Ехобадан рақат табыңдар
“Тәңірден жұбаныш ізде [“рақат тап”, ЖД], сонда Ол жүрек қалауларыңды орындайды” (ЗАБУР 36:4).
1, 2. Шынайы бақыттың Қайнар көзі кім және Дәуіт патша қалай соған көңіл аударған?
“РУХАНИ мұқтаждықтарын мойындайтындар бақытты... мейірімділер бақытты... татуластырушылар бақытты”. Қандай адамдардың бақытты екенін суреттейтін өзге алты белгімен бірге Исаның атақты Таудағы уағызынан алынған осы сөздер Матайдың Ізгі хабарында жазылған (Матай 5:3—11, ЖД). Исаның сөздері бақытқа қол жеткізуге болатынына сенімділік береді.
2 Ежелгі Исраил патшасы Дәуіт жазған қасиетті әндер шынайы бақыттың Қайнар көзі Ехоба екеніне көңіл аударады. “Тәңірден жұбаныш ізде [“рақат тап”, ЖД],— деп жазды ол,— сонда Ол жүрек қалауларыңды орындайды” (Забур 36:4). Бірақ қалай Ехобаны және оның қасиеттерін білгеннен ‘рақат табамыз’? Қалай оның өз еркінің орындалуы үшін істеген және істейтіндері ‘жүрек қалауларыңның орындалуына’ мүмкіндік береді? Забур жырының 36-тарауының 1-ден 11-ге дейінгі тармақтарын мұқият қарастыру арқылы осы сұрақтардың жауабын табуға болады.
“Сұқтанба”
3, 4. Забур 36:1-тармағында Дәуіт қандай кеңес берген және неге бүгінде оның кеңесіне көңіл қою керек?
3 Біз зұлымдық жайлаған ‘қиын-қыстау күндерде’ өмір сүріп жатырмыз. Елші Пауылдың: “Қара ниеттілер мен алаяқтар бұрынғыдан бетер жамандық жасап, өздері де алданып, өзгелерді де алдай бермек”,— деген сөздерінің де растығын көріп жүрміз (2 Тімотеге 3:1, 13). Зұлымдардың табысты әрі дүниені жалпағынан басып жүргендей болып көрінетіндігінің әсеріне түсіп қалу қалайша оңай десеңші! Осының бәрі рухани бағытымыздан ауытқытып, көңілімізді басқа жаққа бұрады. Забурдың 36-жыры қандай сөздермен басталатынын байқаңдаршы (ЖД): “Зұлымдарға кейіме, заңсыздық жасаушыларға сұқтанба”.
4 Бұқаралық ақпарат құралдарынан күнделікті әділетсіздіктің неше түрін көруге болады. Алаяқ іскерлер жауапқа тартылмайды. Қылмыскерлер де білгендерін істеуде. Кісі өлтірушілер ұсталмайды да, жазаланбайды да. Осылайша, әділдіктің бұрмалануы реніш тудырып, көңіліңе қаяу түсіреді. Күнәкарлардың табысты болып көрінетіндігі, тіпті қызғаныш оятуы мүмкін. Бірақ сен ренжігенмен жағдай жақсара ма? Бар ісі табысты болып көрінетіндерге сұқтанғанымыз жағдайды өзгерте ме? Әрине, жоқ! Расында да, мұнда ‘кеюге’ себеп жоқ. Неге?
5. Неге күнәкарлар шөпке теңеледі?
5 Бұл сұраққа забур жыршысының өзі жауап береді: “Өйткені олар жақында шөп іспетті орылады, көк майса іспетті солып қалады” (Забур 36:2). Жаңа шыққан жас шөп көз тартарлық болуы мүмкін, бірақ жапырақтары лезде қурап, солып қалады. Күнәкарлардың да күйі сондай болмақ. Олардың заманы жүріп тұра беретіндей болып көрінгенмен, шын мәнінде, олай болмайды. Олар өмірден өткенде, арам жолмен жиған-тергендерінен еш пайда болмайды. Әркім өз ісіне қарай жауап береді. Пауыл: “Күнәның беретіні — (мәңгілік) өлім”,— деген (Римдіктерге 6:23). Ақырында күнәкарлар мен әділетсіздік жасаушылардың бәрі өз “үлестерін” ғана алады. Неғылған парқы жоқ өмір! (Забур 36:35, 36; 48:17, 18).
6. Забур 36:1, 2-тармақтарынан қандай сабақ аламыз?
6 Олай болса күнәкарлардың арам жолмен жеткен өткінші табысының көңілімізге қаяу түсіруіне жол беруіміз керек пе? Забур жырының 37-тарауынан түйеріміз мынау: олардың табыстылығының Ехобаға қызмет ету үшін алған бағытыңнан тайдыруына жол берме. Оның орнына, алатын рухани сыйларың мен қойған мақсаттарыңа назар тік (Нақыл сөздер 23:17).
“Тәңірге үмітіңді арт та, жақсылық істе”
7. Неге біз Ехобаға арқа сүйеуіміз керек?
7 Забур жыршысы бізді ‘Тәңірге үміт артып, жақсылық істеуге’ шақырады (Забур 36:3а). Уайымға беріліп немесе тіпті көңілімізге күмән ұялай бастаса, Ехобаға деген сенімімізді күшейте түсуіміз керек. Өйткені нағыз рухани қорған бола алатын сол ғана. “Алла Тағаланың панасында тұрған адам, Құдіреттінің саясынан табады тыным”,— деп жазды Мұса (Забур 90:1). Қазіргі зұлым заманда заңсыздықтың кеңінен етек алып бара жатқаны тынышымызды алар болса, Ехобаға бұрынғыдан да көбірек арқа сүйеуіміз керек. Аяғымыздың сіңірін созып алсақ, досымыздың көмек ұсынғанына риза боламыз ғой. Сол сияқты адал жолмен жүруге тырысып жатқанда, біз Ехобаның көмегіне мұқтажбыз (Ишая 50:10).
8. Қалай уағыздау ісіне қатысқанымыз зұлымдардың заманының жүріп тұрғанын көріп, көңілімізге қаяу түсіруден аулақ болуымызға көмектеседі?
8 Зұлымдардың заманы жүріп тұрғанының салдарынан көңілге қаяу түсуден аулақ ететін нәрселердің бірі — қой іспетті адамдарды іздеу және оларға Ехобаның еркіне қатысты тура білім алуларына көмектесу. Зұлымдық өршіген сайын өзгелерге көмектесуге барынша күш сала түсуіміз керек. “Қолдағы игіліктеріңмен өзара бөлісіп жақсылық жасауды ұмытпаңдар,— деп жазды Пауыл,— мұндай құрбандықтарға да Құдай риза”. Біздің өзгелерге жасар ең зор ‘игілігіміз’ — Құдай Патшалығы туралы керемет ізгі хабармен бөлісу. Ел алдындағы уағызымыз нағыз ‘мадақтау сый-тартуы’ болып табылады (Еврейлерге 13:15, 16; Ғалаттықтарға 6:10).
9. Дәуіттің ‘жерде өмір сүріңдер’ деген сөздерін түсіндіріңдер.
9 “Жерде өмір сүріп, шындықты [“адалдықты”, ЖД] сақта”,— деп жалғады сөзін Дәуіт (Забур 36:3ә). Дәуіттің заманында ‘жер’ деген Ехобаның Исраилге берген аймағын, яғни Уәде етілген жерді, білдіретін. Сүлеймен патшалық құрып отырған уақытта оның шекарасы теріскейдегі Даннан оңтүстіктегі Бер-Шебаға дейін созылатын. Сол аймақтың бәрі Исраил елінің жері еді (3 Патшалықтар 4:25). Бүгінде біз жердің қай бұрышында өмір сүріп жатсақ та, бүкіл жер шарының әділдік орнаған жұмаққа айналатын алдағы кезеңге назар тігудеміз. Ал оған дейін рухани қауіпсіздікте өмір кешудеміз (Ишая 65:13, 14).
10. ‘Адалдықты сақтар’ болсақ, нәтижесі қандай болады?
10 Ал ‘адалдықты сақтасақ’, нәтижесі қандай болмақ? Рухтың жетелеуімен жазылған нақыл сөз мынаны есімізге салады: “Адал әрекет ететін адам көп батаға ие болады” (Нақыл сөздер 28:20, ЖД). Барлық жерде әрі мүмкіндігінше барлық адамдарға ізгі хабарды адал уағыздай беру арқылы Ехобаның сыйын аларымыз даусыз. Мысалы, Франк пен оның әйелі Роза ізашарлық қызметтерін 40 жыл бұрын солтүстік Шотландияда бастаған. Онда қызығушылық танытқан азғантай адам шындық жолынан ауытқып кеткен екен. Соған қарамастан, сол ізашар жұп уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне кірісіп кетеді. Нәтижесінде қазір сол қалада гүлденген қауым бар. Ерлі-зайыптылар адалдықтарының арқасында Ехобаның нағыз батасына ие болды. Франк кішіпейілділікпен: “Бір сөзбен айтқанда, ең зор бата — біздің шындық жолында қалғанымыз әрі Ехобаның бізді қолданып отырғаны”,— деп түсіндірді. Иә, ‘адалдықты сақтар’ болсақ, көптеген баталарға ие болып, оларды бағалай білетін боламыз.
‘Ехобадан рақат табыңдар’
11, 12. а) Қалай біз ‘Ехобадан рақат табамыз’? ә) Жеке зерттеумен айналысқанда, қандай мақсат қоюға және бұдан қандай нәтиже күтуге болады?
11 Ехобамен қарым-қатынасымызды нығайту және әрі қарай да оған арқа сүйей беру үшін ‘Ехобадан рақат табуға’ тиіспіз (Забур 36:4а). Қалайша? Жағдайымыз қаншалықты қиын болса да, соның уайымына салынғанның орнына, Ехобаға жүгінейік. Бұлай етудің бір жолы — оның Сөзін оқуға уақыт бөлу (Забур 1:1, 2). Сен Киелі кітапты оқығанда рақат табасың ба? Олай болса Ехоба жөнінде көбірек біле түсу мақсатымен оқығаның. Кішкене оқығаннан кейін біраз кідіріп, неге өзіңнен “Осы мәліметтен Ехоба туралы не білдім?” деп сұрамасқа. Бәлкім, Киелі кітапты оқығанда, қасыңда дәптер не парақ болғанын пайдалы деп табарсың. Оқығаныңның үстінен ой жүгіртуге тоқтаған сайын Құдайдың тартымды қасиеттерін есіңе салатын бір-екі ауыз сөзді түртіп қой. Тағы бірде Дәуіт былай жырлаған: “Лайым менің аузымдағы сөздерім әрі жан дүниемдегі ойларым ұнамды болсын Саған, о, Тәңірім, Сенсің жартастай мықты Қорғанышым һәм Құтқарушым, уа, Жаратқан Ием!” (Забур 18:15). Бұдан Құдай Сөзіне ден қойғанымыз Ехобаға “ұнамды”, ал біздің рақат табатынымыз көрінеді.
12 Зерттеу мен ой жүгіртуден қалайша қуаныш ала аламыз? Ехоба мен оның жолдары туралы мүмкіндігінше көп білуді мақсат етіп қоюымызға болады. Мысалы, “Тарихтағы ең ұлы адам” және “Ехобаға жақында”a сияқты басылымдар ризашылықпен ой жүгіртуге болатын мәліметке толы. Дәуіт Ехоба әділдердің ‘жүрек қалауларын орындайтынына’ сендірген (Забур 36:4ә). Бұл елші Жохан келесі сөздермен жеткізген сенімділік болса керек: “Біз оның еркіне сай бір нәрсе сұрасақ, Құдай тілегімізге құлақ салады деп кәміл сенеміз. Не сұрасақ та, Құдай бізге құлақ салады деп білсек, Оның тілегенімізді беретінін де білеміз” (1 Жохан 5:14, 15).
13. Соңғы жылдарда Патшалық туралы уағыздау ісінің көп елде қандай өсімі байқалуда?
13 Адалдық сақтаушылар ретінде біз Ехобаның билік ету құқының ақталғанынан барынша рақат табамыз (Нақыл сөздер 27:11). Тоталитарлық не диктаторлық билік орнаған елдерде бауырластарымыздың уағыздау ісін кеңінен атқарғанын білгеніміз жүрегімізді қуанышқа кенелтеді емес пе? Біз осы заманның ақыры келгенше, сондай елдерде бостандық орнай түсуін тағатсыздана күтудеміз. Ехобаның батыста тұратын көптеген қызметшілері студенттер мен босқындар, сондай-ақ сонда уақытша өмір сүріп жатқан өзге де адамдарға ынтамен уағыз айтып, қуанышпен еркін ғибадат етіп жүр. Біз сондай адамдардың елдеріне қайта оралғанда, айналада қара түнек жайлағанына қарамастан, өздеріндегі нұрды жарқырата бергенін шын жүректен қалаймыз (Матай 5:14—16).
“Жолыңды Тәңірге тапсыр”
14. Ехобаға арқа сүйей алатындығымыз неден көрінеді?
14 Уайымымыз бен өзіміз көтере алмастай жүк болып көрінген ауыртпалықтарды көтеруге болатынын білу нағыз жұбаныш қой! Бұл қалайша мүмкін? “Өз жолыңды Тәңірге тапсыр да Соған арқа сүйе,— деп қосты Дәуіт,— сонда Ол бәрін жүзеге асырады” (Забур 36:5). Қауымдарымызда Ехобадан қолдау күтуімізге болатынын көрсететін көп дәлелдер бар (Забур 54:23). Мысалы, толық уақытты қызметтегілер мейлі ізашар, аралаушы бақылаушы, миссионер не Бетелдің ерікті қызметшілері болсын, барлығы да Ехобаның қамқорлығына сенуге болатындығының куәсі. Неге өзің білетін сондай қызметшілердің бірінен қалай Ехобадан көмек алып жүргенін сұрап көрмеске? Сен олардан қазіргі уақыттың қиындығына қарамастан, көмек көрсетуге Ехобаның қолы ешқашан қысқа болмағанын көрсететін көптеген мысалдар еститінің сөзсіз. Ол әрқашан тіршілік қажеттіліктерімен қамтамасыз етіп отырады (Забур 36:25; Матай 6:25—34).
15. Қалай Құдай халқының әділдігі әрі қарай нұрын шаша береді?
15 Ехобаға сенім артып, толық арқа сүйер болсақ, жыршының келесі сөздері біздің жағдайымызда да рас болады: “Әділдігіңді нұр іспетті, әділеттігіңді тал түстегі күн іспетті етіп шығарады” (Забур 36:6). Ехоба Куәгерлері ретінде біз жиі өзіміз турасында бұрмаланған сөздер естиміз. Бірақ Ехоба ел алдында атқаратын қызметіміздің Құдайымызға және жақынымызға деген сүйіспеншілікке негізделетінін ақ жүректі адамдардың түсінулеріне көмектесу үшін көздерін ашады. Ал адал жүріс-тұрысымыз көп адамдардың бұрмаланған сөздер айтатынына қарамастан, өзгелердің көзінен таса болып қала алмайды. Кез келген қарсылық пен қуғынның кезінде Ехоба бізді қолдайды. Сондықтан Құдай халқының әділдігі әрі қарай да тал түстегі күн іспетті нұрын шаша бермек (1 Петір 2:12).
“Ехобаның алдында үнсіз бол, оны тағатсыздана күт”
16, 17. Забур 36:7-тармағына сәйкес қазір не істейтін уақыт және неге?
16 Забур жыршысының келесі сөздері мынадай: “Ехобаның алдында үнсіз бол, оны тағатсыздана күт. Жолы болып, өз ойлағандарын жүзеге асырып жатқан ешбір адамға кейіме” (Забур 36:7, ЖД). Мұнда Дәуіт Ехобаның әрекет ететін уақытын шыдамдылықпен күту керектігіне баса көңіл аударған. Осы дүниенің ақыры әлі келмей жатқанмен, бұл наразы болудың себебі емес. Осы арқылы өзіміз бастапқыда ойлағандай емес, Ехобаның мейірімділігі мен шыдамдылығының әлдеқайда зор екенін көрдік емес пе?! Осы заманның ақыры келмей тұрып, ізгі хабарды уағыздау ісіне атсалысуымызбен біз де шыдамдылықпен күтіп жүргенімізді көрсете аламыз ба? (Марқа 13:10). Қазір қуанышымыз бен рухани қауіпсіздігімізден айыруы мүмкін әрекеттерден аулақ жүретін уақыт. Тағы қазір Шайтанның азғын дүниесінің азғыруына барынша қарсыласатын уақыт. Сонымен қатар қазір құлықтылық тазалығымызды сақтап, Ехобаның алдындағы әділдігіміздің бұзылуына ешқашан қауіп төндірмеуге тиіс уақыт. Олай болса ой-санамызды азғын ойлардан арылтуды және өзге жыныстыларға, әрине, бір жыныстыларға да қатысты әдепсіз қылықтардан аулақ жүруді жалғастыра берелік (Қолостықтарға 3:5).
17 “Ашуыңды бас, қаһарлануды қой,— деген кеңес береді Дәуіт.— Жамандық жасап қоймас үшін кейіме. Өйткені зұлымдық жасайтындар жойылады, ал Тәңірге үміт артатындар жерді мұра етеді” (Забур 36:8, 9). Иә, біз алдағы Ехобаның жер бетінен азғындық пен соған жауаптыларды түп тамырымен жоятын кезеңге сенімділікпен назар тігеміз, ал ол кезеңнің орнауына өте аз уақыт қалды.
“Енді аз ғана уақыттан кейін”
18, 19. Забур 36:10-тармақтағы сөздерден қандай жігер алдыңдар?
18 “Енді аз ғана уақыттан кейін зұлым адам жоқ болады, оның орнына қарайсың да, таппай қаласың” (Забур 36:10). Осы заманның ақыры таяп келе жатқан әрі өмірге қауіпті тәуелсіздік, Ехобадан тәуелсіздік, шарықтау шегіне жетіп тұрғанда, бұл сөздер бізді қалайша жігерлендіреді! Адам баласы құрған қандай мемлекет не билік болмасын табысты болмады. Ал қазір Құдайдың билік етер уақыты, яғни Иса Мәсіх басшы болатын Ехобаның Патшалығы, таяп келеді. Ол дүние жүзінің билігін толықтай өз қолына алып, Құдай Патшалығының барлық қарсыластарын жояды (Даниял 2:44).
19 Құдай Патшалығының билігіндегі жаңа дүниеде ‘зұлым адамды’ іздесең де таппайтын боласың. Өйткені Ехобаға қарсы бүлік шығаратын әрбір адам лезде құрып кетеді. Оның билігіне қарсы шығатын немесе орнатқан басшылығын менсінбейтіндердің ешқайсысы онда кірмейді. Барлық көршілеріңнің қалауы бір болады: Ехобаға ұнамды болу. Мұның керемет қауіпсіздіктің орнауына қалай ықпал ететінін айтсаңшы — құлып та, темір есік те жоқ болады, толық сенім мен бақытқа жетуге кедергі ететін де ештеңе болмайды! (Ишая 65:20; Миха 4:4; 2 Петір 3:13).
20, 21. а) Забур 36:11-дегі “момындар” деген кімдер және олар бейбітшілік орнаған жерді қайдан тапты? ә) Үлкен Дәуітке еліктер болсақ, қандай батаға ие боламыз?
20 Сөйтіп ‘момындар жерді мұра етеді’ (Забур 36:11а). Бірақ “момындар” деген кімдер? ‘Момын’ деп аударылған сөздің түбірі “күйіну, кішіпейіл болу, төмендету” деген мағынаны білдіретін сөздерден шыққан. Иә, “момындар” жандарына батып жүрген бар әділетсіздікті Ехобаның жоятын уақытын кішіпейілділікпен күтеді. Олар ‘бейбітшіліктің көптігімен рақаттанатын’ болады (Забур 36:11ә). Біз қазірдің өзінде мәсіхшілердің қауымдарында орнаған рухани жұмақта бейбітшіліктің көптігінен рақат алудамыз.
21 Жанымызға батып жүрген жайттар әлі құрымағанмен, біз бір-бірімізді қолдап, қамығып жүргендерді жұбатамыз. Соның нәтижесінде Ехоба Куәгерлерінің көңілдерінде нағыз қанағат сезімі орнаған. Бақташы ретінде тағайындалған бауырластар қайғы-қасіретке төтеп бере алып, әділдігімізді сақтай алуымыз үшін рухани, ал кейде тіпті физикалық, қажеттіліктерімізді қанағаттандырып, сүйіспеншілікпен қызметтерін атқаруда (1 Салониқалықтарға 2:7, 11; 1 Петір 5:2, 3). Бұл бейбітшілік қандай зор қазына десеңдерші! Сонымен қатар бізде жақында орнайтын бейбітшілік орнаған Жұмақта мәңгілік өмір сүруге деген үміт бар. Олай болса ақырына дейін бар ықыласымен Ехобаға адал қызмет еткен үлкен Дәуіт Иса Мәсіхке еліктейік (1 Петір 2:21). Солай ету арқылы өзіміз рақат табатын Құдайымыз Ехобаны мадақтап, бақытқа бөлене бермекпіз.
[Сілтеме]
a Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
Қалай жауап берер едіңдер
• Забур 36:1, 2-тармақтарынан қандай сабақ алдыңдар?
• Қалай ‘Ехобадан рақат таба’ аламыз?
• Ехобаға арқа сүйеуге қандай негіз бар?
[22-беттегі сурет]
Мәсіхшілер ‘зұлымдарға кейімейді, заңсыздық жасаушыларға сұқтанбайды’
[24-беттегі сурет]
“Тәңірге үмітіңді арт та, жақсылық істе”
[25-беттегі сурет]
Мүмкіндігіңше Ехоба жайлы көбірек біле түсіп, рақат тап
[26-беттегі сурет]
‘Момындар жерді мұра етеді’