“Қуанышты хабар” кітапшасының көмегімен тәлім берейік
1. “Қуанышты хабар” кітапшасы қалай дайындалған?
1 “Біздің қасиетті қызметіміздің” шілде айында талқыланғандай, тәлім беруге арналған керемет құралдардың бірі — “Құдайдан келген қуанышты хабар” кітапшасы. Онда жазба орындарының сілтемесі ғана жазылғандықтан, үй иесі оларды Киелі кітаптың өзінен ашып оқи алады. Зерттеуге арналған көптеген әдебиеттеріміз зерттеушілер өз бетінше оқи алатындай етіп жазылған. Ал бұл кітапша тәлім берушімен бірге талқылайтындай етіп шығарылған. Сондықтан үй иесіне зерттеудің қалай өтетінін көрсетуіміз қажет. Сонда ол кісі Киелі кітаптан қуанышты хабарды үйренудің қаншалықты қызықты екенін көретін болады (Мат. 13:44).
2. Адамға бірінші рет барғанда “Қуанышты хабар” кітапшасын қалай қолдана аламыз?
2 Адамға бірінші рет барғанда. Былай деуіңе болады: “Бүгінде көп адам “Мына дүние қайда барады?” деп сұрап жатады. Қалай ойлайсыз, дүниедегі жағдайлар жақсарады деп күтуге бола ма? [Жауабын күт.] Киелі жазбаларда бізге үміт беретін қуанышты хабар жазылған екен. Ол кітаптан мынадай сұрақтардың жауабын табуға болады”. Үй иесіне кітапшаның артындағы сұрақтардың бірін таңдауды ұсын. Сосын сол сабақтың бірінші абзацының көмегімен зерттеудің қалай өтетінін көрсет. Я болмаса, үй иесіне өзің таңдаған сабаққа негіздеп қызығушылық оятатын сұрақ қой да, оның жауабын Киелі жазбалардан қалай табуға болатынын кітапшаның көмегімен көрсет. Егер jw.org сайтымызда сол сабаққа сай келетін бейнеролик болса, оны ұсыныс айтқанда көрсетсең болады.
3. “Қуанышты хабар” кітапшасының көмегімен қалай Киелі кітапты зерттеуге болатынын түсіндір.
3 Киелі кітап зерттеу сабағын қалай өткізуге болады? 1) Үй иесінің назарын негізгі ойға бұру үшін санмен берілген әрі қою қаріппен жазылған сұрақты оқы. 2) Абзацты оқы. 3) Көлбеу қаріппен жазылған жазба орындарын оқып бер де, үй иесіне ілтипаттылықпен сұрақтар қою арқылы осы жазба орындарының сұраққа қалай жауап беретінін түсінуіне көмектес. 4) Сұрақтың астында тағы да бір абзац болса 2 және 3 қадамдарды қайтадан орында. Егер сұраққа жауап беретін бейнеролик болса әрі оны үй иесіне әлі көрсетпеген болсаң, талқылау барысында көрсет. 5) Соңында үй иесінің түсінгеніне көз жеткізу үшін санмен берілген сұраққа жауап беруін сұра.
4. Бұл керемет құралды тиімді қолдану үшін не істеу керек?
4 Осы керемет құралмен жақсылап танысып шық. Әрбір мүмкіндікті пайдаланып, оны қолдануға тырыс. Әрбір зерттеу сабағының алдында Киелі кітапты зерттейтін адам туралы және сабақтағы жазба орындарының көмегімен қалай онымен пікір алысуға болатыны жайлы ойлан (Нақ. с. 15:28; Ел. іс. 17:2, 3). Тәжірибе жинап, шеберлігің артқан сайын, бұл кітапша адамдарға шындықты үйретудегі ең сүйікті құралдарыңның біріне айналатыны сөзсіз!