Құлшыныспен қызмет ету үшін дұға ете отырып ой жүгірткеніміз маңызды
1. Исаға маңызды істен ауытқымауға не көмектесті?
1 Иса кешкі уақытының бәрін ауруларды сауықтыруға және адамдардың бойынан жындарды қуып шығаруға жұмсады. Келесі күні шәкірттері оны тауып алып, оған: “Елдің бәрі сізді іздеп жүр”,— деп, кешегі жасаған керемет істерін жалғастыруға шақырды. Алайда Иса өзі үшін ең маңызды іс болып табылатын ізгі хабарды уағыздау ісінен қол үзген жоқ. Ол былай деді: “Жақын маңайдағы ауылдар мен қалаларға барайық! Сол жерлерде де уағыз жүргізейін. Себебі мен сол үшін де осы дүниеге келдім”. Көздеген мақсатынан ауытқымауға оған не көмектесті? Ол ерте тұрып, дұға ететін және ой жүгіртетін (Мар. 1:32—39). Қалайша дұға ете отырып ой жүгірткеніміз құлшынысты уағыздаушы болуымызға көмектеседі?
2. Қызметте құлшынысымызды сақтап қалу үшін не жайында ой жүгіртуге болады?
2 Не жайында ой жүгіртуге болады? Иса адамдардың “бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара” болып жүргендерін байқады (Мат. 9:36). Сол сияқты, біз де адамдар ізгі хабарды естуге қаншалықты мұқтаж екендігі жайында ойлансақ болады. Уақыт күттірмейтіні туралы да ой жүгірткеніміз дұрыс (Қор. 1-х. 7:29). Сондай-ақ Ехобаның істері мен қасиеттері, Ехоба куәгері болу мәртебеміз әрі Құдай Сөзінен біліп жатқан құнды рухани қазыналар туралы және аумағымыздағы адамдар бұдан әлі беймәлім екендігі жайында ой жүгіртсек болады (Заб. 76:12—14; Ишая 43:10—12; Мат. 13:52).
3. Қашан ой жүгіртуге болады?
3 Қашан ой жүгіртуге болады? Кейбіреулер Иса сияқты ерте тұрып, айнала тым-тырыс кезде ой жүгіртеді. Өзге біреулер мұны жатар алдында істейді (Жар. 24:63). Іс бастан асып жатса да, ой жүгіртуге уақыт табуымызға болады. Кейбіреулер адам таситын көліктің ішінде ой жүгіртеді. Басқалар түскі асқа берілген уақыттың бір бөлігін алаңсыз ой жүгіртумен өткізеді. Қызметке шығар алдында, тіпті бірер минут болса да, ой жүгірткендері көптеген бауырластарға құлшыныспен және батылдықпен уағыздауға көмектеседі.
4. Неліктен ой жүгіртуіміз керек?
4 Дұға ете отырып ой жүгірткеніміз Ехобаға қызмет етуге деген ынтамызды арттырады, сондай-ақ рухани нәрселерді бірінші орынға қоюға талпындырады және әрі қарай да қызмет ете беруге деген шешімімізді нығайтады. Құдайдың басты қызметшісі Исаға да ой жүгірткені пайдалы болған және бұл бізге де пайдалы.