Еске алу кешіне қуанышпен дайындал
1. Еске алу кеші өтетін мерзімде қандай керемет мүмкіндігіміз болады?
1 Наурыздың 26 жұлдызында өтетін Еске алу кешінде Құдайдың бізді құтқару үшін жасаған шарасын қуанышпен еске алуға керемет мүмкіндігіміз болады (Ишая 61:10). Кештің қарсаңында да жүрегіміздің қуанышқа толы болғаны кешке жақсылап дайындалып баруға көмектеседі. Қалайша?
2. Еске алу кешіне дайындалуға бізді не талпындырады?
2 Кешке дайындалу. Иеміздің кешкі асы — қарапайым, десе де терең мәні бар мейрам. Сондықтан оған алдын ала дайындалу керек, сонда маңызды жайттардың ешқайсысы назардан тыс қалмайды (Нақ. с. 21:5). Кештің қай жерде және қай уақытта өтетінін шешу керек. Рәміздерді де лайықты етіп әзірлеу қажет. Сондай-ақ кеш өтетін жерді жинастырып, дайындап қойған жөн. Тағайындалған баяндамашының тиянақты дайындалғаны дұрыс және қызмет көрсетушілер мен рәміздерді алып жүретін бауырластарға нақты нұсқаулар берілу керек. Осы істердің біразы жасалып қойғаны шүбәсіз. Төлем құрбандығына деген ризашылығымыз бізді осы қасиетті мейрамға жақсылап дайындалуға талпындырады (Пет. 1-х. 1:8, 9).
3. Жүрегімізді Иеміздің кешкі асына қалай дайындай аламыз?
3 Жүректі дайындау. Еске алу кешінің мәнін толығымен түсіну үшін жүрегімізді де дайындағанымыз маңызды (Езра 7:10). Бұл үшін арнайы уақыт бөліп, Еске алу кешінің қарсаңында оқылатын жазба орындарын қарастырып, Исаның жердегі өмірінің ақырғы күндері жайлы ой жүгіртуіміз керек. Исаның жанқиярлық рух танытқаны жайлы ой жүгірткеніміз оған еліктеуге талпындырады (Ғал. 2:20).
4. Төлем құрбандығы әкелетін игіліктердің қайсысы саған әсіресе көп қуаныш әкеледі?
4 Мәсіхтің өлімі Ехобаның бүкіләлемдік билігін ақтайды. Адамзатты күнә мен өлімнің құлдығынан азат етеді (Жох. 1-х. 2:2). Сондай-ақ Құдаймен тату қарым-қатынаста болуға және мәңгі өмірге ие болуға жол ашады (Қол. 1:21, 22). Бұған қоса, Ехобаға адал болып қалуға және Мәсіхтің шәкірттері ретінде тура жолдан таймауға деген шешімімізді нығайтады (Мат. 16:24). Еске алу кешіне дайындалғанда да, соған қатысқанда да қуанышың артқан үстіне арта түссін!