Егіндік пісіп, жинауға дайын тұр
1. Қандай маңызды іс қарқын алуда?
1 Самариялық әйелге уағыздап болған соң, Иса шәкірттеріне былай деген: “Көздеріңді ашып, егіндіктерге қараңдар, олар жинауға дайын пісіп тұр” (Жох. 4:35, 36). Рухани егін жинау ісі енді ғана басталғанда, Иса бұл істің болашақта дүниежүзілік көлемде атқарылатынын алдын ала көре білген. Ол көкте отырып, егін жинау ісіне барынша атсалысуда (Мат. 28:19, 20). Бұл істің шарықтау шегі жақындаған сайын, оның зор қарқынмен алға жылжып жатқаны неден көрінеді?
2. Дүниежүзілік егін жинау ісінің зор қарқынмен алға жылжып жатқанын қандай жетістіктер көрсетеді?
2 Дүниежүзілік егін жинау ісі. 2009 қызмет жылында дүниежүзіндегі жариялаушылардың жалпы саны 3,2 пайызға өсті. Уағыздауға шек қойылған жерлерде 14 пайыз өсім болды. Ал Киелі кітап зерттеулердің саны ай сайын 7 619 000-нан асып отырды. Бұл алдыңғы қызмет жылының есебіне қарағанда жариялаушылардың және Киелі кітап зерттеулердің ең жоғарғы санынан шамамен жарты миллионға көп. Көптеген аймақтарда уағыз ісі кеңінен жүргізіліп жатқандықтан, Ғалақад мектебін бітірген миссионерлер қажет болып отыр. Көп елдегі шеттілдік аймақтарда рухани егіндік молынан орылуда. Бұдан егін жинау ісі соңына таяған сайын, Ехоба оның қарқынын күшейтіп жатқанын анық көреміз (Ишая 60:22). Сен өз “егіндігіңе” дұрыс көзқараспен қарайсың ба?
3. Кейбіреулер өз “егіндігіне” қатысты қандай ойда болуы мүмкін?
3 Сенің “егіндігің”. Кейбіреулер: “Менің уағыздайтын аумағымда ешкім тыңдамайды”,— деп айтар. Иә, кейбір аумақтардың бұрынғыдай емес екені немесе басқа жерлерге қарағанда жемісті бола бермейтіні рас. Сондықтан да кейбір Куәгерлер өздерінің егіндіктерінде орақ кезі бітті және онда масақ теру ғана қалды деп ойлайды. Бұл шынымен солай ма?
4. Қызметімізге қатысты қандай көзқарас дамытуымыз керек және неліктен?
4 Орақ кезі бастан-аяқ белсенді әрекет ететін уақыт. Иса: “Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. Сондықтан егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтініңдер!”— деп, бұл істің күттірмейтін іс екендігін көрсетті (Мат. 9:37, 38). Ехоба егіндіктің Иесі ретінде егіннің қашан және қай жерде пісіп жетілетініне қатысты жауапкершілікті өз мойнына алады (Жох. 6:44; Қор. 1-х. 3:6—8). Ал бізден не күтіледі? Киелі кітапта: “Өз тұқымыңды ертеңгісін себетін бол, әрі кешкісін де қолға тыным таптырма”,— делінген (Екк. 11:4—6). Расында да, егін жинау ісі өз шарықтау шегіне жетпейінше, қолымыз тыным таппасын!
5. Адамдар онша тыңдамайтындай көрінетін аумақта неліктен құлшыныспен уағыз ісін жалғастыра беруіміз керек?
5 Егін жинай бер. Аумағымыз қайта-қайта уағыздалып қойған болса да және хабарымызға адамдар немқұрайды қарайтындай болып көрінсе де, ісімізді құлшыныспен әрі кейінге қалдырмай атқара беруге келелі себеп бар (Тім. 2-х. 4:2). Дүниеде күтпеген жағдайлардың орын алуы адамдардың өз көзқарастарын өзгертуіне және болашақ туралы терең ойлануына себеп болып табылады. Жастар есейе келе қауіпсіздік пен жантыныштығына мұқтаж екендерін сезінер. Ал кейбір адамдарға біздің табандылығымыз әсер етуі мүмкін. Шынында да, хабарымызға бұрын құлақ аспаған адамдар болашақта қызығушылық танытуы әбден мүмкін. Тіпті хабарымыздан әдейі бас тартқан адамдарды да ескертуіміз керек (Езек. 2:4, 5; 3:19).
6. Аумағымызда уағыздау қиынға соқса, құлшынысымызды сақтап қалуға не көмектеседі?
6 Аумағымызда уағыздау қиынға соқса, құлшынысымызды қалай сақтап қалуға болады? Бәлкім, үйме-үй уағыздаумен қатар, іскерлер аумағында куәлік беру сияқты қызметтің басқа да түрлеріне қатысармыз. Мүмкін, ұсыныстарымызды түрлендіріп, жаңартып тұру керек шығар. Күнделікті кестемізді өзгертіп, кешке қарай немесе адамдар көбінесе үйде болатын уақытта қызметке шықсақ болады. Ізгі хабарды мейлінше көп адамға жеткізу үшін өзге тілді үйренуге немесе жалпы ізашар болып қызмет аясын кеңейтуге болады. Я болмаса егін жинаушылар қажет жерге көшіп барармыз. Егін жинауға қатысты дұрыс көзқарас ұстанар болсақ, бұл маңызды іске мүмкіндігінше толықтай атсалыса аламыз.
7. Егін жинау ісі қашанға дейін созылмақ?
7 Егіншілер егінді шектеулі уақыттың ішінде жинап алу керек болғандықтан, егінді толық жинап алмайынша жұмыстарының қарқынын бәсеңдетпейді және тынбай еңбек етеді. Сол сияқты, рухани егін жинау ісі де кейінге қалдырмай әрекет етуді талап етеді. Бұл іс қашанға дейін созылмақ? “Дүниенің ақыр соңы” келгенше жалғаса бермек (Мат. 24:14; 28:20). Ехобаның ең ұлы Қызметшісі сияқты біз де өзімізге сеніп тапсырылған бұл істі соңына дейін атқарғымыз келеді (Жох. 4:34; 17:4). Сондықтан қызметімізді құлшына, қуана және дұрыс көзқарас таныта отырып соңына дейін атқара берейік! (Мат. 24:13). Орақ кезі әлі де жалғасуда!
[2-беттегі сөздер]
Орақ кезі бастан-аяқ белсенді әрекет ететін уақыт