Мәсіхші екендігіңді мақтан тұт!
“Кім мақтанғысы келсе, Жаратқан Иемізбен ғана мақтансын!” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 1:31).
1. Адамдардың бүгінде дінге қатысты көзқарасы қандай?
СЕЛҚОСТЫҚ. Жақында дін саласындағы бір түсініктемеші көп адамның өз дініне қатысты көзқарасын осылай суреттеген. Ол қазір көзге түсіп жатқан жаңа діни ағым емес, адамдардың жаңа ой-өрісі екенін айтқан. Ол бұл ой-өрісті “өз дініне деген ықыластың жоқтығы” деп суреттеген. Оның айтуынша, көп адам “Құдайға сенеді... бірақ одан әрі бармайды”.
2. а) Неге адамдардың рухани селқос болып бара жатқанына таңғалмаса да болады? ә) Неге шынайы мәсіхшілер үшін селқостық қауіпті болып табылады?
2 Селқостықтың етек алуы Киелі кітапты зерттеп жүргендер үшін таңғаларлық жайт емес (Лұқа 18:8). Жалпы дінге келер болсақ, мұндай немқұрайдылықты күтуіміз керек. Жалған дін ұзақ уақыт бойы адамзатты адастырып, әрі көңілдерін қалдырып келді (Аян 17:15, 16). Алайда кеңінен тарап жатқан селқостық рухы мен ықылассыздық — шынайы мәсіхшілер үшін қауіпті. Біз өз сенімімізге селқос қарап, Құдайға қызмет етуге деген құлшынысымыз бен Киелі кітап шындығына қатысты қызығушылығымыздың жоғалуына жол бере алмаймыз. Иса бірінші ғасырдағы Лаудікидегі мәсіхшілерге жылымшы болмауды ескерткен: ‘Сен салқын да емессің, ыссы да емессің. Не ыссы, не салқын болсаң ғой, шіркін! Алайда жылымшысың’ (Аян 3:15—18).
Өзіміздің кім екенімізді жете түсінеміз
3. Мәсіхшілер нені мақтан тұта алады?
3 Рухани селқостықпен күресу үшін мәсіхшілер өздерінің кім екенін жете түсінулері керек және өздерінің мәсіхші екендіктерін орнымен мақтан тұтулары керек. Киелі кітапта Ехобаның қызметшілері және Мәсіхтің шәкірттері ретінде біздің кім екеніміз сипатталған. Біз басқаларға ‘ізгі хабарды’ құлшына айтып жүргендіктен, Ехобаның ‘куәгерлеріміз’, “Құдаймен бірге еңбектенушіміз” (Ишая 43:10, ЖД; Қорынттықтарға 1-хат 3:9; Матай 24:14). Біз ‘бір-бірімізді сүйетін’ халықпыз (Жохан 13:34). Шынайы мәсіхшілер ‘іс жүзінде қолдану арқылы түйсіну қабілетін жақсы мен жаманды айыруға үйреткен’ адамдар (Еврейлерге 5:14, ЖД). Біз ‘дүниедегі жарық жұлдыздармыз’ (Філіпіліктерге 2:15). Біз ‘халықтар арасында жүріс-тұрысымыздың үлгілі болуына’ тырысамыз (Петірдің 1-хаты 2:12, ЖД; Петірдің 2-хаты 3:11, 14).
4. Ехобаның қызметшісі өзінің кім емес екенін қалай анықтай алады?
4 Сонымен қатар Ехобаның шынайы қызметшілері өздерінің кім емес екендіктерін де біледі. Иса Мәсіхтің осы дүниелік болмағаны сияқты, “бұлар да осы күнәкар дүниенің адамдары емес” (Жохан 17:16). Олар ‘санасын қараңғылық басып, Құдай беретін шынайы өмірден құр қалған’ ‘халықтардан’ бөлініп шыққан (Ефестіктерге 4:17, 18). Сондықтан Исаның ізбасарлары Құдайға ‘ұнамсыз қылықтар мен күнәкар дүниелік құмарлықтардан бас тартып, қазіргі заманда байыпты, әділ, әрі Құдайға ұнамды өмір сүреді’ (Титке 2:12).
5. ‘Жаратқан Иемізбен мақтансын’ деген сөздер нені білдіреді?
5 Өзіміздің кім екенімізді жете түсінуіміз бен Әлемнің Әміршісімен қарым-қатынасымыз бізді ‘Жаратқан Иемізбен мақтануға’ талпындырады (Қорынттықтарға 1-хат 1:31). Бірақ не нәрсеге мақтанамыз? Біз, шынайы мәсіхшілер, Ехобаның өз Құдайымыз екенін мақтан тұтамыз. Біз: “Кім мақтанғысы келсе, Менің жерде рақымдылық жасайтын, заңдылық пен әділдікті жүзеге асыратын Тәңір Ие екенімді түсінетініне және білетініне мақтансын”,— деген сөздерге құлақ асамыз (Еремия 9:24). Біз Құдайды білу мәртебемізге және басқаларға көмектесу үшін оның бізді қолданып отырғанына ‘мақтанамыз’.
Мәсіхшілер екенімізді жете түсіну оңай емес
6. Неге мәсіхші екенімізді әрқашан жете түсіну оңай емес?
6 Рас, өзіміздің мәсіхшілер екенімізді жете түсіну әрқашан оңайға соға бермейді. Мәсіхші отбасында өскен жас жігіт өзінің бір кездері рухани әлсіз болғанын еске алады: “Кейде өзімнің неге Ехоба Куәгері болғанымды білмейтін кездерім болатын. Мен жастайымнан шындықта тәрбиеленгендіктен, бұл бар болғаны көптеген діни ағымның бірі сияқты көрінетін”. Басқалар болса қызық қуған дүниенің, бұқаралық ақпарат құралдарының және осы дүниедегі өмірге деген көзқарастың өздерінің кім екенін ұмыттырып жіберуіне жол берген (Ефестіктерге 2:2, 3). Ал кейбір мәсіхшілер болса өздеріне күмәнданып, мақсаттары мен құндылықтарына деген көзқарастары өзгеруі мүмкін.
7. а) Құдайдың қызметшілері өздерін қалай тексергендері орынды? ә) Қандай жасырын қауіп бар?
7 Өз-өзімізді мұқият тексеріп тұру дұрыс емес деуге бола ма? Жоқ. Елші Пауылдың мәсіхшілерді өздерін тексеріп тұруға шақырғанын есіңе түсірші: “Шынында да сенім жолымен жүрсіңдер ме, жоқ па, соларыңды тексеріңдер, әрқайсың жеке бастарыңды сынаңдар!” (Қорынттықтарға 2-хат 13:5). Бұл жерде елші кез келген рухани әлсіздікті түзетуге қажетті қадамдар жасау үшін оларды байқауға байыппен күш салуға шақырған. Сенім жолымен жүрген-жүрмегенін тексергенде, мәсіхші сөздері мен істері өзінің сеніміне сай ма, сол жағын анықтау керек. Алайда кім екенімізді түсіну ниетімен өзімізді тексергенде жаңсақ ойлап, Ехобамен немесе мәсіхшілер қауымымен қарым-қатынасымызды ескермей кетуіміз ықтимал. Мұндай тексеру рухани қауіпті болуы мүмкінa. ‘Сенімімізді құртып’ алудан абай болайық! (Тімотеге 1-хат 1:19).
Күмән бәрімізде де болуы мүмкін
8, 9. а) Мұса өз күшіне күмәнданатынын қалай білдірген? ә) Ехоба Мұсаға не деп жауап берді? б) Ехобаның уәделері саған қалай әсер етеді?
8 Кейде ойында өзіне қатысты күмән туатын мәсіхшілер өздерін түкке жарамсыз сезінулері керек пе? Әрине, жоқ! Олар Құдайдың ежелгі қызметшілерінде де мұндай сезімнің болғанынан жұбаныш ала алады. Мысалы, күшті сенімімен және шексіз берілгендігімен танымал болған Мұсаны алайық. Атқару мүмкін еместей қиын болып көрінген тапсырма алғанда, Мұса сенімсіздікпен: “[Мен] соншама кіммін?”— деп сұраған (Мысырдан шығу 3:11). Ол: “Мен түкке тұрғысыз біреумін! Менің қолымнан келмейді!”— деп айтқысы келген болу керек. Мұса келесі жағдайларды ойлап та, өзін лайықсыз сезінген болуы мүмкін: ол құлдықта жүрген халықтың өкілі болатын. Оны исраилдіктер де қабылдамай қойған. Мұса сөзге шешен болмаған (Мысырдан шығу 1:13, 14; 2:11—14; 4:10). Ол қойшы болған, ал бұл жұмыстан мысырлықтар жиренетін (Жаратылыс 46:34). Ендеше, ол Құдайдың құлдықтағы халқының құтқарушысы болуға өзін лайықсыз сезінгеніне таңғалуға бола ма!?
9 Ехоба Мұсаға күшті екі уәде беріп, көңілін орнықтырады: “Мен саған жар боламын. Сен халықты Мысырдан алып шыққан соң, сендер Маған осы тауда ғибадат ететін боласыңдар. Сені Өзім жібергендігімнің дәлелі осы болмақ” (Мысырдан шығу 3:12). Құдай жасқаншақ қызметшісіне тастамайтынын айтады. Оның үстіне, Ехоба өз халқын міндетті түрде босататынын білдіреді. Құдай ғасырлар бойы қызметшілеріне қолдайтынын айтып, уәде беріп отырған. Мысалы, Исраил халқы Уәде етілген жердің табалдырығында тұрғанда, Құдай Мұса арқылы былай деген: “Батыл да, табанды болыңдар... Құдайларың Тәңір Өзі сендермен бірге барады, ол сенен бас тартпайды және қалдырмайды” (Заңды қайталау 31:6). Ехоба Ешуаға да осындай уәде берген: “Бүкіл өміріңде саған ешкім қарсы келе алмайды... мен сенімен бірге боламын. Сенен бас тартпаймын және қалдырмаймын” (Ешуа 1:5). Мұндай уәдені мәсіхшілер де алды: “Мен сенен бас тартпаймын, ешқашан жалғыз қалдырмаймын” (Еврейлерге 13:5). Осындай күшті қолдауға ие болып отырған біздер мәсіхші екендігімізді мақтан тұтуымыз керек!
10, 11. Леуілік Асафтың Ехобаға қызмет етуге қатысты көзқарасын түзеуге не көмектесті?
10 Мұсадан соң бес ғасырдай өткенде, Асаф есімді адал леуілік әділ жолмен жүрудің бос әурешілік болып көрінгенін ашық жазған. Ол сынақтар мен азғыруларға қарамастан, Құдайға қызмет етуге бар күшін салып жатқанда, Құдайды күлкіге айналдыратын адамдардың күннен-күнге күшейіп және гүлденіп жатқанын көрген. Бұл Асафқа қалай әсер еткен? Ол былай деп мойындайды: “Ал мен тура жолдан тая жаздадым, тірегімнен айырылуға шақ қалдым. Күнәкарлардың өркендеуін көріп, менмендерге қызғана қарай бердім”. Оған Ехобаға ғибадат ету бос әурешілік сияқты көрініп: “Әлде бекерге жүрегімді пәк сақтап, қолымды күнәдан таза ұстадым ба?! Сонда да күн ұзағына қиналып... түсем азабыма!”— деп ойлай бастайды (Забур 72:2, 3, 13, 14).
11 Асаф не істеді? Жағымсыз сезімдеріне көз жұма салды ма? Жоқ. Забур жырының 72-тарауынан көрініп тұрғандай, ол дұға арқылы Құдайға сезімдерін ашық айтқан. Асаф ғибадатханадағы киелі орынға барғанда, оның көзқарасы түбегейлі өзгереді. Сол жерде ол Құдайға шексіз берілуден артық ештеңе жоқ екенін түсінеді. Көзқарасын дұрыстаған ол Ехобаның жамандықты жек көретінін және өз уақытында зұлымдарды жазалайтынын түсінеді (Забур 72:17—19). Әрі Ехобаның қызметшісі болудың мәртебе екеніне көзі жете түседі. Ол Құдайға былай дейді: “Әрдайым қасыңда боламын, Сен мені оң қолымнан ұстап қолдайсың. Ақыл-кеңесіңмен мені жетелеп, соңында ұлылықпен қабылдайсың” (Забур 72:23, 24). Бұдан соң Асаф қайтадан Құдайды мақтан тұтатын болады (Ишая 45:25).
Олар өздерінің кім екендіктерін жете түсінген
12, 13. Киелі кітаптағы Құдаймен қарым-қатынастарын мақтан тұтқан адамдар жайында айтып беріңдер.
12 Мәсіхші жолында берік болып қалудың бір жолы — қиыншылықтарға қарамастан, Ехобамен қарым-қатынастарын мақтан тұтқан Құдайдың адал қызметшілері туралы мәліметтерді қарастырып, олардың сенімдеріне еліктеу. Жақыптың ұлы Жүсіпті алайық. Әлі буыны қатпаған кезінде оған сатқындық жасап, Құдайды қастерлейтін әкесі мен жылы ұясынан жүздеген шақырым қашықтықта жатқан Мысыр еліне құлдыққа сатып жібереді. Мысырда Жүсіпке Құдай даналығына негізделген кеңес беретін адам болмайды және ол құлықтылығы мен Құдайға артқан үмітінің беріктігін сынаққа салған жағдайларға кезігеді. Алайда ол Құдайдың қызметшісі болып қалу үшін саналы түрде күш салған және ар-ұятын таза сақтаған. Ол тіпті өзіне қарсы адамдардың ортасында жүргенде де, Ехобаның қызметшісі екенін мақтан тұтқан және мұны ашық айтудан ұялмаған (Жаратылыс 39:7—10).
13 Сегіз ғасыр өте құлдыққа кетіп, Сирия қолбасшысы Нағыманның күңіне айналған исраилдік қыз өмір сүрген. Ол да өзінің Ехобаның қызметшісі екенін ұмытпаған. Ол Ехоба туралы куәлік беру мүмкіндігін жібермей, шынайы Құдайдың пайғамбары Елішә туралы батылдықпен айтады (Патшалықтар 4-жазба 5:1—19). Бұдан соң жылдар өте жас патша Жосия бұзылған ортада жүргеніне қарамастан, елде ауқымды діни өзгерістер жасайды, ғибадатхананы жөндейді және халықтың Ехобаға қайта бет бұруына ықпал етеді. Ол шын Құдайға сенетінін мақтан тұтқан (Шежірелер 2-жазба 34, 35-тараулар). Бабылда болған Даниял мен оның үш досы өздерінің Ехобаның қызметшілері екендіктерін ешқашан ұмытпаған, олар тіпті қысым мен азғыруларға тап болғанда да, мінсіздіктерін сақтап қалған. Олар Ехобаға қызмет ететіндерін мақтан тұтқаны анық (Даниял 1:8—20).
Мәсіхші екендігіңді мақтан тұт
14, 15. Қалайша мәсіхші екендігімізді мақтан тұта аламыз?
14 Құдайдың бұл қызметшілері табысты болған, себебі олар Құдаймен қарым-қатынастарын орынды түрде мақтан тұтып үйренген. Ал біз ше? Мәсіхші екендігімізді мақтан тұтуға не жатады?
15 Ең бірінші бұған Ехобаның есімімен аталып жүрген адамдардың қатарында жүріп, оның батасы мен ықыласына ие болып жатқанымызға терең ризашылығымызды білдіру жатады. Құдай қарамағындағыларына күмәнмен қарамайды. Діни көзқарастардың әбден шиеленіскен кезінде өмір сүрген елші Пауыл: “Иеміз қарамағындағыларын жақсы біледі”,— деп жазған (Тімотеге 2-хат 2:19; Руларды санау 16:5). Ехоба “қарамағындағыларын” мақтан тұтады. Киелі кітапта: “Кім сендерге тисе, менің көзімнің қарашығына тигені”,— делінген (Зәкәрия 2:8, ЖД). Ехобаның бізді сүйетіні анық. Сондықтан біздің де Құдаймен қарым-қатынасымыз терең сүйіспеншілікке негізделу керек. Пауыл: “Құдай Өзін сүйгенді жақсы біледі”,— деген (Қорынттықтарға 1-хат 8:3).
16, 17. Неге мәсіхшілердің жасы да кәрісі де рухани мұраларын мақтан тұта алады?
16 Мәсіхші отбасында өскен жастар Құдаймен жеке қарым-қатынастары нығайып келе жатыр ма, соны тексергендері дұрыс болады. Олар тек ата-аналарының сенімімен ғана өмір сүре алмайды. Құдайдың әрбір қызметшісіне қатысты Пауыл: “Ол өз Иесі үшін тұрады не құлайды”,— деген. Демек, елші айтқандай, “әрқайсымыз Құдай алдында өз іс-әрекетіміз үшін есеп береміз” (Римдіктерге 14:4, сілтемені қараңдар, 12). Отбасы дәстүрін селқос жалғастырып жүрген адамның Ехобамен тығыз қарым-қатынасы ұзаққа бармайды.
17 Жер бетінде Ехобаның куәгерлері тарих бойы болған. Бұл Куәгерлер тізбегі алпыс ғасыр бұрын өмір сүрген Әбілден бастап, бүгіндегі ‘өте үлкен тобырға’ дейін жалғасады және жаңа дүниеде ол одан әрі де созыла бермек (Аян 7:9; Еврейлерге 11:4). Ал қазір біз осы адал қызметшілердің тізбегіндегі соңғылармыз. Біздің рухани мұрамыз неткен мол!
18. Қалай құндылықтарымыз бен бағынатын талаптарымыз бізді осы дүниеден бөлек етеді?
18 Мәсіхші екеніміз құндылықтарымыздан, қасиеттерімізден, бағынатын талаптарымыздан көрінеді. Біздің ұстанатын ‘жолымыз’ — жалғыз ғана табысты және Құдайға ұнамды жол (Елшілердің істері 9:2; Ефестіктерге 4:22—24). Мәсіхшілер ‘бәрін сынап, жақсысын ғана қабыл алады!’ (Салониқалықтарға 1-хат 5:21). Біз мәсіхшілік пен Құдайдан безген дүниенің айырмашылығы жер мен көктей екенін жақсы түсінеміз. Ехоба шынайы және жалған ғибадатты ажыратуға бар жағдайды жасаған. Өзінің Малахи пайғамбары арқылы ол былай деп жариялаған: “Сонда әділ мен әділетсіздің, Құдайға қызмет ететін адам мен Оған қызмет етпейтін адамның айырмашылығын қайтадан көресіңдер” (Малахи 3:18).
19. Шынайы мәсіхшілер өз діндеріне қалай қарамайды?
19 Бұл шым-шытырық дүниеде Ехобаны мақтан тұту өте маңызды. Құдайымызды мақтан тұтуға және өзіміздің кім екенімізді жете түсінуімізге не көмектеседі? Келесі мақалада осыған қатысты пайдалы кеңестер беріледі. Оларды қарастыра отырып, бір нәрсеге сенімді болуыңа болады: шынайы мәсіхшілер өз дініне ешқашан “селқос” қарамайды.
[Сілтеме]
a Мұнда тек рухани күйімізді тексеруге қатысты айтылып тұр. Психикалық денсаулығына зиян келген адамдар болса, медициналық ем қабылдағандары дұрыс болады.
Естеріңде ме?
• Қалай мәсіхшілер Ехобаны мақтан тұта алады?
• Мұса мен Асафтың үлгісінен қандай сабақ алдыңдар?
• Киелі кітаптағы қандай адамдар Құдайға қызмет ететіндерін мақтан тұтқан?
• Қалай мәсіхші екенімізді мақтан тұта аламыз?
[4-беттегі сурет]
Мұсаның ойында күмән туған кез болған
[7-беттегі суреттер]
Ежелдегі көптеген адамдар Ехобаның қызметшілері екендіктерін мақтан тұтқан