Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w04 1.7. 19—24 бет.
  • ‘Барыңдар! оларды Менің шәкірттерім етіңдер’

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • ‘Барыңдар! оларды Менің шәкірттерім етіңдер’
  • 2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ‘Маған барлық билік берілген’
  • Негіз болатын себептер мен дұрыс ниет
  • ‘Күллі халықтарға барыңдар! Оларды шәкірттерім етіңдер’
  • “Әр түрлі тілде сөйлейтін халықтардан шыққан”
  • Қанағат беретін қызметке қатыса аласың ба?
  • Түрлі әдістер қолданамыз
  • ‘Оларды сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер!’
    2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Төрт шәкірті адам аулайтын болады
    Иса пайғамбар — жол, шындық, өмір
  • Түбегейлі куәлік беруге үйреніңдер
    2005 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Ізгі хабарды “әр түрлі тілде сөйлейтін” адамдар естиді
    2005 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w04 1.7. 19—24 бет.

‘Барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіңдер’

“Маған көк пен жердің барлық билігі берілген! Сондықтан күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіңдер” (МАТАЙ 28:18, 19).

1, 2. а) Иса шәкірттеріне қандай тапсырма берді? ә) Исаның өсиет еткендеріне байланысты туындаған қандай сұрақтарды қарастырамыз?

ИСРАИЛ, б. з. 33 жылының көктемі. Исаның шәкірттері Ғалилеядағы тауға жиналған. Қайта тірілген Иелері шамалы уақыттан кейін көкке көтеріледі, бірақ ол, алдымен, шәкірттеріне маңызды бір нәрсе айту керек болды. Иса оларға тапсырма бермек еді. Ол қандай тапсырма болды? Оны шәкірттері қалай қабыл алды? Ал бізге оның қандай қатысы бар?

2 Исаның не айтқанын Матай 28:18—20-дан оқимыз: “Маған көк пен жердің барлық билігі берілген! Сондықтан күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер! Естеріңде болсын: Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!” Иса ‘барлық билік’, ‘күллі халықтар’, “өсиет еткендерімнің бәрін” және “әр күні” деген сөздер айтты. Оның тапсырмасындағы осы төрт тіркеске қатысты неге? қай жерде? нені? қашанға дейін? деген өте маңызды сұрақтар туындайды. Қазір осы сұрақтарды біртіндеп қарастырайықa.

‘Маған барлық билік берілген’

3. Неге шәкірт дайындау өсиетіне құлақ асуымыз керек?

3 Біріншіден, неге біз шәкірт дайындау өсиетіне құлақ асуымыз керек? Иса былай деді: ‘Маған көк пен жердің барлық билігі берілген! Сондықтан барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіңдер’. Бұндағы “сондықтан” деген сөз бұл өсиетке неге құлақ асуымыз керектігіннің басты себебін көрсетеді. Оның себебі өсиет еткен Исаның қолында ‘барлық билік’ бар. Оның билігінің аясы қаншалықты кең?

4. а) Исаның билігінің аясы қаншалықты кең? ә) Исаның қандай билігі бар екенін түсінгеніміз оның шәкірт дайындау өсиетіне деген көзқарасымызға қалай әсер ету керек?

4 Иса қауымға билік етеді, ал 1914 жылдан бастап жаңадан орнаған Құдай Патшалығындағы билікті қолына алған (Қолостықтарға 1:13; Аян 11:15). Ол — бас періште, сондықтан жүздеген миллион періштеден тұратын көктің әскері оған бағынады (1 Салониқалықтарға 4:16; 1 Петір 3:22; Аян 19:14—16). Оған Әкесі әділ принциптерге қарсы болған ‘күллі үкіметті, билік пен күш атаулыны’ жоюға билік берген (1 Қорынттықтарға 15:24—26, ЖД; Ефестіктерге 1:20—23). Исаның билігінің аясы тірілермен ғана шектелмейді. Сондай-ақ ол “тірілер мен өлілерді соттауға тағайындалған” және өлім ұйқысындағыларды тірілту үшін Құдайдан күш алған (Елшілердің істері 10:42; Жохан 5:26—28). Осындай билік алған Тұлғаның өсиетін, әрине, ең маңызды деп қарастыру керек. Олай болса, Исаның: ‘Барыңдар! Оларды менің шәкірттерім етіңдер’,— деген тапсырмасына мойынсұнуға дайынбыз, әрі оны мәртебе санаймыз.

5. а) Қалай Петір Исаның бұйрығына мойынсұнды? ә) Петір Исаның айтқанын орындаудың арқасында қандай батаға ие болды?

5 Иса жердегі қызметінің басында шәкірттеріне есте қалатын жайт арқылы сабақ беріп, өзінің билігін мойындау мен өсиетіне құлақ асудың арқасында батаға ие болатындарын түсіндірді. Бір жолы ол балықшы болған Петірге ‘көлдің терең жеріне жүзіп барып, балыққа ау салуды’ бұйырады. Ешқандай балық жоқ екеніне сенімді болған Петір Исаға: “Ұстаз, біз түні бойы еңбектеніп, түк ұстай алған жоқпыз!” — деп жауап қатты. Алайда артынша кішіпейілділікпен: “Бірақ Сіз айтқан соң ауларды тағы да салып көрейін”,— деді. Исаның айтқанын орындады да, Петір “өте көп балық” ұстады. Бұған үрейі ұша аңтарылған ол: “Исаның аяғына жығылып: — Ием, қасымнан кете көріңіз, Мен күнәкар адаммын! — деді, бірақ Иса: “Қорықпа! Балық аулағаның сияқты бұдан былай адамдарды жинап әкелетін боласың”,— деді (Лұқа 5:1—10; Матай 4:18). Бұл оқиғадан біз қандай сабақ аламыз?

6. а) Керемет түрде балық аулаған оқиғадан Иса адамдардың өзіне қалай мойынсұнғанын қалайтыны көрінеді? ә) Біз Исаға қалай еліктей аламыз?

6 Иса Петір мен Әндірге және басқа елшілеріне балық аулаған сияқты ‘адамдарды жинап әкелу’ тапсырмасын ғажайып түрде балық аулаудың алдында емес, кейін берді (Марқа 1:16, 17). Бұдан Исаның өзіне ойланбай мойынсұнуды қаламағаны анық көрінеді. Ол екі балықшыға өзіне мойынсұнуға негіз болатын себеп берді. Ауларды суға тастап, Исаның бұйрығына мойынсұнғандары керемет нәтиже бергендей, ‘адамдар жинап әкелу’ өсиетін орындау да зор баталар әкелмек еді. Сондықтан елшілер толық сеніммен Исаның шақыруын қабыл алды. Оқиға: “Екі қайықты жағаға шығарғаннан кейін олар бәрін тастап, Исаға шәкірт болып ерді”,— деп бітті (Лұқа 5:11). Қазіргі күні біз де Исаға еліктеп, басқаларды шәкірт дайындау ісіне қатысуға шақырамыз. Олардан біз не айтсақ соны орындай беруін талап етпейміз, қайта, орындауға негіз болатын себептерді көрсетеміз.

Негіз болатын себептер мен дұрыс ниет

7, 8. а) Патшалық туралы уағыздау мен шәкірт дайындаудың Киелі кітапқа негізделген қандай себептері бар? ә) Уағыздауды жалғастыра беруге жеке өзіңді әсіресе қандай Жазба орны талпындырады? (Сілтемеге де қараңдар.)

7 Мәсіхтің билігін мойындаймыз, сондықтан біз Патшалықты уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне қатысамыз. Ізгі іске қозғау салғымыз келетін адамдарға түсіндіретін бұл істің тағы басқа Киелі кітапқа негізделген қандай себептері бар? Түрлі елдерде тұратын адал Куәгерлердің байқағандарын қарастырып, олардың айтқандарын келтірілген Жазба орындары қалай растайтынына көңіл бөліңдер.

8 1951 жылы шомылдыру рәсімінен өткен Рой: “Өзімді Ехобаға бағыштағанда, оған әрқашан қызмет етуге сөз бергенмін. Сөзімде тұрғым келеді” (Забур 49:14; Матай 5:37). 1962 жылы шомылдыру рәсімінен өткен Хетер: “Ехобаның маған істеген бар жақсылығын ойлағанда, адал қызмет етуіммен оған алғысымды білдіргім келеді” (Забур 9:2, 10—12; Қолостықтарға 3:15). 1954 жылы шомылдыру рәсімінен өткен Ханнелора: “Қызметте бізді үнемі періштелер қолдап жүреді, бұл — неткен мәртебе!” (Елшілердің істері 10:30—33; Аян 14:6, 7). 1969 жылы шомылдыру рәсімінен өткен Онор: “Ехобаның сот күні келгенде, айналамдағы адамдардың бірі де Ехобаны не оның Куәгерлерін “Маған ешкім ескерткен жоқ қой!” деп кінәлағанын қаламаймын” (Езекиел 2:5; 3:17—19; Римдіктерге 10:16, 18). 1974 жылы шомылдыру рәсімінен өткен Клаудио: “Уағыздап жүргенде, біз ‘Құдайдың көз алдындамыз’ және ‘Мәсіхпен тығыз байланыстамыз’! Қызметте жүрген уақытта менің екі ең жақсы досым қасымда” (2 Қорынттықтарға 2:17)b.

9. а) Петір мен басқа елшілердің балық аулағаны жайлы оқиға Мәсіхке мойынсұнуға қатысты нені көрсетеді? ә) Құдай мен Мәсіхке мойынсұнуға қандай дұрыс ниет түрткі болу керек және неге?

9 Керемет түрде балық аулаған оқиға Исаға мойынсұнуға дұрыс ниет, яғни сүйіспеншілік түрткі болу керек екенін де көрсетеді. Петір: “Қасымнан кете көріңіз, мен күнәкар адаммын”,— деген кезде, Иса кетіп қалмады, кінә тағып айыптамады да (Лұқа 5:8). Тіпті Иса өзінің кетуін өтінгені үшін де Петірді айыптамады. Қайта мейіріммен: “Қорықпа!” — деді. Исаға қорыққандықтан мойынсұнғаны дұрыс болмас еді. Қайта, Иса Петірге пайдалы іске қатысып, басқалармен бірге адамдарды балық аулаған сияқты жинап әкелетіндігін айтты. Қазіргі күні де Исаға мойынсұндыру үшін біз адамдарды қорқытудан немесе кінәлі сезіндіру мен ұялту сияқты жағымсыз сезімдер оятудан аулақпыз. Құдай мен Мәсіхке деген сүйіспеншілік адамды жан дүниесімен мойынсұнуға ниеттендірсе ғана Ехобаның жүрегі қуанады (Матай 22:37).

‘Күллі халықтарға барыңдар! Оларды шәкірттерім етіңдер’

10. а) Исаның шәкірт дайындау өсиетінің қай бөлігі үлкен қиындық тудыратын еді? ә) Шәкірттері Исаның өсиетін қалай қабыл алды?

10 Исаның өсиетіне қатысты көтерілген екінші сұрақ шәкірт дайындау ісі қай жерде жүру керек? Иса шәкірттеріне: ‘Күллі халықтарға барыңдар! Оларды шәкірттерім етіңдер’,— деді. Исаның қызметіне дейінгі уақытта Ехобаға қызмет ету үшін Исраилге келген басқа халықтарды жылы қабылдайтын (3 Патшалықтар 8:41—43). Исаның өзі негізінен яһудилерге уағыздаған, ал шәкірттеріне күллі халықтарға баруды тапсырды. Демек, шәкірттерінің балық аулайтын, немесе уағыздайтын аймағы кішкене ғана яһудилер “тоғаны” емес, бүкіл адамзат “теңізі” болмақ еді. Бұл қаншама қиын тапсырма болса да, шәкірттері Исаның айтқанына мойынсұнуға дайын болды. Иса өлгеннен кейін не бары отыз жылға жуық уақыттан соң, елші Пауыл ізгі хабардың тек яһудилерге ғана емес, “аспан астындағы барлық адамзатқа” жарияланғанын жазды (Қолостықтарға 1:23).

11. ХХ ғасырдың басынан бері “балық аулау аймағы” қаншалықты кеңейді?

11 Біздің кезіміздегі уағыздау аймағы кеңейе түскені байқалды. Жиырмасыншы ғасырдың басында “балық аулайтын аймақ” азғантай ғана елді қамтыды. Алайда Мәсіхтің шәкірттері бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің үлгісіне еліктеп, уағыздау аймақтарын құлшыныспен кеңейте бастады (Римдіктерге 15:20). 1930 жылдардың басында шәкірт дайындау ісі шамамен жүз елде жүріп жатқан болатын. Бүгінде “балық аулау аймағымызға” 235 ел кіреді (Марқа 13:10).

“Әр түрлі тілде сөйлейтін халықтардан шыққан”

12. Зәкәрия 8:23-тегі пайғамбарлықта қандай қиындыққа көңіл бөлінген?

12 Күллі халықтардан шәкірт дайындау ісі — тек географиялық жағынан емес, тіл жағынан да қиын тапсырма. Ехобаның Зәкәрия пайғамбар арқылы айтуынша: “Сол күндері әр түрлі тілде сөйлейтін халықтардан шыққан он адам Яһудидің етегіне жармасып: — Біз сенімен бірге барамыз, өйткені Құдай сендермен бірге деп естідік,— дейтін болады” (Зәкәрия 8:23). Бұл пайғамбарлықтың үлкен көлемдегі орындалуы бойынша, ‘Яһуди’ майланған мәсіхшілердің тамтығын, ал “он адам” ‘өте үлкен тобырды’ бейнелейдіc (Аян 7:9, 10; Ғалаттықтарға 6:16). Өте үлкен тобырды құрайтын Мәсіхтің шәкірттері әр түрлі халықтардан шығып, Зәкәрия айтқандай, көптеген тілде сөйлеу керек еді. Құдай халқының қазіргі тарихынан осы көріне ме? Әрине, көрінеді.

13. а) Қазір Құдай халқында тілге байланысты қандай өсім байқалуда? ә) Әр түрлі тілдегі рухани азыққа мұқтаждықтың өсіп отырғанын адал да ақылды құл қалай қабылдауда? (“Көзі көрмейтіндерге арналған әдебиеттер” қоршауындағы ойларды ескеріңдер.)

13 1950 жылы Куәгерлердің бестен үшінің ана тілі ағылшын тілі болатын. 1980 жылы болса бұл көрсеткіш бестен екіге түсті, ал қазір тек бестен бірінің ғана ана тілі ағылшын тілі. Тілге қатысты бұндай өзгерісті “адал да ақылды құл” табы қалай қабыл алды? Ол рухани азықты әлдеқайда көп тілде дайындайтын болды (Матай 24:45, ЖД). Мысалы, 1950 жылы біздің басылымдар 90 тілде шыққан болса, қазір шамамен 400 тілде шығады. Әр түрлі тілде сөйлейтін халықтарға көрсетілген мұндай қамқорлық нәтиже берді ме? Бергенде қандай! Апта сайын 5 000-ға жуық ‘әрбір тілден шыққан’ адам Мәсіхтің шәкірті болуда (Аян 7:9). Өсім әлі де болып жатыр. Кейбір елдерде “балық аулау” ісі мол нәтиже беруде (Лұқа 5:6; Жохан 21:6).

Қанағат беретін қызметке қатыса аласың ба?

14. Тұратын жерімізде шет тілде сөйлейтіндерге қалай көмектесе аламыз? (“Ым тілі және шәкірт дайындау” қоршауындағы ойларды ескеріңдер.)

14 Көптеген батыс елдеріне қоныс аударып жатқандар көбейгендіктен, сол елдердегі жариялаушыларға шетелге шықпай-ақ ‘әрбір тілдің’ адамдарынан шәкірт дайындау керек болды (Аян 14:6). Тұратын жеріміздегі өзге тілді адамдарға қалай көмектесуге болады? (1 Тімотеге 2:4). “Аулаудың”, яғни сөйлесудің, дұрыс әдісін пайдалана аламыз. Ондай адамдарға өз тілінде әдебиеттер ұсын. Мүмкін болса, сол тілде сөйлейтін Куәгер бару үшін шара қолдан (Елшілердің істері 22:2). Қазіргі кезде бұндай шара қолдану оңайырақ, себебі шетелдіктерге Мәсіхтің шәкірті болуға көмектесу үшін өзге тілдерді үйренген Куәгерлер көп. Есептерге қарағанда, бұндай көмек нәтижелі болып жатыр.

15, 16. а) Шет тілде сөйлейтіндерге көмек берудің қуанышты екені қандай мысалдардан көрінеді? ә) Шет тілді танапта қызмет етуге байланысты қандай сұрақтарды қарастыруымызға болады?

15 Патшалықты уағыздау ісі отыз төрт тілде жүретін Нидерландыда болған екі мысалды қарастырайықшы. Бір ерлі-зайыпты Куәгерлер поляк тілінде сөйлейтіндердің арасынан өз еріктерімен шәкірт дайындауға ынта білдіреді. Еңбектерінің жемісті болғаны сонша, қызығушылық білдіргендермен Киелі кітапты зерттеу сабағына апта сайын тағы бір күнді босату үшін ер бауырласымыз жұмыс уақытын қысқартуға тура келді. Көп ұзамай олар апта сайын жиырмадан аса Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізетін болды. “Қызметімізден көп қуаныш алудамыз”,— деді олар. Шәкірт дайындаушылар Киелі кітап шындығын ана тілінде естігендер ризашылықтарын білдіргенде, әсіресе қуанады. Мысалы, Вьетнам тіліндегі қауым кездесуінде бір қарт кісі орнынан тұрып, сөйлеуге рұқсат сұрады. Көзіне жас толған ол Куәгерлерге: “Менің қиын тілімді үйренуге күш салып жүргендеріңе рақмет. Қартайған шағымда Киелі кітаптан көптеген керемет нәрселерді білгеніме өте ризамын”,— деді.

16 Олай болса, шет тілдегі қауымдарда қызмет етіп жүргендердің зор қуанышқа кенеліп жатқандары таңғалдырмайды. Ұлыбританиялық бір ерлі-зайыптылар: “Шет тілді танаптағы қызмет — Патшалыққа қызмет еткен қырық жылдағы ең ғажап кезеңдердің бірі”,— деді. Осындай жігерлендіретін қызметке қатысу үшін өміріңде өзгерістер жасай алар ма едің? Егер мектепте оқып жүрген болсаң, қызметтің осындай түріне дайындалу үшін шет тілін үйрене аласың ба? Үйренетін болсаң, алдыңнан батаға толы қуанышты өмірге жол ашылуы мүмкін (Нақыл сөздер 10:22). Неге бұл жайлы ата-анаңмен сөйлеспеске?

Түрлі әдістер қолданамыз

17. Өз қауымымыздың аумағында қалайша көбірек адамдарға хабар жеткізе аламыз?

17 Әрине, көпшілігіміздің шет тілді аймақта “ау” салуға мүмкіндігіміз жоқ. Алайда өз қауымымыздың аумағында көбірек адамдарға хабар жеткізе алатын шығармыз. Қалайша? Түрлі хабарды емес, түрлі әдістерді қолдану арқылы. Көп жерлерде есігі мықтап күзетілетін көп қабатты үйлерде тұратын адамдардың саны өсуде. Ал көптеген басқа адамдар үйме-үй жүргенде үйлерінде болмайды. Сондықтан “ауларымызды” басқа уақытта және басқа жерде салған дұрыс болар. Осылайша біз Исаға еліктейміз. Ол әр түрлі жағдайларда адамдармен сөйлесудің жолын тауып отырған (Матай 9:9; Лұқа 19:1—10; Жохан 4:6—15).

18. Әр түрлі жерде уағыздау қаншалықты тиімді? (“Іскерлер аумағында шәкірт дайындау” қоршауындағы ойларды ескеріңдер.)

18 Кейбір елдерде адамдар бар жерлердің бәрінде куәлік ету шәкірт дайындаудың маңызды әдісі болып табылады. Бұл істе тәжірибелі бауырластар мүмкіндігінше әр түрлі жерде уағыздауға көңіл бөліп жүр. Үйме-үй жүрумен қатар жариялаушылар қазір әуежайларда, мекемелерде, дүкендерде, көлікжайларда, көшелерде, саяжайларда, жағажайлар мен тағы да сол сияқты жерлерде уағыздайды. Гавайда жақында шомылдыру рәсімінен өткендердің айтарлықтай бөлігі Куәгерлермен алғаш рет осындай жерлерде сөйлескен. Әдістерімізді өзгерту Исаның шәкірт дайындау тапсырмасын толықтай орындауға көмектеседі (1 Қорынттықтарға 9:22, 23).

19. Келесі мақалада Исаның тапсырмасына қатысты қандай сұрақтар қарастырылады?

19 Алайда Исаның шәкірт дайындау тапсырмасы тек неге және қай жерде деген сұрақтарға қатысты емес. Сондай-ақ ол нені уағыздауымыз керек және оны қашанға дейін жалғастыруымыз керек екенін де қамтиды. Исаның тапсырмасына қатысты бұл екі сұрақ келесі мақалада қарастырылады.

[Сілтемелер]

a Сұрақтардың алғашқы екеуі осы мақалада, ал қалған екеуі келесі мақалада қарастырылады.

b Патшалық туралы уағыздаудың басқа да себептерін Жазба орындарынан табуға болады: Нақыл сөздер 10:5; Амос 3:8; Матай 24:42; Марқа 12:17; Римдіктерге 1:14, 15.

c Осы пайғамбарлықтың орындалуына қатысты көбірек мәліметті Ехоба Куәгерлері басып шығарған 2001 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 тамызындағы нөмірінің 8-бетінен және “Ишаяның пайғамбарлығы — бүкіл адамзат үшін нұр” (ор.) кітабының 2-том, 408-бетінен табуға болады.

Естеріңде ме?

• Патшалықты уағыздау мен шәкірттер дайындау ісіне қатысуымыздың себептері қандай және бізге қандай ниет түрткі болады?

• Исаның күллі халықтардан шәкірт дайындау тапсырмасын Ехобаның қызметшілері қазір қандай көлемде орындауда?

• ‘Балық аулау’ әдісімізді қалай түрлендіре аламыз және неге солай етуіміз керек?

[20-беттегі қоршау/суреттер]

Көзі көрмейтіндерге арналған әдебиеттер

Альберт — Құрама Штаттарында тұратын мәсіхші ақсақал әрі толық уақытты қызметші. Оның көзі көрмейді. Брайль қарпіндегі Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер оған уағыздауға әрі қызмет бақылаушы ретіндегі қызметін әлдеқайда нәтижелі атқаруға көмектеседі. Ол қауымдағы міндеттерін қалай орындап жүр? “Осы уақытқа дейін қауымымызда Альберттен артық пайдалы қызмет көрсеткен бақылаушы болған емес”,— деді төрағалық етуші бақылаушы Джеймс. Альберт — ағылшын және испан Брайль қарпінде шығатын Киелі кітап әдебиеттерін Құрама Штаттарында көп жылдан бері алып тұратын көзі көрмейтін бес мыңдай адамның бірі. Ескеретін жай — адал құл табы 1912 жылдан бері Брайль қарпінде әдебиеттердің жүзден аса түрін басып шығарды. Ехоба Куәгерлері бүгінгі күні жаңа технологиялық әдістерді қолдану арқылы жыл сайын оннан аса тілде миллиондаған парақ басып шығарып, оларды жетпістен аса елге жөнелтуде. Көзі көрмейтіндер үшін басып шығарылатын әдебиеттердің көмегі қажет болып жүрген адамды білесің бе?

[21-беттегі қоршау/сурет]

Ым тілі және шәкірт дайындау

Саңырауларға Мәсіхтің шәкірті болуға көмектесу үшін жер шарындағы мыңдаған Куәгерлер, олардың ішінде көптеген құлшынысты жастар да бар, ым тілін үйреніп алған. Соның нәтижесінде Бразилияның өзінде алдыңғы жылы алпыс үш саңырау адам шомылдыру рәсімінен өтті және отыз бес саңырау Куәгер сол елде толық уақытты қызмет атқарып жүр. Дүние жүзі бойынша 1 200-ден аса ым тілді қауым мен топтар бар. Географиялық жағынан дүниедегі ең үлкен ым тілді аудан — бүкіл елді қамтитын Ресейдегі аудан.

[22-беттегі қоршау]

Іскерлер аумағында шәкірт дайындау

Гавайда бір Куәгер іскер адамдарға жұмыс орнында уағыздап жүріп бір жүк тасу мекемесінің бастығына жолығады. Шаруасының көптігіне қарамай, ол кісі аптасына отыз минут жұмыс орнында Киелі кітапты зерттеуге келіседі. Сәрсенбі сайын таңертең қызметшілеріне телефон соқпауларын айтып, бар ықыласымен зерттеуге кіріседі. Ал басқа бір Куәгер Гавайда аяқ-киім жөндейтін ұстахананың иесімен жұмыс орнында апта сайын Киелі кітапты зерттейді. Адамдар келген кезде, шетке шығып күтіп тұрады да, босаған соң зерттеуді әрі қарай жалғастырады.

Бұл екі кісіні Куәгерлер өз ықыластарымен “ауларын” басқа жерге салудың арқасында кездестірді. Үйлерінен табу қиын адамдарды қауым учаскесінің қай жерінде кездестіруге болатыны жайлы ойланасыңдар ма?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу