Қызметіміз ең басты орында тұрсын
1. Иса қызметін маңызды деп санайтынын қалай көрсетті?
1 Иса үшін уағыздау қызметі ең басты орында тұрған. Мүмкіндігінше көп адамға уағыздау үшін ол өз жанын аямай, Палестина аймағын аралап, жүздеген шақырым жол жүрді. Қарапайым өмір кешіп, көп уақытын бар ықыласпен қызметке жұмсады (Мат. 8:20). Бірде халық ауруларды емдету үшін Исаны араларынан жібергісі келмегенде, ол былай деді: “Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды басқа қалаларға да жариялауға тиістімін. Мен сол үшін осында жіберілдім” (Лұқа 4:43).
2. Неліктен Иса үшін қызмет сонша маңызды болды?
2 Неліктен Иса үшін қызмет сонша маңызды болды? Мұның басты себебі — ол Ехобаның есімін қастерлегісі келді (Мат. 6:9). Көктегі Әкесін жақсы көріп, оның еркін орындауды және әрбір өсиетіне мойынсұнуды қалады (Жох. 14:31). Сонымен қатар адамдардың қамын ойлап, шын жүректен көмектескісі келді (Мат. 9:36, 37).
3. Қызметке барынша көңіл қойғанымыз неден көрінеді?
3 Исаға еліктейік. Исаға ұқсап қызметті басты орынға қою бізге оңай болмауы мүмкін. Себебі осы дүниенің уақытымызды алатын және көңілімізді алаңдататын істері көп (Мат. 24:37—39; Лұқа 21:34). Сондықтан ненің маңыздырақ екенін нақты шешіп, уағыздау ісіне дайындалуға әрі үнемі қатысуға уақыт бөліп қоюымыз керек (Філіп. 1:10). Қарапайым өмір салтын ұстануға тырысып, осы дүниені толық пайдаланудан аулақ болуымыз қажет (Қор. 1-х. 7:31).
4. Неліктен қазіргі кезде қызмет біз үшін басты орында тұруы керек?
4 Уақыты шектеулі болғанда, дана адам алдымен маңызды істерді атқарады. Мысалы, ол дауыл болатынын білсе, бар уақыты мен күшін отбасын аман сақтауға және көршілерін ескертуге жұмсайды. Айтарлықтай маңызды емес істері күте тұрады. Ең күшті дауылға теңелген Һар-Магедонға уақыт аз қалды (Соф. 1:14—16; Қор. 1-х. 7:29). Сондықтан өзімізді және тыңдаушыларымызды құтқару үшін, бар назарымызды өзімізге және қауымда әрі сыртта үйретіп жүрген ілімімізге аудару керек (Тім. 1-х. 4:16). Шынымен де, құтқарылуымыз үшін қызмет өмірімізде басты орында тұруы керек.