“Сенімін серік еткендердің ізімен”
1. Қауымның Киелі кітап зерттеу кездесуінде 19 қазаннан басталатын аптада қандай кітапты қарастырамыз?
1 2015 жылдың 19 қазанынан басталатын аптада біз қауымның Киелі кітап зерттеу кездесуінде “Сенімін серік еткендердің ізімен” кітабын зерттейтін боламыз. Онда Киелі кітаптағы 14 ер мен әйел адамның сенімі жайлы баяндалады. Бұл кітап сол адал жандарды көз алдымызға елестетуге және олардың Құдайға қызмет ету жолында қандай қиындықтарға кезіккендерін сезінуге көмектеседі. Сондай-ақ осы кітапта сол оқиғалардан қандай сабақ алатынымызға және бүгінде жеке әрқайсысымыз оларды қалай қолдана алатынымызға назар аударылады (Евр. 6:12).
2. “Сенімін серік еткендердің ізімен” кітабының кейбір ерекшеліктерін айтып беріңдер.
2 Ерекшеліктері. Кітаптағы хронологиялық тізбек пен карта әр кейіпкердің қашан және қайда өмір сүргенін анықтауға көмектеседі. Бұған қоса, әр тараудың соңындағы “Ой жүгіртейік...” деген қоршау сол оқиға жайлы ой жүгіртіп, өмірде қолдануға болатын тұстарды көруге көмектеседі. Сондай-ақ кітапта бүге-шігесіне дейін зерттеліп, қанық түстермен салынған көптеген суреттер оқиғаларға жан бітіре түседі.
3. Осы әдебиетті талқылаудың көбірек пайдасын көру үшін не істей аламыз?
3 Көбірек пайдасын көру үшін. Кітаптың алғашқы бетіндегі хатында Басқарушы кеңес бізді мынаған талпындырады: “Оқиғаларды көз алдарыңа елестетіп, кейіпкерлердің сезімін сезінуге тырысыңдар. Олардың орнында болғанда, қалай әрекет етер едіңдер, сол жайлы ойланып көріңдер”. Әрине, елестету деген болжамдар жасауға тым беріліп кетуді емес, қайта киелі рухтың жетелеуімен жазылған оқиғаны санамызда тірілтуді, өзімізді кейіпкерлердің орнына қойып көруді білдіреді. Ал бұл үшін уақыт бөлу әрі ой жүгірту керек (Нех. 8:8). Егер талқыланатын мәлімет тараудың ортасынан басталса, жүргізуші 30—60 секунд ішінде алдыңғы жолы қарастырылған мәліметті қайталап өтеді. Ал егер қарастырылатын мәліметте “Ой жүгіртейік...” қоршауы болмаса, жүргізуші тарауды қорытындылау үшін бір-екі сұрақ қояды.
4. “Сенімін серік еткендердің ізімен” кітабын зерттегеніміз неліктен пайдалы?
4 Біз өмір сүріп жатқан мына дүниедегі нәрселер сенімімізді әлсіретуге тырысып бағады. Ал бұл кітап пен соған негіз қалаған “Күзет мұнарасындағы” айдар сенімімізді нығайтуға көмектесетін Ехобадан келген керемет сый болып табылады (Жақ. 1:17). Олай болса, қауымның Киелі кітап зерттеу кездесуіне үнемі қатысып, түсініктеме беруге барынша тырысу арқылы осы кітаптың толық пайдасын көрейік!