“Пайғамбарлардан үлгі алыңдар”. Ошия
1. Бізді қандай сұрақ ойландырған болуы мүмкін?
1 “Ехоба үшін мен қандай құрбандықтарға баруға дайынмын?” Сен осы сұрақты оның шексіз мейірімділігі мен ізгілігі туралы ой жүгірткенде өзіңе қойған шығарсың (Заб. 102:2—4; 115:3). Ошия Ехобаның бұйрығын орындау үшін құрбандықтарға баруға дайын болған. Осы жағынан біз оған қалай еліктей аламыз?
2. Табандылықпен уағыздаған Ошияға қалай еліктей аламыз?
2 Қиын уақытта да уағызда. Ошия пайғамбардың хабары негізінен он рулы Исраил патшалығына арналған еді. Сол патшалықта шынайы ғибадат құрдымға кетуге шақ қалған болатын. Еробоғам II Ехобаның көзінде жеккөрінішті істер істеп, Еробоғам I енгізіп кеткен бұзауға табынушылықты қолдаған (Пат. 4-ж. 14:23, 24). Осы істерінде сәтті болған патшалар б. з. б. 740 жылы он рулы патшалығы жойылғанға дейін оларды күнәға батыруды жалғастыра берді. Алайда жалған ғибадаттың үстемдік етіп тұрғанына қарамастан, Ошия адал пайғамбар болып кем дегенде 59 жыл қызмет етті. Біз де тіпті адамдардың немқұрайдылығы мен қарсылықтарына қарамастан, жылдан жылға уағыздай беруге белімізді бекем будық па? (Тім. 2-х. 4:2).
3. Ошияның өмірі Ехобаның мейірімділігін қалай паш етті?
3 Ехобаның мейірімділігін назарыңда ұста. Ехоба Ошияға “жеңіл жүрісті бір әйелге” үйленуді бұйырды (Ошия 1:2). Әйелі Гомер оған ұл туып берді, алайда оның келесі екі баласы азғындық жасағанның нәтижесінде туылса керек. Ошияның сол кезде әйелін кешіруге дайын болғаны қыңыр Исраил халқы өкінгенде Ехобаның ұлы мейірімділік танытатынының көрінісі болды (Ошия 3:1; Рим. 9:22—26). Ал біз Ехобаның мейірімділігін әртүрлі адамдарға мәлім ету үшін өзіміздің жеке қалауларымыздан бас тартуға дайынбыз ба? (Қор. 1-х. 9:19—23).
4. Ехоба үшін біз қандай құрбандықтарға бара аламыз?
4 Ехобаның кейбір қызметшілері көбірек қызмет ету үшін табысты жұмыстан бас тартқан. Басқалары Патшалықтың мүддесін ойлап, неке құрмауды не балалы болмауды шешкен. Ошияның өмірі жайлы ой жүгірткенде біз “мен ешқашан ол сияқты істей алмаймын” деп ойлайтын шығармыз. Алайда Ехобаның рақымына ризашылығымыз артып, киелі рухынан күш алған сайын, ол Ошияны қолдағаны сияқты бізді де өзіміз ешқашан ойламаған жолдармен қолдануы мүмкін (Мат. 19:26; Філіп. 2:13).