Сауаты аз адамдарға қалай көмектесуге болады?
1. Сауаты аз адамдарға Киелі кітаптан тәлім беру қандай қиындықтар тудыруы мүмкін?
1 Жақсы оқи алмайтын кейбір адамдар шындыққа қызығушылық танытқанымен, Киелі кітап пен басқа да кітаптарды көргенде, зерттеуден тартыншақтауы мүмкін. Сондықтан мұндай адамдармен бірден “Киелі кітап үйретеді” кітабымен зерттеу сабағын өту тиімді болмауы мүмкін. Олай болса, сауаты аз адамдарға қалай рухани көмек көрсете аламыз? Біз 20-дан аса елде тұратын жариялаушылардан осындай адамдарға қалай көмектесіп жүргендері жайлы сұрастырдық. Олардың айтқан ұсыныстары төменде келтірілген.
2. Ежелеп оқитын адамдарға көмектесу үшін қандай әдебиеттерді қолдануға болады?
2 Егер адам ежелеп оқыса не мүлдем сауатсыз болса, Киелі кітапты зерттеу сабағын “Құдайды тыңдаңыз” немесе “Құдайды тыңдаңыз, сонда мәңгі жасайсыз” деген әдебиеттердің көмегімен бастасаң болады. Құрама Штаттардағы бір ер бауырлас адамға осы екі кітапшаны да көрсетіп, қайсысы қызықты болатынын оның өзінен сұрайды екен. Кениядағы бауырластар осы құралдардың елдерінде өте тиімді екенін байқаған. Өйткені Африка елдеріндегі адамдар әдетте мәліметті сұрақ-жауап ретінде талқылағаннан гөрі, әңгіме ретінде тыңдағанды ұнатады екен. Сауаты бар адамдар үшін оқып, сұрақтарға жауап беру оңай шығар, бірақ мұндай тәсіл сауаты аз адамдарды ыңғайсыз жағдайға қалдыруы мүмкін. Адамның аз-маз сауаты болған жағдайда жариялаушылардың көбісі “Құдайдан келген қуанышты хабар”, “Сен Құдаймен дос бола аласың!” немесе “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” деген әдебиеттермен Киелі кітап зерттеу сабағын бастағанды жөн көреді.
3. Нендей жайттарды түсінгеніміз оқи алмайтын адамдарға тиімді түрде тәлім беруге көмектеседі?
3 Мақтау сөздер. Сауаты жоқ адамдар ұялшақ болуы және өздерін басқалардан төмен санауы мүмкін. Мұндай адамдарға шындықты үйрету үшін, ең алдымен, олардың өздерін еркін сезінуіне жағдай жасау керек. Оқи алмайтын адамдардың көбісі ұғымтал және үйренуге бейім келеді. Олармен сөйлескенде жұмсақтық танытып, зор құрмет көрсетуге тырыс (Пет. 1-х. 3:15). Егер олар күш салып жатқандарының арқасында жетістікке жетіп жатқанын және рухани қадамдар жасап жатқандарын білсе, олар әрі қарай зерттей беруге талпынатын болады. Сондықтан мақтау сөздер айтуда жомарт бол.
Сауаты жоқ адамдар ұялшақ болуы және өздерін басқалардан төмен санауы мүмкін. Мұндай адамдарға шындықты үйрету үшін, ең алдымен, олардың өздерін еркін сезінуіне жағдай жасау керек
4. Оқу қабілеті шектеулі адамдарды зерттеу сабағына дайындалып келуге қалай талпындырсақ болады?
4 Тіпті зерттеушінің оқу қабілеті шектеулі болса да, оны зерттеу сабағына дайындалуға талпындыр. Оңтүстік Африкадағы кейбір бауырластар зерттеп жүрген адамдарды оқи алатын отбасы мүшелерінен не достарынан көмек сұрауға талпындырады екен. Британиядағы бір бауырлас зерттеушілерді дайындалуға талпындыру үшін зерттеу сабағы кезінде оларға өзінің кітабын қолданып, жауап беруге мүмкіндік береді екен. Осының арқасында олар асты сызылып тұрған жауапты оңай табуға болатынын көреді. Үндістандағы бір ер бауырлас болса зерттеп жүрген адамдарды келесі аптада өтетін сабақтағы суреттерге қарап, алдын ала ой жүгіртуге талпындырады екен.
5. Зерттеу сабағын жүргізгенде қалай шыдамдылық таныта аламыз?
5 Шыдамдылық таныт. Қандай әдебиетті қолдансаң да, ең маңызды ойларға баса назар аудар және зерттеушінің оларды жақсылап түсініп алуына көмектес. Алғашқы уақыттарда талқылауға тек 10 не 15 минут уақыт бөлген дұрыс болатын шығар. Бірден көп мәлімет қарастырудан аулақ бол, әр барған сайын бірнеше абзацты ғана қарастыр. Зерттеуші баяу оқыған жағдайда шыдамдылық танытуға тырыс. Оның Ехобаға деген ризашылығы артқан сайын, оқу қабілетін жақсартуға деген ықыласы да арта түседі. Бұл үшін зерттеушіні алғашқы күннен бастап-ақ қауым кездесулеріне шақыру өте маңызды.
6. Адамдарға оқуды қалай үйрете аламыз?
6 Егер зерттеуші оқуды игеріп алса, ол рухани тез өсетін болады (Заб. 1:1—3). Сол үшін бауырластардың көбісі әр сабақтың соңында бірнеше минут уақыт бөліп, зерттеушіге көмектесу үшін “Оқу-жазуды үйренейік” деген әдебиетті қолданады. Егер зерттеушінің көңілі түсе бастаса, оның назарын жеткен жетістіктеріне аударып, өз-өзіне деген сенімділігін арттырсаң болады. Күш салып жатқаны үшін Ехоба міндетті түрде батасын беретініне оны сендір және көмек сұрап Құдайға дұға етуге талпындыр (Нақ. с. 16:3; Жох. 1-х. 5:14, 15). Британиядағы кейбір жариялаушылар зерттеушілерді ақылға қонымды және алға басуға көмектесетін мақсаттар қоюға талпындырады екен. Мысалы, мұндай мақсаттарға әліпбиді жаттау, келтірілген жазба орындарын тауып, оларды оқу және әдебиеттерді жеңілдетілген басылымдардан оқып бастау жатады. Адамдарға сауат ашуға көмектескенде қалай оқу керектігін үйретіп қана қоймай, олардың оқуды үйренуге деген қалауын арттыру керек.
7. Жақсы оқи алмайтын адамдарға шындықты айтудан неліктен тартынбауымыз керек?
7 Ехоба сауаты аз адамдарды төмен санамайды (Әйүп 34:19). Өйткені Ехоба үшін адамның жүрегі, яғни ішкі жан дүниесі маңызды (Шеж. 1-ж. 28:9). Сондықтан жақсы оқи алмайтын адамдарға шындықты айтудан тартынбайық. Бізде олармен зерттеу бастауға болатын керемет құралдар өте көп. Ал оларға Жазбалардан терең білім беру үшін уақыт өте келе “Киелі кітап үйретеді” кітабына да өтуге болады.