Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w09 15.8. 3—7 бет.
  • Жер бетінде мәңгі өмір сүру — Құдай берген үміт

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Жер бетінде мәңгі өмір сүру — Құдай берген үміт
  • 2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • “Өткіншілікке... үмітке ие бола отырып бағынды”
  • “Менің рухым ішіме сыймай тұр”
  • “Оны моладан босат”
  • Өлім мәңгілікке жоғалады
  • Кеңес бергенде Әйүп кітабы жол сілтер көмекшіңіз болсын
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Қайта тірілу — саған тікелей қатысы бар ілім
    2005 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Жақсы достың кеңесі жаныңды жадыратады
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2016)
  • Жер бетінде мәңгі өмір сүру — мәсіхшілердің үміті
    2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w09 15.8. 3—7 бет.

Жер бетінде мәңгі өмір сүру — Құдай берген үміт

“Жаратылыс өткіншілікке... үмітке ие бола отырып бағынды” (РИМ. 8:20 ЖД).

1, 2. а) Жерде мәңгі өмір сүру үміті біз үшін неге маңызды? ә) Неліктен көп адам жер бетінде мәңгілік өмір болатынына сенбейді?

АДАМДАР болашақта қартаймай, өлмей жер бетінде мәңгі өмір сүретінін білгенде қуанғаның есіңде шығар (Жох. 17:3; Аян 21:3, 4). Жазбалардағы осы үмітті адамдарға бар ынтаңмен айтқаның сөзсіз. Өйткені мәңгі өмір сүру үміті уағыздап жүрген ізгі хабарымыздың маңызды бөлігі болып табылады. Бұл үміт өмірге деген көзқарасымызға әсер етеді.

2 Негізінен, мәсіхшілер әлеміндегі діндер жер бетінде мәңгі өмір сүру үмітін мойындамайды. Киелі кітапта жанның өлетіні анық айтылса да, шіркеулердің көпшілігі адамның тәні өліп, жаны мәңгі тіршілік ете береді деп үйретеді (Езек. 18:20). Сондықтан көп адам жер бетінде мәңгілік өмір болатынына сенбейді. Бұл үміт шынымен Киелі кітапқа негізделген бе? Негізделсе, Құдай адамдарға мәңгілік өмір сыйлайтынын алғаш рет қашан білдірді?

“Өткіншілікке... үмітке ие бола отырып бағынды”

3. Ехобаның адамзатқа деген о бастағы ниетін қайдан білеміз?

3 Ехобаның адамзатқа деген ниеті о баста-ақ айқын болған. Адам ата тілалғыш болса, ешқашан өлмейтінін Құдай анық етіп білдірген (Жар. 2:9, 17; 3:22). Адам атаның алғашқы ұрпақтары кемелділіктен айырылғандарын білді. Себебі олар Едем бағына кіретін жолда күзет тұрғанын, әрі адамдардың қартайып өле бастағанын көрді (Жар. 3:23, 24). Адам баласының ғұмыры да біртіндеп қысқара берді. Адам ата 930 жыл, Топан судан аман өткен Шам 600 жыл, оның ұлы Арпақшад 438 жыл өмір сүрді. Ыбырайымның әкесі Тарах 205 жыл жасаған. Ал Ыбырайымның өзі 175 жыл, ұлы Ысқақ 180 жыл, немересі Жақып 147 жыл өмір сүрді (Жар. 5:5; 11:10—13, 32; 25:7; 35:28; 47:28). Адамдардың көпшілігі ғұмырларының қысқарғанынан кемелді де мәңгілік өмірдің жоғалғанын түсінген еді. Мәңгілік өмірге қайтадан ие болатындықтарына үміттенуге оларда негіз болды ма?

4. Адам ата жоғалтқан баталарды Құдай қайтаратынына сенуге адал адамдарда қандай негіз болды?

4 Құдай сөзінде: “Жаратылыс [адамзат] өткіншілікке... үмітке ие бола отырып бағынды”,— делінген (Рим. 8:20 ЖД). Қандай үмітке? Киелі кітаптағы алғашқы пайғамбарлықта ‘жыланның басын мыжитын’ “ұрпақтың” келетіні айтылған (Жаратылыс 3:1—5, 15 оқы). Адал адамдарға Ұрпақ туралы бұл уәде Құдай ниетінің жүзеге асатынына үміттенуге негіз берді. Мысалы, Әбіл мен Нұх Адам ата айырылған баталарды Құдай қайтаратынына сенді. Олар ‘ұрпақтың өкшесі шағылғанда’ қан төгілетінін түсінген еді (Жар. 4:4; 8:20; Евр. 11:4).

5. Ыбырайымның қайта тірілуге сенгенін қайдан білеміз?

5 Ыбырайымның мысалын қарастырайық. Ол сыналған кезінде “жалғыз ұлын құрбан етуге дайын болды” (Евр. 11:17). Неге? (Еврейлерге 11:19 оқы). Ол қайта тірілуге сенді, әрі сенуіне негіз бар еді. Ехоба Ыбырайым мен әйелі Сараға ұрпақ әкелу қабілетін қайтарғандықтан, олар қартайған шағында балалы бола алды (Жар. 18:10—14; 21:1—3; Рим. 4:19—21). Сондай-ақ Ехоба оған: “Сенің ұрпағың Ысқақтан тарайтын болады”,— деп сөз берген (Жар. 21:12). Демек, Ысқақтың қайта тірілетініне сенуге Ыбырайымда барлық негіз болды.

6, 7. а) Ехоба Ыбырайыммен қандай келісім жасасты? ә) Неге Ехобаның Ыбырайымға берген уәдесі адамдарға үміт сыйлайды?

6 Ыбырайымның сенімі ерекше болғандықтан, Ехоба онымен “ұрпағына” қатысты келісім жасасты (Жаратылыс 22:18 оқы). “Ұрпақтың” негізгі бөлігі Иса Мәсіх болды (Ғал. 3:16). Ехоба Ыбырайымның “ұрпағын” (ЖД) “аспандағы жұлдыздар мен теңіз жағасындағы құм қиыршықтары” іспетті көбейтетінін айтты (Жар. 22:17). Ыбырайымға белгісіз болған бұл сан кейінірек анықталды. Бұл “ұрпаққа” Иса Мәсіх пен онымен бірге Патшалықта билік ететін 144 000 адам кіреді (Ғал. 3:29; Аян 7:4; 14:1). Мәсіхтің қолындағы Патшалық арқылы Құдайдың “барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады” деген уәдесі жүзеге асады.

7 Ыбырайым Ехобамен жасасқан келісімнің мәнін толық түсінбеген болу керек. Соған қарамастан, ол “негізі берік қаланған мәңгілік қаланың пайда болуын күтіп жүрді” (Евр. 11:10). Бұл қала — Құдай Патшалығы. Оның баталарын көру үшін Ыбырайым қайта тіріліп, мәңгі өмір сүреді. Һар-Магедоннан аман өткендер мен қайта тірілгендер де мәңгі өмір сүретін болады (Аян 7:9, 14; 20:12—14).

“Менің рухым ішіме сыймай тұр”

8, 9. Неге Әйүп кітабы бір адамның басына түскен сынақты баяндаған жай кітап емес?

8 Ыбырайымның шөбересі Жақып пен Мұса пайғамбар өмір сүрген уақыт аралығында Әйүп деген кісі өмір сүрді. Оның атымен аталған кітапты Мұса жазған. Кітапта Әйүптің қайғы-қасірет шегуіне Ехоба неге жол бергені және басына түскен сынақтың немен аяқталғаны жазылған. Алайда бұл — бір адамның басына түскен сынақты баяндаған жай кітап емес, бүкіл әлемдік маңызы бар дау көтерілгеніне көңіл бөлетін кітап. Одан Ехоба өз билігін әділ жүргізетінін және Едем бағында көтерілген дау Құдайдың барлық қызметшілерінің мінсіздігі мен болашағына қатысты екенін білеміз. Әйүп дау көтерілгенін білмесе де, үш жолдасының өзін мінсіздіктен тайдыруларына жол бермеген (Әйүп 27:5). Осы жайт біздің сенімімізді нығайтып, Ехобаның билігін қолдауға және мінсіздік сақтай алатынымызды түсінуге көмектеседі.

9 Әйүпті жұбатқансымақ болған үш жолдасы сөйлеп болған соң, “Варахиил ұлы Вузитяндық Елиуй жауап берді”. Оның сөйлеуіне не түрткі болды? “Менде сөз көп, сөйтіп менің рухым ішіме сыймай тұр”,— деді ол (Әйүп 32:5, 6, 18). Киелі рухтың жетелеуімен айтқан Елиуйдің сөзі Әйүп сауыққанда орындалды. Әйтсе де оның басқа адамдарға да қатысы бар. Сондықтан Елиуйдің сөздері Құдай алдында мінсіздік сақтаушылардың бәріне үміт сыйлайды.

10. Ехобаның бір адамға байланысты берген хабары кейде бүкіл адамзатқа да қатысты болатыны неден көрінеді?

10 Кейде Ехобаның бір адамға байланысты берген хабары бүкіл адамзатқа қатысты болып жатады. Мұны Даниялдың пайғамбарлығынан анық көреміз. Мысалы, Бабыл патшасы Набуходоносор түсінде үлкен ағаштың түбінен шабылғанын көреді (Дан. 4:10—27). Бұл түс Набуходоносордың билігіне қатысты орындалды, әрі болашақтағы әлдеқайда зор оқиғаға да нұсқады. Құдайдың Дәуіт әулетінің патшалығы арқылы жүргізген жердегі билігі б. з. б. 607 жылы тоқтады. Ал 2 520 жылдан кейін, яғни 1914 жылы Иса Мәсіх көктегі таққа отырғанда, Құдай жер бетіне билігін басқаша жолмен қайта жүргізе бастадыa. Осы Патшалықтың жақында Құдайға мойынсұнғыш адамзаттың үмітін қалай ақтайтыны жайлы ойлап көрші.

“Оны моладан босат”

11. Елиуйдің сөзінен Құдай жайлы не білеміз?

11 Әйүпке жауап беріп, Елиуй ‘оның түзу жолын көрсететін мыңның бірі Періште [немесе хабаршы, өкіл]’ ретінде сөйледі. Хабаршы Әйүп үшін Құдайға дұға етсе ше? “Құдайдың оған жүрегі жібиді, сөйтіп ол: “Оны моладан босат; Мен мейірім беруді [“өтейтін құн” ЖД] таптым”,— дейді. Сонда оның денесі жас кезіндегіден де жасара түседі; ол өзінің жастық шағы күндеріне оралады” (Әйүп 33:23—26). Елиуй айтқан бұл сөздерден Құдай өкініш білдірген адамдардың күнәсін өтейтін “құнды” немесе “төлемді” қабыл алуға дайын екені көрінеді.

12. Елиуйдің сөзі бүкіл адамзатқа қандай үміт сыйлайды?

12 Елиуй де төлемнің мәнін толық ұқпаған, тіпті пайғамбарлардың өздері жазған сөздерді толық түсінбеген (Дан. 12:8; Пет. 1-х. 1:10—12). Дегенмен Елиуйдің айтқандары Құдай төлемді қабыл алып, адамзатты кәрілік пен өлімнен азат ететініне үміттенуге негіз береді және мәңгілік өмір болатынына нұсқайды. Сондай-ақ Әйүп кітабынан болашақта өлгендердің қайта тірілетінін білеміз (Әйүп 14:14, 15).

13. Елиуй айтқан сөздердің мәсіхшілерге қандай қатысы бар?

13 Елиуйдің айтқандары зұлым дүние жойылғанда аман қалуға үміттеніп жүрген миллиондаған мәсіхшілерге де қатысты. Құтқарылғандардың арасындағы қарт адамдар жасарып, күш-қуатқа ие болады (Аян 7:9, 10, 14—17). Оның үстіне адал жандар қайта тірілген адамдардың да жастық шаққа оралғандарын көріп қуанады. Әрине, майланған мәсіхшілердің көктегі өлмес өмірге, ал ‘басқа қойлардың’ жердегі мәңгілік өмірге ие болуы Мәсіхтің төлем құрбандығына деген сенімдеріне байланысты (Жох. 10:16; Рим. 6:23).

Өлім мәңгілікке жоғалады

14. Неге исраилдіктер Мұса Заңы арқылы мәңгі өмір сүру үмітіне ие бола алмады?

14 Ыбырайымның үрім-бұтағы Құдаймен келісімге тұрып, жеке бір халыққа айналды. Заңды бергенде Ехоба оларға: “Менің нұсқауларым мен Менің заңдарымды сақтаңдар, соларды орындай отырып адам тірі қалады”,— деген (Леуі. 18:5). Алайда халық Заңның кемелді талаптарын орындай алмай, оның қарғысына ұшырады. Сондықтан исраилдіктерді жазадан құтқару қажет болды (Ғал. 3:13).

15. Дәуіт киелі рухтың жетелеуімен болашақ жайлы қандай сөздер айтты?

15 Мұсадан кейін Ехоба киелі рухымен басқа да қызметшілерін мәңгі өмір сүру үміті жайлы жазуға талпындырды (Заб. 20:5; 36:29). Мысалы, Дәуіт Сион тауындағы шынайы ғибадат етушілердің ынтымағын жырлап, соңында: “Иеміз өз жарылқауы — шын өмірді мәңгі бақи сыйлауға ұйғарған”,— деген (Заб. 132:3).

16. Ехоба Ишая арқылы бүкіл жер бетіне қатысты қандай уәде берді?

16 Сондай-ақ Ехоба киелі рухымен Ишая пайғамбарды жерде мәңгілік өмір болатынын жазуға талпындырды (Ишая 25:7, 8). Күнә мен өлім адамзаттың үстіне жабылған ауыр “жамылғы” іспетті еді. Ехоба өз халқын күнә мен өлімнен босататынына, яғни бұлардан бүкіл жер бетін тазартатынына уәде берді.

17. Қалайша Мәсіх мәңгілік өмірге жол ашпақ еді?

17 Енді пайғамбарлық мәні бар Мұса заңындағы бір жайтты қарастырайық. Жылына бір рет Ұлы кешірім күні бас діни қызметкер ‘қолдарын тірі серкенің төбесіне қояды да, соның үстінде Исраил ұрпағының барлық заңсыздықтарын мойындап, серкенің басына жүктейді, сөйтіп, ол серкені шөл далаға қоя береді’ (Леуі. 16:7—10, 21, 22). Ишая дәл осындай рөл атқаратын Мәсіхтің келетінін алдын ала айтты. Ол ‘қасіретті’, ‘ауруларды’ және ‘көптеген адамдардың күнәларын’ өз мойнына алып, мәңгілік өмірге жол ашпақ еді (Ишая 53:4—6, 12).

18, 19. Ишая 26:19 бен Даниял 12:13 қандай үмітке көңіл аударады?

18 Ишая пайғамбар арқылы Ехоба Исраилге былай деген: “Сенің өліктерің тіріледі, өлі мүрделер [өлі денелер] орындарынан тұрады! Күлге айналғандар сілкініңдер және қуаныңдар: өйткені сенен тамған шық-өсімдік нәрі, сөйтіп жер өлі мүрделерді өз қойнынан аластап тастайды” (Ишая 26:19). Еврей жазбаларында адамдардың қайта тіріліп, жерде өмір сүретіні анық айтылған. Мысалы, жүз жасқа келген Даниялға Ехоба былай деп уәде берді: “Сен өзіңнің ақырыңа қарай бара бер, жаның жай тапсын, ал ақтық [соңғы] күндерде өз сыбағаңды алу үшін қайта тұратын боласың” (Дан. 12:13).

19 Марта қайта тірілудің болатынына сенгендіктен, Исаға қайтыс болған бауыры жайлы: “Ақырғы күнгі қайта тірілуде, оның да тірілетінін білемін”,— деген (Жох. 11:24). Бұл үміт Исаның ілімдері мен шәкірттерінің жазбаларынан көріне ме? Жерде мәңгі өмір сүру үмітін Ехоба әлі де адамзатқа ұсына ма? Бұл сұрақтардың жауаптары келесі мақалада талқыланады.

[Сілтеме]

a “Даниялдың пайғамбарлығына көңіл қойыңдар!” (ор.) кітабының 6-тарауын қараңдар.

Түсіндіріп бере аласыңдар ма?

• Адамзат өткіншілікке қандай ‘үмітке ие бола отырып бағынды’?

• Ыбырайымның қайта тірілуге сенгенін қайдан білеміз?

• Елиуйдің Әйүпке айтқан сөздері адамзатқа қандай үміт береді?

• Еврей жазбаларында қайта тірілу мен жерде мәңгі өмір сүру үмітіне қалай көңіл бөлінген?

[5-беттегі сурет]

Елиуйдің Әйүпке айтқан сөзі адамзат кәрілік пен өлімнен азат етілетініне үміттенуге негіз береді

[6-беттегі сурет]

Ехоба Даниялға ‘соңғы күндерде өз сыбағасын алу үшін қайта тұратынын’ уәде етті

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу