Нұх және Топан су аңыз емес, ақиқат
СІЗ дүниенің жақсарып, адамдардың өзара тату болғанын, қысымшылық, соғыс пен қылмыс атаулының жойылғанын аңсайсыз ба? Олай болса, өзіңізге жақсы таныс болуы мүмкін бір тарихи оқиғадан жұбаныш таба аласыз. Бұл — дүниежүзін топан су басып, зұлымдар жойылғанда, өзі де, отбасы да аман қалу үшін кеме соққан Нұх пайғамбар туралы оқиға.
Мұндай көпке танымал оқиғалар некен-саяқ. Топан су жайлы оқиға Киелі кітаптағы Жаратылыс кітабының 6—9 тарауларында баяндалады. Ол жөнінде Құранда да айтылған. Сондай-ақ дүниенің төрт бұрышындағы халықтарда осы оқиға жайлы мың сан аңыздар бар. Топан су шын мәнінде болған ба, әлде бұл адамдарды дұрыс нәрсені істеуге талпындыру үшін құрастырылған жай ғана аңыз ба? Теологтар мен ғалымдар бұған ғасырлар бойы дауласып келеді. Алайда Құдай Сөзі Киелі кітапта бұл сұрақтың бұлтартпас жауабы бар: Топан судың болғаны — аңыз емес, ақиқат. Енді мұның дәлелдерін қарастырып көрейік.
Жаратылыс кітабында Топан судың қай жылы, қай айда және қай күні басталғаны, кеменің қашан және қайда тоқтағаны, сондай-ақ жердің қашан құрғағаны жайлы нақты айтылған. Кеме туралы мәлімет те — жобасы, өлшемдері және неден соғылғаны — бүге-шігесіне дейін жазылған. Ал аңыздарда әдетте барлығы көмескі суреттеледі.
Киелі кітаптың екі жерінде келтірілген шежіреден Нұхтың тарихи тұлға болғаны көрінеді (Шежірелер 1-жазба 1:4; Лұқа 3:36). Оларды құрастырған Езра да, Лұқа да бәрін мұқият зерттеген. Лұқаның шежіресіне сай, Нұх — Иса пайғамбардың арғы атасы.
Нұх немесе Топан су жөнінде сөз қозғағандардың арасында Ишая, Езекиел пайғамбарлар және елші Пауыл мен Петір бар (Ишая 54:9; Езекиел 14:14, 20; Еврейлерге 11:7; Петірдің 1-хаты 3:19, 20; Петірдің 2-хаты 2:5).
Иса пайғамбар Топан су туралы былай деген: “Нұх пайғамбардың заманында жағдай қалай болған болса, Менің Билеуші ретінде көктен қайтып келетін кезімде де солай болады: Нұх кемеге мінген күнге дейін адамдар (Құдайға мойынсұнбай) ішіп-жеп, әйел алып, күйеуге шығып өмір сүруде еді. Сол уақытта топан су басып, бәрін де қырып салды” (Лұқа 17:26, 27). Топан су болмаған болса, Исаның ‘Билеуші ретінде көктен қайтып келетін кезі’ туралы айтқан сөздерінің еш мағынасы болмас еді.
Елші Петір Киелі кітаптағы хабарды елемей, “келемеждейтін” адамдардың шығатынын алдын ала айтқан. Ол былай деп жазды: “Олар мыналарды әдейі ескермейді... топан су кенеттен көне заманғы дүниені басып, адамзатты жойып жіберді”. Мұны біз де ескермеуіміз керек пе? Әрине, жоқ! Өйткені Петір әрі қарай: “Тәңіріміз осы қазіргі аспан мен жерді де әділетсіздердің сотталып, тозаққа түсетін күні отпен қиратуға қалдырып отыр”,— деген (Петірдің 2-хаты 3:3—7).
Құдай зұлымдарды тағы да жояды, сол кезде де аман қалатындар болады. Нұхтың үлгісіне еліктесек, керемет дүниеде өмір сүру үшін аман қалған әділ адамдар арасында біз де болуымыз мүмкін.