Ехобаның сөзі тірі
Забур жырларының екінші жазбасындағы көңіл бұрарлық ойлар
ЕХОБАНЫҢ қызметшілері болғандықтан, өмірімізде әр түрлі сынақтарға кезігетінімізді білеміз. Елші Пауыл: “Мәсіх Исамен жүріп, Құдайға ұнамды өмір сүргісі келетіндердің бәрі де қуғындалатын болады”,— деп жазған (Тімотеге 2-хат 3:12). Ехобаның алдында мінсіз екенімізді дәлелдеу үшін, сынақтар мен қудалауларға төтеп беруге не көмектеседі?
Мұндай көмекті Забур жырының бес жазбасының екіншісінен табуға болады. Забур жырының 41—71 дейінгі тараулары сынақтарға төтеп бергіміз келсе, Ехобаға толығымен сенім артуымыз және оның құтқаруын күтуіміз керектігін көрсетеді. Бұл біз үшін қандай құнды сабақ! Забур жырының екінші жазбасы Құдай Сөзінің басқа бөлігі сияқты бүгінгі күні де “тірі, әсері де күшті” (Еврейлерге 4:12).
ЕХОБА — “БІЗДІҢ ПАНАМЫЗ ДА КҮШІМІЗ”
Тұтқындағы леуілік Ехобаның киелі үйіне бара алмағанына қайғырып, өзін былай деп жұбатады: “Жан дүнием, неге сен мұңаясың, бойымда алаңдап неге мазасызсың? Жалғыз Құдайдан үмітіңді үзбе!” (Забур 41:6, 12; 42:5) Бірнеше қайтара кездесетін осы тармақ Забур жырының 41-ші және 42-тарауларындағы үш шумақты біріктіріп, бір өлеңді құрайды. Ал 43-тарауда Яһуда халқы үшін айтылған өтініш жазылған. Ол Езекия патшаның тұсында елге Ассирия қауіп төндіріп тұрған шақтарда айтылған болса керек.
Патшаның үйлену тойы жайлы айтылған 44-тарау Патша Мәсіх жайлы пайғамбарлық болып табылады. Келесі үш жыр Ехобаны ‘панамыз да күшіміз’, “бүкіл жерді билейтін ұлы Патша” және “Қорғаушы” ретінде бейнелейді (Забур 45:2; 46:3; 47:4). Забур жырының 49-тарауы болса ‘адам баласы өз бауырының күнәсін ақтай алмайтынын’ қалай керемет түрде көрсетеді десеңші! (Забур 48:8) Екінші жазбадағы алғашқы сегіз жырды жазған Қорақтың ұрпақтары боп есептеледі. Ал тоғызыншы Забур жырын, яғни 49-тарауды Асаф жазған.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
43:19 ‘Айдаһарлардың жері’ деген не? ‘Айдаһарлар’ деп аударылған еврей сөзі “шиебөрілер” дегенді де білдіруі мүмкін. Забур жыршысы өлгендер шиебөрілерге жем болатын ұрыс алаңын айтып тұрған болса керек.
44:14, 15а. ‘Патшаға ертіп әкелінетін’ ‘патша қызы’ кім? Ол — ‘Мәңгі жасайтын Патша’ Ехоба Құдайдың қызы (Аян 15:3, сілтемеге қараңдар). Ол Ехоба киелі рухымен майлаған әрі балалары етіп алған 144 000 мәсіхшіден тұратын ұлылыққа бөленген қауымды бейнелейді (Римдіктерге 8:16). “Күйеуінің алдынан шығуға безеніп киінген қалыңдықтай дайындалған” Ехобаның бұл “қызы” Мәсіх Патшаның алдына әкелінеді (Аян 21:2).
44:15а, 16. “Қыздың құрбылары” кімдерді бейнелейді? Олар майланғандар тамтығына қосылған әрі оларға қолдау көрсетіп жатқан Құдай қызметшілерінің ‘өте үлкен тобыры’. Олар өте ауыр азаптан аман қалатындықтан, Мәсіх Патшаның көктегі үйлену тойы аяқталғанда, жер бетінде болады (Аян 7:9, 13, 14). Сол кезде олар ‘шат-шадыман күйге’ бөленеді.
45:16. Қай мағынада ‘[Патшаның] әкелерінің орнына енді балалары болады’? Иса жерде туылғанда, оның жердегі ата-бабалары болды. Иса оларды Мыңжылдық билігі кезінде өлімнен тірілткенде, оның балалары болады. Олардың кейбірі жер бетіне әмірші болып тағайындалғандардың арасында болады.
49:2. Неге Иерусалим “сұлулықтың шыңы” деп аталған? Қала сырт көрінісіне бола бұлай аталмаған. Ол Ехоба қолданғандықтан және ғибадатханасын орналастырып, әрі тағайындаған патшаларының астанасы етіп, салтанатқа бөлегендіктен сұлу болды.
Біз үшін сабақ:
41:2—4, сілтемені қараңдар. Құрғақ өңірде марал суды қалай аңсаса, леуіліктің де жаны Ехобаны аңсаған. Ол Ехобаның киелі үйінде ғибадат ете алмайтынына қайғырғаны сонша — ‘күні-түні... көзінің жасын нәр қылды’, яғни асқа тәбеті шаппады. Біз де бауырластармен бірге Ехобаға ғибадат етіп жатқанымызға терең ризашылық дамытуымыз керек емес пе?!
41:5, 6, 12; 42:3—5. Қандай да бір себеппен мәсіхшілер қауымынан уақытша қол үзіп қалсақ, бауырластармен араласқан кездегі қуанышымызды еске түсіргеніміз бізді нығайтады. Осылай еске алғаннан алғашқыда жалғыздығымыз жанымызға қатты батар, бірақ бұл Құдайдың панамыз екенін әрі жұбанышты содан күтуіміз керектігін де есімізге салады.
45:2—4. Қандай қиындыққа тап болсақ та, “Құдай — біздің панамыз да күшіміз” екеніне кәміл сенуіміз керек.
49:16—19. Жалған сөйлеп, арам қылықтар істейтін адамның Құдайдың атынан сөйлеуге құқы жоқ.
49:20. Өзгелердің кемшіліктерін жұртқа жаймай, оларға көз жұмып қарауымыз керек (Қолостықтарға 3:13).
“ЖАН-ДҮНИЕМ, ТЕК ҚҰДАЙДАН ҒАНА ТЫНЫШТЫҚ ТІЛЕ!”
Забур жырының бұл бөлігі Дәуіттің Барсабиямен жақындасып күнә жасағанда, шын жүректен айтқан дұғасымен басталады. 51—56 дейінгі тараулар Ехоба өзіне ауыртпалықтарын артқандар мен өзінен құтқарылуды күтетіндерді аман сақтайтынын көрсетеді. Забур жырының 57—63 тарауларынан көрінетіндей, Дәуіт қиын шақтарының бәрінде Ехобаны паналаған. Ол: “Жан-дүнием, тек Құдайдан ғана тыныштық тіле! Өйткені мен Саған үміт артамын”,— деп жырлаған (Забур 61:6).
Құтқарушымызбен достық қарым-қатынаста болғанымыз ‘оның атының даңқына арнап шырқауға’ талпындыру керек (Забур 65:2). 64-тарауда Ехоба жомарттықпен беруші ретінде, 66, 67-тарауларда құтқарудың жолын жасаушы Құдай ретінде, ал 69, 70-те Құтқарушы ретінде мадақталады.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
52:2. Құдайдың бар екенін жоққа шығаратын адам қай мағынада “ақылсыз” болғаны? Бұл жерде ақылсыздық ақыл-есі кем болуды білдірмейді. Мұның құлықтылық жағынан ақылсыз болуын білдіретінін Забур 52:2—5 дейінгі тармақтарда жазылған өнегесіз әрекеттің салдарынан көруге болады.
57:4—6. Зұлымдар қалайша жыланға ұқсайды? Олардың айтқан өтіріктері жыланның уы іспетті. Олар өздерінің құрбаны болғандардың беделіне у сияқты нұқсан келтіреді. ‘Өз құлақтарын бітеп алған саңырау аспид секілді’ зұлымдар басшылық бергенде немесе түзеткенде құлақ салмайды.
57:8. Қалай зұлымдар ‘ағып жатқан су секілді сарқылып бітеді’? Дәуіт Уәде етілген жердегі кейбір аңғарлардағы су жайлы ойлаған болу керек. Жауған нөсерден деңгейі көтерілген су тез ағып кетіп, жоқ болады. Дәуіт зұлымдардың тезірек жойылуы жөнінде дұға еткен.
67:14. Қалай көгершіннің “қанаттары күміспен, ал қауырсындары — таза алтынмен” көмкерілген? Кейбір көк сұр көгершіндердің кейбір жеріндегі қауырсындары түрлі түске боялып, сан құбылып тұрады. Күн сәулесі түскенде, олардың үсті металл түстес болып, жалт-жұлт етеді. Дәуіт шайқастан жеңіспен келе жатқан исраилдік жауынгерлерді осындай қанаттары берік, жарқ-жұрқ еткен көгершінге ұқсатқан болса керек. Ал кейбір Киелі кітап зерттеушілері бұл жерде олжа етіп жеңіп алған әсем бұйым туралы айтылған дейді. Қалай болған күнде де, Дәуіт мұнда Ехобаның өз халқына әперген жеңістері туралы айтқан.
67:19. “Адамдар үшін [“адамдар кейпіндегі”, ЖД] тартулар” кімдер еді? Бұлар Уәде етілген жерді жаулап алу кезінде тұтқынға алынғандардың арасындағы ер кісілер еді. Кейінірек олар леуіліктерге көмектесуге тағайындалған (Езра 8:20).
67:31. ‘Қамыстағы аңдарды жуасыт’ деген өтініш нені білдіреді? Дәуіт Ехобаның халқының жауларын жабайы аң ретінде бейнелеп айтуымен Құдайдан оларды жуасытуды, немесе залал келтірмеу үшін күштерін шектеуді, сұраған.
68:24. ‘Жауларының белі бүкір болып [“бөкселері босап”, ЖД] қалсын’ деген нені білдіреді? Бөксе бұлшық еттерінің ауыр жүкті көтеру не тасу сияқты көп күшті қажет ететін істерді атқару үшін маңызы зор. Бөксенің босаңсуы күштің кеткеніне меңзейді. Дәуіт қастасушылар күштерінен айырылып қалсын деп дұға еткен.
Біз үшін сабақ:
50:3—6, 19. Күнә жасау Ехоба Құдаймен қарым-қатынасымызды міндетті түрде бұзады дегенді білдірмейді. Егер күнәмызға өкініш білдірсек, ол мейірім-шапағатын түсіретініне сенімді болуымызға болады.
50:7, 9—12. Кемелсіздіктің кесірінен күнә жасап қойсақ, Ехобадан кешірім сұрап жалбарынуымыз керек. Сонымен қатар бізді тазартуын, қайта қалпымызға келтіруін, күнәкар бейімділіктерді жүрегімізден алып тастауға көмектесуі мен берік рух беруін сұрауымыз керек.
50:20. Дәуіттің күнәсі бүкіл халықтың берекесіне қауіп төндірген еді. Сондықтан ол Құдайдан Сионға шапағатын түсіруді сұрап дұға етеді. Ауыр күнә жасағанда, жиі Ехобаның атына және қауымға кір келтіреміз. Біз Құдайдан өзіміз келтірген залалды жөнге келтіруін сұрап дұға етуіміз керек.
51:10. Біз Құдайға мойынсұна және жөнге салуына шын көңілден көне отырып, ‘Құдайдың үйіндегі көктей бастаған зәйтүн секілді’, яғни Ехобаға жақын әрі қызметімізде нәтижелі бола аламыз (Еврейлерге 12:5, 6).
54:5, 6, 13—15, 17—19. Туған баласы Абессаломның қастандық жасауы және сенім артқан кеңесшісі Ахитопелдің сатқындығы Дәуіттің жанына қатты батқан. Алайда бұл оның Ехобаға бұрынғыдай сенім артуына кедергі болған жоқ. Біз де жанымызға қатты бататын нәрселердің Ехобаға деген сенімімізді әлсіретуіне жол бермеуіміз керек.
54:23. Қалай уайымымызды Ехобаға тапсыра аламыз? Мұны: 1) мазалап жатқан нәрсе туралы Ехобаға дұға ету; 2) басшылық пен көмекті Құдай Сөзі мен ұйымынан іздеу және 3) жағдайды жеңілдету үшін қолымыздан келгенді істеу арқылы тапсыра аламыз (Нақыл сөздер 3:5, 6; 11:14; 15:22; Філіпіліктерге 4:6, 7).
55:9. Ехоба басымызға түскен жағдайды ғана емес, оның сезімімізге қалай әсер ететінін де біледі.
61:12. Құдай қандай да бір күш көзіне мұқтаж емес. Оның өзі — күштің қайнар көзі. Шынында да, ‘күш Құдайда’.
62:4. Құдайдың ‘мейірімі өмірге қарағанда жақсырақ’, өйткені онсыз өмірдің мән-мағынасы жоқ. Ехобамен қарым-қатынас дамытқанымыз ақылдылыққа жатады.
62:6. Түнгі уақыт тыныш әрі көңілімізді еш нәрсе бөлмейтіндіктен, ой жүгіртуге өте ыңғайлы уақыт болуы мүмкін.
64:3—5. Залалды өсек сөздер жазықсыз адамның беделін түсіруі мүмкін. Біз мұндай сөздерді тыңдамауымыз да, оларды таратпауымыз да керек.
68:5. Татулықты сақтау үшін, кейде бұрыс әрекет еттік деп есептемесек те, кешірім сұрай отырып, ‘алмаған нәрсені бергеніміз’ жөн.
69:2—6. Ехоба көмек сұрап қатты жалбарынғанымызды естиді (Салониқалықтарға 1-хат 5:17; Жақып 1:13; Петірдің 2-хаты 2:9). Құдай сынақтың біраз уақыт жалғасуына жол беруі мүмкін, дегенмен де жағдайдан шыға білу үшін даналық пен төтеп беруге күш береді. Ол төзімімізден артық сыналуымызға жол бермейді (Қорынттықтарға 1-хат 10:13; Еврейлерге 10:36; Жақып 1:5—8).
70:5, 17. Дәуіт жастайынан Ехобаға сенім артқанының арқасында, тіпті філістірлік алып Ғолияттың алдында да, батыл әрі күшті бола түсті (Патшалықтар 1-жазба 17:34—37). Жастар әрбір ісінде Ехобаға арқа сүйеулері керек.
“Оның даңқымен барлық жер толысады”
Забур жырының екінші жазбасындағы соңғы 71-Забур жыры Сүлейменнің билігі жайында. Ондағы жағдайлар Мәсіхтің билігі кезінде болатын жағдайлардың бейнесі болып табылатын. Бұл жырда қандай керемет баталар суреттелген десеңші! Атап айтқанда: тыныштық, жәбірлеу мен зорлық-зомбылықтың жойылуы, жер бетінде нанның ағыл-тегіл болуы. Патшалықтың осы және басқа да баталарын көретіндердің арасында боламыз ба? Иә, егер забур жыршысы сияқты Ехобаны панамыз бен күшіміз ете отырып, оны күтетін болсақ.
Дәуіттің дұғасы мынадай сөздермен аяқталады: “Кереметті жалғыз Өзі жасаушы Жаратушы Ие, Исраилдің Құдайы ұлық, Оның даңқы мәңгі дәріптеледі, және Оның даңқымен барлық жер толысады. Әумиін және әумиін” (Забур 71:18—20). Олай болса, біз де Ехобаны шын жүректен мадақтап, ұлы есімін дәріптей берейік.
[31-беттегі сурет]
“Патшаның қызы” кімді бейнелейтінін білесіңдер ме?