Жастар, Ехобаның алдында ұялмайтындай болып жүріңдер
КЕЙБІР мәсіхші жастарға отбастарынан және қауымдарынан уақытша алыста болуға тура келеді. Кейбіреулері қызметінің аясын кеңейту үшін осылай істесе, өзгелері осы дүниедегі істерге қатысты бейтараптық көзқарас ұстанғандары үшін үйлерінен кетуге мәжбүр болады (Ишая 2:4; Жохан 17:16). Кейбір елдерде “патша” адалдық танытып жүрген жастарды түрмеге жабу немесе қоғамдық жұмысқа салуға үкім шығарады (Марқа 12:17; Титке 3:1, 2)a
Егер бейтараптығы үшін қамауға алынатын болса, жастарға біраз уақыт түрмеде қылмыскерлермен бірге болуға тура келеді. Басқа да себептермен үйлерінен кеткен жастар да құлықсыз адамдардың ортасында жұмыс істеуге мәжбүр болады. Осындай жағдайда жүрген жас немесе басқа да мәсіхшілер қысымға төтеп бере отырып, қалай “Құдай алдында ұялмайтындай болып жүре” алады? (1 Салониқалықтарға 2:12). Осындай жағымсыз жағдайға дайын болу үшін ата-анасы оларға қалай көмектесе алады? (Нақыл сөздер 22:3)
Жастардың өздеріне тән қиыншылықтары
“Әке-шешемнің қорғанышынан, сондай-ақ өзімді жақсы білетін ақсақалдардың сүйіспеншілікке толы қамқорлығынан алыс болу сондай ауыр әрі қорқынышты болды“,— деді 37 ай бойы үйінен алыста өмір сүруге мәжбүр болған 21 жасар Такесb. Ол сөзін жалғастырып: “Кейде өзімді тіпті қорғансыз сезінетінмін”,— деді. Жиырма жастағы Петрос болса, екі жылдан аса үйінен жырақта өмір сүрген. “Өмірімде бірінші рет көңіл көтеру мен араласатын адамдарыма қатысты шешімді өз бетімше қабылдадым және шешімім үнемі дұрыс бола бермейтін”,— деп мойындайды. Ол былай деп түсіндіреді: “Кей кездері біреудің қадағалауынсыз үлкен жауапкершіліктерді мойныма алғанымда біраз қобалжитынмын”. Осындай жағдайда жүрген жас мәсіхшілермен үнемі байланыс жасап тұратын мәсіхші ақсақал Тасос өзінің байқағанын айта келе: “Құдайға сенбейтін құрдастарының былапыт сөздері, бүлікшіл рухтары мен қатыгез қылықтары абайсыз әрі әлсіз жастарға әсер етуі мүмкін”,— деді.
Киелі кітап принциптерін сыйламайтын адамдармен үнемі бірге жүріп, бірге тұрғандықтан, осындай мәсіхші жастар әріптестерінің азғын да Киелі кітапқа қайшы келетін жолдарына еліктеп кетпеу үшін абай болулары керек (Забур 1:1; 25:4; 118:9). Жеке зерттеу, қауым кездесулеріне қатысу мен уағыздау қызметіне шығудың кестесін ұстану қиын болып көрінуі мүмкін (Філіпіліктерге 3:16). Рухани мақсаттар қойып, оларға қол жеткізу де оңай болмауы мүмкін.
Әрине, адал мәсіхші жастар өздерінің істерімен де, сөздерімен де Ехобаға ұнамды болғысы келеді. Олар көктегі Әкелерінің: “Ұлым, ақылды болып, менің жүрегімді қуант. Сонда мені кінәлап жүргенге жауап бере алам”,— деген жүректі елжіретерлік шақыруын аяқ асты етпеуге барынша тырысады (Нақыл сөздер 27:11). Өздерінің әдепті жүріс-тұрыстары басқалардың Ехоба мен оның халқына деген көзқарастарына әсер ететінін олар түсінеді (1 Петір 2:12).
Осындай жастардың көбісінің “Құдай халқына лайық, Оны риза қылатындай өмір сүріп, әр түрлі игі істер істеп.., әрдайым төзімділік пен ұстамдылық таныта алып, қуанышқа кенеліңдер”,— деп елші Пауыл дұға еткен бірінші ғасырдағы бауырластарға ұқсағысы келетіндері мақтауға тұрарлық (Қолостықтарға 1:9—11). Киелі кітапта өздеріне қастықпен қарайтын беймәлім әрі пұтқа табынатын жауларының арасында жүріп, Құдай алдында ұялмайтындай болып жүрген жастар жайлы бірнеше мысал жазылған (Філіпіліктерге 2:15).
‘Жаратқан Ие Жүсіпке жар болған’
Жақып пен Рахиланың сүйікті баласы болған Жүсіп жас кезінде өзінің Құдайды қастерлейтін әкесі пана болған ұясынан алысқа, Мысыр еліне, құлдыққа сатылады. Жүсіп еңбекқор да сенімді, жоғары құлықты жас жігіт ретінде керемет үлгі қалдырған. Қожайыны Потифар Ехобаға ғибадат етпейтін адам болса да, оған адал да ынталы еңбек еткен, сол үшін қожайыны оған бүкіл сарайын басқартып қояды (Жаратылыс 39:2—6). Жүсіп Ехобаға деген адалдығын сақтады және осының салдарынан түрмеге қамалғанда да ол: “Енді адалдығымды сақтағанымның қандай пайдасы бар?” — деп айтқан жоқ. Тіпті түрмеде жүріп те ол жақсы қасиеттерімен көзге түсті, сондықтан көп ұзамай түрмедегі біраз тірліктерді басқаратын болды (Жаратылыс 39:17—22). Құдай оған батасын берді, сондай-ақ Жаратылыс 39:23 айтылғандай, “Жаратқан Ие Жүсіпке жар болды”.
Құдайды қастерлейтін отбасынан алыста жүргенде, Құдайды танымайтын адамдардың ортасында жүріп, Жүсіп те жүріс-тұрысымен айналасындағы пұтқа табынатын мысырлықтарға еліктеп, оп-оңай солардың құлықсыз жолдарын қуып кетуіне болар еді ғой! Бірақ ол азғырулардың күштілігіне қарамастан, Құдайға ұнамды принциптерді ұстанып, тазалығын сақтап жүрді. Потифардың әйелі оны қайта-қайта азғындыққа итергенде, ол былай деп нық жауап берді: “Мен қалайша сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың көз алдында күнәға батпақпын?!” (Жаратылыс 39:7—9).
Бүгінгі күні жас Куәгерлер де жаман орта, азғын көңіл көтеру мен порнография және адамды бұзатын музыкаға қатысты берілген Киелі кітаптың кеңестеріне құлақ асулары қажет. Олар ‘Тәңірдің көзі барлық жерде: Оның көзі жамандарды да, жақсыларды да көріп тұрғанын’ түсінеді (Нақыл сөздер 15:3).
Мұса “күнәкар өмірдің рақатынан” бас тартты
Мұса пұтқа табыну мен қызық қуған ортада, перғауынның сарайында өскен. Ол жайында Киелі кітап былай дейді: “Сеніміне бола Мұса... перғауын қызының баласы деп аталудан бас тартты. Ол күнәкар өмірдің рақатынан гөрі Құдай халқымен бірге жәбірленуді таңдады” (Еврейлерге 11:24, 25).
Осы дүниемен дос болу біраз пайда әкелуі мүмкін, бірақ бұл ұзаққа бармайды. Ең әрі кетсе, бұл осы дүниенің ақырына дейін ғана созылар (1 Жохан 2:15—17). Олай болса, Мұсаның үлгісіне еліктеген дұрыс болмас па еді? Киелі кітап оның ’көзге көрінбейтін Жаратқан Иеге көріп тұрғандай иланып, Оның тапсырғандарына берік болғанын’ айтады (Еврейлерге 11:27). Мұсаның есіл-дерті Құдайды қастерлейтін ата-бабасынан қалған рухани мұрада болды. Ол Құдайдың еркін іске асыруды өмірлік мақсат еткен (Мысырдан шығу 2:11; Елшілердің істері 7:23, 25).
Құдайдан қорқатын жастар құдайсыз және қырын қарайтын ортаға түсіп қалғанда, ‘көзге көрінбейтін Жаратқан Иені’ жеке зерттеу арқылы жақсырақ біле түсіп, Ехобамен қарым-қатынастарын нығайта алады. Мәсіхшілердің ісіне толығымен атсалысу, оған кездесулер мен уағыздау қызметіне үнемі қатысу да жатады, жастарға ойларын рухани нәрселерге жұмылдыруға жақсы көмектеседі (Забур 62:7; 76:13). Олар да Мұсаға ұқсап сенімдері мен үміттерін нығайтуға тырысқандары дұрыс. Әрі ойлары мен іс-әрекетін Ехобамен достық қарым-қатынастарына негіздегендері жақсы.
Ол сөйлеу қабілетін Құдайды мадақтауға пайдаланды
Өз үйінен алыста жүріп жақсы үлгі көрсеткен жастардың бірі — Елішә пайғамбардың тұсында сириялықтар тұтқынға алған исраилдік қыз. Ол алапес ауруымен ауыратын Сирияның Нығыман атты әскербасының әйелінің қызметшісі болады. Осы қыз қожайын әйелге былай деді: “О, егер мырзам Самариядағы пайғамбарға барып қайтса ғой, ол оны алапесінен құлан таза жазар еді!”. Қыздың куәлік етуі бойынша, Нығыман исраилдегі Елішә пайғамбарға барып алапесінен айығады. Оның үстіне, Нығыман сол сәттен бастап, Ехобаға ғибадат ететін болады (4 Патшалықтар 5:1—3, 13—19).
Осы қыздың мысалы ата-анасынан алыста жүрген жастардың өз тілдерін Құдайды мадақтауға пайдалану қажет екеніне баса көңіл аударады. Егер осы қыздың “ақымақ сөз” бен “тұрпайы қалжың” айтатын әдеті болғанда, ол мүмкіндік туғанда, еш қысылмастан жақсы куәлік бере алар ма еді? (Ефестіктерге 5:4; Нақыл сөздер 15:2). 20 жасында бейтараптық көзқарасы үшін бас бостандығынан айырылған Никос былай деп есіне алады: “Басқа да жас бауырластармен бірге ауылшаруашылық түрмесінде, ата-ананың және қауымның ықпалынан алыста жүргенде, байқағаным, сөйлеген сөздеріміз нашарлай бастайды екен. Бұның Ехобаға даңқ әкелмегені анық”. Қуанышқа орай, Никос пен басқаларға Пауылдың осы сұраққа қатысты: “Араларыңда неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық пен аш көздіктің тіпті аттары да аталмасын. Құдайдың адамдарына бұлардан аулақ жүру лайық”,— деген кеңесін ұстанғандары көмектескен (Ефестіктерге 5:3).
Олар үшін Ехоба қастарында тұрғандай болған
Ежелгі Бабылдағы Даниялдың үш жолдасының басынан өткен оқиғадан Исаның кішкене істе сенімді болған үлкен істе де сенімді деп айтқан принципінің растығы көрінеді (Лұқа 16:10). Мұсаның заңы бойынша тиым салынған тағамға байланысты қиыншылыққа кезіккенде, олар өздерінің жат жерде тұтқында жүргендерін сылтауратып, басқа амалдарының болмағанын айтып ақталуларына болар еді. Бірақ аса маңызды емес болып көрінген нәрсенің өзіне жауапкершілікпен қарағандары үшін олар қандай батаға ие болған десеңші! Денсаулық жағынан да, даналық жағынан да патшаның дастарқанынан жегендердің арасынан бірде-біреуі оларға тең келген жоқ. Осы кішкене істе көрсеткен сенімділігі оларды сөзсіз нығайтты, сондықтан олар мүсінге тәжім етуге байланысты одан да үлкен сынаққа кезіккенде, оған қарсы тұра білді (Даниял 1:3—21; 3:1—30).
Бұл үш жігіт үшін Ехоба қастарында тұрғандай болған. Үйлері мен Құдайға ғибадат ету орнынан жырақта жүргеніне қарамастан, олар осы дүниенің қылықтарымен арамдалудан аулақ болуға белдерін бекем буған (2 Петір 3:14). Ехобамен қарым-қатынасының олар үшін қымбат болғаны соншалық, бұл үшін олар жанын қиюға дайын болды.
Ехоба сені тастамайды
Жақсы көретін және сенім артатын адамдарынан алыста жүргенде, жастар өздерін әлсіз әрі сенімсіз сезініп, бойларын үрей билеуі мүмкін. Алайда олар сынаққа кезіккенде, Ехобаның өздерін ‘тастамайтынына’ толық сенімді бола алады (Забур 93:14). Осындай жастар “әділдік үшін азап шегетін болса” да, Ехоба оларға ‘тура, әділетті жолмен жүре’ берулері үшін қол ұшын береді (1 Петір 3:14; Нақыл сөздер 8:20).
Ехоба Жүсіпті, Мұсаны, құлдықтағы исраилдік қыз бен адалдығын сақтаған үш еврей жігітін нығайтып, оларға көл-көсір етіп батасын берген. Бүгінгі күні де ол өзінің киелі рухы, Сөзі және ұйымы арқылы “сенімнің ізгілікті мүддесі үшін жан сала күресіп” жүргендерді қолдап, болашақта оларға “мәңгілік өмірді” береді. Иә, Ехобаның алдында ұялмайтындай болып жүру — мүмкін нәрсе, әрі бұлай істеген даналыққа жатады (Нақыл сөздер 23:15, 19).
[Сілтемелер]
b Кейбір есімдер өзгертілген.
[31-беттегі қоршау]
АТА-АНАЛАР, БАЛАЛАРЫҢДЫ ДАЙЫНДАҢДАР!
“Адамның жас кезінде туған балалары жебелері іспетті жауынгердің қолындағы” (Забур 126:4). Жебе нысанаға өздігінен тимейді. Оны шеберлікпен көздеп ату керек. Тура сол сияқты балалар да ата-ананың қажетті басшылығынсыз тыстағы өмірдің қиыншылығына төтеп беруге дайын бола алмайды (Нақыл сөздер 22:6).
Жас адам қызбалық пен ‘жастықтың құмарлықтарына’ берілуге бейім (2 Тімотеге 2:22). Киелі кітап былай деп ескертеді: “Көк шыбық пен айыбын ашу ақыл кіргізеді, ал қараусыз қалған бозбала анасын ұятқа қалдырады” (Нақыл сөздер 29:15). Дер кезінде оларға шектеулер қойып отырмаса, үйден кеткенде бала өмірдің талаптары мен қысымымен күресуге дайын болмайды.
Мәсіхші ата-аналар өмірдің ащы шындығы, қиыншылықтары мен қысымы туралы балаларына жауапкершілікпен әрі айқын түсіндіріп бергендері дұрыс. Сондай-ақ баласы үйден жырақта өмір сүруге тура келсе, қақтығысуы мүмкін жағымсыз жағдайларды олар дұрыс ой-қалпын сақтай отырып сипаттап беруіне болады. Осындай Құдайдан келген даналыққа сай берілген тәрбие “ақылы толмағанға ақыл беріп, жастарға білім, саналылық сыйлайды” (Нақыл сөздер 1:4).
Рухани байлық пен құлықтылық принциптерді балаларының жүректеріне жеткізе отырып, ата-аналар оларды өмірдің қиыншылықтарын жеңіп шығуға дайындайды. Киелі кітапты отбасымен бірге үнемі зерттеу, ашық пікір алмасу және шын ниетімен балаларының қамын ойлау арқылы жетістіктерге қол жеткізуге болады. Дұрыс көзқарас сақтай отырып, орынды да ақылға қонымды түрде берілген Құдайға ұнамды тәрбие арқылы ата-аналар балаларын өз аяқтарына тұрып кетуге дайындаулары керек. Өз үлгілерімен ата-аналар балаларына осы дүниеде жүріп, оның бөлігі болмау әбден мүмкін екенін үйрете алады (Жохан 17:15, 16).
[29-беттегі сурет]
Кейбір мәсіхші жастарға үйлерінен кетуге тура келеді
[30-беттегі суреттер]
Азғыруларға төтеп беру арқылы жастар Жүсіпке еліктеп, құлықтылық тазалығын сақтай алады
[32-беттегі суреттер]
Сөйлеу қабілетін Ехобаны мадақтау үшін қолданған құлдықтағы исраилдік қызға еліктеңдер