Сауалдар жәшігі
◼ Кездесулер барынша пайдалы болу үшін не істей аламыз?
Кейбіреулердің ойынша, қауым кездесулерін жүргізетін әрі бағдарламаның басым бөлігіне қатысатын ақсақалдар мен қызмет көмекшілері болғандықтан, кездесулердің жақсы өтуі тек солардың мойнында. Алайда кездесулеріміздің пайдалы әрі қызықты өтуіне бәріміз де үлес қоса аламыз. Келесі он кеңесті қолдана отырып, әрқайсысымыз кездесулердің тиімді өтуіне септігімізді тигізе аламыз.
Алдын ала дайындал. Жақсылап дайындалып барсақ, кездесулер өзімізге қызықты өтеді. Ал қауымдағылардың бәрі де дайындалып келсе, кездесулер анағұрлым қызу өтіп, пайдасы арта түседі. Кездесулерден қалма. Қауымға көп адамның келгені бәріне жігер береді әрі кездесулерден қалмаудың маңыздылығын түсінуге көмектеседі. Кездесулерге кешікпей кел. Бағдарлама басталмай тұрып өз орнымызға жайғассақ, алғашқы ән мен дұғаға қосыла отырып кездесулердің толық пайдасын көре аламыз. Қажетті әдебиеттерді түгел алып кел. Өзімізбен бірге Киелі кітабымыз бен кездесу барысында қолданылатын әдебиеттерді алып келсек, бағдарламаға мұқият болып, талқыланып жатқан мәліметті тереңірек түсіне аламыз. Алаңдай берме. Мұқият тыңдай алу үшін алдыңғы қатарлардан орын алғанымыз жақсы. Кездесу өтіп жатқанда сыбырласып отырғанымыз не әжетханаға шыға бергеніміз өзімізді де, басқаларды да алаңдатады. Қатысып отыр. Бауырластар жиі қол көтеріп, мейлінше көп адам түсініктеме беретін болса, қатысушылар жігерленіп, басқалардың сенімдерін көріп нығаяды. Қысқаша түсініктемелер бер. Бұлай еткеніміздің арқасында бағдарламаға көбісі атсалыса алады. Қысқаша жауаптарымыз талқыланып жатқан мәліметке сай болу керек. Тапсырмаларды орында. Теократиялық қызмет мектебінде не қызмет кездесуінде тапсырмаң болса, оны бірнеше рет қайталап, жақсылап дайында. Тапсырмаңнан бас тартпауға тырыс. Бағдарламаға қатысқандарды мақта. Қатысқандардың үлестері жоғары бағаланатынын айт. Бұлай еткенің оларды жігерлендіреді әрі болашақта одан да жақсы дайындалуға талпындырады. Бір-біріңді жігерлендіріңдер. Қауымға дейін және одан кейін бір-бірімізге жылы сөздер айтып, нығайтатын әңгіме құрғанымыз кездесулердің пайдасы мен одан алатын қуанышымызды арттыра түседі.