Көк-сары ара. Ұзындығы 85 см
Таңғажайып ара тотықұсы
ОРМАН үстімен бір топ құс ұшып өтіп, биікке көтерілді де, аспан күмбезін түрлі түске бояды! XV ғасырдың соңына таман Орталық және Оңтүстік Америкаға келген еуропалық саяхатшылар дәл осы ғажап көріністің куәсі болды. Көздің жауын алатын бұл қанаттылар — Американың тропикалық аймақтарын мекендейтін ұзын құйрықты ара тотықұстары еді. Содан көп ұзамай бұл таңғажайып жаратылыс иелері жаңадан табылған жұмақ бағының символы ретінде сол өлкенің карталарына белгіленетін болды.
Алуан түсті басқа құстардан ара тотықұстарының ерекшелігі — олардың мекиенінің де, қоразының да қауырсындары ашық та қанық түстерге боялған. Айрықша ақылдылығымен ерекшеленетін бұл құстар отыз шақты болып топтасып өмір сүреді әрі шиқылдағанда қатты, ащы дыбыстар шығарады. Таң ата салысымен ұяларынан ұшып шығып, іздеп тапқан дәндерді, тропикалық жемістер мен басқа да азықты қорек етеді. Басқа тотытәрізділер сияқты олар да қорегін тырнақтарына іліп алып, мықты да имек тұмсықтарымен бөліп жейді, тіпті қатты жаңғақтарды да шағып тастайды! Жемсауын толтырған соң, олар әдетте топ болып құз-жартастарға не өзен жағасына жиналып, сазбалшықты шұқып жейді. Соның арқасында қоректенген жем-азығындағы зиянды у залалсызданады, әрі ағзасына қажетті минералды заттар дариды.
“[Құдай] бәрін өз уақытында тамаша етіп жаратты” (Уағыздаушы 3:11).
Әдетте ара тотықұстары жұп құрып тіршілік етеді, әрі жұптарын өмір бойы сақтайды, ал балапандарына кезектесіп қамқорлық етеді. Тотытәрізділер негізінен ұясын ағаш қуыстарына, өзен жағалауындағы ойыстарға, құрт-құмырсқалардың ұясына, я болмаса жартастардағы жарықтар мен шұңқырларға салады. Балапандары жарты жыл ішінде толықтай өсіп жетілсе де, үш жылға жуық ата-аналарының қасында болады. Жабайы табиғатта ара тотықұсы 30-40 жыл тіршілік етеді, ал қолға үйретілгендерінің кейбірі тіпті 60-тан аса жыл өмір сүрген. 18-ге жуық түрі бар бұл құстардың кейбірін назарларыңызға ұсынамыз.
Жасылқанатты ара (басқа атауы — қызыл-жасыл ара). Ұзындығы 95 см-ге дейін жетеді
Қызыл ара. Ұзындығы 85 см
Көгілдір ара (гиацинт ара). Ұзындығы 100 см-ге дейін жетеді. Салмағы 1,3 килограмнан асады, тотықұстардың арасындағы ең үлкені