсіхшілердің кездесулері мен конгрестері үшін шын жүректен ризашылық білдіруге көмектеседі (Заб. 26:4; 121:1).
19 Құдаймен керемет қарым-қатынас үшін ризашылығың сені шын жүректен былай деп дұға етуге талпындырар: “Уа, Ием, жұрт алдында Сені мадақтаймын, Ұлттар арасында мақтап жырлаймын. Себебі берік рақымың заңғар аспандай, Һәм сенімділігің асқар бұлттардай. Уа, Құдай, көктен жоғары атың шықсын, Күллі әлемде Сенің даңқың артсын!” (Заб. 56:10—12). Қандай жүрек толқытарлық сөздер! Забурдағы осындай сөздер сенің дұғаңа әсер етіп, мазмұнын байытары сөзсіз.
Құдайды қастерлей отырып дұға ет
20. Мәриям Құдайға берілгендігін қалай білдірді?
20 Дұғаларыңнан Құдайға деген қастерлі сезім айқын байқалу керек. Мәриям Мәсіхтің анасы болатынын білгенде, кішкентай Самуилды киелі шатырда қызмет етуге алып келген Ханнаныкіне ұқсас сөздер айтқан. Мәриям: “Жан дүнием Иемді мадақтайды, Құтқарушым Құдайға қуанады”,— деп, Құдайға қастерлі сезімін білдірген (Лұқа 1:46, 47). Сен де сезіміңді Мариям сияқты білдіріп, дұғаңды мағыналы ете аласың ба? Осындай мадақтау сөздер айтқан Мәриямның Иса Мәсіхтің анасы болуға таңдалғаны таңғалдырмайды.
21. Исаның дұғаларынан Құдайды қастерлегені мен оған сенгені қалай байқалады?
21 Иса да Құдайға терең құрметпен және сеніммен дұға еткен. Мысалы, Елазарды тірілтпес бұрын ол көзін көкке қадап: “Әке, тілегімді қабыл алғаның үшін Саған ризамын! Тілегімді ылғи қабыл алатыныңды білемін”,— деді (Жох. 11:41, 42). Сенің де дұғаңнан Құдайды терең құрметтейтінің және оған сенетінің байқала ма? Исаның қастерлі сезімге толы үлгілі дұғасын қарастырғанда оның келесі жайттарға ерекше көңіл бөлгенін көреміз: бұл — Құдай есімінің қастерленуі, Патшалығының келуі және еркінің орындалуы (Мат. 6:9, 10). Өз дұғаларың жайында ойлап көрші. Олардан Ехобаның Патшалығын, еркінің орындалуын және киелі есімінің қастерленуін шын көңілден ойлайтының байқала ма? Бұларды ойлау керек.
22. Ізгі хабарды батыл уағыздауға Ехобаның күш беретініне неге сенімді бола аламыз?
22 Қудалау мен сынақтарға кезігетіндіктен, жиі дұғамызда Ехобадан батылдық сұрауға тура келеді. Жоғарғы кеңес Петір мен Жоханға “Исаның атымен ешқандай уағыз айтпаңдар” деп тыйым салғанда, олар уағызды тоқтатпайтындарын батылдықпен мәлімдеді (Ел. іс. 4:18—20). Босатылған соң олар болған жайтты бір сенімдегі бауырластарына айтып берді. Сонда бәрі бірігіп Құдайдан ізгі хабарды зор батылдықпен уағыздайтын күш сұрап дұға айтты. Дұғаларына жауап алып, ‘бәрі Киелі Рухқа кенеліп, Құдай сөзін батылдықпен уағыздай’ бастағанда, қуаныштарында шек болмаса керек! (Елшілердің істері 4:24—31 оқы). Мұның нәтижесінде қыруар адам Ехобаға ғибадат ететін болды. Дұға саған да ізгі хабарды батыл уағыздауға қажетті күш бере алады.
Дұғаңның мазмұнын байыта бер
23, 24. а) Тағы қандай жазба орындарынан Киелі кітапты зерттеу дұғаның мазмұнын байытатынын көреміз? ә) Дұғаларыңның мазмұнын байыту үшін не істейсің?
23 Киелі кітапта басқа да көптеген дұғалар жазылған. Сол үзінділердің үстінен ой жүгірту дұғаларымыздың мазмұнын байытады. Мысалы, Жүніс сияқты сен де дұғаңда ‘Құтқарылудың тек Жаратқаннан келетінін’ мойындай аласың (Жүніс 2:1—10). Күнә жасағандықтан қатты қиналып, ақсақалдардың көмегіне жүгінген болсаң, Дәуіттің дұғада білдірген сезімдері саған да жеке дұғаңда өкініш білдіруге көмектеседі (Заб. 50:2—13). Кейбір дұғаңда Ехобаны Еремия сияқты мадақтауыңа болады (Ерм. 32:16—19). Ал өмірлік жар іздеп жүрсең, Езра кітабының 9-тарауында жазылған дұғаны зерттегенің және жеке өзің дұға еткенің ‘Иемізбен тығыз байланыста тұрған’ адаммен ғана неке құру өсиетіне мойынсұну шешіміңде берік тұруға көмектеседі (Қор. 1-х. 7:39; Езра 9:6, 10—15).
24 Киелі кітапты оқып, мұқият зерттеуді жалғастыра бер. Жеке дұғаңа қосуға болатын ойларды ізде. Жазба орындарындағы кейбір ойларды Құдайға өтініш не шүкіршілік пен мадақ айтқанда қолдана алатын шығарсың. Киелі кітапты зерттеу арқылы дұғаңның мазмұнын байыту сені Ехоба Құдайға жақындата түсері сөзсіз.
[Сілтеме]
a Патшалықтар 3-жазба 3:10—13: “Сүлейменнің бұл тілегі Жаратушы Иенің көңілінен шықты... Міне, Мен сенің сөзің бойынша жасаймын: міне, Мен саған ақылды да парасатты жүрек беремін, сен секілді ақылды жан сенен бұрын болған жоқ, сен секілді ақыл иесі сенен кейін де дүниеге келмейді. Және сен тілемегенді де, дәулет пен даңқты да Мен саған беремін, демек бүкіл өмір сүрген күндеріңде патшалар арасында сендегідей дәулет пен даңқ болмайды”.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неге Құдайдан басшылық сұрап, соған сай әрекет етуіміз қажет?
• Дұғада даналық сұрауға қандай ниет талпындыру керек?
• Забур жырлары дұғаларымыздың мазмұнын қалай байытады?
• Неге Құдайға сеніммен және қастерлі сезіммен дұға еткеніміз жөн?
[8-беттегі сурет]
Ыбырайымның қызметшісі Құдайдан басшылық сұрап дұға еткен. Сен ше?
[10-беттегі сурет]
Отбасылық ғибадат дұғаларыңның мазмұнын байытады