Пайғамбарлардан үлгі алыңдар. Нақұм
1. Нақұм кітабынан қандай сабақ алсақ болады?
1 Нақұм Ехоба жауларынан кек алатынын және тіпті ең жауыз деген дұшпанының өзі оған қарсы тұра алмайтынын пайғамбарлық еткен. Ежелгі Ниневия қаласының үйінділері бұны дәлелдейді (Нқм. 1:2, 6). Оның пайғамбарлығын мұқият талдау арқылы қызметімізге қатысты пайдалы сабақтар алсақ болады.
2. Қалай хабарымызды жағымды ете аламыз?
2 Жұбаныш пен үміт бер. Бір қарағанда, Нақұм кітабы тек Ассирияның дүркіреп тұрған астанасы Ниневияның қирайтыны туралы сияқты көрінеді (Нқм. 1:1; 3:7). Бірақ бұл хабар Ехобаның халқы үшін қуанышты жаңалық еді. Есімі “жұбатушы” дегенді білдіретін Нақұм дұшпандарының құрып жоқ болатынын айтып, яһудилердің көңіліне тыныштық берді. Ол Ехобаның “қиындық түскен кезде паналайтын қорған” екеніне сендірді (Нқм. 1:7). Уағыздаған кезде біз де адамдарға қуаныш сыйлайтын хабар айтамыз және Ехоба Құдайды паналауға шақырамыз (Нқм. 1:15).
3. Нақұмға мысал келтіру жағынан қалай еліктей аламыз?
3 Мысал келтір. Ехобаның рухы жетелеген Нақұм Ниневияның жойылуын Ассирияның өзі күл-талқан еткен Мысырдағы Фивы (Но-Аммон) қаласының жойылуымен салыстырды (Нқм. 3:8—10). Біз осы зұлым дүниенің жойылатыны жайлы айтқанда, адамның назарын Ехобаның өз сөзін бүге-шігесіне дейін орындайтынын дәлелдейтін пайғамбарлықтарға аударсақ болады. Мысалы, б. з. б. 632 жылы Бабыл мен Мидия Ниневияға қарсы аттанғанда, қатты жауын жауып, арнасынан тасыған Тигр өзені қаланың алынбас қабырғаларының біраз бөлігін қиратқан. Сол кезде Ехоба алдын ала айтқандай, Ниневия қаласы әп-сәтте жаулап алынды (Нқм. 1:8; 2:6).
4. Қызметте қалай анық та түсінікті сөйлей аламыз?
4 Анық та түсінікті сөйле. Нақұмға оқиғаларды суреттей отырып, әсерлі етіп жазу тән болған. Оның не айтқысы келгені бірден түсінікті болған (Нқм. 1:14; 3:1). Оған еліктеп, біздің де түсінікті етіп сөйлегеніміз жақсы (Қор. 1-х. 14:9). Адамға алғаш барғанда, не үшін келгеніңді анықтап түсіндір. Ал зерттеу сабағын өткізгенде, адамға Ехобаға және оның Сөзіне деген сенімін арттыруға әрі оқығандарын өмірінде қалай қолдана алатынын түсінуге көмектес (Рим. 10:14).
5. Нақұмның пайғамбарлығы бізге қандай сенімділік береді?
5 Нақұм жазған кітапты оқу барысында пайғамбардың Ехобаның сөзі іске асатынына кәміл сенгені бірден байқалады. Шайтанның дүниесінің ақыры таяған уақытта біз Құдайдың мына сөздерінен жұбаныш табамыз: “Осы пәле екінші рет бастарыңа түспейді” (Нқм. 1:9).