Қызметте жүргенде сақ болғайсың
1. Неліктен қызметте жүргенде сақ болуымыз қажет?
1 “Қасқырлар арасына жіберілген қойлар” іспетті Құдайдың қызметшілері “бұзылған әрі азғын ұрпақ арасында” уағыздап жүр (Мат. 10:16; Філіп. 2:15). Соңғы кездері қоғамдық тәртіпсіздік, топ болып қатыгездік жасау, адамдарды ұрлау сияқты жантүршігерлік жаңалықтарды жиі естиміз. Бұлардың көбейіп кетуі — адамдардың “бұрынғыдан бетер жамандық жасап” жатқанының айқын көрінісі (Тім. 2-х. 3:13). Сондықтан қызметте сақ болу үшін Киелі кітаптың қандай кеңестерін қолдана аламыз? (Мат. 10:16).
2. Қандай жағдайларда учаскеден кетіп қалып, басқа жерде уағыздағанымыз дұрыс?
2 Көреген бол. Нақыл сөздер 22:3-те дана адамның “қатер көріп бас сауғалайтыны” жазылған. Мысалы, тыныш болып саналатын аймақта жағдай аяқастынан күрт өзгеруі мүмкін. Сондықтан абай бол! Бәлкім, көшеде полиция қызметкерлерінің көбейіп жатқанын немесе адамдардың топ болып жиналып жатқанын байқарсың. Кей-кейде үй иесі де қандай да бір қауіптің бар екенін айтып ескертуі мүмкін. Осындай жағдайларда не болып жатқанын білу үшін кідіріп қалудың орнына, бірден сол арадан кетіп, басқа жерде уағыздағаның көрегендікке жатады (Нақ. с. 17:14; Жох. 8:59; Сал. 1-х. 4:11).
3. Екклесиаст 4:9-дағы принципті қызметімізде қалай қолдана аламыз?
3 Бірлесе қызмет ет. Екклесиаст 4:9-да: “Біреу болғаннан екеу болған жақсы”,— делінген. Бәлкім, бұған дейін жалғыз уағыздау сен үшін қауіпсіз әрі кәдімгі нәрсе болған шығар. Бірақ қазіргі жағдай өзгерді ме? Иә, кейбір аймақтарда жалғыз уағыздау қауіпсіз болар. Алайда басқа жерлерде, әсіресе кеш батқанда, жастардың немесе әйел бауырластың үйме-үй жалғыз уағыздағаны парасаттылыққа жатпас еді. Қырағы серіктесіміздің көмегі зор екенін көп бауырластар байқаған (Екк. 4:10, 12). Сондай-ақ топ болып уағыздағанда жариялаушылардың әрқайсысы басқалардың да қауіпсіздігін ойлай жүргені абзал. Учаскеден кететін болсаң, өзгелерді бұл жайлы ескертіп кетуді әдетке айналдыр.
4. Қауымдағы бауырластардың қауіпсіздігі үшін не істей аламыз?
4 Бауырластардың “қамын ойлайтындар” ретінде ақсақалдар жергілікті жағдайларға сай тиімді нұсқаулар беруге жауапты (Евр. 13:17). Кішіпейілділік танытып, ақсақалдармен барынша қызметтес болсақ, Ехобаның жарылқауына ие болатынымыз анық (Миха 6:8; Қор. 1-х. 10:12). Осылайша бәріміз де әрдайым сақ бола жүріп, аумағымызда нәтижелі куәлік берілуіне септігімізді тигізе берейік!