Киелі кітапты шеберлікпен қолданайық
1. Неліктен Киелі кітап өте тиімді?
1 Киелі рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзін шебер қолдансақ, шындықты жақсы түсіндіріп, жалған ілімдерді әшкерелей аламыз (Тім. 2-х. 2:15; Пет. 1-х. 3:15).
2. Жазба орындарын тез табуды қалай үйренуге болады?
2 Біліміңді тереңдете бер. Қандай да бір құралды шебер қолдану үшін оны жақсы білу керек. Киелі кітап туралы да солай деуге болады. Киелі кітапты бастан-аяқ оқып шықсаң, оның жалпы мазмұнымен таныс боласың. Бұл жазба орындарын есте сақтауға әрі қажет болғанда, қиналмай табуға көмектеседі. Білімің көбейген сайын, уағызда не бейресми куәлік бергенде, құлшыныспен әрі сенімділікпен сөйлейтін боласың (Сал. 1-х. 1:5).
3, 4. а) Киелі кітапты жақсырақ білуге не көмектеседі? ә) Жазбалармен жақсы таныс болу үшін сендер тағы не істейсіңдер?
3 Қауым кездесулерінде Киелі кітабыңды ашып, көз жүгіртіп отыруды әдетке айналдыр. Жеке зерттеу және кездесулерге дайындалу барысында жазба орындарын оқып, қандай мақсатпен келтірілгені жайлы ой жүгірт. Көп бауырластардың айтуынша, басылымдағы тармақтарды компьютер мониторынан не басып шығарылған парақтан емес, Киелі кітаптың өзінен оқу тармақтарды қызметте оңай табуға көмектеседі (Жох. 14:26).
4 Кейбір отбасылар жазба орындарын жаттауға уақыт бөледі. Бұл үшін карточкалар жасап, бір жағына тармақтың қайда орналасқанын, ал келесі жағына мәтінін жазып қояды. Сосын, кезектесіп жазба орындарын жатқа айтады не олардың қайда орналасқанын еске түсіреді. Сондай-ақ қызметке дайындалғанда, әдебиетті ұсыну жолдарын және қарсылықтар мен сұрақтарға қалай жауап беруге болатынын бір-біріне көрсетуіне болады. Бұл да Киелі кітапты шебер қолдануға көмектеседі.
5. Неліктен Киелі кітапты шеберлікпен қолданғымыз келеді?
5 Киелі кітап — теңдесі жоқ кітап. ‘Құтқарылуға бастап әкелетін’ сөздер тек осы кітапта ғана жазылған (Тім. 2-х. 3:15). Алайда аймағымыздағы адамдардың көбісі Киелі кітаппен таныс емес. Олай болса, Киелі кітапты шеберлікпен қолданып, онда жазылған хабарды адамдарға көрсеткеніміз қандай маңызды десеңші! (Нақ. с. 2:1—5).