Сен кешкі уақытта уағыздай аласың ба?
1. Бір ғалымның айтуынша, елші Пауыл қай уақытта үйме-үй уағыздаған?
1 “Киелі кітап заманындағы күнделікті өмір” деген еңбекке сай, елші Пауыл әдетте үйден үйге “түстен кейін сағат төрттен бастап түннің бір уағына дейін” уағыздаған. Пауылдың күн тәртібі шын мәнінде қандай болғаны белгісіз, бірақ бір білетініміз, ол “барлығын ізгі хабар үшін... істеуге” дайын болған (Қор. 1-х. 9:19—23). Үйме-үй уағыздауға мейлінше тиімді болатын уақытта шыға алу үшін, ол шаруаларын жайғастырып алған болса керек.
2. Неге кешкі уақытта уағыздаған тиімді?
2 Көп жерде бауырластар әдетте апта бойы таңертеңгі уақытта үйме-үй уағыздайды. Бірақ сенің аумағыңда бұл ең тиімді уақыт па? Бір ізашар өзінің уағыздайтын аумағы жайлы былай дейді: “Күндіз адамдарды үйінен табу қиын. Ал кешкі уақытта көбісі үйлерінде болады”. Кешкі уақытта уағыздау ізгі хабарды көп адамға жеткізудің керемет мүмкіндігі. Бұл уақытта үй иелері әдетте өздерін әлдеқайда жайбарақат сезінеді әрі әңгімелесуге де бейім болады. Егер аумақтарыңда тиімді болса, ақсақалдар уағызға арналған кездесулерді кешкі уақытқа қойғандары жөн.
3. Кешкі уақытта уағыздағанда қалай парасатты бола аласың?
3 Парасатты бол. Кешкі уақытта уағыздағанда парасаттылық таныту маңызды. Егер сен адамға қолайсыз уақытта келсең, мысалы кешкі ас ішіп жатқанда, онда біраз уақыттан кейін қайта келуді ұсынып көрсең болады. Егер қараңғы болса, үй иесі сені көре алатындай жерге тұр. Бірден өзіңді таныстырып, келген мақсатыңды айт. Сондай-ақ уағызға екі-екіден не топпен шыққан дұрыс және қауіпті болмас үшін жарық көшелермен жүруге тырыс. Адамдарға тым кеш барсаң, ұйықтауға дайындалып жатқан үй иелерін мазалауың мүмкін (Қор. 2-х. 6:3). Егер сол ауданда қараңғы түскенде уағыздау қауіпті болса, уағызға кеш батпай тұрып шыққаның жөн (Нақ. с. 22:3).
4. Кешкі уақытта уағыздау қандай баталар әкеледі?
4 Баталар. Неғұрлым көп адамға куәлік берсек, қызметтен соғұрлым көп қуаныш аламыз. Ал көп адамға уағыздаған сайын, олардың “құтқарылуына және шындық жайлы тура білім алуына” көмектесудің де мүмкіндігі артады (Тім. 1-х. 2:3, 4). Өз күн тәртібіңді кешкі уақыттарда уағыздай алатындай етіп жоспарлай аласың ба?