Уағыздау қолымнан келмейді
1. Неге уағыздай алмаймын деп ойламауымыз керек?
1 Сен өзің туралы осылай ойласаң, салың суға кетпесін! Жақсы уағыздаушы болу үшін жоғарғы білім де, туа біткен керемет қабілеттер де қажет емес. Исаның алғашқы шәкірттерінің кейбірі “арнайы діни даярлықтан өтпеген қарапайым адамдар” болған. Әйтсе де олар ізгі хабарды жақсы уағыздай білген, өйткені барынша Исаның үлгісіне еліктеген (Ел. іс. 4:13; Пет. 1-х. 2:21).
2. Исаның тәлімдері несімен ерекше?
2 Иса қалай тәлім берген? Исаның тәлімдері көпшілікке таныс, қарапайым әрі түсінуге жеңіл болған. Оның қойған сұрақтары, көрнекі мысалдары және қарапайым алғы сөздері адамдардың назарын баурап алатын (Мат. 6:26). Иса халыққа шын жүректен көңіл бөлген (Мат. 14:14). Бұған қоса, ол сеніммен әрі билігі бар адам ретінде сөйлеген. Өйткені Иса Ехобаның өзі оны тағайындағанын әрі қызметті атқаруға күш бергенін түсінген (Лұқа 4:18).
3. Ехоба бізге уағыздауды қалай үйретеді?
3 Ехобаның көмегі. Ізгі хабарды жақсы уағыздай алуымыз үшін Ұлы Ұстазымыз Ехоба бізге өзінің Сөзі және ұйымы арқылы қажетті тәлім береді (Ишая 54:13). Ехоба Исаның қалай тәлім бергені жайында мәліметтердің жазылып қалдырылуына қам жасаған, соның арқасында біз Исаның әдістерін біліп, үйрене аламыз. Ехоба бізге киелі рухын береді әрі қауым кездесулері арқылы үйретеді (Жох. 14:26). Сондай-ақ қауымда бізге жақсы уағыздауды үйренуге көмектесетін тәжірибелі жариялаушылар бар.
4. Ізгі хабарды адамдарға уағыздай аламыз деп ойлауға бізде қандай негіз бар?
4 “Біздегі бар қабілеттілік өзімізден емес, Құдайдан” болғандықтан, өзімізді уағыздауға қабілетті деп есептеуімізге барлық негіз бар (Қор. 2-х. 3:5). Ехобаға арқа сүйеп, оның бізді үйрету үшін жасап жатқан шараларының игілігін көрсек, “барша игі іске дайындалып, толықтай даяр” боламыз (Тім. 2-х. 3:17).