Шәкірт дайындауға баса назар аударайық
1. Адамдар құтқарылу үшін не істеуіміз қажет?
1 2014 жылдың есебінен көрінетіндей, Құдайдың халқы Патшалық туралы хабарды уағыздауда зор құлшыныс пен табандылық танытуда (Мат. 24:14). Үйме-үй уағыздаудың, буклеттер мен шақыру қағаздарымен куәлік етудің арқасында Киелі кітаптың хабары бұрын-соңды болмаған көлемде таратылды. Алайда адамдар құтқарылу үшін, олармен жеке-жеке Киелі кітап зерттеу арқылы Исаның шәкірті болуға көмектесуіміз керек (Тім. 1-х. 2:4).
2. Жоғарыдағы сұрақтар зерттеу сабағын ұсынуға қалай талпындырады?
2 Киелі кітапты зерттеу сабағын ұсынуға дайын болайық. Адам хабарға қызығушылық танытса, телефон нөмірін алуға, ал кейін Киелі кітап зерттеу сабағын бастау мақсатымен байланысуға тырысасың ба? Зерттеу сабағын соңғы рет қашан және қандай жағдайда ұсындың? Ай сайынғы журналдың көмегімен әңгімелесіп болған соң ба? Әріптесіңе, сыныптасыңа, көршіңе, туысқаныңа не басқа адамға “Киелі кітапты оқудың қандай пайдасы бар?” және “Киелі кітап зерттеу сабағы қалай өтеді?” бейнероликтерін қалай көрсеттің? Егер әлдекім Патшалық сарайына алғаш рет келіп, әдебиеттер алып жатса, оған Киелі кітап зерттеу сабағын ұсынасың ба?
3. Тәлім беру ісін ойдағыдай атқару үшін не қажет?
3 Ехоба мен Исаның көмегі. Иса “шәкірт дайындаңдар” деп айтпас бұрын, “барыңдар” деген. Мұнымен ол бірінші болып біз әрекет етуіміз керектігін көрсетті. Бұл істе Иса бізді жалғыз қалдырмайды, өзі көмектеседі (Мат. 28:19, 20). Оның үстіне Ехоба киелі рухы мен қажетті құрал-саймандар беріп, бізді тәлім беру ісіне баулуда (Зәк. 4:6; Қор. 2-х. 4:7). Өмірлік маңызды іске атсалысуымыз үшін, Ехобаның бойымызда “ықылас оятып, күш беруін” дұғада сұрай аламыз (Філіп. 2:13).
4. Шәкірт дайындау ісін неге басты назарда ұстауымыз керек?
4 Ізгі хабарды уағыздау бізді зор қуанышқа бөлейді. Ал егер адамды шындықпен таныстырып, оған “өмірге апаратын жолға” түсуіне көмектесе алсақ, қуанышымыз арта түседі (Мат. 7:14; Сал. 1-х. 2:19, 20). Бәрінен де маңыздысы, шәкірт дайындау ісін басты назарда ұстайтын болсақ, “бірде-бір адамның жойылмай, бәрінің өкінгенін қалайтын” Ехобаға ұнамды боламыз (Пет. 2-х. 3:9).