Зерттеушілерге жан сала көмектесейік
1. Зерттеушілердің рухани өсулеріне қалай көмектесуіміз керек?
1 Киелі кітап зерттеушілер өмірлерін Құдайға бағыштаулары үшін олармен зерттеу сабағын жүйелі түрде өткізіп қоя салу жеткіліксіз. Өзінен тәлім алып жүрген адамдарға елші Пауыл балаларын қамқорлаған мейірімді анадай қараған. Сол сияқты, біз де зерттеушілерге рухани өсулері үшін жан сала көмектесуіміз қажет (Сал. 1-х. 2:7—9).
2. Неліктен адамға жеке көңіл бөлгеніміз маңызды және мұны қалай істей аламыз?
2 Жеке көңіл бөл. Зерттеуші білгендерін қолдана бастағандықтан, ар-ұжданы принциптерді ұстанбайтын адамдармен жақын араласуға жібермейтін болады (Пет. 1-х. 4:4). Туысқандары онымен қарым-қатынастарын үзулері мүмкін (Мат. 10:34—36). Мұндай кезде біз жылулықпен жеке көңіл бөлсек, көңілі жарым болып жүрген оған қуат бере аламыз. Бір миссионер тәжірибесімен бөлісіп: “Адаммен зерттеу сабағын өтіп болған соң, бірден кетуге асықпаңдар. Орынды болса, қалып, әңгіме-дүкен құрыңдар”,— деді. Сонымен қатар зерттеп жүрген адамға қажетті көмек көрсетуге дайын болайық. Мысалы, ол ауырып қалса, хал-жағдайын сұрап телефон соғуға не үйіне кіріп-шығуға болады. Кездесулерде қасына отырып, қажет болса, балаларына қарайласа аласыңдар.
3. Зерттеуші қауымның көмегін алуы үшін біз не істей аламыз?
3 Қауымның көмегі. Зерттеушінің үй жағында қызмет етіп жүрсең, азырақ уақытқа кіріп, қасыңдағы бауырласты таныстырып кетсең болады. Мүмкін болса, ара-тұра зерттеу сабағына басқа да бауырластар мен ақсақалдарды шақырарсың. Адаммен зерттеу сабақтарың тұрақталса, қауым кездесулеріне үнемі келіп тұруға талпындыр. Осылайша ол қауымдағы бауырластармен араласқаннан жігер алады әрі рухани туыстарға ие болады (Мар. 10:29, 30; Евр. 10:24, 25).
4. Зерттеушіге көмектескеніміздің жемісі қандай болмақ?
4 Балалары Ехобаның жағына шығып, шындық жолымен жүрулері үшін қолдан келгеннің бәрін істеген ата-ана еңбегінің жемісін көргенде, қатты қуанады (Жох. 3-х. 4). Сол сияқты, Киелі кітапты зерттеп жүрген адамға жан сала көмектессек, зор қуанышқа бөленеміз.