Пайғамбарлардан үлгі алыңдар. Софония
1. Софония қандай кезеңде пайғамбар болып қызмет етті және біз одан қандай үлгі аламыз?
1 Б. з. б. VII ғасырдың ортасы. Яһуда жерінде Бағалға табынушылық кең етек алған еді. Зұлым патша Амон өлтіріліп, оның орнына жас патша Жосия таққа отырды (Шеж. 2-ж. 33:21—34:1). Сол уақытта Ехоба өз үкімін жариялау үшін Софонияны жіберді. Софония Яһуда патшалар әулетінен шықса да, Ехобаның үкімін Яһуда билеушілеріне еш бүкпесіз ашық айтты (Соф. 1:1; 3:1—4). Сол сияқты біз де Софонияның батылдығына еліктеп, туыстық қарым-қатынастың Ехобаға деген ғибадатымызға кедергі етуіне жол бермеуіміз керек (Мат. 10:34—37). Софония қандай хабар жариялады және мұның нәтижесі қандай болды?
2. Ехобаның қаһарлы күні келгенде аман қалу үшін не істеуіміз керек?
2 Ехобаны ізде. Тек Ехоба өзінің “қаһарлы күні келгенде” адамдарды құтқарып қала алады. Сондықтан Софония Яһуда жеріндегі адамдарды сол күн келмей тұрып Ехобаны, әділдікті және момындықты іздеуге шақырған (Соф. 2:2, 3 ЖД). Бұл шақыру біздерге де қатысты. Софония сияқты, біз өзгелерді Ехобаны іздеуге талпындыра отырып, өзіміз де “Жаратқан Иеге құлақ салудан бас тартып” кетпеуге бел бууымыз керек (Соф. 1:6). Біз Құдай Сөзін мұқият зерттеу және дұғада оның басшылығын сұрау арқылы Ехобаны іздей беруіміз қажет. Ал өнегелік жағынан таза өмір сүру арқылы әділдікті іздейтінімізді көрсетеміз. Мойынсұнғыш рух танытсақ және ұйымы арқылы беріп отырған Ехобаның басшылығына дайындықпен құлақ ассақ, момындықты іздейтінімізді көрсетеміз.
3. Неге қызметімізге қатысты дұрыс көзқарас сақтауымыз керек?
3 Жақсы нәтижелер. Ехобаның үкімі жайлы Софонияның айтқан хабарына Яһуда жерінде кем дегенде бірнеше адам құлақ асты, соның ішінде бұл хабар Жосияға қатты әсер етті. Ол кішкентай болғанына қарамастан Ехобаны іздеген. Кейінірек Жосия елде тараған пұтқа табынушылықты жоюға қатысты батыл күрес жүргізген (Шеж. 2-ж. 34:2—5). Бүгінде Патшалық жайлы хабардың тұқымы жол бойына, тастақ жерге не тікен арасына түсіп жатады, алайда кейбір тұқымдар жақсы топыраққа түсіп, мол жеміс береді (Мат. 13:18—23). Патшалық жайлы хабардың тұқымын себу ісіне белсенділікпен атсалысып жатқанымызға Ехобаның батасын беретініне сенімдіміз (Заб. 125:6).
4. Неге біз Ехобаның күнін күтуіміз керек?
4 Яһуда еліндегі кейбіреулер Ехоба ешқашан әрекет етпейді деп ойлаған. Алайда Ехоба оларға уәде беріп, өзінің ұлы күнінің жуырда келетінін айтқан (Соф. 1:12, 14). Тек Ехобадан пана іздейтіндер ғана құтқарыла алады (Соф. 3:12, 17). Сондықтан Ехобаның күнін күте отырып, Құдайымызға бауырластармен иық тіресе қызмет етуден қуаныш таба берейік (Соф. 3:8, 9).