“Жұдырығыңды” даналықпен бағытта
1. Қорынттықтарға 1-хат 9:26-дағы сөздер қызметке қандай қатысы бар?
1 Елші Пауыл былай деген: “Мен мақсатсыз жүгіріп келе жатқан жоқпын. Жұдырықтағанда, ауаны жұдырықтап жатқан жоқпын” (Қор. 1-х. 9:26). Бұл жерде Пауыл өзінің бар назарын рухани мақсаттарға тігіп, талапты болғаны жайлы айтып отыр. Алайда оның бұл сөздерін уағыздау қызметіне қатысты да қолдануға болады. Біз де “жұдырығымызды”, яғни күшімізді, даналықпен жұмсап, көп нәтижеге қол жеткізгіміз келеді. Мұны қалай істей аламыз?
2. Қайда және қашан уағыздауға қатысты Пауыл мен бірінші ғасырдағы жариялаушылардан не үйренеміз?
2 Адамдар бар жерде уағызда. Елші Пауыл және бірінші ғасырдағы өзге де жариялаушылар адамдар көп жиналатын жерлерде уағыздаған (Ел. іс. 5:42; 16:13; 17:17). Біздің аумағымыздағы адамдар әдетте кешке таман үйлерінде болса, үйме үй уағыздаудың ең қолайлы уақыты осы болар. Таң сәріде адамдар жұмысқа бара жатқанда не кешке қарай үйлеріне қайтқанда, аялдамалар мен автовокзалдар адамдарға лық толы бола ма? Тұтынушылар сауда орындарына қай кезде ағылып келеді? Көшемен уағыздаудың ең тиімді уақыты осылар болса керек.
3. Учаскені аралағанда жұдырығымызды қалай даналықпен бағыттай аламыз?
3 Учаскені аралағанда парасатты бол. Учаскені аралағанда жұдырығымызды қайда бағыттайтынымызға мән беруіміз керек. Мысалы, бір аумаққа үлкен топ болып барудың орнына, кішігірім топтарға бөлінген дұрыс болар. Себебі үлкен топты ұйымдастырып, бәрін қызметке қатыстыруға көп уақыт пен күш кетуі мүмкін. Сол сияқты ауылды аймақтарға да кішігірім топ болып барсақ, оны анағұрлым аз уақытта аралап, көбірек адамға куәлік бере аламыз. Сондай-ақ жолға кететін уақытты үнемдеу үшін, неге учаскені үйге жақын жерден алмасқа?
4. “Адам аулаушы” ретінде жетістікке жетуге не көмектеседі?
4 Иса уағыздаушыны “адам аулаушыға” теңеген (Мар. 1:17). Балықшының көздегені ау салу ғана емес, балықты ұстап алу. Тәжірибелі балықшы қай жерде және қашан балық көп болатынын біледі. Сондықтан ол кідірместен сол жерге барып, балық аулай бастайды. Иә, ол өз күшін даналықпен жұмсайды. Біз де қызметімізді тура осындай ынта-жігермен атқаралық (Евр. 6:11).