Билікті сыйлау. Ол неліктен жетіспейді?
“Қоғамда орнатылған діни, мемлекеттік, әлеуметтік және саяси билікті ашықтан-ашық мойындамау болашақта дүние жүзі бойынша соңғы онжылдықтағы ең маңызды құбылыс саналуы мүмкін”.
ТАРИХШЫ пәлсапашы Ханне Арендт бұл сөздерді 1960 жылы айтқан еді. Содан бері жылдар өтті де, бүгінгі күні билікті сыйламау бұрын-соңды болмаған мөлшерге жетті.
Мысалы, жақында Лондон қаласынан шығатын “Тайм” журналының мәліметінде былай делінді: “Кейбір ата-аналар мұғалімдердің балаларына билік ету құқын мойындамай, олардың тәртіпке салу шараларына наразылық білдіреді”. Мектепте балаларын жөнге салған жағдайда ата-аналары жиі мектепке барып, мұғалімдерді қорқытып қана қоймай, дөрекілік көрсетеді.
Ұлыбритания мектеп директорларының ұлттық қауымдастығының өкілі былай деп мәлімдеді: “Халық, “мен міндеттімін” деудің орнына, “менің құқым бар” дейді”. Оның үстіне кейбір ата-аналар өз балаларының бойына билікке деген дұрыс көзқарас сіңірудің орнына, балаларын өздері де жөнге салмайды, өзгелерге де мүмкіндік бермейді. Өз дегенін істегісі келетін балаларға, ата-аналарының да, мұғалімдердің де билігін елемеуге жол беріледі, ал оның нәтижесі айтпаса да түсінікті. Журналист Маргарэт Дрисколлдың пікірі бойынша, “билікті мүлде сыйламайтын және ненің дұрыс, ненің бұрыс екені туралы түсінігі өте таяз жаңа ұрпақ” пайда болуда.
“Тайм” журналының “Азғын ұрпақ” деген мақаласында көптеген Ресей жастарының көңілі қалуының себебіне көңіл аударылады. Онда әйгілі рэп-музыкант айтқан келесі сөздер келтірілген еді: “Ешқашан ұзаққа созылмайтын, ешқандай әділдік жоқ бұл дүниеде туылған қандай адам қоғамға сенім білдіре алсын?” Әлеуметтанушы Михайл Топалев бұл пікірді растайды: “Бұл жастар ақымақ емес. Олар мемлекеттің ата-аналарын алдап жүргенін, ата-аналарының жинаған ақшасы мен жұмыс орындарынан айырылып жатқанын көріп жүр. Осыдан кейін олардан билікті сыйлауды күтуімізге бола ма?”
Бірақ билікке сенімсіздік таныту тек жас ұрпаққа ғана тән деп ойлаған дұрыс болмаған болар еді. Бүгінгі күні барлық жастағы адамдар билікке сенімсіздікпен, тіпті жек көрушілікпен қарайды. Бұл биліктің ешқайсысына да сенуге болмайды дегенді білдіре ме екен? Егер дұрыс жүргізілетін болса, “өзгелердің ісін қадағалайтын, ісі үшін жауапқа тартатын немесе тыйым салатын күш немесе құқық” деген анықтама берілетін билік, жақсылық үшін қызмет ететін күш болуы мүмкін. Ол жеке адамдарға да, қоғамға да пайдалы бола алады. Оның қалай пайдалы болатыны келесі мақалада талқыланады.