Адал мәсіхші әйелдер — Құдайдың бағалы қызметшілері
“Әдемілік өткінші, алдамшы сұлулық та, Тәңірді қастерлейтін әйел лайық мадаққа” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 31:30).
1. Осы әлеммен салыстырғанда Ехобаның сұлулыққа деген көзқарасы қандай?
МЫНА әлемде сұлулыққа, әсіресе әйелдің сұлулығына көп көңіл бөлінеді. Бірақ Ехобаны, ең алдымен, адамның ішкі дүниесінің сұлулығы қызықтырады, әрі мұндай адамдар жастары ұлғайған сайын оның алдында көркейе түседі. Сондықтан Киелі кітапта әйелдерге мынадай кеңес берілген: “Сендердің көріктерің сыртқы әшекейлерге: шашты ерекшелеп жинау, алтын әшекей бұйымдар тағып, көз тартарлық әдемі киімдер киюге тәуелді болмасын. Қайта, көріктерің көңілдеріңдегі көзге көрінбес ізгі қасиеттеріңнен тұрсын; мейірімді де сабырлы жан дүниелеріңнің мәңгі солмайтын көркі Құдай алдында аса бағалы” (1 Петір 3:3, 4).
2, 3. Бірінші ғасырда ізгі хабардың таратылуында әйелдер қандай орын алған және бұл қалай алдын ала айтылған еді?
2 Киелі кітапта әңгімеленген көп әйелдер мақтауға тұрарлық осындай рух танытқан. Бірінші ғасырда сондай әйелдердің кейбірінің Иса мен оның елшілеріне қызмет көрсетуге мүмкіндіктері болған (Лұқа 8:1—3). Кейінірек, мәсіхші әйелдердің бірі құлшынысты жариялаушы болса, өзгелері қолдарына басшылық алған, олардың арасында Пауыл да бар, мәсіхші ер кісілерге қолдау көрсеткен. Тағы басқалары керемет қонақжайлық танытып, тіпті үйлерін қауым кездесулерін өткізуге де ұсынған.
3 Жазбаларда алдын ала айтылған еркін керемет түрде орындау үшін Ехобаның әйелдерді қолдану ниеті бар. Мысалы, Жоел 2:27—29 тармақтарында әйелдер де, еркектер де, жас пен кәрі де киелі рухты қабылдап, Патшалық туралы ізгі хабарды тарататыны алдын ала айтылған. Сол пайғамбарлық б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамынан бастап орындала бастады (Елшілердің істері 2:1—4, 16—18). Киелі рухпен майланған кейбір әйелдер пайғамбарлық сөз айту сияқты керемет дарындарға ие болған (Елшілердің істері 21:8, 9). Сол әйел бауырластардан тұратын зор рухани әскердің құлшына қызмет еткендері бірінші ғасырда мәсіхшіліктің жылдам етек алуына ықпал еткен. Сондықтан да б. з. 60 жылдары елші Пауыл ізгі хабардың ‘аспан астындағы барлық адамзатқа дерлік жарияланғанын’ айтты (Қолостықтарға 1:23).
Батылдығы, құлшынысы мен қонақжайлығы үшін мақтауға ие болғандар
4. Неге Пауылдың бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қауымындағы біраз әйелдерді мақтауға келелі себебі болған?
4 Бүгінде әйел бауырластардың құлшына атқарып жүрген қызметтерін мәсіхші бақылаушылар бағалайды. Сол іспетті өз заманындағы әйелдердің атқарып жүрген қызметтерін жоғары бағалағандардың бірі елші Пауыл болған. Пауыл есімін атап өткен әйелдердің арасында ‘Иеміз үшін құлшына жұмыс істеп жүрген Трифена мен Трифоза’ және ‘Иеміз үшін көп еңбек сіңірген қымбатты Персида’ бар еді (Римдіктерге 16:12). Сондай-ақ Пауыл Еуодия мен Сүнтүхенің ‘Ізгі хабарды таратудағы күресіне ортақтасқандары’ туралы жазған (Філіпіліктерге 4:2, 3). Прискила да күйеуі Ақилаға қосылып Пауылмен бірге қызмет еткен. Олар Пауыл үшін тіпті ‘өмірлерін қиюға даяр’ болған. Бұл оны: “Өзім ғана емес, халықтардың күллі қауымдары да алғыс айтуда”,— деп жазуға талпындырды (Римдіктерге 16:3, 4; Елшілердің істері 18:2).
5, 6. Қай жағынан Пирскила бүгіндегі әйел бауырластарға керемет үлгі қалдырған?
5 Прискиланың құлшыныс танытуына әрі батыл болуына әсер еткен не? Ол жөнінде Елшілердің істері 18:24—26 тармақтардан оқуға болады. Онда сөзге шешен Аполлосқа Ақила шындық жолын толығырақ түсінуіне көмектескенде, Прискиланың күйеуіне қолдау көрсеткені жөнінде оқимыз. Прискиланың Құдай Сөзі мен елшілердің тәліміне бар көңілімен ықылас қойғаны сөзсіз. Соның арқасында ол өзін Құдайдың және күйеуінің алдында аса бағалы әрі ертедегі қауым мүшелері үшін де қадірлі ететін керемет қасиеттер дамытқан. Бүгінде бар ынталарымен Киелі кітапты зерттеп, Ехобаның “ақылды да саналы қызметші” арқылы беріп отырған рухани асын қабылдап жүрген көптеген еңбекқор әйел бауырластар да тап солай бағалы (Лұқа 12:42).
6 Ақила мен Прискила ерекше қонақжай болған. Пауыл Қорынтта солардың үйінде тұрып, бірге жұмыс істеп, шатыр жасаған (Елшілердің істері 18:1—3). Ерлі-зайыптылар Ефеске, ал кейінірек Римге көшіп кеткеннен кейін де, мәсіхшілерге тән қонақжайлық таныта берген. Олар үйлерін қауым кездесулерін өткізуге де ұсынған (Елшілердің істері 18:18, 19; 1 Қорынттықтарға 16:8, 19). Нүмфан мен Жохан Марқаның шешесі Мәриямның үйі де қауым кездесулерін өткізуге ашық болған (Елшілердің істері 12:12; Қолостықтарға 4:15).
Бүгіндегі асыл қазыналар
7, 8. Бүгінде көптеген мәсіхші әйелдер мақтауға тұрарлық қандай қасиетті қызмет атқаруда және олар не нәрсеге сенімді бола алады?
7 Бірінші ғасырдағы іспетті бүгін де адал мәсіхші әйелдер Құдайдың еркінің, әсіресе уағыздау ісіне қатысты еркінің, орындалуында басты орынға ие. Олар қандай керемет атқа ие болып жүр десеңші! 2002 жылы қайтыс болғанға дейін, 50 жылдан аса уақыт бойы Ехобаға адал қызмет еткен Гвеннің мысалын қарастырып көрейік. “Гвен бүкіл қалашығымызда құлшынысқа толы уағыздаушы ретінде танымал еді,— дейді күйеуі.— Ол әрбір адамды болашақта Ехобаның сүйіспеншілігі мен уәделерін иемденуші ретінде қарастыратын. Гвеннің Құдайға, оның ұйымына және біздің отбасымызға деген адалдығы, сондай-ақ ұнжырғамыз түскенде, сүйіспеншілікке толы жігер беретіні бірге кешкен бүкіл ғұмырымызда мен үшін де, балаларымыз үшін де керемет демеу болатын. Біз оны қатты сағынамыз”. Олар 61 жыл отасқан болатын.
8 Ондаған мың мәсіхші әйелдер, салт басты не тұрмыста болсын, өмірге ең қажетті нәрселерді қанағат тұтып, Патшалық туралы хабарды үлкен қалалар мен түпкірлердегі ауылдарға дейін тарату үшін ізашар не миссионер болып қызмет етеді. (Елшілердің істері 1:8). Көбісі Ехобаға барынша толығырақ қызмет ету үшін үйлі-баранды болудан бас тартқан. Сондай-ақ аралаушы бақылаушы болып қызмет ететін күйеулеріне адалдықпен қолдау көрсетіп жүрген әйелдер де бар және дүние жүзіндегі Бетел отбасыларында да мыңдаған әйел бауырластар қызмет етуде. Сол жанқияр әйелдердің Ехобаның киелі үйін даңққа бөлеп жүрген ‘барлық халықтардың асылдарының’ қатарында екенінде сөз жоқ (Нағай 2:7).
9, 10. Кейбір отбасы мүшелері мәсіхші әйелдер мен аналардың көрсеткен керемет үлгісі үшін қандай сөздермен ризашылық білдірген?
9 Әрине, мәсіхші әйелдердің көбісінің отбасында міндеттері бар, сөйтсе де олар Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қояды (Матай 6:33). Салт басты ізашар бауырласымыз былай жазды: “Анамның берік сенімі мен керемет үлгісі менің жалпы ізашар болуымда шешуші орын алды. Ізашарлық қызметте ол менің ең жақсы серігім еді”. Ал күйеуі бес қыз баланың анасы болған әйелі жөнінде: “Үй іші үнемі таза, тап-тұйнақтай болып тұратын. Бонни үйге көп зат жимайтын, соның арқасында отбасымыз бірінші орынға рухани нәрселерді қоятын. Оның қаржыны дұрыс жұмсай алатындығының арқасында мен 32 жыл бойы жарты күн жұмыс істедім. Бұл отбасы мен рухани нәрселерге көбірек уақыт бөлуіме мүмкіндік берді. Әйелім балаларды да еңбекке құштар етіп тәрбиеледі. Ол мақтауға лайық”,— деді. Қазір аталмыш ерлі-зайыптылар Ехоба Куәгерлерінің бас басқармасында қызмет етеді.
10 Тағы бір отағасы бір ұл, бір қыз өсірген әйелі жөнінде былай деді: “Сьюзанның бойындағы мені қайран ететін қасиеттері — Құдай мен адамдарға деген зор сүйіспеншілігі, түсінігінің молдығы, жанашырлығы мен адалдығы. Ол үнемі Ехоба қолда барымыздың ең жақсысын беруімізге лайық деп қарастырады. Ол Құдайдың қызметшісі әрі ана ретінде де осы принципті ұстанады”. Әйелінің көмегінің арқасында аталмыш отағасының ақсақал, ізашар, аудандық бақылаушының көмекшісі және ауруханалармен байланыс комитетінің мүшесі ретінде қызмет етуге мүмкіндігі бар. Осындай әйелдер күйеулері, бауырластары, ал ең бастысы, Ехоба үшін қандай бағалы десеңші! (Нақыл сөздер 31:28, 30).
Жалғыз басты асыл жандар
11. а) Ехоба адал әйелдердің, әсіресе жесірлердің игілігін ойлайтынын қалай көрсетеді? ә) Мәсіхші жесірлер мен өзге де салт басты адал әйел бауырластар не нәрсеге сенімді бола алады?
11 Ехоба жесір әйелдердің игілігін ойлайтынын жиі көрсететін (Заңды қайталау 27:19; Забур 67:6; Ишая 10:1, 2). Ол өзгерген жоқ. Ехобаны әлі де жесірлердің, олардың ғана емес, жалғыз басты аналар мен салт басты күйінде қалуды шешкендер немесе өзіне лайықты бауырлас кезіктірмеген қыз бауырластар қатты қызықтырады (Малахи 3:6; Жақып 1:27). Егер сен арқа сүйер мәсіхші жары жоқ, бірақ Ехобаға адал қызмет етіп жүрген әйелдердің қатарында болсаң, Құдайдың алдында бағалы екеніңе сенімді бол.
12. а) Кейбір әйел бауырластар Ехобаға шексіз берілгендіктерін қалай паш етіп жүр? ә) Кейбір бауырластар қандай сезіммен күресіп жүр?
12 Мысал ретінде Ехобаның “тек екеуі де Иемізбен тығыз байланыста тұрсын” деген өсиетіне адал мойынсұнып, тұрмыс құрмай жүрген бауырластарды алайық (1 Қорынттықтарға 7:39; Нақыл сөздер 3:1). Құдай Сөзінде соларға арналған: ‘Шексіз берілгендерге Ехоба да шексіз берілгендік танытады”,— деген сөздер бар (2 Патшалықтар 22:26, ЖД). Сөйткенмен де олардың көбісіне салт басты болу оңай емес. Бір бауырласымыз былай деді: “Иемізбен тығыз байланыстағы адамға ғана тұрмысқа шығуға деген шешімім берік, бірақ мен салт басты болып жүргенде жолдастарымның жақсы мәсіхші күйеулері барын көріп, көз жасымды төгіп-төгіп аламын”. Өзге бір бауырласымыз: “Мен Ехобаға 25 жылдан бері қызмет етіп келемін. Әрі қарай да оған адал болуға деген шешіміме берікпін, алайда жиі жалғыздық сезімі ұнжырғамды түсіреді”,— дейді. Сосын ол: “Мен сияқты әйел бауырластар көңілге жел беретін сөздерге зәру”,— деп қосты. Осындай адал жандарға біз қалай көмектесе аламыз?
13. а) Ефтаның қызына барып тұрғандардан қандай үлгі алуға болады? ә) Қауымдағы салт басты әйел бауырластар бізді қызықтыратынын тағы қалай көрсетуге болады?
13 Мұның бір жолын ежелдегі мысалдан көруге болады. Ефтаның қызы тұрмысқа шығудан бас тартқанда, өзгелер мұны құрбандық деп қарастырған. Олар оны қалай жігерлендірді екен? “Жыл сайын ғалақадтық Ефтаның қызын мадақтауға Исраилдің қыздары келіп, төрт күн болатын” (Билер 11:30—40, ЖД). Біздің де Құдайдың заңына адал мойынсұнып жүрген салт басты әйел бауырластарды шын жүректен мақтағанымыз дұрысa. Олар бізді қызықтыратынын көрсетудің тағы қандай жолы бар? Дұға еткенде, сол қымбатты адал бауырластардың қызметтерін шексіз берілгендікпен жалғастыра берулері үшін Ехобаның қолдауын сұрауымыз керек. Олар Ехобаның және бүкіл мәсіхші қауымның өздерін қатты сүйетіндіктерін әрі қадірлейтіндіктерін үнемі естуге лайық (Забур 36:28).
Жалғыз басты ата-аналардың жетістіктері
14, 15. а) Неге жалғыз басты аналар Ехобадан көмек сұраулары керек? ә) Қалай жалғыз басты ата-аналар дұғаларына сай әрекет ете алады?
14 Балаларын жалғыз тәрбиелеп жүрген әйел бауырластарымыздың басында да көптеген қиыншылықтар бар. Бірақ олар балаларын Киелі кітаптың принциптеріне сай тәрбиелеу үшін Ехобадан көмек сұрауларына болады. Рас, жалғыз басты ата-ана әкенің де, ананың да орнын бірдей толтыра алмайды. Әйтсе де егер одан сеніммен көмек сұрайтын болсаңдар, Ехоба көптеген міндеттеріңді атқаруда көмек көрсетеді. Көз алдарыңа мынадай мысалды елестетіп көріңдерші: пәтерің көп қабатты үйде делік, сен ауыр дорба көтеріп келесің. Лифт тұрғанда, сен баспалдақпен көтерілер ме едің? Әрине, лифтімен көтерілесің! Сол сияқты Ехобадан көмек сұрауға болатын болса, көңіліңдегі ауыр жүкті жалғыз көтеріп қайтесің. Ол сені өзіне жүгінуге шақырып отыр. Забур 67:20-да (ЖД): “Әр күні біз үшін ауыртпалығымызды көтеретін Ехоба мадақталсын”,— делінген. 1 Петір 5:7-дегі сөздер де, бар уайымымызды Ехобаға артуға шақырады, ‘себебі Ол қамымызды ойлайды’. Сонымен қиыншылықтар мен уайым-қайғы басқанда, оларды көктегі Әкелеріңе артыңдар, әрі ‘үздіксіз’ солай етіңдер (1 Салониқалықтарға 5:17; Забур 17:7; 54:23).
15 Егер балаларың бар болса, мектептегі құрбыларының қалай әсер ететінін немесе алдағы уақытта сынақ болуы мүмкін жағдайларды ойлап уайымдайтының сөзсіз (1 Қорынттықтарға 15:33). Расында да, бұл — уайымдауға тұратын жайттар. Бірақ бұлар дұға етуге талпындыратын да жайттар. Олай болса, неге балаларыңды мектепке жіберер алдында, бәлкім, күнделікті талқылауға арналған тармақты қарастырып болғаннан кейін, осындай жайттар жөнінде олармен бірге дұға етпеске? Шын жүректен шыққан нақты дұғалар балалардың жас санасына қатты әсер етеді. Ал, ең бастысы, Ехобаның Сөзін балаларыңның жүректеріне ұялатуға шыдамдылықпен күш салар болсаң, оның көмек беруіне жол ашасың (Заңды қайталау 6:6, 7; Нақыл сөздер 22:6). Есіңде болсын, “Жаратқанның назары адалдарда, Ол құлақ салады солар сиынғанда” (1 Петір 3:12; Філіпіліктерге 4:6, 7).
16, 17. а) Бір ананың көрсеткен сүйіспеншілігі жөнінде баласы не деді? ә) Ананың рухани көзқарасы балаларына қалай әсер етеді?
16 Алты баланың анасы Оливияның мысалын қарастырып көрейік. Оның Құдайға сенбейтін күйеуі алтыншы баласы туыла сала кетіп қалады, бірақ Оливия бірден балаларын Құдай жолымен тәрбиелеу жауапкершілігін мойнына алады. Қазір 31 жастағы мәсіхші ақсақал әрі ізашар болып қызмет етіп жүрген баласы Даррен ол уақытта шамамен 5 жаста болатын. Оливияның уайымына уайым қосылып, Даррен қатты науқасқа ұшырайды, ол одан қазір де жапа шегуде. Балалық шағына ой жүгіртіп, Даррен былай жазды: “Ауруханадағы төсегіме отырып алып, тағатсыздана анамды күтетін кездерім есімде. Ол менің жаныма отырып, күнде Киелі кітапты оқып беретін. Сосын “Рақмет, Ехоба!”b деген Патшалықтың әнін айтатын. Осы күнге дейін бұл менің ең жақсы көретін әнім”.
17 Оливияның Ехобаға арқа сүйегені мен оған деген сүйіспеншілігі жалғыз басты болса да, өз міндетін орындауда табысты еткен (Нақыл сөздер 3:5, 6). Балаларының алдына қойған мақсаттарынан оның керемет көзқарасы көрінеді. “Анам үнемі бізді толық уақытты қызметті мақсат етуге талпындыратын,— дейді Даррен.— Нәтижесінде төрт апа-қарындастарым және мен толық уақытты қызметке кірістік. Бірақ анам ешқашан өзгелерге мұны айтып мақтанбайтын. Мен оның керемет қасиеттеріне еліктеуге бар күшімді саламын”. Рас, Оливияның жағдайындағыдай емес, балалардың барлығы өскенде Құдайға қызмет ете бермейді. Бірақ егер жалғыз басты ана Киелі кітаптың принциптеріне сай өмір сүру үшін қолынан келгеннің бәрін істейтін болса, Ехобаның басшылық беретініне әрі сүйіспеншілікпен қолдайтынына сенімді болуына болады (Забур 31:8).
18. Ехобаның қауымға қатысты берген шараларын бағалайтынымызды қалай көрсете аламыз?
18 Құдай көп жағдайда мәсіхшілер қауымы, жүйелі түрде алатын рухани тағам, бауырластық және рухани толысқан ‘адамдар кейпіндегі тартулар’ арқылы қолдау көрсетеді (Ефестіктерге 4:8, ЖД). Адал ақсақалдар бүкіл қауымды нығайту үшін ауыр еңбектенеді, әсіресе ‘мұқтаждық көрген жетім-жесірлердің’ қамын ойлауда ерекше мұқият (Жақып 1:27). Сондықтан Құдайдың халқына жақын бол, одан ешқашан бөлектенбе (Нақыл сөздер 18:1; Римдіктерге 14:7).
Мойынсұнғыштық — керемет қасиет
19. Неге әйелдің мойынсұнғаны оның бір саты төмен екеніне меңземейді және мұны Киелі кітаптағы қандай мысал дәлелдейді?
19 Ехоба әйелді ер адамды толықтыратын көмекші ретінде жаратқан (Жаратылыс 2:18). Бірақ әйелдердің күйеулеріне мойынсұнғандары олар бір саты төмен дегенге меңземейді. Қайта, бұл — көптеген дарыны мен талантын Құдайдың еркіне сай қолдануларына мүмкіндік беретін әйелге көрсетілген құрмет. Нақыл сөздер кітабының 31-тарауында ежелгі Исраилдегі есті әйелдің атқаратын сан-алуан істері суреттелген: ол мұқтаждарға көмектеседі, жүзімдік отырғызады, егіндік сатып алады. Иә, “күйеуі оған толықтай сенім артады, ешбір игіліктен ада қалмайды” (11, 16, 20-тармақтар).
20. а) Мәсіхші әйелдер Құдайдан алған қабілеттеріне немесе сыйларына қалай қараулары керек? ә) Естер қандай керемет қасиеттер көрсеткен және нәтижесінде Ехоба оны қалай қолдана алған?
20 Қарапайым әрі Құдайды қастерлейтін әйел өзін жоғарылатпайды, немесе күйеуімен бәсекелеспейді (Нақыл сөздер 16:18). Ол осы дүниеде жетістіктерге жету арқылы өзін көрсетуге ұмтылмайды, қайта Құдайдан алған сыйларын ең алдымен өзгелерге, яғни отбасы, бауырластары, айналадағы адамдар, ең бастысы Ехобаға қызмет ету үшін қолданады (Ғалаттықтарға 6:10; Титке 2:3—5). Киелі кітаптағы Естер патшайымның мысалын қарастырып көрейік. Ол келбетті болғанымен, қарапайым әрі мойынсұнғыш еді (Естер 2:13, 15). Естер Артақсерікс патшаның алдыңғы әйелі Асти іспетті емес, күйеуін барынша сыйлайтын (Естер 1:10—12; 2:16, 17). Сондай-ақ ол патшайым болғаннан кейін де, немере ағасы Мардохайдың орынды кеңесіне құлақ асып, бойсұнған. Бірақ ол жігерсіз болмаған. Естер яһудилердің көзін құртуға қатысты жоспар құрып жүрген қолында билігі бар әрі жауыз Аманды батыл әшкерелеген. Ехоба өз халқын аман алып қалу үшін Естерді жақсы қолданған (Естер 3:8-4:17; 7:1—10; 9:13).
21. Қалай мәсіхші әйелдер Ехоба үшін анағұрлым бағалы бола алады?
21 Құдайды қастерлейтін әйелдердің бұрында да тек Ехобаға берілгендік танытып, оған деген ғибадатқа адал болғандары және қазірде де солай етіп жүргендері анық. Сондықтан Құдайды қастерлейтін әйелдер Ехобаның алдында бағалы. Әйел бауырластар, киелі рухы арқылы Ехобаның өздеріңді ‘әрбір ізгі істер үшін қолдануына дайындап’, қадірлі ‘ыдыс’ іспетті етуіне жол беріңдер (2 Тімотеге 2:21; Римдіктерге 12:2). Осындай бағалы қызметшілер жөнінде Құдай Сөзінде былай делінген: “Беріңдер оған еңбегінің зейнетін, істері үшін ол жұрт алдында дәріптелсін” (Нақыл сөздер 31:31). Әрқайсыңның жағдайыңда осы сөздер ақталғай.
[Сілтемелер]
a Толығырақ мәліметті “Күзет мұнарасы” журналының 2002 жылғы 1 маусымдағы санының 30—32 беттерін қараңдар.
b Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Ехобаны мадақтап ән шырқаңдар” кітабындағы 212-ші ән.
Естеріңде ме?
• Бірінші ғасырдағы кейбір мәсіхші әйелдер Ехобаның алдында бағалы екендерін қалай дәлелдеген?
• Қалай бүгінде көптеген мәсіхші бауырластар өздерін Құдай алдында бағалы етуде?
• Қай жағынан Ехоба салт басты және жалғыз басты әйел бауырластарға қолдау көрсетуде?
• Қалай әйелдер басшылық принципіне шын жүректен ризашылықтарын білдіре алады?
[27-беттегі қоршау]
ҮЛГІ ЕТЕРЛІК МЫСАЛДАР
Киелі кітапта әңгімеленетін басқа да адал әйелдердің мысалдарын қарастырғың келе ме? Онда төменде келтірілген Жазба орындарын оқуыңа болады. Осы тізімдегі адамдар жөнінде ой жүгірткенде, өміріңде барынша кеңірек қолдануыңа болатын принциптерді көруге тырыс (Римдіктерге 15:4).
❖ Сара: Жаратылыс 12:1, 5; 13:18а; 21:9—12; 1 Петір 3:5, 6.
❖ Жомарт исраилдік әйелдер: Мысырдан шығу 35:5, 22, 25, 26; 36:3—7; Лұқа 21:1—4.
❖ Дебора: Билер 4:1—5:31.
❖ Рут: Рут 1:4, 5, 16, 17; 2:2, 3, 11—13; 4:15.
❖ Сонамдық әйел: 4 Патшалықтар 4:8—37.
❖ Финикиялық әйел: Матай 15:22—28.
❖ Марта мен Мәриям: Марқа 14:3—9; Лұқа 10:38—42; Жохан 11:17—29; 12:1—8.
❖ Табита: Елшілердің істері 9:36—41.
❖ Філіптің төрт қызы: Елшілердің істері 21:9.
❖ Фөбе: Римдіктерге 16:1, 2.
[25-беттегі сурет]
Адалдықпен Құдайдың заңына мойынсұнып жүрген салт басты әйел бауырластарымызды мақтайсың ба?
[26-беттегі сурет]
Балаларды мектепке жіберер алдында дұғада қандай нақты өтініш айтуға болады?