Қарттарға қамқорлық көрсету — мәсіхшілердің борышы
“Сендер қартайған шақта да Мен өзгермеймін, шаштарың ағарған кезде де қолдай беремін” (ИШАЯ 46:4).
1, 2. Көктегі Әкеміздің қамқорлығының ата-анамыздың қамқорлығынан қандай ерекшелігі бар?
СҮЮШІ ата-ана балаларын нәресте кезінде, балалық және жасөспірім шағында бағып-қағады. Тіпті балалары ержетіп, балалы-шағалы болып отырса да, ата-ана оларға ықыласпен көңіл бөлуді, қолдау көрсетуді доғармайды.
2 Алайда ата-ана мүмкіндіктері шектеулі болғандықтан, балаларына қалағандарының бәрін істей алмайды. Ал көктегі Әкеміз барлық уақытта адал қызметшілеріне ықыласпен көңіл бөле алады және қолдау көрсете алады. Ехоба ежелгі уақытта таңдап алған халқына былай деген: “Сендер қартайған шақта да Мен өзгермеймін, шаштарың ағарған кезде де қолдай беремін” (Ишая 46:4). Қарт мәсіхшілер үшін бұл неткен жүрек жылытатын сөздер! Ехоба өзіне адал болып қалғандарды тастамайды. Қайта, оларға күш беруге, қолдау көрсетуге және өмір бойы, тіпті қартайғанда да, жол көрсетуге уәде береді (Забур 47:15).
3. Осы мақалада нені қарастырамыз?
3 Сүйіспеншілікпен қарттардың қамын ойлайтын Ехобаға біз қалай еліктей аламыз? (Ефестіктерге 5:1, 2). Дүниежүзілік бауырластығымыздың егде тартқан мүшелеріне ересек балаларының, бақылаушылардың және жеке мәсіхшілердің қамқорлық көрсете алуының жолдарын қарастырайық.
Ата-ана алдындағы борышымыз
4. Мәсіхшінің ата-анасының алдында қандай борышы бар?
4 “Ата-анаңды сыйла!” (Ефестіктерге 6:2; Мысырдан шығу 20:12). Еврей жазбасындағы қарапайым болса да, терең мағынасы бар осы сөзді келтіріп, елші Пауыл баланың ата-анасының алдындағы борышын еске салды. Бірақ бұны қарттарға қамқорлық көрсетуге қатысты қалай қолдануға болады? Бұл сұрақтың жауабын алуға мәсіхшілерге дейінгі қызметшілердің жүрек елжірететін бір мысалы көмектеседі.
5. а) Жүсіптің әке алдындағы борышын ұмытпағаны неден көрінді? ә) Ата-ананы сыйлауға не жатады және осыған байланысты Жүсіп қандай керемет үлгі қалдырды?
5 Жиырма жылдан аса уақыт бойы Жүсіп рубасы болған қарт әкесі Жақыпты көрмеді. Сонда да Жүсіп әкесі Жақыпқа деген ыстық балалық сезімін жоғалтпады. Жақып бауырларына өзінің кім екенін ашқан кезде: “Әкем шынында да әлі күнге дейін тірі ме?” — деп сұраған (Жаратылыс 43:7, 27; 45:3). Сол жылдары Қанахан елін үлкен аштық жайлаған болатын. Сондықтан Жүсіп әкесіне: “Көп кешікпей көшіп келіп, Гөшен аймағында қоныстаныңыз... Сізге сол жерде қарайласпақпын”,— деген хабар жолдайды (Жаратылыс 45:9—11; 47:12). Демек, қарт ата-анаға қамқорлық көрсету деген — қолдарынан күш кеткен кезде, олардың амандығын ойлау және тәндік қажеттіліктермен қамтамасыз ету (1 Патшалықтар 22:1—4; Жохан 19:25—27). Жүсіп өз борышын шын ықыласпен өтеді.
6. Жүсіп әкесін қатты жақсы көретінін қалай көрсетті және оған қалай еліктей аламыз?
6 Ехоба Жүсіпті жарылқап, ол Мысыр елінің бай да ең беделді адамдарының бірі болады (Жаратылыс 41:40). Бірақ оның беделі мен шаруасының көптігі жүз отыз жастағы әкесіне сый көрсетуіне кедергі болған жоқ. Жақыптың (немесе Исраилдің) келіп қалғанын естігенде, ‘Жүсіп күймесін жегіп, әкесі Исраилді қарсы алу үшін Гөшенге қарай беттеді. Әкесін көргенде оны мойнынан құшақтап тұрып ұзақ жылады’ (Жаратылыс 46:28, 29). Бұл жай ғана ресми түрде көрсетілген құрмет емес еді. Жүсіп қарт әкесін қатты жақсы көрген және сезімін көрсетуге қымсынбаған. Егде тартқан ана-анамыз болса, оларға деген ыстық балалық сезімімізді осылайша ашық көрсетеміз бе?
7. Неге Жақып сүйегінің Қанаханда жерленгенін қалады?
7 Жақып соңына дейін Ехобаға шын берілгендік сақтады (Еврейлерге 11:21). Ол Құдайдың уәдесіне сенгендіктен, сүйегін Қанаханға апарып жерлеуін өтінді. Жүсіп әкесін сыйлап, көп шығын және уақыт кететініне қарамай, өтінішін орындады (Жаратылыс 47:29—31; 50:7—14).
8. а) Қарт ата-анамыздың қамын ойлаудың басты себебі қандай? ә) Бір толық уақытты қызметші қарт ата-анасына қамқорлық көрсету үшін не істеді? (13-беттегі қоршауды қараңдар.)
8 Жүсіптің әкесіне қамқорлық көрсетуіне түрткі болған не? Өзіне өмір беріп, бағып-қаққан адамға сүйіспеншілік пен борышын сезінуі ғана емес, Ехобаға ұнамды болуды қалағаны да түрткі болғанында күмән жоқ. Біз де осыны қалауымыз керек. Пауыл: “Егер жесірдің балалары не немерелері болса, онда бұлар алдымен өз отбасын қадірлеп, әке-шешелері мен ата-әжелерінің алдындағы борыштарын өтеп, өз сенімдерін іс жүзінде көрсетуді үйренсін, өйткені бұл Құдайға ұнайды”,— деп жазды (1 Тімотеге 5:4). Шынында да, Ехобаға деген сүйіспеншілік және қастерлі қорқыныш құрбандыққа баруға не қиындыққа төзуге тура келсе де, қарт ата-анамызға қамқорлық көрсетуге талпындырадыa.
Қауым ақсақалдарының қамқорлығы
9. Ехоба қарт мәсіхшілер де кіретін отарға бағушы етіп кімді тағайындады?
9 Жақып ұзақ ғұмырының соңында Ехобаны “өмір бойы Бақташым болып келген Құдай” деп атаған (Жаратылыс 48:15, сілтемені қараңдар). Бүгінде Ехоба өзінің Ұлы “Бас Бағушымыз” Иса Мәсіхтің басшылығымен мәсіхші ақсақалдар арқылы бағып отыр (1 Петір 5:2—4). Бақылаушылар Ехобаға еліктеп, отардың қарт мүшелеріне қалай қамқорлық көрсете алады?
10. Қарт мәсіхшілердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін не істелінуде? (17-беттегі қоршауды қараңдар.)
10 Мәсіхшілер қауымы енді құрылған жылдары елшілер “Киелі рух пен даналыққа бөленген жеті жігітті” мәсіхші жесірлерге “күнделікті тамақпен қамтамасыз” ету қызметіне тағайындаған (Елшілердің істері 6:1—6). Кейінірек Пауыл ақсақал болған Тімотеге материалдық көмек алуға лайықты егде тартқан жесірлерді тізімге тіркеуге нұсқау берген (1 Тімотеге 5:3, 9, 10). Бүгінгі күні де қауым ақсақалдары қажеттілік туғанда қарт мәсіхшілерге көмек беру шараларын ұйымдастыруға дайын. Бірақ Құдайдың адал қарт қызметшілеріне қамқорлық көрсету деген бұдан да көп нәрсені білдіреді.
11. Аз ғана садақа берген бейшара жесір жайлы Иса не деді?
11 Бірде, жердегі қызметінің соңына жақын, Иса ғибадатханада отырып, ‘жұрттың [сандықтарға] қалай ақша салғанын бақылады’. Сонда ол бір адамға ерекше назар аударды. Киелі кітапта былай делінген: “Бір бейшара жесір әйел жалпы құны төрт теңгелік екі бақырды салды”. Иса шәкірттерін шақырып алып, оларға: “Сендерге шындығын айтамын: ақша салғандардың барлығынан да мына бейшара жесір көп салды! Себебі басқалардың бәрі өздерінен артылғанын ғана садақа етсе, бұл әйел өзі бейшара бола тұра, күнелтетін нәрсесінің бәрін аямастан берді”,— деді (Марқа 12:41—44). Жесір әйелдің салған ақшасының құны мардымсыз болатын, бірақ Иса Құдайға жан-тәнімен берілгендігін білдіретін осындай ықыласты көктегі Әкесінің қаншалықты бағалайтынын білген. Жесір әйел егде тартқан болса да, Иса оның істегенін елеусіз қалдырған жоқ.
12. Ақсақалдар қарт мәсіхшілердің еңбегін бағалайтынын қалай көрсете алады?
12 Мәсіхші ақсақалдар да Иса сияқты шынайы ғибадат үшін еңбектеніп жүрген қарттардың ісін елеусіз қалдырмайды. Ақсақалдардың уағыздау ісіне қатысқаны үшін, кездесулерде түсініктеме бергені үшін, қауымға жақсы жағынан ықпал етіп жатқаны мен табандылықтары үшін қарт бауырластарды мақтауына негіз бар. Шын жүректен шыққан жігерлендіретін сөздер қарттарды қасиетті қызметтегі ‘жетістіктерін мақтан етуге’ және өздерін басқалармен немесе жастық шақтарымен салыстырудан аулақ болуға көмектеседі (Ғалаттықтарға 6:4).
13. Ақсақалдар қарт бауырластардың тәжірибесі мен қабілеттерін қалайша қолдана алады?
13 Ақсақалдар қарт мәсіхшілердің тәжірибесі мен қабілеттерін пайдалану арқылы олардың көмегі бағалы екенін көрсете алады. Кейде үлгілі қарттардан сұхбат алып тұруға болады. “Балаларын шындық жолында тәрбиелеген қарт бауырластардан сұхбат алғанымда, залдағылар қыбыр етпей отырып тыңдайды”,— деді бір ақсақал. Басқа бір қауымның ақсақалдары жетпіс бір жастағы бір ізашар бауырласымыздың Патшалықты жариялаушыларға танаптағы қызметке үнемі шығуға көмектесіп, онысы нәтижелі болып жатқанын хабарлады. Сондай-ақ оларды Киелі кітап пен күнделікті талқылауға арналған Жазба орнын оқып, оқығанның үстінен ой жүгірту сияқты “негізгі істерге” жігерлендіреді екен.
14. Бір қауымның ақсақалдар кеңесі қызметтестеріне бағалы екенін қалай көрсетті?
14 Ақсақалдар бақылаушы ретіндегі жасы үлкен қызметтестерінің еңбектерін бағалайды. Ондаған жылдан бері ақсақал ретінде қызмет етіп келе жатқан жетпістен асқан Жозеге жақында күрделі ота жасалды. Әлі ұзақ уақыт емделу керек болғандықтан, ол төрағалық етуші бақылаушы міндетінен бас тартуды ойлайды. “Өзге ақсақалдарға бұл ұсынысымның қалай әсер еткенін көріп таңғалдым,— деді Жозе.— Олар оны қабыл алмай, қайта, міндетімді орындай беруім үшін қандай жәрдем керек екенін сұрады”. Жозе жасырақ ақсақалдардың көмегімен қызметін қуанышпен жалғастырды және бұл қауым үшін бата болды. Онымен қызметтес басқа бір ақсақал былай деді: “Бауырластар Жозенің ақсақал ретіндегі еңбегін зор бағалайды. Олар өмірлік тәжірибесі мен сенімнің үлгісі үшін оны жақсы көреді, әрі сыйлайды. Ол — қауымымыздың сәні”.
Өзара қамқорлық көрсетіңдер
15. Неліктен барлық мәсіхшілер араларындағы қарт бауырластарының игілігін ойлаулары керек?
15 Қарттардың қамын тек ересек балалар мен тағайындалған қызметшілер ғана ойлауға міндетті емес. Елші Пауыл мәсіхшілер қауымын адам денесіне теңеп: “Құдай денені құрметі аздау [“мұқтаждығы бар”, ЖД] мүшелерін көбірек қамқорлайтындай етіп құрастырды. Ондағы мақсаты: денеде жікке бөліну болмай, бүкіл мүшелері өзара бірдей қамқорлық көрсетсін дегені”,— деп жазды (1 Қорынттықтарға 12:24, 25). Мәсіхшілер қауымы бір-бірімен үйлесімді қызмет атқару үшін әрбір мүшесі бір сенімдегі бауырласының, қарттардың да, игілігін ойлаулары керек (Ғалаттықтарға 6:2).
16. Қауым кездесулеріне келгенде, қарттарға қалай көңіл бөле аламыз?
16 Мәсіхшілердің қауым кездесулері қарттарға көңіл бөлуге керемет мүмкіндік береді (Філіпіліктерге 2:4; Еврейлерге 10:24, 25). Сол мүмкіндікті қолданып, қарт бауырластармен әңгімелесуге уақыт бөлеміз бе? Олардың денсаулықтарын сұрау орынды шығар, бірақ жігерлендіретін оқиға немесе Жазбаларға негізделген ойлар айтып, ‘рухани дарындарымызбен бөлісеміз’ бе? Кейбір бауырластардың қозғалуы қиын болғандықтан, олардың қасымызға келгенін күтпей, өзіміз барғанымыз абзал. Құлақтары жақсы естімейтін болса, баяу әрі анық сөйлеуіміз керек болар. ‘Бір-бірімізді жігерлендіру’ үшін қарттардың сөзін мұқият тыңдауымыз керек (Римдіктерге 1:11, 12).
17. Үйден шыға алмай қалған қарттарға қалай қамқорлық көрсете аламыз?
17 Ал егер қандай да бір қарт бауырласымыз қауым кездесуіне келе алмайтын болса не істей аламыз? Жақып 1:27-тармақтан ‘мұқтаждық көрген жетім-жесірлердің қамын ойлауға’ міндетті екенімізді көреміз. “Қамын ойлау” деп аударылған грек сөзінің ‘бару’ деген де мағынасы бар (Елшілердің істері 15:36). Қарт бауырластар өздеріне келгенімізге қатты қуанады. Шамамен б. з. 65 жылы Римдегі түрмеде жатқан Пауыл “қария” жалғыз қалған болатын. Ол қызметтесі Тімотені қатты көргісі келіп, оған: “Маған жуырда келуге [“барынша”, ЖД] тырыс”,— деп хат жазған (Філимонға 9; 2 Тімотеге 1:3, 4; 4:9). Түрмеде жатпаса да, кейбір қарттар денсауылығының нашарлығынан үйден шыға алмайды. Сондықтан олар: “Мүмкіндігінше маған тезірек келіңдерші”,— дегендей өтініш білдіруі мүмкін. Бұндай өтініштерді қабыл алып жүрміз бе?
18. Қарттарға жағдайын сұрап барып тұрғанның қандай пайдасы бар?
18 Қарттарға рухани бауырластардың келіп тұрғаны қаншалықты пайдалы екенін ұмытпайық. Онисыфор есімді мәсіхші Римде болғанда, ерінбей-жалықпай Пауылды тапқанша іздеп, оның ‘көңілін көтеріп, жігерлендірген’ (2 Тімотеге 1:16, 17). “Жастармен бірге уақыт өткізгенді қатты ұнатамын,— дейді қарт бауырласымыз.— Бәрінен де олардың маған өз отбасыларының адамындай қарайтыны ұнайды. Бұдан көңілім көтеріліп қалады”. Басқа бір қарт мәсіхші бауырласымыз: “Мен біреудің ашық хат салып жібергеніне, сымтетікпен бір-екі минут сөйлескеніне немесе үйіме келіп шамалы уақыт қасымда отырып кеткеніне шынымен риза боламын. Таза ауа жұтқандай сергіп қалам”,— дейді.
Қамқорлықтың есесі Ехобадан қайтады
19. Қарттарға қамқорлық көрсеткеннің қандай батасы бар?
19 Қарттарға қамқорлық көрсеткеннің көп батасы бар. Олармен әңгімелесіп, көрген-білгендерінен қандай да бір нәрсеге үйрене білгеннің өзі зор пайда. Қамқорлық көрсетушілер беруден бақыт сезінеді, сондай-ақ Жазбаларда көрсетілген міндетін орындаудан қанағат пен жан тыныштығына бөленеді (Елшілердің істері 20:35). Бұған қоса, қарттардың қамын ойлайтындарға қартайғанда жалғыз қаламыз деп қорқудың қажеті жоқ. Өйткені Құдай Сөзі оларды: “Қайрымдылық жасайтын жан қанағат алады және басқалардың шөлін қандырған болса, оның да шөлін біреу қандырады”,— деп сендіреді (Нақыл сөздер 11:25).
20, 21. Қарттарға қамқорлық көрсететіндерге Ехоба қалай қарайды және не істеуге белді бекем бууымыз керек?
20 Ехоба өзін қастерлеп, қарт бауырластардың қамын риясыз ойлайтын ересек балалардың, ақсақалдардың және басқа да мәсіхшілердің жақсылығын өздеріне қайтарады. Бұндай рухты келесі нақыл сөзден көреміз: “Жарлыға қайырымдылық жасаған адам Тәңірге қарыз береді, игі істерінің есесін Оның өзі қайтарады” (Нақыл сөздер 19:17). Егер сүйіспеншілік жарлыларға қайырымдылық жасауға ниеттендірсе, бұны Құдай өзіне қарыз берген деп қарастырады да, есесін мол батасын төгіп қайтарады. Құдай көпшілігі ‘осы дүниелік тұрғыдан кедей’, бірақ “сенімдері арқылы рухани бай” қарт бауырластарымызға қамқорлық көрсеткеніміздің де есесін қайтарады (Жақып 2:5).
21 Құдай есесін жомарттықпен қайтарады! Оның беретін сыйына мәңгілік өмір де кіреді. Ехоба қызметшілерінің басым көпшілігі жұмақ орнаған жерде мәңгі өмір сүреді. Ол жерде адам бойындағы мұра еткен күнә жойылады да, адал қызмет еткен қарттар жасарып, тасыған күш-жігердің рақатын көреді (Аян 21:3—5). Ол уақыт келгенше, қарттарға қамқорлық көрсетіп, мәсіхші ретіндегі міндетімізді адал атқара берейік.
[Сілтеме]
a Қарт ата-анаға қамқорлық көрсету үшін тиімді кеңестерді Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Ояныңдар!” (ор.) журналының 1994 жылғы 8 ақпандағы нөмірінің 3—10 беттерінен және “Отбасы бақытының сыры” кітабының 15-тарауынан табасыңдар.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ересек балалар ата-анасын қалай сыйлайды?
• Отардың қарт мүшелерін бағалайтынын ақсақалдар қалай көрсете алады?
• Қауымдағылардың әрқайсысы қарттарға қалай көңіл бөле алады?
• Мәсіхші қарттарға қамқорлық көрсетудің қандай баталары бар?
[13-беттегі қоршау]
Ата-аналарына көмек қажет болғанда
1999 жылы әкесінің қатты ауырып қалғаны жөнінде хабар жеткенде, Филип Либерияда ерікті құрылысшы ретінде қызмет етіп жатқан еді. Ол шешесі бұл ауыртпалықты жалғыз көтере алмайтынына сенімді болғандықтан, әкесін емдеуге шара қолдану үшін үйіне қайтуды шешеді.
“Бұндай шешімді қабылдау оңай болған жоқ,— деді Филип,— бірақ ата-анамның жағдайын жасау менің бірінші кезектегі парызым екенін білдім”. Үш жылдың ішінде ол ата-анасын жайлырақ үйге көшіріп, жергілікті бауырластардың жәрдемімен үйді әкесінің ерекше қажеттілігіне ыңғайлап жөндетеді.
Филиптің шешесіне қазір ауыр сырқаты бар әкесінің жағдайын жасау әлдеқайда жеңіл. Сондықтан жақында Филип Македониядағы Ехоба Куәгерлерінің филиалында ерікті қызметші ретіндегі шақыруды қабыл алды.
[17-беттегі қоршау]
Оның мұқтаждығын елеусіз қалдырмады
Австралияда тұратын сексен бес жастағы Ада есімді мәсіхші денсаулығының нашарлығынан үйінен шыға алмай қалған соң, қауым ақсақалдары оған жәрдем беру шараларын жасайды. Олар жәрдем беруге мүмкіндігі бар бауырластардан топ құрады. Бұл бауырластар Аданың үйін жинап, кірін жуып, тамағын дайындап және басқа да барып кел жұмыстарын істеп, қуана қамқорлық көрсетуге кіріседі.
Бұл шамамен он жыл бұрын басталған болатын. Қазіргі күнге дейін отыздан астам бауырластары, Ехоба Куәгерлері, Аданың жағдайын жасап, жәрдем беріп келген. Олар әлі де Адаға барып, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді оқып береді, қауымдағылардың рухани жетістіктері жайлы әңгімелеседі және бірге дұға етеді.
Жергілікті қауым ақсақалы былай деді: “Бауырластар Адаға қамқорлық көрсетуді өздеріне құрмет санайды. Көпшілігі оның көп жылдық адал қызметінен күшті әсер алады және оның мұқтаждығын елеусіз қалдыру деген олардың ойларына кіріп те шықпайды”.
[15-беттегі сурет]
Қарт ата-анамызға ыстық сезімімізді аямай көрсетеміз бе?
[16-беттегі суреттер]
Қауымдағылардың бәрі де қарт бауырластарға сүйіспеншілік көрсете алады