Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w08 1.1. 27—30 бет.
  • Мен жастық шақтағы үмітсіздіктен арылдым

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Мен жастық шақтағы үмітсіздіктен арылдым
  • 2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Мағынасыз өмірдің құрсауы
  • Ехоба құрсаудан босатты
  • Сүйікті бауырымның босатылуы
  • Жағымсыз сезімдерге бой алдырмау
2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w08 1.1. 27—30 бет.

Мен жастық шақтағы үмітсіздіктен арылдым

АЙТЫП БЕРГЕН: ЕСЕБИО МАРСИО

1993 жылдың қыркүйегінде мен ерекше қатаң режимдегі түрмеге бардым. Онда баруымның себебі — түрмеде отырған қарындасым Маривиді шомылдыру рәсімінен өткізу еді. Кейбір тұтқындар мен түрме қызметшілері бұл рәсімді құрметпен бақылап тұрды. Неліктен ол жерде болғанымызды түсіндірмес бұрын, қарындасым екеуміздің өміріміздің алғашқы жылдары жайлы айтып берейін.

МЕН 1954 жылы 5 мамырда Испанияда дүниеге келдім. Мен сегіз баланың ең үлкені, ал Мариви үшіншісі болатын. Әжеміз бізді католик дініне берілген адам ретінде тәрбиеледі. Балалық шағымнан есімде қалған жағымды жайт: әжеммен бірге болғанда, өзімді Құдайға берілген адам ретінде сезінетінмін. Алайда ата-анамның үйіндегі жағдай рухани нәрселердің маңына да жуымайтын. Әкем анамды және бізді үнемі ұрып-соғатын. Бойымыздан қорқыныш-үрей кетпейтін, ал анамның тартқан азабы менің жаныма қатты бататын.

Мектепте де көңілді түсіретін жайттар болатын. Мұғалімдеріміздің бірі, дін қызметкері, егер сұраққа дұрыс жауап бермесек, басымызды қабырғаға ұратын. Ал тағы бір дін қызметкері болса оқушылардың үй жұмысын тексеріп жатқанда, оларды зорлайтын. Оның үстіне, католиктердің тозақ оты сияқты ілімдері мені шатастырып, шошытатын. Көп ұзамай менің Құдайға берілгендігім жоғала бастады.

Мағынасыз өмірдің құрсауы

Құдайға ұнамды жүріс-тұрысқа қатысты бағыт-бағдарым болмағандықтан, мен би орындарындағы азғын, қатыгез адамдармен бірге уақыт өткізе бастадым. Ол жерде жиі ұрыс-төбелес шығып, қару ретінде адамдар бір-біріне пышақ, шынжыр, стақан не орындықтарды ала жүгіретін. Мен төбелеске тікелей қатыспасам да, бірде қатты соққы алып, есімнен танып қалдым.

Ақыр соңында ондай ортадан шаршап, тыныштау би орындарын іздедім. Тіпті мұндай жерлердің өзінде де есірткі көп қолданылатын. Алайда есірткіден рақат алып, жан тыныштығын сезінген жоқпын, қайта, елестер көріп, мазам қашатын.

Өзімнің көңілім толмай жүргеніне қарамай, інім Хосе Луис пен жан досым Мигельді де дәл сондай өмір жолына тарттым. Испаниядағы басқа да көптеген жастар сияқты, біз азғын өмірдің құрсауына іліктік. Есірткіге ақша табу үшін менің істемеген нәрсем қалмады. Мен өз қадірімді жоғалттым.

Ехоба құрсаудан босатты

Сол кездері мен достарыммен Құдай жайлы және өмірдің мағынасы туралы бірнеше рет сөйлестім. Мен Құдайды іздей бастап, ішкі сезімдеріммен бөлісетін адамды тапқым келді. Жұмыстағы әріптесім Франсисконың басқалардан ерекше екенін байқайтынмын. Ол бақытты, адал және мейірімді көрінетін, сондықтан ішімдегіні соған ақтаруды шештім. Франсиско Ехоба куәгері болатын, ол маған есірткі туралы мақаласы бар “Күзет мұнарасын” берді.

Мақаланы оқып шыққан соң, Құдайдан көмек сұрап: “Ием, сенің бар екеніңді білем, мен сен жайлы білгім келеді және сенің еркіңді орындағым келеді. Өтінем, маған көмектесші!”— деп дұға еттім. Франсиско мен басқа да Куәгерлер Киелі кітапты қолданып мені жігерлендіретін және соған негізделген әдебиеттер беретін. Құдай өзінен сұраған көмегімді солар арқылы беріп жатқанын түсіндім. Мен көп ұзамай білген нәрселерім жайлы достарыма және Хосе Луисқа айта бастадым.

Бір күні бірнеше досыммен рок концерттен келе жатып, топтан бөлініп қалдым да, оларды сырт жақтан бақылап тұрдым. Сонда есірткінің әсерімен жүріс-тұрысымыздың қаншалықты жиіркенішті болып кеткенін көрдім. Сол сәтте мен осындай өмір салтынан бас тартып, Ехоба куәгері болуды шештім.

Мен Франсискодан Киелі кітап сұрадым. Ол маған Киелі кітаппен қоса, “Мәңгілік өмірге алып баратын шындық”a деген кітапты берді. Құдайдың барлық көздің жастарын сүртіп, тіпті өлімді де жоятыны туралы уәдесін оқығанда, адамзатты азаттыққа жеткізетін шындықты тапқаныма еш шүбәланбадым (Жохан 8:32; Аян 21:4). Кейінірек, Ехоба куәгерлерінің Патшалық сарайындағы кездесуге бардым. Ол жердегілердің достық сыңай мен жылулық танытқандары маған қатты әсер етті.

Патшалық сарайында көргендерімді басқаларға айтуға асығып, мен дереу Хосе Луис пен достарымды шақырдым да, оларға бәрін айтып бердім. Бірнеше күннен соң бәріміз кездесуге келдік. Алдымыздағы қатарда отырған бір қыз бізге бір рет жалт қарады. Ол шаштары ұзын хиппилерді көргенде, шошып кеткен болу керек, қайтып біз жаққа қарамауға тырысты. Ал келесі аптада Патшалық сарайына тағы келгенімізді көргенде, ол қайран қалса керек, өйткені бұл жолы біз костюм шалбар киіп, галстук таққан болатынбыз.

Содан, көп кешікпей Мигель екеуміз Ехоба куәгерлерінің аудандық конгресіне бардық. Біз бұрын-соңды мұндай нәрсені, яғни әртүрлі жастағы адамдар арасындағы нағыз бауырластықты, көрген емеспіз. Бір қызығы, конгресс біз таяуда рок концертке барған театрда өтті. Бірақ бұл жолы ортамыз бен естіген әуендеріміз біздің рухымызды көтерді.

Тобымыздағылардың бәрі Киелі кітапты зерттей бастады. Шамамен сегіз айдан соң, 1974 жылдың 26 шілдесінде, Мигель екеуміз шомылдыру рәсімінен өттік. Ол кезде екеуміз де 20 жаста едік. Ал тобымыздағы тағы төртеуі бірнеше айдан соң шомылдыру рәсімінен өтті. Киелі кітаптан алған тәрбием мені шыдамы мол анама үй тірлігіне көмектесуге және онымен жаңа сенімім туралы бөлісуге талпындырды. Біз бір-бірімізге жақын бола түстік. Мен іні-қарындастарыма көмектесуге де көп уақыт бөлетін болдым.

Уақыт өте анам, сондай-ақ бір інімнен басқа бауырларымның бәрі шындықты біліп, шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болды. 1977 жылы мен Соледадқа үйлендім. Ол алғаш рет Патшалық сарайына барғанымызда, бізге таңырқай қараған жас қыз еді. Бірнеше айдың ішінде екеуміз де ізашар, яғни Ехоба куәгерлерінің ізгі хабарды толық уақыт жариялаушылары, болдық.

Сүйікті бауырымның босатылуы

Бала кезінде зорланғаны қарындасым Маривидің жүрегіне ауыр жара салған еді. Жасөспірім шағында ол есірткі қабылдап, ұрлық жасап, жезөкшелікке салынып, азғын өмір кешті. 23 жасында түрмеге түсті, бірақ ол жерде де осы өмір салтынан қайтпады.

Сол уақытта мен аудандық бақылаушы, яғни Ехоба куәгерлерінің аралаушы қызметшісі, болып қызмет етіп жүрдім. 1989 жылы Соледад екеуміз Мариви отырған түрме орналасқан аумаққа тағайындалдық. Үкімет жақында одан баласын алып қойған-ды; оның көкірегі қарс айырылып, өмір сүргісі келмеді. Бір күні оған барып, Киелі кітапты бірге зерттеуді ұсындым. Ол бұған келісті. Зерттеуді бастағаннан кейін, бір айдан соң ол есірткі қабылдауды және темекі шегуді доғарды. Өмірінде осындай өзгерістер жасау үшін Ехоба оған қалай күш беріп жатқанын көргенде, көңілім қатты толқыды (Еврейлерге 4:12).

Көп ұзамай, Мариви Киелі кітаптағы шындықты түрмеде бірге отырған және сонда істейтетін әйелдерге айта бастады. Ол бір түрмеден екінші түрмеге ауыстырылып отырса да, уағыздауды доғарған жоқ. Бір түрмеде ол тіпті камерадан-камераға жүріп уағыздапты. Осы жылдар ішінде Мариви әртүрлі түрмедегі көп адаммен Киелі кітап зерттеу сабағын бастады.

Бір күні ол маған Ехобаға өмірін бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткісі келетінін айтты. Бірақ оған шомылдыру рәсімінен өту үшін түрмеден шығуға не оны өткізу үшін біреудің ішке кіруіне рұқсат етілмеді. Оған түрмедегі азғын ортада тағы төрт жыл өткізуге тура келді. Маривиге сенімін жоғалтпауға не көмектесті? Жергілікті қауымның кездесуі өтіп жатқан уақытта, ол да түрме камерасында сол бағдарламаны қарастыратын. Сондай-ақ жүйелі түрде жеке зерттеу жүргізіп, дұға ететін.

Уақыт өте келе Мариви қатаң режимдегі түрмеге ауысты, ал онда шомылатын бассейн бар еді. Ол осында шомылдыру рәсімінен өтуге мүмкіндігім болады деп ойлады. Бұл солай болды да, ол ақыры рұқсат алды. Менің сонда баруымның себебі де — шомылдыру рәсіміне арналған баяндаманы айту еді. Маривидің өміріндегі ең маңызды сәтте мен оның жанында болдым.

Бұрынғы өмір салтының кесірінен Мариви ЖИТС ауруына шалдықты. Алайда жақсы жүріс-тұрысының арқасында ол 1994 жылдың наурыз айында түрмеден мерзімінен бұрын босатылды. Ол анаммен бірге тұрды және көз жұмғанға дейін, екі жыл бойы, мәсіхшілер ісіне белсене атсалысты.

Жағымсыз сезімдерге бой алдырмау

Мен де бұрынғы өмір салтымның салдарынан толық қашып құтыла алмадым. Әкемнен көрген қорлығым және жасөпірім шақтағы өмір салтым бойымда өз таңбасын қалдырды. Ересек тартқанда, мен жиі өз-өзімді кінәлап, түкке тұрғысыз сезінетінмін. Кейде қатты ұнжырғам түсетін. Алайда осындай жағымсыз сезімдермен күресуде Құдай Сөзінің көмегі зор болды. Ишая 1:18 және Забур 102:8—13 сияқты тармақтардың үстінен қайта-қайта ой жүгірткенім көп жыл бойы өз-өзімді кінәлау сезіміне бой алдырмауға көмектесті.

Түкке тұрғысыз сезімімен күресу үшін қолданған тағы бір рухани қаруым — дұға. Ехобаға дұға айтқанда, жиі көзіме жас үйірілетін. Алайда мені Жоханның 1-хаты 3:19, 20-дағы келесі сөздер қайраттандырады: “Сөйтіп, өзіміздің шынайы жолда екендігімізді біліп, Құдай алдында жүрегіміз орнығады. Себебі егер жүрегіміз бізді айыптаса да, Құдай жүрегімізден жоғары ғой, Ол бәрін де біледі”.

Құдайға жаралы және күйреген жүрекпен жақындағандықтан, мен бір кездері ойлағандай жаман емес екенімді түсінемін. Киелі кітап Ехобаны іздейтіндердің бәрін мынаған сендіреді: Құдай бұрынғы жүріс-тұрысына шын жүректен өкінген және оның еркін орындауға бет бұрған адамға теріс қарамайды (Забур 50:19).

Өзіме қатысты қандай да бір сенімсіздік туса, ойымды жағымды нәрселермен, мысалы Філіпіліктерге 4:8-де сипатталған рухани ойлармен, толтыруға тырысамын. Мен Забур жырының 22-тарауы мен Таудағы уағызды жаттап алдым. Жағымсыз ойлар мазалағанда, осы Жазба орындарын қайталап шығамын. Санамды осылай тазалау әсіресе ұйқысыз түндері пайдалы.

Әйелімнің және рухани толысқан бауырластардың мақтау сөздері де мен үшін зор көмек болды. Алғашында олардың жігерлендіретін сөздерін қабылдау қиын болса да, Киелі кітап маған сүйіспеншіліктің ‘ұдайы сенетінін’ түсінуге көмектесті (Қорынттықтарға 1-хат 13:7). Сондай-ақ бірте-бірте әлсіздіктерімді және мүмкіндіктерімнің шектеулі екенін кішіпейілділікпен мойындауды үйрендім.

Алайда жағымсыз сезімдермен күресуімнің пайдасы да болды: бұл маған жанашыр аралаушы бақылаушы болуға көмектесті. Әйелімнің де, менің де ізгі хабарды тарататын толық уақытты жариялаушылар ретінде қызмет еткенімізге 30 жылдай болды. Өзгелерге қызмет етуден алатын қуанышым уақыт өткен сайын бұрын бастан өткізген жағымсыз жайттардан туындайтын жаман сезімдерден арылуға және сол жайттарды ұмытуға көмектеседі.

Қазір артқа қарап, Ехобаның төккен баталары жайлы ойлансам, забур жыршысы сияқты айтқым келеді. Ол: “Жаратқан Иені мадақтаймын... Ол бар күнәларымды кешіріп, дерттерімнің бәрін сауықтырады, өлімнен жанымды аман қалдырып, рақымы мен мейірімін сыйлайды”,— деп жырлаған (Забур 102:1—4).

[Сілтеме]

a Ехоба куәгерлері басып шығарған, бірақ қазір шығарылмайды.

[30-беттегі сөздер]

Мен жиі өз-өзімді кінәлап, түкке тұрғысыз сезінетінмін. Алайда осындай жағымсыз сезімдермен күресуде Құдай Сөзінің көмегі зор болды

[27-беттегі суреттер]

Інім Хосе Луис пен досым Мигель менің жаман да, жақсы да үлгіме еліктеді

[28-беттегі сурет]

Марсиолар отбасы, 1973 жыл

[29-беттегі сурет]

Мариви. Түрмедегі кезі

[30-беттегі сурет]

Әйелім Соледадпен бірге

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу